Қазақстан өзіне туристерді қалай тартады?

1
16211

Кең байтақ қазақ өлкесі керемет тұмса табиғатқа толы. Жазиралы даласы, гүлденген қаласы бар. Өзінің көркем келбетімен туристерді тамсандыра алатындай еліміздің әлеуеті зор, мүмкіндігі мол. Жалпы, туризм – әлемдегі мол табыс әкелетін сала. Ал, ең бірінші туристік саяхат Англияда пайда болған. 1841 жылы Томас Кук 600 адамнан құралған топты Лейстерден Лафбороға дейін темір жолмен саяхатқа шығарған. Сол 180 жылдан бері әлемнің бірқатар елдері туризмді дамытуға басымдық берді. Соның нәтижесінде жалпы ішкі өнімде туризмнің үлесі бүгінде Мальдивте 66,1%-ды, Сейшель аралдарында 65,8%-ды, Исландияда 33,8%-ды, Грузияда 33,5%-ды, Албанияда 27,1%-ды, Хорватияда 25,1%-ды, Филиппинде 24,6%-ды, Тайландта 22,1%-ды құрайды. Көрсе көз тоймайтын көрікті жерлері көп Қазақстанда бұл көрсеткіш 1%-ға да жетпейді. Енді Президенттің тапсырмасы бойынша елімізде бұл көрсеткіш 2025 жылға қарай 8%-ға жетуі тиіс.

ПАНДЕМИЯ ТУРИЗМ САЛАСЫН ТЫҒЫРЫҚҚА ТІРЕДІ

Әлемді алқымынан алған пандемия былтыр туризмді тығырыққа тіреді. Статистикаға сүйенсек, 2019 жылмен салыстырғанда пандемия жарияланған 2020 жылдың бірінші тоқсанында туристер саны 28,6 пайызға қысқарса, жаппай локдаунға байланысты екінші тоқсанда бұл көрсеткіш 94,6 пайызға бір-ақ құлдыраған.

Өкінішке қарай, көзге көрінбейтін жау отандық сыртқы туризмді де айналып өткен жоқ. Мәселен, коронавирустың салдарынан алыс-беріс, барыс-келіс тоқтаған 2020 жылдың бірінші тоқсанында елімізге келушілер саны 14,1 пайызға кемісе, екінші тоқсандағы локдаун тұсында бұл көрсеткіш 94 пайызға дейін төмендеді. Ал, үшінші тоқсандағы пандемиялық дағдарыс кезінде елімізге келетін шет елдіктер саны 1,8 млн адамға немесе 3,6 есеге қысқарды. 2019 жылғы көрсеткіш 6,4 млн адамды құраған. Шет елге шыққан отандастарымыздың саны да 3,4 есеге күрт азайып, 2,4 млн адамнан аспаған. Енді ғана қалыптасып келе жатқан отандық туризм де күрделі құлдырауға ұшырады. Ішкі саяхат мөлшері 60,3 пайызға немесе 3,1 млн адамға дейін азайды. Туристік өңірлердегі қонақ үй, мейрамхана және басқа да демалыс орындары өткен бір жылда 2,6 млн адамға қызмет көрсетіпті. Бұл көрсеткіш 2019 жылмен салыстырғанда екі есеге аз. Мұндағы шет елдіктер саны да екі есеге азайып, 7,5 пайызды ғана құрады. Пандемияның кесірінен отандық қонақ үйлер саны 3,9 пайызға кеміді.

