Думандатып той тойлайын десеңіз де, хан сарайындай үй соғайын десеңіз де, баланы оқуға түсіріп, қызды ұзатайын десеңіз де қаржының жетіспеушілігі бір иығыңыздан тартып тұрады ма?! Біреуден қалмау үшін, біреуді басып озу үшін, енді бірде басқа себептермен қаржылық қажеттілік туындаса, банкке бас ұрып, бір қарыз алып, екіншісін жабасыз ба? «Әрбір 9 қазақстандықтың бесеуінің басында несие бар» деген статистикалық мәліметке сүйенсек, осындай жағдай әрбірімізге таныс. Қазақстан халқының қаржы ұйымдары алдындағы қарызы соңғы бір жылда 1,3 трлн теңгеге артып, жалпы сомасы 21 трлн 700 млрд теңгеге жеткен.
ҚАРЫЗ АЛУДАН ҚАЙ ӨҢІР КӨШ БАСТАП ТҰР?
Несие – ақшалай немесе тауар түрінде берілетін қарыз. Әдетте, пайыз төлеу шартымен жүргізіледі. Қазақстанның экономикалық белсенді әрбір азаматы үшін орташа қарыз мөлшері 473 мың теңгеге дейін өскен. Бұл туралы Центр Кредит Банкінің басшысы Ғалым Құсайынов пандемия кезеңінде қаржы секторының даму нәтижелеріне арналған дөңгелек үстел барысында айтты. Келтірілген деректен аталған көрсеткіш 2015 жылы 295 мың теңгені құраған болса, 2020 жылдың қыркүйегінде 178 мың теңгеге артқанын аңғаруға болады. Жеке тұлғалар бойынша тұтынушылық несиелердің үлесі 66%-ды құраса, бөлшек несиелендіру үлесі 2015 жылғы 25%-дан өткен жылдың соңында 43%-ға дейін көтерілген.
«Шағын және орта бизнеске (ШОБ) келетін болсақ, 2015 жылдан бастап несиелеудегі осы сектордың үлесі түрлі бағытта өзгерген. Ең үлкен серпіліс 2017 жылы байқалып, 34%-ға дейін жетті. 2020 жылдағы көрсеткішке сай 27%-ға дейін төмендеген. ЖІӨ-дегі ШОБ мөлшері 2025 жылға қарай 35%-ға дейін артады деп күтілуде», – дейді банк басшысы.
Қазақстандықтар соңғы жылдары тұтынушылық несиені көптеп ала бастаған. Тұтыну несиесі дегеніміз – тұтыну заттарын немесе қызметтерді алу үшін берілетін несие түрі. Мысалы, кіші тұрмыстық техникалардан бастап, үй, көлік секілді мүліктерді несиеге рәсімдеуге болады. Ұлттық банктің мәліметіне сенсек, 2020 жылғы жағдай бойынша қаржы институттары жеке мақсаттарға 4,241 трлн теңге несие берген. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 306 млрд теңгеге, пайызға шақсақ, 7,7%-ға көп дегенді білдіреді. Мемлекеттен осындай қарыз түрін алған халықтың ең көп саны Алматы (1,07 трлн теңге), Нұр-Сұлтан (423 млрд теңге), Шымкент (317,2 млрд теңге) қалаларында тіркелген. Тұтыну несиелерінің ең аз көлемі Қостанай, Түркістан, Солтүстік Қазақстан мен Батыс Қазақстан облыстарында анықталғанын атап өткен жөн.
Жалпы, нарықтағы қарыздың ең көп көлемі 2020 жылғы наурыз айында тіркелген, жалпы сомасы 1,07 трлн теңгені құрайды. Халықтың қарызға ең аз жүгінген мерзімі сол жылдың желтоқсан айына тура келіп, барлығы 928,1 млрд теңге болған.
Сонымен қатар, Қазақстан «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында қарастырылған қаржыны жеңілдетілген несиеге пайдалану мүмкіндігін қарастыруда. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдеме жасады. Шараның мақсаты – «Бастау Бизнес» жобасы негізінде ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге, шағын кәсіпкерлікті дамытуға қолдау көрсету. Аталған жоба барысында несиелендіруді қаржыландырудың жалпы көлемін 22,5 млрд теңгеге жеткізу көзделуде.
ҚАРЫЗЫН ҚАЙТАРМАҒАНДАР ҚАЛАЙ ЖАЗАЛАНАДЫ?
Әдетте, банктер несие бергенде есіңді шығарып, асты-үстіңе түседі. «Мынадай пайызбен алсаңыз, мынадай жеңілдік қарастырылады, мерзімінен бұрын өтесеңіз, тағы да несие алуға мүмкіндігіңіз бар» деп «достық» пейіл танытады. Бұл – олардың жұмысы, әрине. Бірақ, қарыз алушының алдымен қаржылық сауаттылығы болғаны жөн, одан соң «көрпеге қарап көсілуді» де ұмытпаған абзал. «Судың да сұрауы бар» дейді халық даналығы. Мұны ескермеген жағдайда, банк алдындағы берешегін өтей алмағандар кепілге қойған мүлкінен айырылып, мәселесі сотқа, майшаммен қарауға кететінін білгені жөн.
