Айдын мұздың аққуы

0
3768

Конькимен жүгіру спортынан Қазақстан Республикасының мемлекеттік жаттықтырушысы, спорт шебері, қазақ қыздары арасынан тұңғыш рет ХVII және ХVIII қысқы Олимпиада ойындарына қатысушы, еліміздің бес дүркін жеңімпазы Кенжеш Садыққызы Сәрсекенова туралы толғау

Сөзіне ден қойғам мен саналының,

Есінде, ұмытпаған бала күнін.

Ойға алып әңгіме етіп, сыр шертті ол,

Өткен мен бүгінгі күн аралығын.

Шоқ жанып жанарында тұрды оның,

Бір сәт ол еске алғанда балалығын.

– Онда мен он жаста едім, – дейді Кенжеш,

Ойға алып таудай кезін талабының.

– Жатсам-тұрсам спортшы болсам дедім,

Тап солай таңдауды ерте таба білдім.

Ата-анам, ұстаздарым, Әзен ағам,

Қолдаушысы болды алғаш қадамымның.

Мен солай Алматыға барған едім,

Көшесінде халқы бар қарақұрым.

Ол кездегі көңілдің қалауы сол,

Жанға ләззат мен одан ала білдім.

Деген кезде Кенжештің сөздерінен,

Батылдығын байқадым бала күннің.

Өмірінің ақ жолы секілді оның,

Алаулаған ақ жүзі жамалының.

Бүлдіршін қыз өзіне сенген еді,

Жеңіл атлет болсам деп келген еді.

Ол келгенде емтихан бітіп қойып,

Босқа кетті қаншама терлегені.

Сол сынаққа егерде тап келсе ол,

Кереметін көрсетіп ерлер еді.

Өзі тұстас бүлдіршін арасынан,

Сан мәрте озып өйткені келген еді.

Туа біткен Кенжештей талантқа,

Жақсы ақыл ұстаздар берген еді.

Қырсыққанда қымыран ірігендей,

Қалай барар, қарашы, елге енді.

Соны ойласа санасы сан-сақ болып,

Сайыпқыран ойлары сенделеді.

Аққұба қыз ақ көйлек, ақ бантикті,

Алабұртып осылай тербеледі.

Ағасына сол сәтте бар айтқаны,

«Алып қайтпа мені енді елге» деді.

Қандай спорт түріне болсадағы,

Шешімге кеп түсемін деген еді.

Дәл осылай Кенжеш қыз батылданды,

Елде оны қостады жақындары.

Мүлде басқа салаға түспек қыздың,

Емтиханда таңдайы тақылдады.

Сүрінбеген сынақтан таланттың,

Жауаптары жүз пайыз мақұлданды.

Солай оған есігін айқара ашты,

Спорт мектеп Қажекең атындағы.

Айдын мұздың үстінде осылайша,

Алғашқыда тік тұрып қалтылдады.

Көрсеткеннің бәрін де тез меңгерді,

Қорғаншақтап ешқашан тартынбады.

Техникасы бірақ та оңай емес,

Әлі есінде сан мәрте алқынғаны.

Бірте-бірте меңгеріп қыр мен сырын,

Еркін сырғып айдында жалтылдады.

Дәл осылай уақыт ол өткен сайын,

Көк айдынның үстінде қарқындады.

Бұрынғыдай енді оны тер баспады,

Желдей ескен сайын ол салқындады.

Кенжеш солай айдында есіп жүрді,

Ескен сайын жұмбағын шешіп жүрді.

Алуан түрлі жарысқа қатыстырып,

Ұстаздары тұсауын кесіп жүрді.

Жарыс сайын шыңдалып конькиші қыз,

Көк айдында конькиін есілдірді.

Нормативті орындап жарыс сайын,

Жеңіс дәмін басынан кешіп жүрді.

Жақсы жолдар жалғасып дәл осылай,

Көтеріліп көңілі өсіп жүрді.

«Осы қыздан бірдеме шығады» деп,

Бас қосқанда ұстаздар десіп жүрді.

Аламанға қосылсам деген арман,

Кенжештің де көкейін тесіп жүрді.

Сөйтіп ойлап жүргенде ұлы дүбір,

Бір айтулы жарыстың бәсін білді.

Министрлер кабинетінің жүлдесі еді ол,

Сол жарыста конькиін көсілдірді.

Үлкен сында Кенжеш қыз жарқ етті де,

Мықтылардың талайын тосылдырды.