Әрине, бұған таңдай қағуға да болмайды. Өйткені, әлемді әбігерге салып жатқан коронавирус пандемиясы тышқан жылы көптеген саланы тығырыққа тіреді. Ал, туризм саласының биылғы жылы да 2019 жылдың көрсеткіштеріне жақындай алмайтыны белгілі. Дегенмен, бұл туризм саласының өмір бойы тұралап қалатынын білдірмесе керек. Түбі «көзге көрінбейтін жау» тізе бүгеді. Бұл – өтпелі кезең. Содан туризм қайтадан құлашын кеңге жаяды. Демек, таңғажайып табиғаты, тамыры тереңге тартылған тарихы, қайталанбас бай мәдениеті бар еліміз үшін енді бұл саланы дамытуда уақыт оздыруға болмайды. Неге десеңіз, туризм – әлемдегі қарқынды дамып келе жатқан сала. Пандемия жарияланған 2020 жылға дейін әлемдік жалпы ішкі өнімнің 10%-ы, барлық жұмыс орындарының 10%-ы, инвестициялардың 7%-ы, салық түсімдерінің 5%-ы осы салаға тиесілі болған. Дүниежүзілік туризм ұйымының мәліметіне сенсек, 2019 жылы әлемдегі туристердің саны 1,5 млрд адамға жеткен. Бұл 2018 жылмен салыстырғанда 4%-ға артық көрсеткіш. Сөйтіп, туризм саласы доңыз жылы 8,9 трлн доллар пайдаға кенелген. Әлемнің 330 млн адамы бұл саладан нәпақасын тапқан.

КӨЗІН ТАПҚАНДАР КӨЛ-КӨСІР ПАЙДАҒА КЕНЕЛЕДІ

Рас, еліміздің туристік мүмкіндігі бола тұра даму қарқыны өзге елдермен салыстырғанда тұралап тұр. Отандық туризм жалпы ішкі өнімнің 0,9 пайызын ғана құрайды. Осы орайда туризмді дамытудағы мемлекеттік қолдаудың маңызы зор екенін түсінеміз. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, туризмді дамыту үшін жеке инвесторларды тарту, құқықтық базаны қалыптастыру, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға ыңғайлы жағдай жасау мемлекеттік саясаттың бір бөлігіне айналуы керек. Қазақстан Республикасының туристік саласын дамытудың 2023 жылға дейінгі тұжырымдамасы бойынша біраз жұмыстардың да атқарылып жатқаны ақиқат. Отандық туризмнің әлемдік аренадағы үлесін арттыру мақсатында «Kazakhstan Travel and Tourism Council» орталығы да құрылды. Орталықтың басты мақсаты – туризмді дамытуға арналған заманауи технологияларды енгізу, яғни аз инвестицияны пайдаланып, жоғары нәтиже көрсету.

«Ұшса құстың қанаты, шапса тұлпардың тұяғы талатын» байтақ жері бар Қазақстанның туризм саласындағы әлеуеті жоғары екенін жоғарыда жаздық. Бұл әлемдік пандемияға дейінгі отандық туризмнің дамуынан туындаған түйін. Өйткені, 2019 жылғы әлемдік туристік рейтинг бойынша еліміз 80-ші орынға дейін көтерілді. Мәселен, Ыстықкөлімен туристерді тартатын көршіміз Қырғызстан бұл тізімде 110-шы орында тұр. Әлемдік туристік рейтингтің көшін әдеттегідей Испания, Франция, Германия бастайды. Ал, тізімнің соңын Йемен, Чад және Либерия қорытындылайды. Аталған рейтинг мемлекеттердің туризм саласындағы деңгейі, қызмет көрсетуі және экономикалық дамуы арқылы жасалады.

Аспантаулар өлкесі атанған Кеген ауданындағы көрікті Көлсай көлдеріне келушілердің саны пандемия кезінде күрт артты. Кеген ауданының орталығында 2 қонақ үй, Көлсай көлінің аймағында 18 қонақ үй жұмыс істейді. Әсіресе, Көлсайға келуші қонақтарға «Көлсай көлдері» ұлттық табиғи паркі арқылы бірнеше бағыт бойынша қызмет көрсетілуде. Көгілдір көктем, жаз маусымында ауданға 15 мың турист келді. Сол арқылы аудан бюджетіне 15 млн теңге қаражат түсті. Жоғары тау жағында «Мойнақ» су электр стансасы салынған Шарын өзенінің бойынан «Park Canyon» ЖШС  жобалық құны 500 млн теңге болатын ойын-сауық паркін салуды жоспарлап отыр. Көрікті Көлсайға баратын жолдағы Саты ауылынан туристік мұражай да ашу ойластырылуда.

