Биылғы қоңыр күздің қоңырқай бір күнінде Қостанайда Сапун тауынан соққан желдей бір әңгіме гу-гу етті.
– Естідің бе, Сүндет Байғожин келетін болыпты? – деді біреу.
– Қап, мынау індет еңсені басып тұрғанда көрермен жинау қалай болар екен? – деді екінші адам.
– Жоқ, сен түсінбедің, концерт емес, облыстық филармонияға бастық болып келеді, – деді бірінші адам жаңалығының бағасын арттыра түскісі келгендей маңғаздана сөйлеп.
– Не дейді, кім айтты саған оны? – деп екінші адам шап ете қалды…
Ақыры бұл қауесет шынайы шындыққа айналды. Періште нұрын сепкен баритон дауысты Байғожин Қостанай облыстық филармониясының директорлығына тағайындалды. Енді жұрттың әңгімесі «неге бұлай» деген сауалдың төңірегіне ойысты. Кәдімгі «қазақи бал ашу» ойыны басталды.
– Дауысы шықпай қалыпты.
– Басшылармен келіспеген көрінеді.
– Көрермені жоқ бос сахнада өлең айту жалықтырса керек…
Осындай қаңқу сөз қаптады…
Біз оны сонау бала күнінен білуші едік. Алақандай Арқалықты әнге бөлеп өсті ол. Тоқсаныншы жылдардың тозақты шағында құлыншақтың мойнындағы жез қоңыраудай сыңғырлаған балғын дауысымен ел-жұртты аузына қаратып қана қоймай, өзінің жарқын болашағына жол да аша білді осы шынашақтай бала. Кеңестер Одағы құлап, Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялаған шақта бар болғаны екінші сыныптың оқушысы еді. Қандай бір жиын тойда да, ресми мерекелерде де құлдыраңдап сахнадан түспейтін. Туа біткен талант, тұлымшақты ұлдың қазақтың қара домбырасындай күмбірлеген қоңыр үні құлаққа бірден қона кетіп, тұла бойынды шымырлататын.
«Алмас пышақ қап түбінде жатпайды», сыйынары да, сүйенері де жоқ, қарапайым отбасынан шыққан ол ақыры өнерде өз жолын тауып, халқының сүйіспеншілігіне бөленді. Қазақ ұлттық музыка академиясын бітірді. Күләш Бәйсейітова атындағы Опера және балет театрында еңбек жолын бастады. Италияда тәлім алды. Ежелден опера негізін қалаған кәрі құрлықтағы жылдар оның өмірін сәулелендіріп, шеберлігін шыңдай түсті. Операның жілік майын шағып, талайды тамсандырған итальяндықтардың өзі оның тау суындай таза, мөлдір даусына тәнті болып қол соқты. Сүндеттің жұлдызы жоғарылай берді.
2013 жылдан бастап «Астана-Операның» жетекші солисі. 2017 жылдан бері Рим операсының шақырулы солисі. Оның репертуарында Моцарттың, Россинидің, Пуччинидің, Чайковскийдің партиялары бар. Ол әлемге әйгілі «Корнеги-холл» (АҚШ), «Берлинская филармония» (Германия), «Шанзелизе» (Франция), «Венский концертхаус» (Австрия) сахналарында ән салды. Талай-талай конкурстар мен фестивальдардың лауреаты атанды. Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығын алды. Бар-жоғы 36 жастағы азамат үшін бұл дәреже көп пе, аз ба? Енді осындай адамның Елорданы тастап, Қостанай сияқты кішігірім облыс орталығындағы филармония директорлығына келісім беруі кім-кімді де ойландырары рас қой!
– Рас, – дейді Сүндеттің өзі. – Өмірім 360 градусқа өзгеріп шыға келді. Әуелі облыстан шақырту алдым. Көп ойласуға тура келді. Заман болса мынау COVID-19 өкпені қысып, тынысты тарылтып барады. Ірілі-ұсақты бизнес саласы, өнер мен мәдениет тығырыққа тірелді. Көрермені жоқ бос сахна көңілді құлазытты… Содан осындай шешімге келдім. Бірақ, бұл менің өнерден кеткендігімді білдірмейді. Мен сахнадан қол үзбеймін. Литвадағы Магнуса Великий шеберлікті шыңдау университетіндегі оқуым одан әрі жалғаса береді. Мына қызметке кіріскеннен бері Қазақ ұлттық хореография академиясымен келісім-шартқа отырдық. Елордадағы филармониямен де тәжірибе алмасуға уағдаластық. «Астана-Опера» шақырса кез келген уақытта барып өзім бұрын орындаған партияларды айтып беруге дайынмын. Қостанайға отбасыммен көшім келдім. Келіншегім концертмейстер, музыка магистрі. Халқымызда «Туған жерге туыңды тік» деген қағида бар емес пе. Өз бойымдағы барлық қабілетімді, тәжірибемді жаңа қызмет жолына, жаңа ортамды көркейтіп, шығармашылық мол табысқа жұмсаймын деген мақсаттамын.
Несі бар, әнші айтса айтқандай өнер мен басшылық жұмыс стилі бір-бірімен ұштасып, бірін-бірі толықтырып жатса, одан асқан асыл мұрат бар ма? Ендеше баритон дауысты бауырымызға жаңа жұмысында толағай табыс тілейміз! Іске сәт!
Серік ШАЙМАН, «Qazaq»-тың Қостанайдағы меншікті тілшісі