Бас қосты онда Одақтың мықтылары,

Жарау аттай сайланып шықты бәрі.

Бірін-бірі жер жарған атағымен,

Қарап тұрып жарыспай ықтырады.

Сол жарысқа қатысқан қазақ қызы,

Жасқанбастан жайраңдап шықтыдағы.

Зырылдады сақпанның тасындай боп,

Шаң қаптырды нелер бір мықтыларды.

Озып келді оқ бойы өз тобынан,

Мұны көрген көрермен тік тұрады.

Медеудегі дауыстан тау жаңғырып,

Жанарына жандардың шық тұнады.

Қазақ деген халықтың кереметін,

Кенжеш солай ең алғаш ұқтырады.

Екпінінен жел есіп ерке қыздың,

Мықтылардың осылай ықты бәрі.

Көп сайыстың қорытындысы шыққан кезде,

Кереметін Кенжештің ұқты бәрі.

Осылайша қаршадай қазақ қызы,

Тұғырында жеңістің нық тұрады.

Жарқын жолы осылай басталған-ды,

Нелер биік бағынтар асқарларды.

Кенжеш үшін бәрі оның сәтті болды,

Биіктеді біртіндеп баспалдағы.

Болды солай елінің чемпионы,

Осылайша атағы аспандады.

Қуанышы қойнына симай қыздың,

Орындалды алғашқы басты арманы.

Одан соң да төрт рет сол тұғырдан,

Көрген құрмет ерекше асқандағы.

Жеңіс жолы жетелеп жаңа асуға,

Жаңа жолдар белгілі басталғаны.

Азия сыны еді ол дүбірлеген,

Елдегіден өзгеше басқа арналы.

Сол сындада Кенжеш қыз үкіленген,

Жүйрігінен өзге елдің жасқанбады.

Сөрелерден суырылып шыққан сайын,

Жеңемін деп есінде қасқарғаны.

Жұлдызды қыз, жүйрік қыз озып келіп,

Жанарынан мөп-мөлдір жас парлады.

Толып жатыр жарыстар әр тұстағы,

Есінде оның соларда тартысқаны.

Азиат деп кемсітіп кейін қаққан,

Жарысты да көрді ол батыстағы.

Төрешіге қарсы кеп не бітірер,

Ешкіммен де дауласып шарпыспады.

Өршелене ұмтылды ылғида алға,

Ерлігін айт одан да сол тұстағы.

Қазақ қызы осылай қайсарлықпен,

Қашанда өзін биік те мәрт ұстады.

Дәл осындай қайтпас та қайсар қыздың,

Есінде елдің Олимпиадаға қатысқаны.

Лиллехаммер норвегтер қаласында,

Сынға түскен топта өзін алға ұстады.

Тек финалда ұтылып опық жеді,

Алдап соқты Кенжешті аңдысқаны.

Дегенмен де ондықтан орын алды,

Текке кетпей таласып-тырмысқаны.

Бұл дегенің керемет жетістік қой,

Ұлы дүбір әлемдік жарыстағы.

 

Болашақта көрсеткіш жаңара ма,

Жетер жолды жеңіске таба ала ма?

Ең бастысы Олимпиада ойынына,

Болашақта Кенжеш қыз бара ала ма?

Ару Кенжеш себебі ана болған,

Қарау керек бауыр ет балаға да.

Төрт жылдықтың дүбірлі жарысына,

Сол себепті жолдама ала ала ма?

Сұрағы көп, жауап жоқ күндер солай,

Өтіп жатты бірнеше жыл арада.

Жолдаманы алғанмен бұрынғыдай,

Зырқыратып жұлдыздай аға ала ма?

Бәрінен де бауырынан жарағандай,

Баяғыдай бабын ол таба ала ма?

Аймаңдайы жарқырап алда келіп,

Оза шауып өз тобын жара ала ма?     

Бұл сұрақтың өзгеше ауырлығы,

Түсіреді салмағын санаға да.

Сұрақтардың түйіні шешіледі,

Тек енді барар болса Наганаға.

 

Жүзден озған жүйріктей даралана,

Жолдама алып, жол тартқан Наганаға.

Алматыдан аттанған лайнерменен,

Қалды артында қол бұлғап қала, дала.

Тілекшісі қашанда қандастары,

Үлкен, кіші тілеулес бар еді аға.

Он үш құрсақ көтерген іштерінде,

Кенжеш қызға ең жақын бар еді ана.

Ақ жол тілеп қызына қала берген,

Мейірімі мол ерекше нар еді ана.

