ҚазҰУ директорлар кеңесінің мүшелері жас ғалымдар көрмесін тамашалады

0
1836

«Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ» КеАҚ Директорлар кеңесінің мүшелері Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай оқу ордасының қабырғасында ұйымдастырылған жас ғалымдардың жетістіктеріне арналған инновациялық жобалар көрмесімен танысты.

Көрмеге ҚазҰУ ғалымдарының әртүрлі ғылыми-зерттеу жұмыстары қойылды. Аталмыш ғылыми жобалардың көп бөлігі қазақстандықтардың өмір сүру сапасын жақсартуға және қазіргі күндегі өзекті мәлелелерді шешуге бағытталған жоғары технологияларға арналған әзірлемелер. Мәселен, олардың қатарында инновациялық энергия үнемдейтін газ разрядты шамдар, кескінді танудың машиналық көрінісі, күкірті бар препаратты алудың жаңа технологиясы, антивирустық мульти-табиғи қоспа, «Golden Fly» құрамажем, ауаның ластану деңгейін өлшейтін құрылғы сынды басқа да жобаларды атап өтуге болады. Сондай-ақ, аборигенді микроорганизмдерді ынталандыру әдісі арқылы дала жағдайында қабаттардан мұнай өндіруді арттыру, ЖОО, ғылыми- зерттеу институттарының қызметін кешенді автоматтандыру және цифрлық сервистерді енгізу жобалары да көрсетілді.

Директорлар кеңесі мүшелерінің назарына бұдан бөлек «IBOX – әмбебеп виртуалды құрылғы агенттігінің платформасы», «Qorgan» зияткерлік жүйесі», «Электромагниттік құбылыстардың негіздерін зерттеуге арналған инновациялық аппараттық-бағдарламалық кешен», «Күн жылу энергиясының маусымдық жинақталуы», «Ғарыштық мониторинг негізіндегі геоақпараттық жүйе» жобалары ұсынылды. Басқа да инновациялық жобаларды аса қызығушылықпен тамашалаған кеңес мүшелері жастардың ғылым саласындағы жетістіктері еліміздің өркендеуіне сүбелі үлес қосатындарына сенім білдіріп, жастардың жұмыстарына табыс тіледі.

Шара соңында Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған кітаптар көрмесі ұйымдастырылды. Онда еліміздің ғылым, техника, экономика, халықаралық байланыс, саясат саласындағы жетістіктерін бейнелейтін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы еңбектері және еліміздің тәуелсіздік алған сәттен бастап қазіргі уақытқа дейінгі кезеңді қамтитын әртүрлі кітаптар топтамасы қойылған.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here