Биыл Қазақстанның азаттық алғанына 30 жыл толады. Осы жылдарда еліміз спортта толағай табыстарға қол жеткізді. Тәуелсіз ел ретінде жеті қысқы, алты жазғы Олимпиада ойындарына қатысты. Бұған Азиада, Универсиада ойындарын қосыңыз. Құрлықтық, әлемдік жарыстар тағы бар. Қазақстан ондаған Азия, әлем чемпионаттарын, қысқы Азиада мен Универсиаданы өз жерінде қабылдады. Бұл дүбірлі додаларды сәтті өткізді. Талай спортшылардың жұлдызын жақты. Тәуелсіздік әлемдік деңгейдегі спортшыларды тудырды. Әлемдік аренада Қазақстанның Туы желбіреп, Әнұраны шырқалып жүр. Мұның бәрі алдымен Тәуелсіздіктің арқасы екені сөзсіз. Әрине, Қазақстанның спорттағы отыз жылдық жылнамасын бір мақаламен жазып шығуға да болар. Бірақ, ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін қысқы спорт тарихындағы Қазақстанның жүріп өткен жолына арнайы тоқталғанды жөн санайды.
АҚ ОЛИМПИАДА: ЕЛ ҚОРЖЫНЫНДА СЕГІЗ ЖҮЛДЕ БАР
1991 жылы жетпіс жыл бойы он бес кеңестік республиканы «ашса алақанында, жұмса жұдырығында» ұстап келген КСРО-ның шаңырағы шайқалып, «халықтар түрмесі» аталған алып империя тарих қойнауына енді. Сөйтіп, тоқсаныншы жылдардың басында әлем картасында он бес мемлекет пайда болды. Азаттық алған он бес мемлекеттің арасында біздің еліміз де бар. Содан «тас бұғаудан босаған» азат елдің спортшылары бұрынғыдай Мәскеудің қас-қабағына қарамай, саясаттың құрбанына айналмай әлемдік аренада «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» атануға мүмкіндік алды. Мұндай мүмкіндікті алғашқылардың бірі болып 1994 жылы Норвегияда Щучинск тумасы Владимир Смирнов пайдаланды.
Иә, 1994 жылы Норвегияның Лиллехаммер қаласында XVII қысқы Олимпиада ойындары өтті. Төрт жылдықтың басты додасына Қазақстан тәуелсіз ел ретінде тұңғыш рет қатысты. 29 қазақстандық спортшы 8 спорт түрінен ел намысын қорғады. Осы жиырма тоғыздықтың ішінде Владимир Смирнов тау шаңғы спортынан үш бірдей медаль иеленді. Қазақстан қоржынына бір алтын, екі күміс медаль салды. Сөйтіп, тұңғыш рет Олимпиада ойындарында (жазғы Олимпиада екі жылдан кейін өтті) тәуелсіз Қазақстанның Туы желбіреп, Әнұраны шырқалды. Ал, Қазақстан жалпыкомандалық есепте 67 мемлекеттің ішінен 12-ші орыннан көрінді. Финляндия, Франция, Нидерланды, Қытай, Ұлыбритания сияқты спорт державаларын артқа тастады.
Төрт жылдан кейін, яғни 1998 жылы кезекті қысқы Олимпиаданың алауы жапондардың Нагано қаласында тұтанды. Бұл жолы да Владимир Смирнов Қазақстанды екінші қысқы Олимпиадасында медальсіз қалдырмады. Атақты спортшы қола медаль иеленді. Тағы бір қола медальді ел қоржынына павлодарлық Людмила Прокашева салды. Қазақстандық хоккейшілер де тәуір нәтиже көрсетті. Өз елінің кілең «сен тұр, мен атайын» деген сайдың тасындай іріктелген үздік хоккейшілері жиналған бәсекеде отандастарымыз үздік бестіктен көрінді.
Рас, үлкен спорт жеңіс пен жеңілістен тұрады. Бірде биікке жеткен елдің үздіктері енді бірде жүлде ауылынан мүлде алыс қалуы мүмкін. Сол айтқандай, Қазақстан өзінің үшінші және төртінші ақ Олимпиадасында жүлдесіз қалды. Мысалы, 2002 жылы Солт-Лейк-Ситиде (АҚШ) өткен XIX қысқы Олимпиада ойындарында 51 қазақстандық спортшының ешқайсысы алғашқы ондыққа да ене алмады. Тек хоккейші қыздар ғана алғашқы сегіздіктен көрінді. Дегенмен, бұл сәтсіздікті сол тұстағы қаржыландырудың аздығымен түсіндіруге болады.
