Талқыға түскен Президент мақаласы: Құнды пікір, толғамды ой (сауалнама)

0
2147

Биыл азаттық алғанына 30 жыл толып отырған еліміздің болашақ дамуы мен ұлтымыздың құндылықтарын ұлықтауға қатысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жыл басында «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласы көптің көңілінен шығып, көкейіне қонғандай әсер қалдырды. Өйткені, Президенттің бұл мақаласы көптің талқылауына түсіп, құнды пікір, толғамды ойлар айтылды. Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газетінің осы мақала туралы жүргізген сауалнамасына қатысқандар да Президенттің күрмеуі қиын мәселелерді еңсеру жолдары туралы батыл ойларын жіпке тізіп берді. Төмендегі сол ойларды оқырман назарына ұсынып отырмыз.

Айгүл Әлімхан,

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты:

 «АДАМ БЕЛГІЛІ БІР ТІЛДЕ СӨЙЛЕУІ ҮШІН ОҒАН 3 000 СӨЗ БІЛУІ ЖЕТКІЛІКТІ, АЛ БҰЛ БӘРІНІҢ ҚОЛЫНАН КЕЛЕДІ»

– Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында атап өтілгендей, біздің тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы – ата-бабаларымыздың көптеген ұрпақтары армандаған қазақ мемлекеттілігінің қайта өркендеуі мен бостандыққа қол жеткізуінің маңызды кезеңі. Шынында, қиындығы мен қуанышы, дағдарысы мен дамуы алмасқан тұтас дәуірді қамтитын отыз жылдық тарихқа үңіліп, шолу жасау – кемел келешекке сенімді қадам басуға мүмкіндік береді.

Ел тарихында осы жылдар аралығында көптеген маңызды оқиғалар орын алды – мемлекеттік рәміздер бекітілді, ұлттық валюта айналымға енгізілді, Конституция қабылданды, саяси және экономикалық реформалармен қатар рухани жаңғыруға баса назар аударылды.

Мемлекет басшысы атап өткендей, егемендігіміздің мәңгілік үштағаны – Алтайдан Атырауға, Алатаудан Арқаға дейін кең көсілген байтақ жеріміз, ананың ақ сүтімен бойымызға дарыған қастерлі тіліміз және барлық қиындықтардан халқымызды сүріндірмей алып келе жатқан береке-бірлігіміз. Сондықтан аумақтық тұтастықты сақтау, мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, бейбітшілік пен тұрақтылық салтанат құрған қоғам құру – жарқын болашақ кепілі.

«Мемлекеттік тілді білу – Қазақстанның әрбір азаматының парызы», – деген Қасым-Жомарт Кемелұлының сөздерімен толықтай келісемін. Өйткені, мемлекеттік тіл – барша қазақстандықты біріктіруші фактор. Жалпы, адам белгілі бір тілде сөйлеуі үшін оған 3000 сөз білуі жеткілікті. Бұл бәрінің қолынан келеді деп ойлаймын.

Исатай Исин,

Өскемен жоғары политехникалық колледжінің директоры:

 «ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ ҚОЛДАНЫС АЯСЫН КЕҢЕЙТУ БАСҚА ТІЛДЕРГЕ ШЕКТЕУ ҚОЙЫЛАТЫНЫН БІЛДІРМЕСЕ КЕРЕК»

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында қазақ тілін кеңінен қолдану басқа тілдерге, әсіресе орыс тіліне шектеу қойылады дегенді білдірмейтінін атап өтті. Бұл пікірді толық қолдаймын, өйткені біз барлығымыз көп ұлтты елде өмір сүріп жатырмыз, демек, мемлекеттік тілге және қазақстандық этностардың тілдеріне де құрметпен қарауымыз керек.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сонау тәуелсіздік таңында мемлекеттік тілдің жоғары мәртебесі туралы айтқан болатын. Соңғы 30 жылда қазақ тілінде оқытатын көптеген мектептер мен басқа да оқу орындары ашылды.

