Қонаев туыстары

0
14167

Бүгін, 12 қаңтарда көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың туғанына 109 жыл толып отыр. Көзі тірісінде-ақ ерен еңбегінің арқасында халықтың ыстық ықыласына бөленген Дінмұхамед Ахметұлы отыз жылдан астам уақыт ел басқарды. Ол 24 жыл Қазақстан Компартиясының Орталық Комитетінің бірінші хатшысы, 6 жыл ҚазКСР Министрлер Кеңесінің төрағасы болды. Басшылық қызмет атқарып жүрген кезінде өнеркәсіп, құрылыс, сауда және ауыл шаруашылығының дамуына зор үлес қосты. Әлеуметтік және экономикалық салалармен қатар ғылым, денсаулық, спорт және мәдениет салаларын да өз назарынан тыс қалдырмай, оларды дамыту жолында зор еңбек сіңірді.

Димаш Ахметұлы және (жары) Зухра Шәріпқызы. Риддер. 1939 жыл.

Дінмұхамед Ахметұлы ел басқарған жылдары кең байтақ Қазақ жерінде 68 жұмысшылар кенті мен 43 қала пайда болды. Оның ішінде өнеркәсіп орталығы болып саналған Рудный, Екібастұз, Шевченко (Ақтау), Степногорск, Теміртау, Жаңатас, Кентау, Арқалық қалалары бой көтерді.

Аты аңызға айналған тұлға өмірден өтсе де оның еңбектері бүгінде халық игілігіне қызмет етіп отыр. Қазақстан тарихында есімі алтын әріптермен жазылған Дінмұхамед Ахметұлы халықтың есінде кемеңгер тұлға ретінде мәңгілікке сақталады.

Дінмұхамед Қонаевтың жеті туған әпке-қарындасы мен бір бауыры болған. Дінмұхамед Ахметұлы мен қарындастарының біреуінде ғана бала болмаған, қалғандарының барлығы балалы-шағалы. Аты аңызға айналған тұлғаның жиендерінің бірі Жаннета Серікбаева өзінің туысқан бауырларының аты-жөндерін саусағын бүгіп санап берді: «Димаш Ахметұлының 16 жиен-бауыры бар. Көпшілігі, Аллаға шүкір, тірі. Туған бауырларынан көзі тірі Роза Ахметқызы ғана қалды».

Димаш Ахметұлы. Риддер. 1939-42 жылдар.

Жаннета Дәулетқызының айтуынша, Қонаев тегін жалғастырушы екі адам – Димаш Ахметұлының інісінің екі ұлы: Эльдар (2020 жылдың тамызына дейін Қазақстанның Бресттегі (Беларусь) елшілігінде елші болды) және Диар («Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығының басшысы, ұлы жазушы М.Әуезовтің жиен-немересі, қызы Ләйләнің баласы). Айтпақшы, оның ұлының есімі Дінмұхамед, оның да ұлы мен қызы бар. Олар үлкен Қонаевтың шөберелері.

«Осы отбасының өкілі ретінде айтқым келетіні, мақтануға себеп бар, – деді Жаннета Дәулетқызы. – Мен қашанда таң қалам, біздің атамыз, өз бетінше білім алған адам, туыстарына білімге деген құштарлықты қалайша оята білген және бәріне жақсы білім берген. Кейіннен білімге деген құштарлық бізге, немере-шөберелеріне келді. Білесіз бе, ол қарапайым адам болса да, балаларының біреуінің Сорбоннада білім алғанын армандайтын. Араға көптеген жылдар салып, менің үлкен ағамның баласы Елдос сол университетте білім алды. Атамның арманы орындалды».

Димаш Ахметұлы. Алматы. 1940 жыл

Қонаев туыстарының арасында елге танымалдары көп. Мысалы: әпкелерінің бірі танымал архитектор Төлеу Бәсеновтің, екіншісі партия қайраткері Айтжан Түркебаевтың жары болған. Қонаев ұрпақтарының бірнешеуін атап өтсек: марқұм Едіге Түркебаев – танымал экономист, ғылым докторы болды, Алмат Бәсенов – әлем бойынша жүлделерді жеңіп алған мерейтойлық тиын-теңгенің авторы, Дастан Қадыржанов – танымал саясаттанушы.

ҚазКСР Ғылым академиясының президенті. 1952-55 жылдар

Қонаевтың өз кіндігінен бала болмағаны барлығына аян. Бұл тақырып олардың отбасында ешқашан қозғалған емес. Бірақ, кейде олардың өмірінде өздерін «Димаш Ахметұлының баласымын» деп таныстыратын адамдар да кездесетін. Мысалы: институттардың бірінде Қонаева деген тегі бар әйел қызмет атқаратын. Ол әрқашан өзінің Қонаевпен туыстығын  айтып отыратын.