2006 жылы Туринде (Италия) ел намысын 67 спортшы қорғады. Қазақстандық спортшылар бұл XX қысқы Олимпиада ойындарында үздік үштіктен көріне алмаса да, олар Солт-Лейк-Ситиге қарағанда жақсы нәтижелерге қол жеткізе алды. Айталық, шаңғышылар Николай Чеботько мен Евгений Кошевой командалық спринт бәсекесінің ақтық сынында 6-шы орыннан көрінді. Бұл бәсекеде шаңғышы қыздар Оксана Яцкая мен Елена Коломина 9-шы нәтижені көрсетті. Хоккейден ерлер де үздік ондыққа енді.
Ақ Олимпиада ойындарындағы екі сәтсіздіктен кейін Қазақстан құрамасы Ванкуверде өткен XXІ қысқы Олимпиада ойындарында есін жиды. Канадаға 37 ғана спортшы апарса да, саннан сапа артық екенін дәлелдей түсті. Биатлоншы Елена Хрусталева 15 шақырымдық жеке жарыста күміс медаль алды. Атыс шебінің төртеуінде де мүлт жіберместен өз қашықтығын тамаша жүгіріп өткен спортшы 41 минут 13,5 секунд нәтиже көрсетіп, алдына норвегиялық Тур Бергерді ғана 20,7 секундқа оздырып, екінші болып мәре сызығын кесті. Сөйтіп, 12 жылдан кейін Қазақстан Туы ақ Олимпиадада қайта желбіреді. Ал, Елена Хрусталева 7,5 шақырымдық спринтте бесінші орынды қанағат тұтты. Сонымен қатар, Николай Чеботько мен Алексей Полторанин командалық спринт бәсекесінде үздік бестікті қорытындылады. Соңғысы жеке жарыста да үздік бестіктен көрінді.
XXII қысқы Олимпиада ойындарын Сочи қаласы (Ресей) қабылдады. Төрт жылдықтың басты бәйгесіне Қазақстан құрамасы 11 спорт түрінен 58 спортшыны қосты. Бұл жолы ерлер арасында мәнерлеп сырғанаудан Денис Теннің жұлдызы жанды. 2018 жылы қарақшылардың қолынан қаза тапқан спортшы қола медаль иеленді. Денистің бұл медалі – Сочи Олимпиадасындағы Қазақстан қоржынына түскен жалғыз және мәнерлеп сырғанаудан ел тарихындағы Олимпиада ойындарындағы тұңғыш медаль саналады. Ал, Сочиде Дмитрий Рейхерд (5-орын), Жанбота Алдабергенова (6-орын) және Юлия Галышева (7-орын) жүлдегерлер қатарынан көрінуге бір табан жақын болды.
XXIII қысқы Олимпиада ойындарының жалауы 2018 жылы Пхёнчханда (Оңтүстік Корея) желбіреді. Қазақстан аламанға 44 жүйрігін қосты. Бұл жолы Денис Теннің Сочидегі жетістігін Өскемен тумасы Юлия Галышева қайталады. Фристайл-могулдан Юлия Галышева ел қоржынына қола жүлде салды.
Келесі XXIV қысқы Олимпиада ойындары 2022 жылы Қытай астанасы – Бейжіңде өтеді.
ҚАЗАҚСТАН АҚ АЗИАДА МЕН УНИВЕРСИАДАНЫ СӘТТІ ӨТКІЗДІ
Жері мен халқы көп Азия құрлығында әлемдік қауымдастық толықтай мойындаған 46 тәуелсіз ел бар. Сөйте тұра Олимпиада ойындарын қабылдаған азиялық елдер көп те емес, саусақпен санарлық қана. Мәселен, Жапония (жазғы, қысқы), Оңтүстік Корея (жазғы, қысқы) және Қытай (жазғы, ал қысқы ойындарды келесі жылы қабылдайды) ғана төрт жылдықтың басты спорт додасын қабылдаған. Мұндай мүмкіндікке ие болуға, яғни ақ Олимпиада астанасы атануға біздің Алматы 2015 жылы бір табан жақын болды. Сол жылы ақтық бәсекеде Қазақстанның ең ірі қаласы оған дейін жазғы Олимпиаданы сәтті өткізген Бейжіңге (Қытай) бар болғаны 4 ұпаймен жол берді.
