Дәнеш Ахметұлы: «Қазір әдеби сынның үні мүлдем естілмейді»

0
3263

Дәнеш Ахметұлы есімі әдеби ортаға бұрыннан таныс жазушы. Қаламгердің әр жылдары жарық көрген «Адал ас», «Нан мен тұз», «Ұшатын сандықша», «Шапағат шұғыласы», «Қыран жанарындағы ғұмыр», «Райымбек батыр», «Өшпейтін оттың жарығы», «Дәнеш ағайдың ертегілері» сияқты кітаптары өз оқырмандарының ыстық ықыласына бөленген. Әсерлі әңгімелері мен ойлы мақалалары да «Qazaq» газетінде жарық көріп жүргенін көзі қарақты оқырман жақсы біледі. Жазушымен бүгінгі ашық әңгіме арқауы әдебиет төңірегінде болды.

«БҮГІНГІ БАЛАЛАР СӘКЕН МЕН ІЛИЯС ТУЫНДЫЛАРЫН КЕШЕГІ ҰРПАҚТАЙ СЕЗІНЕ АЛМАЙДЫ»

– Дәнеш Ахметұлы, қай қаламгер болмасын ауыз әдебиеті турасында тебірене ой қозғайды. Сіздің де бұл туралы пікіріңізді білсек…

Ауыз әдебиеті, оның баға жетпес бай мұрасы қай қаламгердің болмасын рухани азығы, алтын бұлағы екені сөзсіз. Осы алтын бұлақтан сусындамаған қаламгер жоқ та шығар… Өзге қазақ қаламгерлері секілді мен де әу баста ауыз әдебиетінің қаймағын қалқып, мөлдірінен сусындадым.               

Батырлар жыры, елдік, ерлік дастандарын құмарта оқыдым. Сол шақта, біздің балаң кезімізде «Батырлар жыры» деген сырты көк мұқабамен тысталған қалың кітап болушы еді. Алғашқы бөлігінде «Қобыланды» жыры көзге түсетін. Сол шақта Қазанның шаһарының үстінде тайбурыл мен құйғытып бара жатқан батырды көргенде қайран қалатынбыз. Шіркін, осындай атым болса, мен да атойлап жауға аттанар едім деп қиялдайтынбыз. Ер Тарғынның қапияда шығып кеткен омыртқасы орнына түсіп, қалпына келген сәтін көргенде қуанғанымыздан отырған орнымыздан ұшып кете жаздайтынбыз. Қолына құс қондырып, құмай тазысын ертіп аңға кетіп бара жатқан Қамбар батыр бейнесі неткен келісті. Қыз Жібектің күймеден басын шығарып, тысқа қараған сәті тіптен ерекше, қарай бергің келетін. Қособада Төлегеннің жолын тосып жатқан Бекежанның азығы таусылып, ертең қайтпашы болып тұрғанында  Төлегеннің үстінен түскені неткен өкінішті. «Аспандап ұшқан алты қаз, атайын десем оғым аз, өлмеген жанға дүние-ай, айналып тағы келер жаз» деген Төлегеннің қайтқан қазға айтқан дұғай сәлемі күні бүгінге дейін көкірегімізде қобыздап, тастан естілген жаңғырықтай естіліп тұр.

– Енді шығармашылық жолыңызға ауысалық…

– Мен ұзақ жылдар бойы мектепте ұстаз болып, қызмет еттім.

– Оныңыз тәуір болған екен. Сол ұстаздық қызметіңіздің шығармашылығыңызға шарапаты тиді ме?

