Коронавирусқа қарсы екпе салдырғандар не дейді?

0
2845

«Спутник V» («Гам-КОВИД-Вак») – COVID-19 коронавирустық инфекциясының алдын-алу үшін тіркелген ресейлік вакцина. Екпе биотехнологиялық жолмен алынды, онда адамдар үшін патогенді SARS-CoV2 вирусы пайдаланылмайды. «Спутник V» – тиімділігі 90%-дан асатын әлемдегі үш вакцинаның бірі.

Қазақстан – аталған вакцинаны қолдануды мақұлдаған 27-ші ел. Елімізде ресейлік екпені егу 1 ақпанда басталды. Билік ақпан айының соңына дейін «Спутник V» вакцинасының 90 мыңға жуық дозасын еліміздің барлық өңірлеріне жеткізген болатын. Оның алғашқы 2 050 дозасы Алматыға жеткізілді. Алматыға сәуір, мамыр және маусым айының соңына дейін жалпы көлемі 750 мың вакцина жеткізіледі. Жоспар бойынша қала тұрғындарының 900 мыңына екпе салынады. Қазір қалада 1 сәуірде жеткізілген 22 мыңға жуық вакцина салынды. Олардың басым бөлігі дәрігерлер мен тәртіп сақшылары, мұғалімдер мен мемлекеттік қызметкерлер. Вакцина алғандар қатарында қарапайым тұрғындар да жетерлік. «Qazaq» газеті де екпе салдыру барысын көріп қайтты.

«Екпенің кері әсері болуы мүмкін. Алайда, кеше 140 адам вакцина қабылдады, оларда ешқандай кері әсер тіркелмеді. Орталыққа келген тұрғындардың барлығы жаппай вакцинаның басталғанына қуанышты. Ресейлік «Гам-КОВИД-Вак» екпесі Қарағанды қаласында қапталып, бізге жеткізіледі. Ал, бүгінгі келушілер саны тіпті көп», – дейді Медеу аудандық Бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсету орталығының дәрігері Елена Сорокина.

«Әр істе сақтық керек» деген пікірді ұстанатын алматылық тұрғындарға короновирусқа қарсы жаппай вакцина салынып жатыр. Ресейлік екпені егу үшін 100-ден аса арнайы орталық жасақталған. Аталған екпе кабинеттері Сауда орталықтары мен базар аумақтарында да ашылған. Яғни, жалпы саны 250-ге жетеді. Вакцинаны кез келген адам тегін ала алады. Әлемді алқымнан алған ауруға қарсы екпе демалыс күндері де жүргізіледі. Алматыдағы Республика сарайының бір бұрышы тұрғындарға екпе салу үшін жасақталып, демалыссыз жұмыс істеп жатыр. Елді есеңгіреткен аурудан зәрезап болып, екпе алуға келген адамның қарасы көп. Екпе орталықтары таңғы сағат сегізден кешкі сегізге дейін жұмыс істейді.

Алғашқылардың бірі болып екпе салдыруға келген тұрғынның бірі  – Сергей Гуцалюк.

«Мен өзімді жақсы сезініп тұрмын. Әзірге ешқандай кері әсері болмады. Дәрігерлер жұмысын жақсы атқарып жатыр. Менде бұрын болған ауруларымды тексеріп, екпе егуге болатынын анықтады. Алдағы үш аптада қандай да бір кері әсерлері болса хабарласуды ескертті. Менің ойымша енді бәрі жақсы болады», – дейді екпе алған қала тұрғыны.

Екпе алдында дәрігер тұрғынның дене қызуын, қан қысымын, тыныс алуын өлшеп, екпеге аллергиясы бар-жоғын анықтайды. Екпеден кейін жарты сағат бойы дәрігердің бақылауында болады. Вакцинациядан қорғаныс әсері бірінші дозаны енгізген 12-14 күннен кейін біліне бастайды екен, бірақ толық қорғауды қамтамасыз ету үшін екі доза талап етіледі, оларды 21 күн аралықпен енгізу ұсынылып отыр. Яғни, вакцинацияның толық курсын қабылдаған адамның ағзасында 1,5 ай ішінде иммундық қабілеті қалыптасады.

Айта кетейік, отандық «QazCovid-in» вакцинасы 2021 жылдың наурызынан әзірлене бастады. Әу баста жануарларға егіліп, зерттеулер жасалды. Содан соң еріктілерге клиникалық сынамалар жүргізілген. Жақсы нәтиже көрсеткен отандық вакцина Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының оң бағасын алды. Денсаулық сақтау министрлігінің тапсырысымен 50 мың дана доза дайын тұр. Ол 25 мың адамға егіледі.

«Сақтықта қорлық жоқ» демекші, карантин талаптарын қатаң сақтап,  денсаулығымызға бейжай қарамайық. Ал, коронавируспен күрестегі жалғыз сенімді шешім – вакцинация. Осылай ғана әлемдік індеттен құтыла аламыз.

Индира БІРЖАНСАЛ, «Qazaq» газетінің шолушысы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here