Елімізде «ҚР банктер және банк қызметі туралы» арнайы заң бар. Несие алу, беру, төлем жасау жүйелері осы ережеге сүйеніп жүргізіледі. Қарыз алушы келісімшартта көрсетілген уақыт аралығында қажет соманы өтей алмаса, банк бас салып сотқа жүгінбейді. Заңға сәйкес, банк қызметкері борышкерге төлем уақыты өтіп бара жатқанын, кешіктірген әрбір күн үшін қосымша ақы (пеня) төлейтінін ескертеді. Егер клиенттің мерзімі өткен қарызды бір уақытта төлеуге мүмкіндігі болмаса, банк бірқатар жеңілдіктерді ұсына алады. Осындай мүмкіндіктерден кейін де қажетті төлем жасалмаса, мәселеге заң қызметкерлерін араластыруға тура келеді.
Одан кейін банк қарыз алушы туралы ақпаратты коллекторлық агенттіктерге береді. Коллектор деген – арнайы құзыреттілігі бар call-орталық қызметкерлері. Олар қарыз алушыға хабарласып, өтем уақыты өтіп бара жатқанын ескертеді. Әрі қарай төлем жасамасаңыз, пайыздық үстеме қосылып отырады. Мерзімі өткен несиені төлеу тәртібіне қатысты екі түрлі жағдай болуы мүмкін. Біріншісінде несие қарызы банкте қалады, ал коллекторлар несиені өндіріп алу процесін жүзеге асырады. Екінші жағдайда банк несиені коллекторлық компанияға сатып жібереді. Бұндай жағдайда алушы алған қарызын банкке емес, коллекторға төлейді. Бұл жерде коллекторлық агенттік несие төлеу тәртібін өзі анықтайды. Елімізде «Коллекторлар қызметі туралы» арнайы заң бар. Ол бойынша арнайы қызметкер борышкерге жұмыс күндері таңғы сағат 8-ден кешкі 21-ге дейін ғана хабарласуына болады делінген. Сондай-ақ, физиологиялық күш көрсетудің заңға қайшы әрекет екендігі жазылған. Егер борышкер құқығы бұзылатындай жағдай орын алса, ол коллекторлық агенттіктің үстінен Ұлттық банкке арыздана алады. Коллекторлық компаниялар банк пен тұтынушы арасындағы медиатор рөлін атқарады. Бұл жерде мемлекет азаматтардың құқығын қорғағанымен, оның банк алдындағы берешегіне де бейжай қарамайды. Қайтарылмаған қарыз тиісті органдардың көмегімен бәрібір өндіріліп алынатынын естен шығармаған жөн.
Банктен берілген қарыздар бойынша халықтың мерзімі өткен берешегі бір жыл ішінде 169,5 млрд теңгеге өскен. Ұлттық банктің мәліметінше, 2020 жылғы жағдай бойынша төленбей тұрған қарыз көлемі 1,03 трлн теңгені құраса, өткен жылмен салыстырғанда (2019 жылы 942,7 млрд теңге болған) бұл қарыз 19,5%-ға өскенін көре аламыз. Елді дерт жайлап, пандемия кесірінен ел экономикасының құлдырағанын есепке алсақ, қарыздану мөлшерінің осыншалық өсуінің себебі айқындала түседі. 2021 жылдың 1 қаңтарында қарызын бақандай бір жылдан астам уақыт бойы қайтармай келе жатқандардың берешек көлемі 928,1 млрд теңгені құраған. Мұндағы жеке тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің үлесі 335,4 млрд теңге болса, заңды тұлғалардың берешегі 592,6 млрд теңгені құрайды. Статистикалық сарапшылардың сөзіне сүйенсек, ең көп қарыз алушылар құрылыс саласында. Одан кейін тізімді көтерме және бөлшек сауда, ақпарат және коммуникация секторлары толықтырады.
НЕСИЕ БЕРУ ТАЛАПТАРЫНА ӨЗГЕРІС ЕНГІЗІЛДІ
Бірінші несие бюросының ақпаратына сәйкес, Қазақстандағы экономикалық белсенді халықтың саны жуықтап алғанда 10 миллионды құраса, олардың 1,9 миллионы «бақытты», яғни қаржы ұйымдарының алдында қарызы жоқ. Қалған 8 миллиондай азаматтың банктер мен басқа да қаржы ұйымдарында берешегі бар. Бұл дегеніміз, экономикалық белсенді халықтың 4/5 бөлігі банктен несие рәсімдеген деген сөз. Бұл назар аударарлық үлкен мәселе.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен 2019 жылы жүзеге асқан жалпы қарызы 3 млн теңгеден аспайтын әлеуметтік аз қамтылған топ өкілдерінің 300 мың теңгеге дейінгі несиесін кешіру туралы рақымшылық шарасы – мәселені жеңілдетудің бірден-бір жолы болғанымен, одан кейінгі жылдардағы қарыз көлемінің одан бетер өсіп кеткені көңіл қуантпайды.
