Парламенттің алдына қандай маңызды міндет қойылады?

0
1959

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси беделі, ерік-жігері мен оның бірлік пен достыққа құрылған сыртқы және ішкі сарабдал саясатының арқасында әлемдік қоғамдастық Қазақстанды тәуелсіз мемлекет, ал қазақстандықтарды еркін ұлт ретінде мойындады. Осылайша, әлем қазақ халқының бай рухани мұрасын таныды. Бүгінде біз ата-бабаларымыз армандаған, соның жолында жан аямай күрескен тәуелсіздігімізбен мақтанамыз және оны қадір тұтамыз.

Бесік жыры арқылы адамның бойында ең бір асыл сезімдер қалыптасады, ол қоршаған ортамен танысып, бабалар тарихын біле бастайды, өзінің қай ру, қай ұлт, қай елге жататынын сезінетін болады. Ал, ұлттың адамгершілік қасиеттері, Отанға, тарихы мен салт-дәстүрлеріне және мәдениетіне деген құрметі, рухани құндылықтарды сақтап қалуға деген ұмтылысы – қай дәуірде де ең озық идеологиялық қару болып саналады.  

Елбасының «қазақ тарихында қазақ ұялатындай ештеңе жоқ» деген сөзі қазақ халқы үшін қашан да бірінші кезекте рухани құндылықтар тұратынын тағы бір мәрте дәлелдейді. Біздің тарихымызда басқыншылық және азаматтық соғыстар жоқ, біз біреудің жерін зорлықпен өзімізге қосып алмадық, кез келген дауды билер кеңесі арқылы шешіп отырдық, бұл үлкендерге зор құрмет көрсетудің белгісін білдіреді. Жеңістеріміздің тарихы ұлттың ауызбірлігімен байланысты. Кезінде Қазақстанның Тұңғыш Президенті: «Қазақ мемлекеттілігінің бар тарихы – ауызбірлік пен ынтымақтың тарихы» деп бекерден-бекер айтпаса керек.

Бір кездері қазақ халқы еріктерінен тыс қазақтың ұшы-қиыры жоқ кең даласына қоныс аударылған өзге ұлт өкілдерін туғанындай қабылдап, құшағына басқаны мәлім. Қазақстанның Тұңғыш Президенті құрған және біздің елді ерекшелейтін өзіндік белгіге айналған этносаралық толеранттық пен қоғамдық келісімнің қазақстандық үлгісі бүгінде әлемнің барлық елдерінде түрлі деңгейде талқыға түседі. Алдағы уақытта да қазақстандықтардың бірлігі мен ынтымағы республикамыздың дамуы мен жарқын болашағы үшін сенімді тірек боларына сенімдімін. Бүгінде егемен Қазақстанды әлемдік қоғамдастық мойындады. Бұл әрине Елбасының орасан зор еңбегінің арқасы. Алайда, осыған жету үшін жас мемлекет қаншама сынақтардан өтті, ал мемлекет көшбасшысына күрделі болса да дұрыс оң шешім қабылдау керек болды. 

Тәуелсіздіктің бастауында қандай едік, ал қазір қай деңгейдеміз? Бұл туралы жас мемлекет қалыптаса бастағанда жұмыс істеген аға және орта буын өкілдері мақтанышпен айта алады, бүгінде сол орасан зор еңбектің жемісін жеп отырғанымызды да солар біледі. Егемендіктің негізін қалап, тәуелсіздігіміз, тіліміз, ұлттық бірегейлігіміз үшін күресіп, теріс жүйеге қарсы шығудан қорықпағандар да солар. Олардың есімі ұлтымыздың тарихында мәңгілікке қалуы тиіс. 

Қазақстан тәуелсіздік алған 30 жыл ішінде жасалған әр қадам аға буын өкілдерінің есінде, ол қадамдар жас егемен елдің дамуы мен тарихи қалыптасуында босқа кеткен жоқ. Мемлекет басшысының мықты саяси ерік- жігері адамдардың бойына ертеңгі күн мен өз күшіне деген сенім ұялата білді.