«Ол оны асқан ептілікпен жасайтын, – деп есіне алды Қонаевтың жиен-бауырларының бірі – тарихшы, публицист Бахтияр Албани. – Мысалы, кафедраға қандай да бір жаңа зат алып келетін де: «Міне, Зухра Шәріпқызы (Димаш Ахмедұлының жары) кеше сыйлады», – дейтін. «Жақында сенің ағаңмен немесе қарындасыңмен кездесіп қалдым» дегенді жиі еститінмін. Мен дереу олардың кім екенін анықтауға кірісетінмін. Соңында біздің жалған «туыстарымыз» болып шығатын еді. Қонаевтар шынында аз. Маған, тарихшы ретінде, олардың нақты санын білу қиынға соқпайтын еді. Иә, тегі бірдей адамдар бар, бірақ олар тікелей туыстары немесе ұрпағы емес. Және мынандай оқиға болған: сауда министріне бір адам келіп, Қонаевтың жақын адамы ретінде өзін таныстырып, оған сервант, кілем және тағы бір заттар беруін талап еткен. Мұндай оқиғалар өте көп болған. Дінмұхамед Қонаев өзінің бауырларын өте қатты жақсы көретін және өз отбасын қатты бағалайтын, отбасы ол үшін бірінші сатыда тұратын».

П.Пономаренко, Н.Хрущев, Д.Қонаев. 1955 жыл.

Оқырман тарапынан «Туыстары Қонаевтың атын пайдаланып, қандай да бір артықшылықтарға қол жеткізген болар» деген ойдың болуы да заңды. Әрине, біз де осы сұрақты Жаннета Дәулетқызына қойдық.

«Біздің айналамыздағы барлық адамдар солай ойлаған, ойлайды да. Олай емес екенін қалай айтсам да, ешкім бұған сенген емес. Біз барлығына өз еңбегімізбен қол жеткіздік. Әрине, біздің туыстарымыздың көбі кеңес дәуірінде лауазымды қызметтерді атқарды. Бірақ, барлығы өз мамандықтары бойынша қызметте болды. Мысалы, Қонаевтың кіші қарындасы Роза Ахметқызы институтта зертхана меңгерушісі болып қызмет атқарған. Есімде, Дінмұхамед Ахметұлының ағасы Асқар Қазақ ғылым академиясының директоры қызметіне ауысқан кезде өте көп әңгімелер болған. Ол үлкен ғалым және сол лауазымға дейінгі барлық жолды сүрінбей өзі жүріп өтсе де, барлығы Дінмұхамед Ахметұлының көмегімен деп ойлады. Ол лауазымды қызметке оны бірнеше рет ұсынса да, ол бас тартқан еді. Мәскеуде Брежневтің өзі ағама: «Ағаңа кедергі келтірме. Ол сенің туысың болғанына кінәлі емес», – деген екен. Ешкім де ештеңеге араласқан емес. Қалай болған күнде де бізге ешкім сенбейтін. Менің анам институт кафедрасында зертханашы (лаборант) болып қызмет атқаратын. Ол кезде оның жолдасы, менің әкем, білім министрінің орынбасары қызметінде еді. Оған дейін әкем ұстаз, ректор қызметінде болған. Айтпақшы, ол туралы да: «Әрине, Қонаевтың күйеу баласы ғой”, – деп айтатын. Одан кейін ондайды менің жолдасым да талай естіді. Ол ұзақ уақыт бірнеше мекемеде қатардағы дәрігер қызметін атқарды. Кейінірек ол бас дәрігер қызметіне жоғарылады. Бұл, менің ойымша, қалыпты құбылыс. Мен қазір де «Әрине, сендердің жегендерің алдыларыңда, жемегендерің арттарыңда болған” дегенді жиі естимін. Бірақ, біз ағамызға үлкен құрметпен қарайтынбыз. Оны жеке басымыздың мәселесімен мазалаған емеспіз», – дейді Бахтияр Дәулетұлы.

Бауыржан Момышұлының Дінмұхамед Қонаевқа жазған хаты. 1966 жыл.

«Жас кездеріңізде сіздерге қызғанышпен қарағандар болды ма?» деген сұраққа: «Әрине, болды. Қонаевтың өзінің туысы екенімізді жасыру өте қиын еді. Біздің ағамыздың ерекше жан екенін өзіміз де жақсы түсінетінбіз. Мынандай бір қызық жағдай болған: жетінші сыныптан соң бізді қант қызылшасын жинауға апарды. Біз ескі бір сарайда ұйықтауға тиіс болғанбыз. Бір кезде матрац тиеген үлкен жүк көлігі келіп жақындай беріп, қайтадан бұрылып кетіп қалды. Біз ненің не екенін түсіне алмай аң-таңбыз. Сол сәтте біздің ұстазымыз: «Мына жердегілер сенің Қонаевтың жиені екеніңді біліп қойды. Матрацтар ескі екен. Қазір жаңасын әкеледі», – деді. Біз ұзақ күлдік. Жолымыз болды. Барлығымыз қоймадан әкелінген жаңа матрацтарда ұйықтадық», – деп жауап қайтарды Бахтияр Албани.