– Тиді, тигенде қандай. Ұстаздық жұмыс менің жаңадан басталып, қаз тұрып келе жатқан болашақ шығармашылығымның зерттеу, жетілдіру алаңына айналғандай еді.  Шынын айтқанда, мен әдебиет пәнінің мұғалімі болғандықтан жаңадан жазып жатқан әңгіме, ертегі, тағы басқадай шағын көлемді әдеби дүниелерімді ең алғаш өзім оқытқан оқушылардың талқысына салдым. Әлбетте, «балалар мен мынандай нәрсе жазып жатырмын, тыңдаңдар» демейсің. Өйтіп айтсаң айтқаның әбестікке жатады. «Әшейін өзге біреудің дүниесі» деймін де, ойымдағымды ортаға сала беремін. Балалар адал сыншы, олар екі сөйлеуді, бұра тартуды білмейді. Сөздің тура шындығын айтады, жақсы болса жақсы, жаман болса оны да айтады. Сөздің қорытындысы сол, бала талғамы арқылы жазғаныңның бағасын, әсерін бағамдап аласың.

Ол бір балалардың ойы тұнық, жаны таза, дүниенің таң шапағындай арайлы кезі еді ғой. Балалар әдебиет сабағын зор ықыласпен асыға, ынтыға күтетін. Әсіресе, ұлы ақын Ілиястың «Құлагер» дастанын өткенде оқушылардың жан әлемінде ерекше бір құбылыс пайда болатын. Құлагердің трагедиялы халі айтылғанда, оның қалай өлгені жайлы мәлімет берілгенде, сондай сұрқия өлімнің күндердің күні ақынның өз басына келетінін ескерткенде, айналып келгенде Құлагер қалай өлсе, ақынның да солай мерт боларын меңзегенде, Құлагерді замана Батырашы өлтірсе, ақында Сталин атты ұлы қанішер құрбандыққа шаларын меңзегенде оқушылардың бәрі болмаса да, басым көпшілігі көз жасына ерік беріп, еңіреп жылап отыратын. Осындай жәй заманымыздың ұлы жазушысы Қабдеш Жұмаділовтың «Қозы күрең» атты керемет, классикалық хикаяты турасында сөз болғанда тағы қайталанатын. Сонау итарқасы қияннан, Нева жағалауынан қашып шығып, пәлен шақырымды артқа тастап, үйіріне, үйіне келген тұстарын бейнелеп айтқанда, оқушы түгіл өзің жылап жіберуге шақ қалатынсың… М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, классик жазушы А.Нұрмановтың «Құланның ажалы», О.Бөкейдің кей туындылары да осындай биіктікте өтетін.

Жасыратын несі бар, ол дегеніңіз әдебиеттің де лапылдап оты жанып, дәуірлеп тұрған кезі еді. Ал, мектептердегі бүгінгі әдебиет сабағының күйі қалай, балалар әдебиет туындыларын қалай қабылдап жатыр, осыны бір ой таразысына салып көріңізші. Бүгінгі балалар кешегі Сәкен мен Ілиясты, бүгінгі ұлы Қабдеш пен қазақ поэзиясының «полковнигі» атанған ақберен ақын Бауыржан Жақыптың туындыларын кешегі ұрпақтай сезіне ме, жоқ әлде, сезінбей ме, ол жағы күмәнді дүние. Сол жылдардағы балалар Нұрлан Оразалин мен Батық Мәжит жырларын, Жанарбек Әшімжан мен Тұрысбек Сәукетайдың жаңа туындыларын қолынан тастамай оқып жүруші еді. Классик жазушылар Тұрлыбек Мәмесейіт пен Кәдірбек Сегізбайдың кітаптары да оқушы сөмкесінің ішінде өзге оқу құралдарымен араласып жататын. Ал, осы күнгі жағдай қалай, мектеппен жиі араласып тұрамын. Алайда, оқушы бойынан әдебиетке деген кешегідей қызығушылықты, әуестікті сезген емеспін. Неге? Негесі сол бұл күндері оқушы санасын ғаламтор мен қалта телефон жаулап алды. Қалта телефон бетіндегі неше түрлі сұмдықтарды, неше қилы әсіре қызыл ойындарды, өзгедей көрсетілімдерді көрген бала сенің Құлагерің мен Қозы күреңіңді, Бауыржан Жақып пен Батық Мәжитіңді не қылсын… Екі көзі, бар есіл-дерті алақандай сиқырлы қобдишада болған балаға қазақ прозасының көкжалы Жүсіпбек Қорғасбек пен дарынды жазушы Ғалым Қалибекұлының кітаптарын оқы деп қалай айтасың…

