Ауыл шаруашылығына қандай қолдау бар?

0
3112
Қарағанды облысының Покровка ауылында тұратын фермер Әлібек Тирнахан – «Еңбек» бағдарламасы бойынша жеңілдетілген несие рәсімдеген кәсіпкерлердің бірі. Ол 2017 жылы Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан 6 млн теңге несие рәсімдеп, жылқы сатып алған. Шаруашылықты ретке келтіріп, төл алып, одан кейін алғашқы пайдасын көре бастаған фермер несиені мерзімінен бұрын өтеп тастапты. Өткен жылы «Тирнахан» жеке кәсіпкерлігі тағы несие рәсімдеп, 3,7 млн теңге алды. Бүгінде фермердің меншігінде 30 бас жылқы бар, оның 20-сы сауын бие

Өткен аптада «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ның Баспасөз қызметі қазақстандық кәсіпкерлерге жеңілдетілген несие беру бағдарламасы биылғы жылы да жалғасатыны туралы ақпарат таратты. Мәселен, Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры биыл 63 млрд теңгенің шағын несиесін беруді жоспарлап отыр. Бұл – шағын кәсіпкерлік саласындағы 12 мыңнан астам жобаны қаржыландыруға жетеді. Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры беретін несие көлемі өткен жылғы деңгейде сақталады. Берілетін несиенің негізгі үлесі «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту мемлекеттік бағдарламасына тиесілі. Несие қаржысының жартысынан астамы ісін жаңа бастаған кәсіпкерлердің жобалары мен стартап-жобаларға беріледі.

Сонымен, Баспасөз қызметінің мәліметіне сенсек, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында мал шаруашылығын, өсімдік шаруашылығын дамыту, ауыл кәсіпкерлігін дамыту, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу және сақтау сияқты негізгі жобалар қаржыландырылады. Ауыл кәсіпкерлері 4, 6 және 12 млн теңгеге дейін 6,5 жылға дейінгі мерзімге несие ала алады. Сондай-ақ, ауылмен қатар қалаларда жүзеге асырылатын жобалар да несиелендіріледі. Олар бойынша несие сомасы 16 млн теңгеге дейін, ал Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Ақтау, Атырау қалаларында 20 млн теңгеге дейін несие беріледі. Жылдық сыйақы мөлшерлемесі – 6% ғана. Көпбалалы және аз қамтылған отбасы мүшелеріне несиелер жылдық 4%-бен берілсе, тиімді сыйақы мөлшерлемесі 4,7%-дан аспайды. Бағдарламаға ауыл шаруашылығы бағытындағы және ауыл шаруашылығына жатпайтын бизнесті ашатын немесе жұмыс істеп тұрған бизнесін кеңейткісі келетін кәсіпкерлер қатыса алады.

Әрине, кәсіп бастағысы келетін оқырмандар сұрақтар бойынша қайда хабарласуды сұрайтындары сөзсіз. Алдымен барлық ақпаратты ауыл халқының және ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің несие ресурстарына қол жеткізуін арттыру, ауылдық жерлерде микрокредиттік инфрақұрылым мен кәсіпкерлікті дамыту және ауыл халқының әл-ауқатын жақсартуға барынша үлес қосу мақсатында 1994 жылы құрылған Қордың www.fagri.kz сайтынан немесе 8-8000-80-35-05 (Қазақстан бойынша телефон шалу тегін) тікелей желі нөмірінен білуге болады. Ал, іске білек сыбана кіріспек ниетіңіз болса, онда Қордың облыстық филиалдарына хабарласу қажет. Біз солай жасадық. «Qazaq» газетінің сұрақтарына «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Шығыс Қазақстан филиалының директоры Арман Рауылбеков жауап береді.

Арман Рауылбеков мырзаның айтуынша, Шығыс Қазақстан облысының кәсіпкерлері үшін мал шаруашылығын дамытудың бірегей бағыттары ұсынылған. Қазір аталған бағытты несиелендіруге өтінімдер қабылданып жатыр. Шаруаларға 30 млн теңгеге дейін жеңілдетілген несие беріледі. Ірі қара, қой, жылқы өсіруге арналған несие 10 жылға берілсе, жылдық сыйақы мөлшерлемесі 16 пайызды құрайды. Бұл ретте сыйақы мөлшерлемесінің 10 пайызын мемлекеттік субсидиялау көзделіп отыр, яғни шаруаларға несиелік жүктемені төмендетуге мол мүмкіндік қарастырылған. Осылайша, олар несиені 6 пайыз есебімен төлейді. Несиелеу бағдарламасына сәйкес жеке кәсіпкерлер мен қожалықтар қатыса алады.