«Ағаларыңыз дүниеден өткеннен соң, сіздерге деген адамдардың көзқарасы өзгерді ме?» деген сұрақты да қойдық. Бұл сұрағымызға келесідей жауап алдық: «Ол оған дейін ағамның көзі тірісінде болған жағдай. Ол кісі қызметінен босағаннан кейін басталды. Шамамен сол уақытта мен Алматыдан кетіп қалдым. Неге екенін білесіздер ме? Өзіңіз ойланып көріңізші: көшеде келе жатырсыз, сізді бала кезіңізден танитын адам қарама-қарсы келе жатыр, ол болса сізді танымайтын кейіп танытады. Мұндай оқиғалар тым жиілеп кетті. Бұған қараудың өзі жиіркенішті еді. Білем, менің кейбір туыстарымның жұмысында да мұндай оқиғалар орын алып жатты. Бұл оқиғаға қуанғандар да жетерлік еді. Мен осының бәрінен жиіркенішті күй кештім. Сондықтан Ресейге қоныс аударып, біраз уақыт Калмыкиядағы совхоз директорының орынбасары қызметін атқардым».

Леонид Брежнев, Варахагири Венката Гири, Дінмұхамед Қонаев. Дели. Үндістан. 1973 жыл.

Қонаев қызмет орнында отырған кезде Брежнев Қазақстанға сегіз-тоғыз мәрте келген екен. Шындығын айтқанда, генсек үшін бұл үлкен сан.

«Қонаев пен Брежневті туыс деп айтатындар да кездеседі. Бұл туралы сіз не дейсіз?» – деп сұрадық Жаннета Дәулетқызынан көптің көкейіндегі сауалды.

«(Күлді.) Мен де ондайды естіп, анамнан сұраған едім. Білесіз бе, Галина Брежнева – Леонид Ильичтің қызы тұрмысқа шыққан кезінде оның тойдағы өкіл анасы ретінде Зухра Шәріпқызы отырған. Мүмкін сондықтан да осындай әңгімелер тараған болар. Бірақ, біз туысқан емес едік. Брежнев пен Қонаев көп қырларынан бір-біріне ұқсайтын және олар жай ғана дос еді. Мен, айтпақшы, бала кезімде Брежневтің тізесінде отырғанмын. Ол кісі маған бір қорап тәтті сыйлаған еді. Ағамның Бутаковкада саяжайы бар болған. Ол кісі қалаға көлік жіберетін, барлық туыстарын жинайтын. Біз барлығымыз саяжайға баратынбыз. Кептерлерді қуалайтынбыз. Ағам олай жасамауымызды өтінетін. Ол оларды өте жақсы көретін. Саябақта жүгіріп ойнайтынбыз. Ағама жоғары лауазымды адамдар өте жиі бас сұғатын. Мен Хрущев, Косыгин, Брежневті сол үйден көргенмін. Зухра Шәріпқызы өмірден озған кезде Шыңғыс Айтматов, Аман Төлеев, Тоқтар Әубәкіровтер көңіл айтуға келген еді. Әрине, ешқайсымыз да ол кісілерге жақындаған емеспіз. Бала шақта, тіпті кішкентай болған кезімде, мен ол кісілердің кім екенін білген емеспін. Кейін, әрине, барлығы да өзгерді. Білесіз бе, анам бізге жиі: «Сендер барлық істі ағаларыңның атына көлеңке түспейтіндей етіп жасауларың керек», – деп айтып отыратын», – деді Жаннета Дәулетқызы.

Н.Назарбаев, Д.Қонаев, З.Шәріпқызы, С.Алпысқызы, Қ.Саудабаев. Барвиха. 1984 жыл.

Зухра Шәріпқызы өмірден озған соң, Қонаевтың қасында жиен-немересі Диар тұрды. Ол Қонаевқа барлық жағынан көмектесті. Көзі кеткеннен соң, Қонаевтың үйі Диарға мұраға қалды. Ол пәтерде отбасымен он сегіз жыл өмір сүрді.

«Осы күнге дейін үйдің ішінде ештеңе өзгерген емес. Барлығы да ағамыздың көзінің тірі кезіндегідей. Біз ол үйге отбасылық мерекелерде, туыстарымызды еске алатын күндері жиналатынбыз, – деп еске алды Жаннет Дәулетқызы. – Кейін, Дінмұхамед Қонаевтың 100 жылдығына орай пәтерін қала әкімшілігіне өткіздік. Қазір ол пәтер Қонаев мұражайы. Бұл пәтер біз үшін өзімізді үлкен бір отбасының бөлшегі ретінде сезіне алатын бірден-бір орын. Уақыт өте келе ол сезім күшейе береді екен».

Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ, шолушы

Ескерту: Жаннета Серікбаева мен Бахтияр Албанидің сөздері 2016 жылы «Время» газетінде жарияланған «Чтобы даже тень не упала…» мақаласынан, ал суреттер www.kunayev.kz сайтынан алынды.

Шетелден келген қандастар Дінмұхамед Қонаевтың пәтерінде қонақта. Алматы. 1992 жыл.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here