Адамға қуаныш сыйлайтын, жанын жадыратып, көңілін албырата түсетін табиғат тамашасына толы таулы өлкеде туризмді дамыту – іргелі мақсаттардың бірі болып қала береді. Бұл бағытта аудан әкімдігі, кәсіпкерлік бөлімі арқылы қолға алынып жатқан іс-шаралар аз емес. ҚР Үкіметінің арнайы қаулысымен «Көлсай көлдері» ұлттық табиғи паркі мемлекеттік мекемесі құрылып, жұмыс жасап келе жатқаны да соның дәлелі. Бұл таңғажайып көл мемлекетіміздің тікелей назарында, қамқорлығында.

«Көлсай көлдері – өлкенің мақтанышы. Ұлттық табиғи парктің құрылуы арқылы мұндағы жағдай жақсара түсті. Өңірдегі өсімдік әлемі, жан-жануарлар дүниесі, бәрі назарымызда. Парк арқылы бірсыпыра адамдар жұмыспен қамтылды. Мұнда мемлекеттік табиғи-қорық қоры қорғалады. Ғылыми зерттеулер мен бақылаулар жүргізіледі. Табиғат құбылыстары мен табиғат кешендерінің жағдайына мониторинг жүргізіліп, экологиялық ағарту жұмыстары да қолға алынады. Ең бастысы, мұнда келіп демалушыларға бар мүмкіндік жасалады», – дейді «Көлсай көлдері» ҰТП мемлекеттік мекемесінің басшысы Данияр Тұрғанбаев.

Қазақстанның жағажайдағы туризмді де дамытуға мүмкіндігі мол. Әлемдегі туристердің 80 пайызы теңіз жағасын таңдайды екен. Бұл бағыттағы туризмді ауызға алғанда, алдымен Түркия, Мысыр, Үндістан, Тайланд және Грекияға көп таңдау жасалады. Түркия бұрыннан туристердің жүрегін жаулап алған болса, кейінгі жылдары Мысыр да танымал бола бастады.

Жағажай туризмі туралы сөз болғанда, өзіміздің Каспий теңізіміз, Балқаш, Алакөл, Шортанды көлдеріміз ойға оралады. Міне, елімізде теңіз де, көлдер де бар. Бірақ, оларға сырттан да, іштен де туристер көптеп ағылмайды. Өйткені, бізде тамаша табиғат болғанымен, заманауи инфрақұрылым мен сапалы қызмет жоқ.

Статистика комитетінің мәліметіне сенсек, Қазақстанда бес жұлдызды 25 қонақ үй бар. Дегенмен, бұл қонақ үйлердің бөлмелері коронадағдарыс болмай тұрып та ешқашан толған емес. Бөлмелерінің жартысы бос тұрады, маусым кездерінде ғана 80%-ға дейін толады. Қонақ үйлерде түнейтіндердің 49%-ын ғана шетелдіктер құрайды. Соның өзі Нұр-Сұлтан мен Алматыға іс-сапармен келгендер. Дегенмен, мемлекеттің бұл олқылықтың орнын толтыруда және өзінің әлеуетін толық пайдалануда қол қусырып отырмағаны қуантады. Мысалы, 2020 жылдың қыркүйегінде Нұрсұлтан Назарбаев Маңғыстау облысына қызметтік іс-сапармен барды. Сонда Елбасына Каспий теңізі жағалауының болашақтағы туристік келбеті таныстырылды. Тұңғыш Президент те отандық туризмді дамытудың маңыздылығын, еліміздегі табиғаттың алуандығын және Ұлы Жібек жолы бойындағы тарихи-мәдени орындардың көптігін айтып, туристерді түрлі қырынан қызықтыруға болатындығын тілге тиек етті.