Үш онжылдық бойына Қазақстанның егемендігін қалыптастыруға шексіз үлес қосқандардың көбі бүгінде еліміздің «визит карточкасына» айналды, олардың есімдері тарихта таңбаланды, қазақстандықтардың бүгінгі буыны оларды сыйлайды, есте сақтайды және құрмет көрсетеді. Қазақстан алғаш рет өз бетінше қадам жасап, елдің тағдыры шешіліп жатқан қиын жылдарда олар Елбасыға сенім артып, оның сенімді серіктеріне айналды.

Халық қалаулылары, қоғам және мемлекет қайраткерлері Салық Зиманов, Сауық Тәкежанов, Сұлтан Сартаев, Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбайұлы, Николай Акуев, Өмірбек Жолдасбеков, Манаш Қозыбаев, Қаратай Тұрысов, Зинаида Федотова, Марат Оспанов Парламент қабырғасында қызмет етіп, жас мемлекеттің қалыптасуына өз үлестерін қосты. Олар халық алдындағы парызын абыроймен атқарды, бізге үлгі болып қоғамдық құндылықтарды, азаматтық моральды қадірлеуге, әлеуметтік мінез-құлықты қалыптастыруға, әртүрлі пікірлерді құрметтеуге үйретті.

Саясаткерлердің қазіргі буыны сол үлкендердің даналығы мен парасат пайымын пайдаланып қалғандары жөн, қоғам үшін өткір және маңызды мәселелерді көтеруден және олардың шешімін табудан қорықпау керек. Осындай жол салушы тұлғалардың болуы әрбір депутатқа, қоғам қайраткеріне, интеллигенция өкіліне қандай да  бір жауапкершілік жүктейді. Біз, қатардағы жауынгерлер секілді қоғамның гүлденуі әрбір азаматтың белсенділігіне байланысты екенін түсінуіміз керек.

Бүгінде «Nur Otan» партиясының барлық қазақстандықтардың зор сеніміне ие болғанына біраз болды, ол елдегі жетекші саяси күшке айналды. Халқының мүддесін бәрінен жоғары қоятын заманауи партияның өз дәстүрлері, жетістіктері, тәжірибелері мен жақтаушылары бар. Партияның 2025 жылға дейінгі «Өзгерістер жолы: Әр адамға лайық өмір!» атты сайлауалды бағдарламасы қазақстандықтар тарапынан және 2021 жылғы 10 қаңтарда өткен Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарын сайлау кезінде жоғары қолдауға ие болды.   «Nur Otan» сонда айқын жеңіске жетті. Республикалық сайлауалды бағдарлама бірінші рет 216 аумақтық бағдарламада көрініс тапты. Қойылған міндеттер өңірлер, қалалар мен аудандарға бөлінді.

Осы жылы 14 қаңтарда елде Парламент Мәжілісіндегі депутаттар фракциясының отырысында Қазақстанның Тұңғыш Президенті, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев сайлауалды бағдарламаны тиімді жүзеге асыру және партиялық бақылауды күшейту бойынша нақты тапсырмалар берді. Жол картасын жүзеге асыру бойынша Мәжілістегі депутаттық фракция мен Үкіметтің бірлескен жұмысы, 2025 жылдарға дейінгі сайлауалды бағдарламаның орындалуы қаралды. Әр өңірде жұмыстың нақты индикаторлары, мерзімі мен жауапты адамдары бекітілді. Партиялықтар үшін болашақта халықтың тұрмыс сапасын жақсарту, әл-ауқатын арттыру бойынша міндеттер болғандығы және солай қала беретіндігі айтылды.

«Тәуелсіздіктің 30 жылдығында кешенді реформалар жүргізілетін болады. Барлық күш-жігерімізді тиімді мемлекет пен әділетті қоғам құруға жұмылдыруымыз керек. Басты басымдық – халықтың тұрмыс сапасын жақсартып, әл-ауқатын арттыру. Жұрт жасанды жетістіктерді емес, көзбен көріп, қолмен ұстайтын нақты нәтижені күтеді», – деп атап өтті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламенттің бірінші сессиясында.

Осыған орай Парламенттің алдына екі маңызды міндет қойылады: сапалы заңдар қабылдау және өзекті мәселелер шешімін табатын орталыққа айналу.

Мейрамбек ТӨЛЕПБЕРГЕН,
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты,
«Nur Otan» партиясы депутаттық фракциясының мүшесі

 

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here