Мысалы, біздің колледжде әр ұлттың студенттері оқиды, сондықтан оқыту қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жүргізіледі, жас ізденушілер болашақ мамандықтарының қыр-сырын өздеріне ыңғайлы тілде меңгереді. Алайда, мемлекеттік тілді білу елдің әрбір азаматының парызы екендігін мойындамасқа болмайды. Бұл даусыз! Кейбір еуропалық елдерде бірнеше мемлекеттік тілдер бір уақытта бекітіліп, адамдардың испан, француз және ағылшын тілдерінде оңай сөйлей алатындығына ешкім таң қалмайды. Бұл көкжиекті кеңейтіп қана қоймай, ұтымды әрі табысты болуға мүмкіндік береді.

Айта кетейін, менің балаларым қазақ және орыс тілдерін біледі, мектепте тағы бірнеше шетел тілін меңгереді. Бұл олардың болашақ жетістіктерінің кепілі. Өзім де әлемдегі барлық ғылыми әдебиеттердің төрттен бір бөлігі жарияланатын ағылшын тілін үнемі жетілдіріп отырамын. Бұл менің жұмысыма керек.

Жалпы, мәдениеттер, дәстүрлер, тілдер неғұрлым көп болса, өмір де, қарым-қатынас та соғұрлым қызықты болады. Бізде әртүрлі ұлттар, діни сенімдер бар, бірақ біз бәрінен бұрын – қазақстандықтармыз!

Берікбай Жұмабаев,

Тархан орта мектебінің тарих пәнінің мұғалімі:

«ҚАЗАҚСТАН ЖЕРІ ЕШКІМГЕ САТЫЛМАЙТЫНЫ ӘРБІР АЗАМАТТЫҢ САНАСЫНА СІҢУІ ТИІС»

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар жаһандық мәселелерді көтерді, атап айтқанда, елдің аумағы мен ата-бабалардан мұраға қалған жердің тиесілігі туралы айтты. «Егемендігіміздің мәңгілік үштағаны – кең көсілген байтақ жеріміз, қастерлі тіліміз және барлық қиындықтардан халқымызды сүріндірмей алып келе жатқан береке-бірлігіміз», – деп атап өтті Президент.

Қазақстандықтардың, әсіресе жастардың арасында ағарту жұмыстарын жүргізу қажеттігі туралы шешімді қолдаймын. Өйткені, соңғы кезде еліміздің аумақтық тұтастығына күмән келтіретін арандатушылық пікірлер айтылып жүр. Қазақстан – біртұтас мемлекет!

Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан жері шетелдіктерге берілмейді және ешқашан сатылмайды» деп сендірді. Бұл әрбір азаматтың санасына сіңуі тиіс.

Тарихшы ретінде осы сөзбен толықтай келісемін: «…халқымыз Қазақ хандығы кезінде де, одан арғы Алтын Орда, Түрік қағанаты, Ғұн, Сақ дәуірінде де осы жерде өмір сүрген, өсіп-өнген. Қысқаша айтқанда, ұлттық тарихымыздың терең тамырлары көне заманның өзегінде жатыр. Жалпы, тарихпен саясаткерлер емес, тарихшылар айналысуы керек».

Анара Кұсаинова, педагог: 

«ПРЕЗИДЕНТТІҢ ДАРЫНДЫ ЖАСТАРДЫ ҚОЛДАУҒА ЕРЕКШЕ КӨҢІЛ БӨЛГЕНІ ҚУАНТТЫ»

– Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында Қазақстанның барлық қалыптасу кезеңдерін қамтыды.

Мемлекет басшысы ел Тәуелсіздігінің 30 жылын үш онжылдық белеске бөлді: жаңа Қазақстанның іргетасын қалау кезеңі, Қазақ елінің керегесін кеңейту кезеңі және республикамыздың биіктеп, өсіп-өркендеп, мерейлі мемлекетке айналған уақыты.

Қазіргі Қазақстан – тұрақты экономикасы және болашаққа жоспарлары бар тәуелсіз демократиялық мемлекет. Мемлекет басшысы мұның бәрі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы әрі салиқалы саясатының, сондай-ақ барлық отандастарымыздың күн сайынғы қажырлы еңбегінің нәтижесі екенін ерекше атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың өз мақаласында дарынды жастарды қолдауға ерекше көңіл бөлгені, маған ұстаз ретінде қуаныш сыйлайды. Президент «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантын тағайындауды ұсынды. Өйткені, осы уақыт аралығында елімізде біздің Отанымыздың абыройын  асқақтатып, талантымен әлемді жаулап алатын көптеген дарынды жастар өсті.