«Туризмді дамытуға арналған мемлекеттік бағдарлама аясында өңірлердің туристік деңгейі мен танымал орындардың тізімі жасалды. Саяхатшылар үшін сұранысы жоғары орындардың көш басында Алакөл, Балқаш, Бурабай демалыс аймағы, Түркістан қаласы және Маңғыстау облысы тұр», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасының айтуынша, Каспий теңізі жағалауын туристік мекенге айналдыру жобасы енді ғана қолға алынды. Жағалау болашақта шетелдік және отандық демалушыларға барлық жағдай жасалған аймаққа айналады. Бастама аталған өңірдегі жаңа жұмыс орындарын қалыптастырады. Нақтырақ айтсақ, 50 мың жаңа жұмыс орны құрылып, бизнес жобаларды жүзеге асыруға жалпы сомасы 2 млрд доллар инвестиция салынбақ.

Айта кетейік, бес жұлдызды қонақ үйлердің жартысы Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында орналасқан. Ал, Каспий теңізі жағалауындағы курорттық аймақта орналасқан төрт қонақ үй бар. Статистика бойынша туристер курорттық аймақта орналасқан қонақ үйлерді таңдағанда «аll inclusive» қызметінің (бұл қонақ үй бағасына бәрі кіретін қызмет) бар-жоғына қарайды. Әлемдегі туристердің 75%-ы осы қызметті таңдайды. Өкінішке қарай, Қазақстандағы курорттық аймақта орналасқан әрі бес жұлдызы бар қонақ үйлерде «аll inclusive» қызметі жоқ. Енді «Rixos Water World Aktau»  қонақ үйі осы олқылықтың орнын толтырмақ.

ЖАҢА БАҒЫТТАР – МОЛ МҮМКІНДІКТЕР

Елімізде туризм саласын дамыту үшін жалпы құны 1,62 трлн теңге болатын 140 заманауи жоба жүзеге асырылмақ. Бұл туралы өткен жылы Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Дастан Рыспеков айтты. Көлемді жоба ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен «Kazakh Tourism» жобалау кеңсесімен бірлесе дайындалған. Аталған жобалардың бірқатары қолға алынған. Яғни, 2019 жылдан бері жалпы сомасы 51,5 млрд теңге болатын 44 туристік жоба облыстық әкімдіктер арқылы қаржыландырылған. 

«Экология министрлігімен бірлесе отырып тағы бір жоба қолға алынды. Бұл – Ұлттық табиғи парктер аумағындағы туризмді дамыту. Мысалы, «Іле-Алатау» Ұлттық табиғи паркі аумағындағы экологиялық туризм жобасы жүзеге асырылуда. Парк аумағында 7 ақпараттық орталық, 156 шақырымдық жүргінші жолы, 2 мың көлікке арналған тұрақ, 3 мың саяхатшыға арналған шатырлар аумағы жасалуда. Инвестицияның жалпы көлемі 17,3 млрд теңгені құрайды», – деді Дастан Рыспеков.

Жоғарыда сөз болған Қазақстан Республикасының туристік саласын дамытудың 2023 жылға дейінгі тұжырымдамасы бойынша елімізде алты туристік кластер құрылады. Олар өңірлердің туризм саласындағы санаттарына қарай бөлінеді. Туристік кластерді құрудағы мақсат – синергетикалық әсер ету есебінен туристік нарықта аумақтың бәсекеге қабілеттілігін арттыру болды. Туристік кластердің орталықтары – Нұр-Сұлтан, Алматы, Түркістан, Ақтау, Өскемен және Бурабай.