Ақпейілді солардың тілегімен,

Аласталған жолынан бәле-жала.

Солай Кенжеш жеткен-ді мұхит асып,

Жапондардың қаласы Наганаға.

Басқа ел мен басқа жер демесеңіз,

Қазаққа ұқсас қаптап жүр қара бала.

Соны көріп жүрегі орнықты да,

Айдынында жүйткіді даралана.

Тағы ондықтың ішінен көрінді ол,

Шыққан кезде қорытынды саралана.

       

Осындай риза боп Кенжешіне,

Алады оны жиі ел де есіне.

Той болса, бір дүбірлі жарыс болса,

Қоймайды оны сірә келмесіне.

Кенжеш те сол құрметке лайық бір қыз,

Алады жиі-жиі елді есіне.

Ел деген ерекше ғой Кенжеш үшін,

Болмайды оған көңіл бөлмесіне.

Ерекше елде көрген құрметті,

Үнемі сақтайды ол зердесіне,

Кенжеш те құрметін аямайды,

Таныс және бейтаныс жерлесіне.

Туған жер туған елмен бірге түлеп,

Алаңдап жүреді ылғи ел көшіне.

Адам түгіл туған жердің даласын да,

Көңілінің қойған биік көрмесіне.

Көргендерін есіне ап отырады,

Өмірінің ерекше әр кешінде.

Көкірек көзіменен көрген жанға,

Жүрегінің ерек қой тербесіде.

 

Ағайын айтқанымды сараласын,

Кереметін Кенжештің бағаласын.

Әсіресе жас толқын, жаңа өскіндер,

Одан сендер өнеге ала аласың.

Жүректерде от болса маздайтұғын,

Топты ертең сендер де жара аласың.

Таудай талап, қажымас қайрат болсын,

Болам десең Кенжештей бола аласың.

Аяғыңды егерде шалыс бассаң,

Абыройдан айрылып тоналасың.

Аққан судай уақыт оралмайды,

Қалай оны қайтарып ала аласың?

Оралғаны ойыма осы болды,

Басқадай мен таппадым баламасын.

Елім дейді жақсылар алға ұмтылып,

Ал жамандар ойлайды қара басын.

Әлімжеттік жасайды кейбіреулер,

Олар мықты өздерін санамасын.

Қандастарын қадірлей білмегендер,

Бірге ертеңге қалай сен бара аласың?!

Ойланатын болсақ біз ағайындар,

Әжептәуір бұл жайлар санаға сын.

 

Бұл күндері Кенжеш қыз әже болған,

Толған айдай толықсып көңіл толған.

Салмақты да сабырлы, байыпты әрі,

Өкінбейді тағылым-өнеге алған.

Немересін күн сайын қызықтайды,

Куә оған болады көре қалған.

Дәл осылай өзінің баласынан,

Немерені неге артық көреді адам?!

«Өз баласын өскенше» баққан қазақ,

Немереге мейірін төге алған!..

Жер бетінде жоқ шығар біздей халық,

Өзге жұрттан жөн емес өнеге алған.

Сол халықтың ұрпағы азғындаса,

Ғазиз басқа қасірет төнер одан.

Қазағымды сондайдан сақта құдай,

Көресісін ондайда көреді адам.

Ұрпағынан болашақ үміті зор,

Таңғажайып Кенжештер өрелі адам.

 

Едігедей ойлайды ел қамында,

Елге қызмет ететін дер шағында.

Ақыл-ойы толысқан, толғанады,

Әрбір істің бер жағы, ар жағында.

Көргені бар, көңілге түйгені бар,

Заты әйел болса да дегдар тұлға.

Қайда барсын сапарлап ой толғайды,

Мақсат қойған алдына жүз бен мыңға.

Спорт деген еліңнің намысы деп,

Көрікті қыз айтады көргенді ұлға.

Сөздерімен жалынды жігер беріп,

Дайындайды оларды үлкен сынға.

Барған жерде шаңғы мен коньки жайлы,

Айтады ойын айналған бітпес мұңға.

Қара көзі қазақтың көптеп келіп,

Сынаса деп өздерін алуан сында.

«Айдын мұздың аққуы» атанған қыз,

Ойыңды елің құптайтын сен бір тұлға.

Елім деген бір қызсың, жерім деген,

Көкірегің тұнып тұр күмбір сырға.

Ақаш КӨКСЕГЕН, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Шығыс Қазақстан облысы, Аягөз қаласы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here