Әсемгүл Қалтаева,

Шығыс Қазақстан лингвистикалық орталығының директоры:

«НИЕТ ПЕН ЫНТА БОЛСА, НӘТИЖЕ ДЕ АЛЫС ЕМЕС»

– Еліміздің басты нышанының бірі – мемлекеттік тіл. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында «мемлекеттік тілді білу – Қазақстанның әрбір азаматының парызы мен міндеті» деп атап өтті.

Мемлекет басшысының пікірінше, қазақ тілін кеңінен қолдану басқа тілдерді, әсіресе орыс тілін қолдану үшін қандай да бір шектеуді білдірмейді, өйткені қазақстандықтар елдің полиэтностығын өздерінің бәсекелестік артықшылығына айналдыра алды. Осы жағынан алғанда, ширек ғасырдан астам уақыт бойы түрлі этностардың дәстүрлерін, әдет-ғұрыптарын, мәдениетін сақтауға және дамытуға үлес қосып келе жатқан Қазақстан халқы Ассамблеясының тиімді жұмысы бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтуда үлкен рөл атқарды деген пікірмен толық келісемін. Осы рухани құндылықтардың барлығы біздің халқымызды ұлты мен дініне қарамастан әркім өзін жайлы сезінетін біртұтас ұлтқа ұйыстыруға көмектеседі.

Ел Президенті қазақтардың да, мемлекеттік тілді білетін басқа да этнос өкілдерінің де үлесі артқанын айтады. Мысалы, Шығыс Қазақстан облысының Бесқарағай ауданында түрлі салада көп жұмыс істеген адам ретінде мені Абай мен Шәкәрімнің тілін немістер, татарлар және басқа ұлт өкілдері оңай меңгергені таң қалдырмайды.

Мемлекет басшысы атап өткендей, «қазақ тілін үйренгісі келген әрбір адам оны әлдеқашан біліп шығар еді». Дегенмен, «Ештен кеш жақсы» деген тағы бір дана сөз бар. Бастысы, ниет пен ынта болса, нәтиже де алыс емес.

Сондықтан мен өз қызметімде тілдерді дамытудың мемлекеттік бағдарламасының одан әрі жүзеге асырылуы үшін бар күш-жігерімді саламын. Бұл мемлекеттік тілді, әсіресе жастар арасында жеңіл, түсінікті, ашық қарым-қатынас құралына айналдыратын тұтас шаралар кешені. Ал, бұл біздің болашағымыз!

Қазақстандық этностардың басқа тілдерінің құқықтарын бұзбай, тілдік әртүрлілікті сақтау өте маңызды. Әрине, біз әркімнен тіл туралы білімді талап етпеуіміз керек, алайда тілді түсінуге, сөйлей білуге ұмтылуымыз қажет. Қазіргі уақытта облыстың барлық аудандары мен қалаларында оқыту тегін жүргізілетін 12 мемлекеттік орталық жұмыс істейді. Онда мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері, жұмыссыздар, зейнеткерлер, үй шаруасындағы әйелдер және азаматтардың басқа да санаттары оқи алады. Айта кетейін, курстар тек ересек тұрғындарға қарастырылған. 2019-2020 оқу жылында тілдерді оқыту орталықтарында 3 921 адам қазақ тілі курстарынан өтті. 2020 жылдың 1 қазанынан бастап Шығыс Қазақстан лингвистикалық орталығында қазақ тілі курсына – 475 адам, ағылшын тіліне – 395 адам жазылды. Тыңдаушылардың жалпы саны 870 адамды құрайды.

Тілдерді оқуға келген мемлекеттік қызметшілердің және басқа да тыңдаушылардың мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін білу үшін оқу жылы бойы мекеме базасында аралық және қорытынды бақылау жүргізіледі. Оқу үдерісіне жаңа ақпараттық технологияларды енгізу мақсатында көптеген орталықтар курстарды онлайн-режимде өткізеді. Тіл саясатының тұжырымдамасында «мемлекеттік тіл лайықты орнын алуы тиіс тілдердің функционалдық қатынасы деген нақты анықтаманы» талап ететін «мемлекеттің оңтайлы тіл кеңістігін құрудағы» күрделілігі көрсетіледі.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here