Елімізде әйелдер ғана емес, ер азаматтар да декреттік демалысқа шыға алады. Оның заңға енгеніне біраз уақыт өткенімен, мұндай мүмкіндіктің бар екенін бірі білсе, бірі білмейді. ҚР Еңбек кодексіне енген бұл ережені «Ер азығы түзде» деп білетін қазақы менталитет қабылдай қоймағанымен, бала күтімі үшін демалыс алатын әкелер саны жыл санап артып келеді. Статистиканың сандарын сөйлетсек, соңғы 12 жылда 97,5 мыңға жуық қазақстандық азамат декреттік демалысты рәсімдеген екен. Елдің сөзін былай қойсақ, бұл шешім отбасы бюджеті мен ішкі жағдайы үшін ұтымды болғанда іске асатын көрінеді.
ЕРКЕКТЕР НЕГЕ ДЕКРЕТТІК ДЕМАЛЫС АЛАДЫ?
«Еркектер декретке…» Бұл сізге қызық әрі оғаш естілсе, «менталитетке жат» деп жалаулата жөнелмеңіз. Себебі, өмірде түрлі жағдайлар болатыны белгілі. Кеудесін намыс оты жаныған азамат атаулы бұл әрекетке еріксіз баруы да мүмкін. Дегенмен, «ел не дейді» дегеннен гөрі, өзара түсіністік пен келісімге негізделген бақытты отбасылық өмір маңыздырақ.
Жүктілікке немесе босануға қатысты демалыс қызметтегі әйелдерге міндетті түрде беріледі. Бала дүниеге келгеннен кейін оның күтіміне байланысты демалысты анасы немесе әкесі, сондай-ақ заңды түрде асырап алған адам алуға құқылы. Декреттік демалыстың алғашқы бір жылында, яғни сәби бір жасқа толғанша ай сайын мемлекет тарапынан жәрдемақы төленеді.
Ер адам мынадай жағдайларға сәйкес бала күтіміне байланысты демалысқа шығуы мүмкін:
– Егер отбасында әйел адамның айлық табысы еріне қарағанда көп болса. Өйткені, «еркек жұмыс істейді» деген «ол көп ақша табады» дегенді білдірмейді. Өмірдегі жолы болғыштығы мен еңбегінің нәтижесінде отбасындағы кірістің басым көпшілігін әйел табатын жанұялар жетерлік. Осындай жағдайда екеуара келісе отырып, бала күтімін күйеуі мойнына алып, әйел қызметін жалғастырса, отбасының экономикалық жағдайын тұрақты ұстап тұруға болады. Қазақы танымға жат дегенмен, бұндай әрекетті кей азаматтар ақылға салып, отбасын асырай алмағаннан гөрі дұрыс шешім деп қабылдайды;
– Егер жалғыз басты ер адам қайтыс болған туыстарының баласын асырап алса;
– Ажырасудан кейін бала әкесінде қалса;
– Баланың анасы босану кезінде немесе басқа жағдаймен қайтыс болса;
– Бала 3 жасқа толмай, белгілі себептермен анасы ата-аналық құқықтан айырылса, т.б.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынының мәліметінше, бір жасқа дейінгі бала күтімі үшін берілетін әлеуметтік төлем 2008 жылдан бастап Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан тағайындалып келеді. 12 жыл ішінде 2 563 801 адам аталған қаржылай көмекті алса, олардың 3,8%-ын еркектер құрайды. Санға шақсақ, шамамен 97 500 адам, яғни осынша ер адам декреттік демалысқа құжат рәсімдеген. Ал, 2020 жылдың алғашқы 6 айында 1,3 мың еркекке бір жасқа толғанға дейін бала күтіміне байланысты жәрдемақы тағайындалған. Сондай-ақ, ресми емес декреттік демалысқа кететіндер де кездеседі. Сөзімізге дәлелді Ақсу ауданының тұрғыны Дмитрий Бешеляның сөзінен таптық. Еуразия энергетикалық корпорациясында жұмыс жасайтын ол мынадай оқиғаны баян еткен: «Жұбайым дүниеге сәби әкелген уақытта бар-жоғы төрт ай демалуға мүмкіндік болды. Төрт ай өткен соң оған жұмысқа шығуға тура келді. Сәбиімізге күтім жасау қажет болғандықтан мен бір айлық ақылы еңбек демалысыма қоса екі ай ақысыз демалыс алдым. Сол кезде мемлекеттік жәрдемақы алу үшін қажетті құжаттарды жинаған едім. Бірақ, бұл көмек маған берілмейді екен. Бізге жұмыс орнымызда зейнетақы жарнасы бір айға кешіктіріліп төленетін. Сол себепті мен декреттік демалыста болған кездің өзінде жұмыс жасап, айлығыммен қоса зейнетақы жарнасы жүріп тұрған болып есептелген. Осылай үш ай ішінде мен мемлекеттен де, жұмыс берушіден де ешқандай қаражат алмадым. Есесіне, кейін өз жұмысыма еш қиындықсыз оралдым».