Бірінші кластер – «Нұр-Сұлтан – Еуразия жүрегі». Бұл Нұр-Сұлтан қаласы негізіндегі туристік кластер. Елорда еліміздің саяси, әкімшілік, іскерлік және мәдени орталығы болып табылады. Мұнда MICE-туризм мен қысқа мерзімді демалысты дамыту қолға алынады. Яғни, туристер «Астана ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі, Астана-Бәйтерек монументі, «Астана Опера» театры, «Хан Шатыр» сауда, ойын-сауық орталығы, «Атамекен» Қазақстан картасы» этно-мемориалдық кешені, Әзірет Сұлтан мешіті, Тәуелсіздік алаңы, ҚР Ұлттық музейі, «Ғашықтар» саябағы, «Мәңгілік ел» аркасы сияқты нысандарды аралайды.

Екінші кластер – «Алматы – Қазақстанның еркін мәдени аймағы». Бұл Алматы қаласы мен Алматы облысының бір бөлігі кіретін кластер, онда туристік қызығушылықтың мынадай негізгі орындары айқындалды:  петроглифтері бар археологиялық Тамғалы (ЮНЕСКО нысаны), ЮНЕСКО-ның алдын ала тізіміне енгізілген «Алтын Емел» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі, Шарын шатқалы, Алакөл, Балқаш көлдері, Қапшағай су қоймасы, «Ақбұлақ» халықаралық туристік орталығы, ЮНЕСКО-ның алдын ала тізіміне енгізілген Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркі бар Алматы қаласы маңындағы тау шаңғысы аймақтары, «Жоңғар-Алатау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі, «Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі, «Қара Дала» курорттық аймағы, Хан Тәңірі шыңы.

«Алтай інжуі» үшінші кластері Шығыс Қазақстан облысының солтүстік және шығыс бөліктерін қамтиды. Онда алты маңызды туристік қызығушылық тудыратын орындар айқындалған: Берел қорғандары,  Бұқтырма су қоймасы, Ертіс өзені – Зайсан көлі, Қатон-Қарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркі, Қиын Керiс тауы, Риддер – Батыс Алтай мемлекеттік қорығы, Алакөл көлі (солтүстік бөлігі), Семей қаласы және Абай ауданы (Жидебай).

Төртінші кластер – «Ұлы Жібек жолын жаңғырту». Ол Қызылорда облысының орталық және шығыс бөліктерін, Түркістан облысының оңтүстік-шығыс және солтүстік-батыс бөлігін, Жамбыл облысының оңтүстік-батыс бөлігін қамтитын кластер болып табылады. Туристік қызығушылық тудыратын маңызды орындар: бұрнағы жылдары облыс орталығына айналған Түркістан қаласы, ЮНЕСКО Әлемдік мұра тізіміндегі Қожа Ахмет Яссауи кесенесі, ЮНЕСКО-ның алдын ала тізіміне енгізілген орта-ғасырлық Отырар қалашығының және отырарлық алқаптың археологиялық нысандары, Сауран археологиялық кешені, палеолиттік учаскелері мен геоморфологиясы бар Қаратау мемлекеттік табиғи қорығы, ЮНЕСКО-ның алдын ала тізіміне енгізілген Арпа өзен петроглифтері, «Сайрам-Өгем» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі, «Ақсу-Жабағылы» мемлекеттік ұлттық табиғи қорығы, «Байқоңыр» кешені, «Қасқасу» тау курорты, Қызылорда, Сарыағаш, Шардара, Тараз қалалары. Кластердің орталығы – Түркістан қаласы болады.

Бесінші кластер «Каспий қақпасы» деп аталады. Барлық Маңғыстау облысын және Батыс Қазақстан мен Атырау облыстарының бір бөлігін қамтиды. Мұнда келесідей туристік қызығушылық тудыратын орындар орналасқан: Бекет ата, Шопан ата және Қараман ата жерасты мешіттері, Омар мен Тұр кесенесі, «Шерқала» тауы, «Қарақия» – Қара көл мемлекеттік табиғат қорығы, «Бөкей Ордасы» ескерткіштер кешені, «Сарайшық» қалашығы, Кендірлі курорттық аймағы. Осы кластерде әзірленетін негізгі туристік өнімдерге жағажай туризмі, тарихи, мистикалық, өндірістік, мәдени туризм және турне жатады.

