Наурыз мерекесі және ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті «Ағаш отырғызу» қайырымдылық акциясына қолдау білдіріп, 160-тан астам қырым қарағайы мен алтай шыршасын отырғызды.
Игілікті шара Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеуге дайындық жөніндегі мемлекеттік комиссияның бірінші отырысындағы: «Мен Ұлыстың ұлы күнін жаңаша атап өтуді ұсындым. Бабаларымыз Әз Наурыз келгенде бұлақтың көзін ашып, ағаш отырғызған. Осы тамаша дәстүрді жаңа қарқынмен жалғастырайық. Табиғатты тазалап, қоршаған ортаны көгалдандыруды қолға алайық. Мұндай шараларды барлық аймақта ұйымдастыруымыз қажет. Бұл – ата салтымыз және ұрпаққа экологиялық тәрбие берудің ең тиімді жолы», – деген тапсырмасына сай жүзеге асты.
Сонымен қатар Қазақстан Президенті Қасым-Жомар Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты бағдарламалық мақаласында «Наурыз мейрамын атап өту тұжырымдамасын жасап, көктем мерекесінің мазмұнын байыта түскен жөн. Бүкіл қоғамды ұйыстыратын құндылықтар неғұрлым көп болса, бірлігіміз де соғұрлым бекем болады. Ынтымағы жарасқан жұрттың қашанда ұпайы түгел», – деп атап өтіп, әз Наурызға жаңаша көзқарас қажеттігін жеткізген болатын.
Естеріңізге сала кетсек, ҚазҰУ «Наурыз мейрамын тойлау тұжырымдамасына» сәйкес, «Көрісу күні», «Жайлау күні», «Шежіре күні», «Тарихқа тағзым күні», «Игі істер күні», «Шымырлық пен шеберлік күні», «Зияткерлік күні», «Ұлттық тағамдар күні», «Ұлыстың ұлы күні» және «Жоралғы күнін» қашықтықтан атап өтуде.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың басқарма төрағасы- ректор Жансейіт Түймебаев өз сөзінде алдағы уақытта да кампустағы жатақхана корпустарының жанындағы бос орындардарға ағаштар отырғызып, айналаны жасыл желекке айналдыру керектігін атап өтті. Сондай-ақ алыс Жапония еліне сакураның гүлденуін көру үшін аттанбай-ақ, табиғаты әсем ҚазҰУ қалашығында студент жастарымыз үшін арнайы шие және алма ағаштарының аллеясын бөлек ашуды ұсынды.
Бұл жоба іске асырылса, жеміс ағаштары аллеясы студенттердің, қонақтар мен қала тұрғындарының сүйікті орындарының біріне айналмақ.