Көсегесі көгерген мемлекет: Азаттықтың арқасында қазақтың саны екі есе артты

0
1850

«Жасыр-жасырма, айт-айтпа, мемлекетіміздің діңгегі – Қазақ халқы»

Нұрсұлтан Назарбаев.

 «Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан» дейді қазақ. Елу жыл түгілі, азаттықтың отыз жылының өзінде-ақ еліміз жаңарды, мемлекетімізді қалыптастыру процесі жоғары деңгейде жүргізілді. Қала мен даланың кескін-келбеті, тұрмыс-тіршілігі, тіпті халықтың ой-санасы бүтіндей өзгеріп, уақыттың жаңа тынысына тез бейімделіп, жаһандану үрдісіне аяқ басты. Бір сөзбен қайырғанда, Қазақстанның жер дүниедегі ықпалы артты. Ал, әлем назарына іліккен мемлекеттің халық санының көрсеткіші ауыз толтырып айтарлықтай болмағаны рас. Сондықтан тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында демография мәселесі алға шықты. Қазақ көбейсе ғана көсегесі көгеретінін Тұңғыш Президентіміз тайға таңба басқандай етіп жеткізе отырып, сыртта жүрген қандастарымызды кіндік жұртына оралуға шақырды.

«Көші-қон туралы» Заң аясы негізінде жүзеге асырылған игі бастама, расында Қазақстанның демографиялық ілгерілеуіне оң ықпал етті. Егемендіктің алғашқы он жылдығында – 1999-2009 жылдар аралығында елге келушілердің саны көп болды. Мәселен, Моңғолия, Ресей, Орталық Азия, Иран, Түркия, сондай-ақ Беларусь, Кавказ, Украина, Қытай, т.б. мемлекеттерден оралған қандастарымыздың саны миллионға жуықтады. Оларға Үкіметтің қадағалауымен жергілікті әкімшілік тарапынан да, шаруашылық басшылар тарапынан да ерекше назар аударылып, тұрғылықты мекен орындарына бейімделіп кетулеріне барынша көмектер жасалды. Және де олардың азаматтық алу, тұрақты тіркеуге тұру, ықтияр хат алу, баспаналы болу, жұмысқа орналасу, мектеп, балабақшаға балаларын орналастыру, жоғары оқу орнына түсу секілді мәселелердің барлығын жеңілдетті.

Дәл сол азаттықтың елең-алаң шағында еліміздің бас демографы Мақаш Тәтімов те демографиялық саясатқа көңіл бөлу жөнінде Үкіметке ұсыныстар түсіріп, мәңгілік халық болу үшін сандық көрсеткішіміз жоғары болу қажеттігін ескертіп, өзінің осы саладағы ғылыми ізденістерін ортаға салған еді. Мақаш Тәтімов негізін салып қалыптаған демографиялық болжамдар бүгінде өз нәтижесін беруде, яғни бала туу көрсеткіші жоғары. Ресми деректер 2019 жылдың тамыз айындағы көрсеткіш бойынша халық саны 18,3 млн-ға жетіп, ЖІӨ өсу қарқыны 7-8 пайызды құрап, бұл көрсеткіш 2030 жылға қарай 21 миллионға дейін артуы мүмкін дегенді айтады. Өкінішке қарай, халық санының көбеюіне кері әсер ететін себептер де жоқ емес. Ғалымдардың пікірінше, адам санының азаюына экологияның кері әсері көп. Экология дегенде тек ауа ғана емес, жер-жерлерде орман алқаптарының азаюы да себепкер.  Сонымен қатар, топырақ пен жер мәселесіне де қатысы бар екен, айталық:  халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін миллиондаған гектар жер жыртылып, жыл сайын пайдаланылғандықтан, ол жерлердің құнары кеміп, топырағы эрозияға ұшырауда. Қоғамдағы осы күрделі мәселелер шешімін табар болса, көрші Өзбекстан халқын басып озбасымызға кім кепіл. Бүгінде 30 миллионнан асқан өзбек ағайындарымыздың саны 2030 жылдары 40 миллионға жетеді деген болжамдар айтылуда.

Ресми деректерге сүйенсек, Орталық Азия бойынша тек Қазақстанның ғана демографиялық өсімі баяу екен. Тек соңғы жылдары бала туу көрсеткіші жоғары сандарды көрсетіп жүр. Кей қалаларымыз миллион халқымен мақтануда. Қуанамыз. Мәселен, Алматы қаласы 1 916 000  тұрғынымен мұндай көрсеткіштің көш басында тұрса, екінші орында 1 184 000 жергілікті тұрғыны бар Нұр-Сұлтан; үшінші орындағы Шымкентте 1 074 000 адам болса, төртінші орындағы Ақтөбе қаласында  – 512 000 адам, Қарағанды 497 000 мың тұрғынымен бесінші орынды иемденіп тұр әзірге.

Демограф Мақсат Имандосов 2035 жылға қарай Алматы халқының саны 3 миллионға жетеді деген болжам жасауда. Әрине, адам санының көбеюі басты байлық. Шын мәнінде, мұның бәрі демографиялық саясат аясында жүзеге асырылады: бала санының туу көрсеткіші, өлімі мен өмірі, оларға берілетін түрлі жәрдемақылар, баланың қоғамдағы рөлі…

Жалпы, елімізде халық санағы әр он жыл сайын өткізіліп келеді. 2020 жылы өтуі керек еді. Бірақ, әлемде орын алған коронавирустық инфекцияның таралуына байланысты кейінге шегеріліп, Президент жанындағы реформалар жөніндегі жоғарғы кеңестің шешімі бойынша ұлттық санақ 2021 жылдың 1 қазанынан 30 қазанына дейін жүргізілетін болды. Дегенмен, біз статистика комитетінің ақпаратына сүйене отырып, үстіміздегі жылдың көктем мезгіліне дейінгі халық санын нақтылай көрсетуді жөн көрдік.

Елімізде халық саны бірінші наурызға дейін 18 917,2 мың адамды құраса, оның ішінде қалалықтар – 11 187,2 мың (59,1 пайыз), ауылдықтар   7 730,0 мың адам (40,9 пайыз),  2020 жылғы 1 наурызбен салыстырғанда халық саны 245,3 мың адамға немесе 1,3 пайызға өскен екен.

Сонымен, халық санын, қазақ санын қалай көбейтеміз дегенге келсек, әрине ата-баба жолымен, ұлттық құндылықтарды ұстану бағытымен демографиямыздың өсімін тұрақтандыра аламыз.

Бір қуанарлығы, азаттықтың арқасында осы 30 жылда қазақтың саны екі есе артты. Мысалы, 1991 жылы елдегі қазақтың саны 6,5 млн болса, бүгінде бұл көрсеткіш 12,7 млн қазаққа дейін жетіп отыр. Соның 1 миллионнан астамын тарихи Отанына оралған қандастарымыз құрайды. Ал, жалпы Қазақстан халқы 1991 жылдан бері 12,4 пайызға көбейді.

Ұлттық құндылықтар – ұлттың қазынасы. Демек, ұлттың қазынасы – қазақ баласы. Қазақ баласының жағдайы – елдің жағдайы. Баланы асырау ата-ананың ғана емес, мемлекеттің де міндеті болғаны жөн. Сонда ғана баланың жағдайы жасалып, қазақтың саны өзі-ақ көбейері анық.

Қызжібек ӘБДІҒАНИҚЫЗЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here