Ал, Анар есімді бойжеткен өзінің күйеуімен бала күтіміне қатысты ортақ келісімге келгенін әңгімелейді.
«Босанғаннан кейінгі алғашқы үш айда біз Мәскеуде тұрдық. Күйеуім қызметте, ал мен бала күтімімен үйде отырдым. Содан кейін біз Нұр-Сұлтан қаласына көшіп келдік. Ол кезде жолдасымның Мәскеуде жұмыс жасап жатқанына он жылға жуық уақыт болған. Елге келген соң маған жұмысқа шақыру туралы ұсыныс түсті. Жақсы жағдай қарастырылғандықтан, мен бұл қызметті қуана қабылдадым. Солай жарты күндік жұмысыма кірістім. Сәбиімізге де жеткілікті уақыт бөліп, жақсы табыс та табу үшін біз «келісіп тон пішуді» жөн санадық. Таңнан түске дейінгі уақытта мен кәсіппен айналыссам, түстен кейін үй шаруасына, бала күтіміне ден қоямын. Бұл уақытта күйеуімнің басқа бөлмеде өз жұмысын жасауына кедергі келтірмейміз. Есесіне, ол түске дейін бала бағады. Қазір сәбиіміз екі жаста. Біздегі отбасылық жүйе әлі де тұрақты түрде жұмыс жасап тұр. Сол себептен де бізде қаржылық та, балаға уақыт бөлу жағынан да мәселе жоқ», – дейді Анар.
БАЛА КҮТІМІНДЕГІ ӘКЕЛЕРГЕ ҚАНДАЙ КӨМЕК КӨРСЕТІЛЕДІ?
Ер адамның бала күтімі бойынша демалыс алуға құқығы бар екендігі туралы Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 195-бабында тарқатылып жазылған. Декреттік демалыстағы ер адам ай сайынғы бала күтімі бойынша берілетін әлеуметтік төлемді ала алады. Бала босануына байланысты тағайындалатын бір реттік жәрдемақы тек баланың анасына берілсе, кейінгі бір жасқа дейінгі төлемді декреттік демалысқа шықса ғана ер адам алуына болады. Бұл уақыт аралығында оған жалақы төленбегенімен, жұмыстан шығарылмайды. Тіпті, кез келген уақытта қызметіне орала алады. Тек бұл туралы басшылыққа алдын ала хабарлау қажет.
Бала бір жасқа толғанша төленетін жәрдемақы көлемі оған дейін жұмыс жасаған немесе жұмыссыздар үшін түрлі мөлшерде болады. Жұмыс істейтін тұлға үшін әлеуметтік төлемдер айлық жалақы ескеріле отырып есептеледі. Төленетін қаржы мөлшерін соңғы екі жылдағы жалпы табысты 24 айға бөліп, оны 0,4-ке көбейтіп, шыққан суммадан 10% зейнетақы жарнасын алып тастау арқылы есептеп шығарады.
Барлық нақты көрсеткіштерді ескере отырып, төлемнің нақты мөлшерін Мемлекеттік сақтандыру қоры анықтайды.
Егер азамат жұмыссыздар қатарында болса, оған бір жыл көлемінде белгіленген мөлшерде ай сайынғы жәрдемақы төленіп тұрады:
– бірінші бала үшін – 5,76 АЕК(16 мың теңге);
– екінші бала үшін – 6,81 АЕК (18,9 мың теңге);
– үшінші бала үшін – 7,85 АЕК (21,8 мың теңге);
– төртінші және одан кейінгі балалар үшін – 8,90 АЕК (24,7 мың теңге).
2020 жылғы шама бойынша бір айлық есептік көрсеткіш 2 778 теңгені құрайды.
Түрлі жағдайда бала күтімін өз мойнына алуға бел буған әкелер әлеуметтік көмек алу үшін мына құжаттарды тиісті орталыққа тапсыруы қажет:
– баланың туу туралы куәлігі;
– жұмыс орнынан анықтама және ақысыз еңбек демалысында екендігін куәландыратын құжат;
– 20 саннан тұратын IBAN банктік шоты.
