Жетекші ғалымдармен жүздесті

0
1968

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев Ғылым күніне орай университеттің жетекші ғалымдарымен онлайн кездесті. ҚазҰУ-дың ғылыми-инновациялық қызметін одан әрі дамыту мақсатында ұйымдастырылған жүздесу ғылым мен технологияның басым бағыттарын талқылауға арналды.

Білім ордасының басшысы Жансейіт Түймебаев бүгінде әлем бойынша адамзаттық өркениеттің түпқазығы – ғылымға ерекше басымдық беріліп отырғанын жеткізді. «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан экономикасының инновациялық әлеуетін қуатты зерттеу университеттері мен инновациялық кластерлері негізі болатын тиімді ғылыми-инновациялық жүйелерді құру арқылы ғана арттыруға болатынын бірнеше рет атап өткен болатын» дей келе, Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев осы стратегиялық тұжырымдаманы дамыта отырып, ғылым мен білімді экономиканың жекелеген салалары ретінде қалыптастыруды мақсат етіп қойғанын алға тартты. Сондай-ақ шетелдік тәжірибеде әлемдік деңгейдегі зерттеу университеттері жоғары білікті мамандар даярлауға ғана емес, сондай-ақ ғылыми зерттеулердің кең спектрін іске асыруға және оларды одан әрі коммерцияландыруға бағытталғанын баса айтты.

«Дәл осы зерттеу университеттері болашақта даму нүктелеріне, ғылымды қажет ететін экономиканың қозғаушы күшіне айналатыны сөзсіз. Ұлттық инновациялық жүйенің даму дәрежесі өз кезегінде тұрақты экономикалық өсудің негізін құрайды. Осы орайда ел білімі мен ғылымының флагманы –ҚазҰУ экономиканың дамуына нақты үлес қосатын жобаларды көптеп ұсынуы қажет» деді ректор.

Бүгінгі таңда ҚазҰУ – 16 факультеттен, 8 жаратылыстану бағытындағы ғылыми-зерттеу институттарынан, 29 ҒЗИ мен әлеуметтік-гуманитарлық бағыттағы орталықтардан тұратын дамыған ғылыми-инновациялық инфрақұрылымы бар орталық. Оқу орны университет базасында ғылымды қажетсінетін экономиканың өсу нүктесін қалыптастыра отырып, әлемдік деңгейдегі зерттеу университетіне трансформациялану бағытына бет бұрды.

«Университет базасында жыл сайын ғылымды дамытудың барлық басым бағыттары бойынша жалпы сомасы 6 млрд теңгеге 400-ден астам ғылыми-зерттеу жоба орындалады. ҚазҰУ-дың ғылыми-зерттеу қызметін интернационалдандыруда халықаралық ғылыми-білім беру байланыстарын жүйелі түрде кеңейту, халықаралық ұйымдармен өзара қарым-қатынас маңызды рөл атқарады. 2020 жылы университет ғалымдары халықаралық қорлар мен ұйымдардың 106 грантын алды» деп, Жансейіт Түймебаев ғылым саласындағы университет жетістіктерін атап өтіп, инновация мен ғылыми зерттеу жұмыстарының халықаралық деңгейге көтеру қажеттігіне баса назар аударды.  

Жиында сөз алған ғылыми-зерттеу институттары мен ғылыми орталықтардың директорлары, жетекші ғалымдар өздерінің ғылыми бағыттары бойынша сөз сөйлеп, халықаралық ынтымақтастық, ҒЗИ ғалымдарының жарияланымдық белсенділік көрсеткіштері, атқарылған жұмыстар, қаржыландыру проблемалары және соңғы жылдары қордаланған мәселелерді шешу жолдары туралы баяндады. Биология және биотехнология мәселелері ғылыми-зерттеу институтының директоры Амангелді Бисенбаев ғылыми және инновациялық жобалардың болашағы туралы сөз қозғады. «Олардың бірі – қарапайым қамысты халық шаруашылығына пайдаланудың экологиялық, экономикалық және технологиялық негіздерін дамыту. Бұл табиғи өсімдік Іле өзенінде өседі және өңдеудің арнайы технологиясын қолдана отырып, ғалымдар Францияның әртүрлі түйіршікті биокормаларын алды» дейді Амангелді Қуанбайұлы. Бактерияға қарсы препараттардың жаңа буынын жасау бойынша келесі жоба бекіре тұқымдас балықтардың бактериялық қоздырғыштарымен күресу және бактериялық инфекцияны диагностикалауға арналған. Ғалымның айтуынша, алынған препарат өте тиімді және оған төзімді бактериялар жоқ.

Сондай-ақ дөңгелек үстел барысында ҚазҰУ-дың физика-техникалық факультетінің деканы Асқар Давлетов, Физика-химиялық зерттеулер және талдау институтының директоры Болат Кеңесов, Дәрілік өсімдіктер ғылыми-зерттеу орталығының директоры Жанар Жеңіс, Химия және металлургия саласындағы инновациялық технологиялар ғылыми-зерттеу орталығының директоры Хабибула Оспанов, Әлеуметтік зерттеулер және әлеуметтік инжиниринг ғылыми-зерттеу орталығының директоры Гүлмира Әбдірайымова, Азиялық зерттеулер ғылыми-зерттеу орталығының директоры Герман Ким және тағы басқа ғалымдар ғылым саласындағы өзекті мәселерді қозғап, өз ойларын ортаға салды.

Сөз соңында ҚазҰУ Басқарма басшысы – ректоры Ж.Түймебаев университеттің ғылыми бағытын жетілдіру бойынша кездесулердің әлі жалғасатынын жеткізді. Пікірлесу алаңына шыққан ғылыми-зерттеу институттарының жетекшілері мен ғалымдарына нақты жобалар бойынша ұсыныстарын дайындауды тапсырды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here