«Жеке кәсіпкерлерге қарыз беру үшін бірқатар талаптар қойылады. Біріншіден, ірі қара өсіру кезінде мал ұстауға арналған қора-жайлар, жайылымдық жерлер болуы тиіс. Екіншіден, төлін бордақылау бойынша шарт жасалуы қажет», – деп түсіндіреді Арман Рауылбеков.

Филиал басшысының сөзінше, бүгінде өңірдің шаруалары асыл тұқымды малды сатып алу, жасанды ұрықтандыру және асыл тұқымды өндірушілерді пайдалану арқылы малдың сапалық сипаттамаларын жақсарту үшін жұмыс істеп жатыр. Қордан қаржыландыру алуды жоспарлап отырған жобалар шаруашылықта асылдандыру жұмыстарын жүргізуді көздеуі тиіс. Өйткені, мұндай қарыз алушылар үшін жеңілдіктер жасалады. Сондай-ақ, несие қаражаты есебінен сатып алынатын асыл тұқымды малдарды кепілге беру қарастырылады.

«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Шығыс Қазақстан филиалы ағымдағы жылы басталған агроөнеркәсіптік кешені (АӨК) саласында операторлық сақтандыру қызметтерін көрсету бойынша жұмысын жалғастырып келеді. Қазіргі уақытта мал шаруашылығындағы сақтандыру өнімдері олар бойынша сақтандыру сыйақыларының бір бөлігін субсидиялау мақсатында бекітілді.

Филиал басшысының мәліметінше, 2004 жылы өсімдік шаруашылығын міндетті сақтандыру жүйесі іске қосылса, осы 17 жылда агроөнеркәсіп кешеніндегі сақтандыру өнімдерінің нарықтағы қажеттілігі ескеріліп, тізімі кеңейтілді. Енді бұл қатарға мал шаруашылығын міндетті сақтандыру жүйесі қосылды.

Бұл не үшін керек? Бұл сұраққа Арман Рауылбековтың сөзімен жауап беріп көрелік. Мысалы, оқта-текте малдың түрлі жұқпалы ауруға шалдығатынын ешкім жоққа шығара алмайды. Ал, бәленбай қаржыға сатып алынған асыл тұқымды малдардың бір күнде қырылып қалып, белшесінен қарызға батқан кәсіпкерлердің талайын көрдік. Яғни, осындай оқыс жағдайда опық жеп қалмау үшін мал шаруашылығын міндетті сақтандыру жүйесінен қашпау керек. Сонда кәсіпкерлердің де ұйқысы тыныш болады. Өйткені, ондай жағдайда мемлекет өтемақы төлейді.

«Бірінші сақтандыру тарифі аясында фермер өзінің малын басқа да түрлі тәуекелдерден және аурулардан сақтандырады. Екінші тарифте фермерді көрші шаруашылықтарда немесе бес шақырым қашықтықтағы аурудан қорғайды. Мұндай сақтандыру тарифінің құны 1,54-тен 4,62 пайызға дейін болады. Бекітілген сақтандыру сыйақыларын субсидиялау түрінде мемлекеттік қолдау көзделіп отыр», – деп түсіндіреді Арман Рауылбеков.

Елімізде етті және сүтті мал шаруашылығын дамыту бағдарламалары жүзеге асырылып жатқанын, осы мақсатта Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры биыл 63 млрд теңгенің шағын несиесін беруді жоспарлап отырғанын жоғарыда жаздық. Бұған дейін де мыңдаған шаруа қожалықтары асыл тұқымды мал сатып алуға жеңілдетілген несие алды, жыл сайын алып та жатыр. Мұндай жағдайда несие беруші ұйымдардың қауіпсіздік кепілдіктері болуы маңызды. Жаңа сақтандыру өнімдерін енгізу фермерлік шаруашылықтарға тәуекелдерден қорғануға, ал осындай жобаларды қаржыландыратын мекемелерге салынған қаражатты қорғауға мүмкіндік береді.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Ақмола облысының Бұланды ауданындағы «Журавлевка-1» шаруа қожалығы осыдан 9 жыл бұрын Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан жеңілдетілген несиеге алған 130 бас ірі қара малының санын бүгінде 3 мыңға жеткізген. «Кесімді малға өсім бар» деген осы.

Индира БІРЖАНСАЛ, «Qazaq» газетінің шолушысы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here