Аталған құжаттарды азамат өзі тіркелген аймақтағы Халыққа қызмет көрсету орталығына апарып, өтініш білдіре алады. Сондай-ақ, электрондық цифрлық қолтаңбасы болса, www.egov.kz порталы арқылы немесе тұрғылықты жері бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясында онлайн өтініш беру мүмкіндігі қарастырылған.
Мемлекеттік корпорацияға өтініш беру үшін қажетті құжаттар:
– тууға байланысты жәрдемақы тағайындау туралы өтініш;
– өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжат;
–баланың туу туралы куәлігі немесе туу туралы акт жазбалары.
ШЕТЕЛДЕ ӘКЕЛЕР ДЕКРЕТКЕ КӨП ШЫҒА МА?
Өзге елдерде еркек адамның бала күтіміне байланысты демалысқа шығуы қалыпты жағдай болып саналады. Бұл заң Ұлыбритания, Қытай, Бельгия, Финляндия, Австрия және Франция сияқты ірі мемлекеттер үшін таңсық емес. Мысалы, Швецияда баланың әкесі кем дегенде бір ай декреттік демалыс алуға тиісті. Ал, фин әкелердің 65%-ы бала күтімімен үйде отыратын көрінеді. Испанияда әке атанған ерлер үшін апта сайынғы жүз пайыздық төлеммен он аптаға дейін қосымша демалыс беріледі.
Америка Құрама Штаттарында ірі компаниялар өз қызметкерлерінің бала күтіміне байланысты демалысқа шығу не шықпауын шешуге құқылы. Мысалы, Facebook өз қызметкерлерін төрт айға декреттік демалысқа жібере алады және бұл үшін компания тарапынан ақы төленеді. 2017 жылдың желтоқсанында компанияның негізін қалаушы Марк Цукерберг те осы құқықты пайдаланған.
Бала күтімі үшін ақылы демалыс берілу құқығы Google (әйелдер үшін 22 аптаға дейін, еркектер үшін 7 аптға дейін), Amazon, Microsoft сынды ірі компанияларда да қарастырылған.
2015 жылы Netflix компаниясы ата-аналар үшін сәби бір жасқа толғанша толықтай демалыс алуға мүмкіндік берді. Бірақ, америкалықтардың көпшілігі мұндай заңнаманы қолдамайды. Pew Research Center-дің сауалнамасына сенсек, АҚШ азаматтарының 82%-ы әйелдерге ақылы декреттік демалыс алуды қажет деп санаған. Ал, 69% дауыс ерлердің де декретке шығуын қолдаған.
Guardian газетінің жазуынша, АҚШ-тағы аналардың төрттен бір бөлігі босанғаннан кейін екі апта өткен соң-ақ жұмысқа қайта кіріседі. 2018 жылдың қаңтар айында Калифорния губернаторы Гэвин Ньюс бала туылғаннан кейін ата-аналар үшін 6 айлық міндетті демалысты енгізуді ұсынды. Бір ерекшелігі, аталған уақытты баланың әкесі мен анасы өзара келісіп, бөліп алуына болады.
ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН
Отбасы құндылығын бәрінен биік қоятын қазақ халқы жас босанған ана мен баланың күтіміне баса мән берген. Ал, бала тәрбиесі – әке мен анаға ортақ іс. Дегенмен, халық танымына сәйкес, әйел адам бала күтімі мен шаңырақтағы берекенің ұйытқысы болса, ер адамды жанұяның асыраушысы, «түздің тағысы» деп қабылдау қалыптасқан. Бұл – әдемі үйлесімділіктің көрінісі.
Ғылыми деректерге сүйенсек, ана сүтін бере алмайтыны болмаса, ерлер сәби күтуде әйелдерден кем түспейді. Бұған сай жантану ілімінің өкілдері өз пайымдауларын ұсынады.
«Ер адамдарда бала туылғаннан кейінгі депрессия, стресс болмайтындықтан олар кез келген жағдайға төзімді келеді. Әкесіне қарап өскен бала ерке болмай, тәртіпке, ұқыптылыққа үйренеді. Өйткені, әкенің айтқаны әрдайым заң саналады. Сондай-ақ, ер адамға тән қасиет бала бойына тарап, ол сыртқы ортаға тез үйренеді», – дейді психолог Лариса Кавелина.
Ер адамның декреттік демалысқа шығуы – мемлекетіміздің азаматтарға түрлі жағдайға орай көрсеткен қолдауының көрінісі. Дегенмен, бұл мүмкіндік «жеңілдің астымен, ауырдың үстімен» жүруді жөн санайтындардың «саясатына» айналып кетпесе дейміз.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ, шолушы