Алтыншы кластер – «Табиғат пен көшпенді мәдениет бірлігі». Бұл соңғы кластер Ақмола және Қарағанды облыстарын, Солтүстік Қазақстан облысының оңтүстік-батыс бөлігін және Павлодар облысының батыс бөлігін қамтиды. Онда туристік қызығушылық тудыратын мынадай негізгі орындар орналасқан: «Көкшетау», «Бурабай», «Бұйратау», Қарқаралы, Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи парктері, Қарағанды қаласы, «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи музей-қорығы, Имантау-Шалқар курорттық аймағы, оның ішінде энеолит дәуіріне жататын Ботай мәдениетінің ескерткіштері, Зеренді демалыс аймағы, Солтүстік Балқаш маңы, Қызылорда мемлекеттік табиғи қорығы.

Сөйтіп, Қазақстанның туристік кластері туристердің қызығушылығына байланысты бірден таңдау жасауларына және Ұлы дала елінің табиғатын жаңа қырынан көрулеріне мүмкіндік бермек.

Ағымдағы жылдың 4 наурызында өткен Экономикалық ынтымақтастық ұйымының XIV саммитінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі туризм саласының әлеуетін арттыруға тоқталып, бұл сала пандемияға қарамастан басты бағыттардың бірі болып қала беретінін айтты. Өйткені, жоғарыда атап өткеніміздей, бүгінде әлемде жаппай вакцинациялау жүргізіліп жатқандықтан, екі-үш жылдың көлемінде коронавирустың беті бері қарайды, содан кейін туризмнің көрігі қайта қыза бастайды. Демек, туризмді дамыту шараларын тоқтатуға мүлде болмайды.

«Қазақстан туристік саланың үлесін 2025 жылға қарай жалпы ішкі өнімнің 8 пайызына дейін жеткізуді көздеп отыр. Біз Орталық Азия елдері мен күллі түркі әлемі үшін қасиетті саналатын Түркістан қаласын белсенді дамытып жатырмыз. Тек 2020 жылдың өзінде қаланың инфрақұрылымына, Түркістанның туризмі мен логистикасына құйылған ішкі инвестиция шамамен 1 млрд долларды құрады. Түркістан Қазақстанның ТОП-10 туристік бағытына кірді. Бұл сіздердің елдеріңіздің (ұйымға мүше Иран, Пәкістан, Түркия, Әзербайжан, Ауғанстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Өзбекстан елдерін айтады, – ред.) инвесторлары мен туристері үшін тартымды өңір болмақ», – деді Мемлекет басшысы.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Биыл еліміз үшін мерейлі жыл! Қымбатты да қастерлі Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы! Бұл бейнелеп айтсақ, маңдайымызға бұйырған бақ пен бақыт. Райымбек, Қабанбай сияқты батыр бабаларымыз найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғап, ұрпақтарына аманаттап кеткен қасиетті де кең байтақ жеріміздің асты да, үсті де байлыққа толы. Біздің елімізде Швейцарияға пара-пар, тіпті одан да асып түсетін теңдесі жоқ сұлу өңірлер, көрікті жерлер, тамаша табиғат әлеміне тұнып тұрған аймақтар жетіп артылады. Бірақ, туризм саласында «қайталанбас табиғатымыз бар» деу аздық етеді. Заманауи инфрақұрылым болмай, сапалы қызмет көрсетілмей, отандық туризмнің тамырына қан жүгірмейді. Туристер көптеп келмейді. Демек, қазір қолға алынған туристік саланы дамытудың 2025 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасын «сен салар да мен салар, атқа жемді кім саларға» айналдырсақ, болашақ ұрпақ бізді кешірмейді. Сондықтан жауапты ақта мінерлер Елбасы мен Президенттің тапсырмасын толыққанды орындауға міндетті.

Индира БІРЖАНСАЛ, шолушы

1 пікір

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here