2000 жылдары басқа біреудің құжатымен несие алып, талайдың обалына қалғандар мен осындай қаржылық қылмыс көп кездесіп жатты. Себебі, ол кезде несие алушыға қойылар талап басқаша еді. Бүгінде ондай алаяқтық жіті бақыланып, алдын алу үшін түрлі тосқауылдар қойылған. Бөтен біреудің құжатын апарып, түгел болса несие рәсімдей ала алмайсыз. Қазіргі кезде биометриялық әдіспен келіп тұрған клиент туралы егжей-тегжейлі анықтауға мүмкіндік бар. Банк қызметкерлері несие алатын адам туралы ақпаратты түгел зерттеп, анығына көз жеткізбейінше, қаржылық операцияны жүзеге асырмайды. Несие алушы туралы толық мәлімет анықталған соң, клиенттің төлем қабілеті банк талаптарына сәйкес келсе ғана, несие беру туралы шешім шығарылады.
Бұл ережелер 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап қаталдана түсті. Жаңа заң бойынша табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен азаматтарға қарыз беруге шектеу қойылған. Сондай-ақ, ендігі жерде банк менеджері клиенттің төлем қабілетін мұқият тексеріп қана қоймай, қарыз салмағының коэффициентін есептейді. Яғни, несие беруші ұйым қарыз алушының қаражаттың ай сайын нақты қанша бөлігін өтей алатынын анықтайды. Егер кіріс пен шығыстың мөлшері белгіленген шамадан асып кетсе, онда несие алу туралы ниетіңіз іске аспайды. Ал, жұмыссыздар мен ай сайынғы табысын ресми құжат арқылы дәлелдей алмайтындар банктен қарыз алуға талпынбаса да болады. Жұмыс жасап, алғаныңызды кері қайтара алатын жағдайыңыз болмаса, кредит тек түсіңізге кіреді. Кезінде қарыз алып қайтармағандар, яғни «қара тізімдегілер» банктің босағасынан да аттай алмайды.
Аталған заң жобасы азаматтар үшін тиімді ме? Қысылғанда тегін тарататындай банкке бас ұра салып, кейін мәселені сотқа дейін жеткізу енді азаюға тиіс. Президенттің штаттан тыс кеңесшісі Олжас Құдайбергенов қабылданған шараның қисынды екенін, бірақ мұндай жағдайда азаматтар банктен ломбардқа не мөлшерлемесі жоғары онлайн несиелеуге ауысуы мүмкін екенін айтады. Ал, ондай онлайн қарыздың қамыты оңай емес. Айлығы шайлығына жетпеген халық тек төлқұжатпен шағын сомаға несие рәсімдейтін ұйымдарға ұрынады деген қауіп бар. Қауіп демекші, біз айтып отырған жоғары пайыздық мөлшерлемемен қарыз беретін ұйымдар қызметін Ұлттық банк реттеуге қауқарсыз. Онлайн қарыздың кесірі қайғылы жайттарды көбейткендіктен көршілес Ресей билігі ондай қызметке қатаң түрде тыйым салған. 2020 жылдан бастап жұмысын ешкім бақыламайтын бұндай қаржылық ұйымдарға тосқауыл қою біздің елде де қолға алынуда.
ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН
Бірде қасымдағы танысымның телефоны шыр ете қалды. Жедел ашып қараған әлгі ағам хабарлама жолдаған банк қызметкерінің атасын бір сыбап алды да, ұялысының үнін баса салды…
«Қарыз күліп барып, жылап қайтады» дейді халық даналығы. Қанша айтса да, «алмақтың да салмағы барын» ұмытпаған жөн. Қазақтан сөз артылған ба, «көрпеңе қарай көсіл» деген және бар. Бұны ретті-ретсіз көп мөлшерлі қарызға ұрынатындарға бағыттап айтпақпыз.
Мемлекет тарапынан өз кезегінде қажетті шаралар атқарылуда, жасалуға тиіс істің де баршылық екені даусыз. Дегенмен, бұ дүниедегі қарызыңыз о дүниеде мойныңызға жүк боларын ұмытпаңыз. Тек бір айырмашылық, ол жақта банк қызметкері ескерту жасамайды, бірден «жауапқа тартыласыз».
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ, экономикалық шолушы