Алматының ірі базарларына кімдер иелік етеді?

0
4502
Фото: Әлихан Сариев

Kursiv.kz тілшісі Наталья Качалова екі млн халқы бар Алматының ірі базарларына шолу жасапты. Порталдың дерегінше, жер көлемі мен тауар айналымы бойынша жеті базар мегаполистегі ең ірі сауда орындары саналады. «Үйдегі бағаны базардағы нарық бұзса» да, «Magnum», «Leroy Merlin» сияқты супер мен гипермаркеттер базарларды әлі нарықтан ығыстыра алған жоқ. Бұл базарларда сауда үнемі қызып тұрады. Олар: «Кенжехан», «Ақ-бұлақ», «Алатау-1», «Алатау-2», «Жұлдыз» (Оптовка), «Барыс-4» және «Көк базар». Мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметінше, «Көк базарды» есепке алмағанда алғашқы алтылық биылғы жылдың үш тоқсанында 135 млн теңге салық төлепті.

  1. «КЕНЖЕХАН»

Алматы қалалық Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының дерегінше, «Кенжехан» – жер көлемі мен тауар айналымы бойынша мегаполистегі ең ірі әмбебап базар. Ел арасында «Барахолка» аталып кеткен аумақта орналасқан. Атақты базардың меншік иесі – «Сандель-Сауда» ЖШС. Аталған компанияға базар орналасқан 7 га жер тиесілі. Ал, eGov.kz порталына сенсек, компания құрылған 2013 жылдан бері оның құрылтайшылары өзгермеген. Олар: Әнипа Назарбаева, Амантай Мамырбеков, Исламбек Жақыбаев, Айдар Пірімханов, Параджан Тохтахунов. Ал, Мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметінше, «Сандель-Сауда» ЖШС бюджетке 2019 жылы 18,5 млн теңге, 2020 жылдың үш тоқсанында 13 млн теңге салық аударған.

  1. «КЕНЖЕХАН-2»

«Кенжехан» базарының дәл қасында өзімен аттас екінші базар орналасқан. Бұл – «Кенжехан-2». Меншік иесі – «Кенжехан» ЖШС. Оның да құрылтайшысы Әнипа Назарбаева. Мемлекеттік кірістер департаментінен «Кенжехан» ЖШС-нің 2020 жылдың алғашқы тоғыз айында 8 млн теңге салық төлегенін білдік.

  1. «АҚ-БҰЛАҚ»

«Кенжеханнан» оңтүстікке қарай екі жарым шақырым арыда «Ақ-Бұлақ» базары орналасқан. Үш сауда павильонынан тұрады. Екі компанияға тиесілі. Алғашқы екеуі «Ақ-Бұлақ 67» ЖШС-не, үшіншісі «Ақ-Бұлақ 66» ЖШС-не қарайды. Бұл екі компанияны Нұржан Құлсейітов басқарады. Нұржан Құлсейітов басқаратын тағы бір базарға төменде тоқталамыз. Дегенмен, «Ақ-Бұлақ 67» ЖШС-нің құрылтайшысы – Павел Бугаев, «Ақ-Бұлақ 66» ЖШС-нің құрылтайшылары – Қанатбай Нұрышов пен Любовь Яновская.

«Ақ-Бұлақ 67» ЖШС 2020 жылдың алғашқы тоғыз айында қала қазынасын 33 млн теңгеге толтырыпты. Бұл көрсеткіш былтыр 32,2 млн теңге болғанын ескерсек, коронавирус пандемиясы «Ақ-Бұлақ» базарының екі павильонына кері әсер етпегенін байқаймыз.

Жоғарыда аталған екі павильонға қарағанда үшіншісінің жағдайы биыл мәз еместей көрінді. Өйткені, биылғы салық түсімдері екі есе азайған. Мысалы, 2020 жылдың үш тоқсанында «Ақ-Бұлақ 66» ЖШС бюджетке 25,4 млн теңге салық аударса, бұл көрсеткіш былтыр 51,3 млн теңгеге дейін жеткен-ді.

  1. «АЛАТАУ»

«Барахолкадағы» атақты базарлардың тағы екеуі – «Алатау-1» мен «Алатау-2». Жалпы алаңы 70 мың шаршы метрді құрайтын сауда орындардың меншік иесі – «Достар Сауда» ЖШС. Ал, eGov.kz порталының мәліметінше, «Достар Сауда» ЖШС-нің құрылтайшысы – Әділет Қожаберген. Компанияның биыл бюджетке аударған салық көлемі 30,3 млн теңгені құрады.

  1. «ЖҰЛДЫЗ»

Розыбакиев көшесінде «Жұлдыз» базары орналасқан. Дегенмен, алматылықтар бұл базарды «Оптовка» деп те атайды. Атақты базар «Жаңа Ақ-Бұлақ» ЖШС-не қарайды. Жалғыз құрылтайшысы – Аманжол Бурабаев, ал жоғарыда аты аталған Нұржан Құлсейітов компанияны басқарады. «Жаңа Ақ-Бұлақ» ЖШС қала қазынасын биыл 10,6 млн теңгеге толтырды.

  1. «БАРЫС-4»

Бұрынғы «Поршень» зауытының орнына екі мыңыншы жылдары «Барыс-4» базары бой көтерді. Бұл базар жоғарыдағы «Оптовкаға» (Жұлдыз) қарсы бетте орналасқан. 2005 жылдан бері базар өзімен аттас «Барыс-IV» ЖШС-не қарайды. Компания биылғы жылы бюджетке 5,9 млн теңге аударды. Ал, компанияның жалғыз құрылтайшысы – Болат Назарбаев. Айтпақшы, Болат Әбішұлы «Тастақ» ЖШС-не де құрылтайшылық етеді. Бұл компанияның меншігінде Төле би көшесіндегі «Тастақ» базары бар. Компанияның бюджетке аударған салық түсімдері ағымдағы жылы 7,8 млн теңгені құрады. 

  1. «КӨК БАЗАР»

Алматының орталығында атақты «Көк базар» орналасқан. Бастауын сонау 1868 жылдан алады. Қазіргі ғимаратының кірпіші 1975 жылы қаланды. 2017 жылы «Көк базар» жаңартылды. Аумағы 10 мың шаршы метрге дейін ұлғайтылды. Жерасты автотұрақ ашылды. Бұл ауқымды жұмыстарға 2,5 млрд теңге жұмсалды. Ал, базарды «Dostar Fresh Market» ЖШС басқарады. Компания құрылтайшылары – Динара мен Тимур Құлыбаевтар, Яков Цхай және Александр Ли. 2020 жылдың наурыз айында тіркелген компания бес айда бюджетке 4,7 млн теңге аударған.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here