Әрине, Олимпиада астанасы атану оңай емес. Ондай мақсатқа жетер жол тым ұзақ. Ол үшін алдымен құрлықтық және студенттік ойындарды өткізіп, біраз тәжірибе жинақтау керек. Ал, азаттық алған отыз жыл адам үшін елеулі уақыт болса, бұл тарих үшін қас-қағым сәт. Соның өзінде осынау қысқа мерзім ішінде тәуелсіз еліміз қысқы спорт түрлерінен ауыз толтырып айтарлықтай табыстарға қол жеткізді. Соның екі дәлелі – Нұр-Сұлтан мен Алматы 2011 жылы ақ Азиаданы, Алматы 2017 жылы қысқы Универсиаданы қабылдады. Осы дүбірлі додаларға байланысты Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында, Алматы облысында әлемдік стандарттарға сай келетін заманауи спорт нысандары бой көтерді. Ойындардан мұраға қалған бұл нысандар халық игілігіне пайдаланылып жатқанын «Qazaq» газетінің өткен №07 (1058) санында жаздық.
2011 жылы VII қысқы Азиада ойындарын қазақтың қос қаласы қабылдады. 26 елдің 1134 спортшысы қатысқан ойындардың ашылуы 2009 жылы пайдалануға берілген Нұр-Сұлтандағы «Астана Арена» стадионында, жабылуы Алматыдағы Балуан Шолақ спорт сарайында өтті. Азияның кілең мықтылары жиналған ойынға арнайы «Алау» мұз сарайы (Нұр-Сұлтан), «Сарыарқа» велотрегі (Нұр-Сұлтан), «Сұңқар» трамплин кешені (Алматы), «Алатау» шаңғы және биатлон кешені (Алматы облысы) салынды. Ал, жалпыкомандалық есепте барлығы 70 медаль (32 алтын, 21 күміс, 17 қола) иеленген Қазақстан құрамасы Жапония, Қытай, Оңтүстік Корея елдерін артқа тастады.
Универсиада – Олимпиада ойындарынан кейінгі ең үлкен жарыс саналады. Себебі, осы студент ойындарында ысылған жас спортшылар кейін Олимп шыңын бағындырып жатады. Бір қуаныштысы, Қазақстан ақ Универсиаданы посткеңестік кеңістікте тұңғыш рет өткізді. Сондай-ақ, қысқы Универсиада тарихына қарасаңыз, бұл доданы дамыған елдердің қалалары ғана қабылдағанына көз жеткізесіз.
Алматы XXVIII қысқы Универсиада ойындарына тыңғылықты дайындалды. Универсиада қалашығын тұрғызды, әлемдік стандарттарға жауап беретін «Almaty Arena» мен «Halyk Arena» спорт сарайларын салды. Сөйтіп, тоқсаныншы жылдары ғана азаттық алған ел әлемдік шараларды жоғары деңгейде өткізе алатын қуатты мемлекетке айналғанын дәлелдей түсті.
Өз елінде өткен Универсиада ойындарында қазақстандық спортшылар намысты қолдан бермеді. Жалпыкомандалық есепте Ресейге жол беріп, екінші орыннан көрінді. Барлығы 36 медаль (11 алтын, 8 күміс, 17 қола) алған біздің спортшылар жапон, қытай, оңтүстіккореялық қарсыластарының алдын орап кетті. Бұл додада 56 елдің 1604 спортшысы бақ сынады.
ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН
Қысқы спорт түрлерінен Қазақстан азаттығын алған 30 жылда Азиадада 196 медаль (78 алтын, 62 күміс, 56 қола), Универсиадада 87 медаль (29 алтын, 25 күміс, 33 қола), Олимпиадада 8 медаль (1 алтын, 3 күміс, 4 қола) иеленіпті. Салыстырмалы түрде айтсақ, азаттығын бізбен бір жылы алған Орта Азия елдерінен Өзбекстан ғана қысқы Олимпиада ойындарынан бір ғана медаль алған. Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан спортшылары тіпті алғашқы ондыққа да енбеген екен. Ал, Қазақстанның қысқы спорттағы жетістіктері кездейсоқ емес. Бұл отыз жылда мемлекет тарапынан қысқы спорт түрлеріне бөлінген қыруар қаржы мен көңілдің нәтижесі.
Мадияр ӘЗИЗҰЛЫ, спорт шолушысы