Бұл күндері компьютер көрмейтін, ғаламтор қызықтарын тамашаламайтын, жанын салып «ТикТокты» қарамайтын бала жоқ. Ес кіріп, еңсесін көтергеннен бастап, қалта телефонмен алысады. Жатып та көреді, тұрып та көреді, бір-бірімен таласып, жағаласып, тіпті таяқ жесе де тартынбай көріп жатады. Кей сәттерде таңертең ұйқысынан тым ерте тұрып, көрпенің ішіне басын тұмшалап, жасырынып «ТикТок» көретіні де бар. Ал, ғаламтор қызығы таусылмайды-ақ… Осы бір сұрқия көрініске алданып, бар уақытын қалта телефон көрумен өткізген жас ұрпақтан не күтуге болады. Олардың ертеңі, болашағы қалай болмақ, мұның бәрі жұмбақ, құпия құбылыс. Шіркін-ай, дейсің, осы құрып кеткір қалта телефонға телміріп өткізген уақытының ең болмаса, мысқылдай бөлігін әдеби кітап оқуға арнаса қайтер еді деп өкінесің… 

Әдебиеттегі алғашқы баспалдақ 1985 жылдан басталды. Сол жылы қазақтың ұлы ғалымы Шоқан Уәлихановтың туғанына 150 жыл толған еді. Мен осы бір  даталы оқиғаға арнап «Шоқан мүсіні» деген әңгіме жазған едім. Ұстаз балаларға Шоқан тақырыбында әр қилы нәрсе жасауға, сурет салуға, ою-өрнек жасауға тапсырма береді. Кейіпкер бала сурет емес, саз балшықтан ғалымның мүсінін жасайды. Мүсін мектептегі Шоқанға арналған мүйіске қойылады. Оқиға осы. Артынша «Адалдық» деген шағын әңгіме жаздым. Осы екі әңгіменің екеуі де баспа бетіне шықты. Алғашқысы сол шақтағы  «Қазақстан пионері» газетінде, екіншісі қазіргі «Жетісу» газетінде жарыққа шықты. Бұл мен үшін үлкен шығармашылық жетістік болды. Екі аяғымды тең басып, құс қанаттанып қалғаным шындық еді. Демек, менің баспасөзбен байланысым да сол шақтан басталды…

Сол кезден бастап, күні бүгінге дейін еліміздің баспасөзінен қол үзген емеспін. Әу баста аудандық газеттен басталған шағын әңгіме, әр қилы прозалық дүниелер облыс, тіпті республика деңгейіндегі барлық газет-журналдарда тегіс жарық көрді. Әр жылдары еліміздің бас газеті «Егемен Қазақстанға» «Оралу», «Кездесу», «Бір уыс топырақ» секілді таза көркем әңгімелерімнің шыққанын да өз кезегінде айта кетуді жөн деп санаймын. Олай дейтінім, бұл басылымға екінің бірінің қолы жете бермейді. Апта сайын болмаса да ай сайын, жыл сайын балалар басылымдарында да әр қилы тақырыпқа жазған ертегі, мысал, шағын әңгімелерім жарық көріп жатты. Ал, «Мұқағали» журналының тұрақты авторларының бірі болдым. Менің әдеби дүниелерім жүйелі түрде жарық көрген басылым ол – «Қазақ әдебиті» газеті. Жылжыған жылдар аралығында бұл басылымда аттай 12 әңгімем жарық көріпті. Әу баста «Қауыншы» деген әңгіме басылды. Содан ары бұл тізім жалғасып кете берді. «Тастұяқ», «Ескексіз қайық», «Пайғамбардың оралуы», «Бит машақаты», «Індет», «Уыз дәмі», «Мұқа жылаған жыл», «Жарықтық, Абай ата», «Аждаһа апат болған жыл», «У», «Құндыздың тойы» тәрізді сан алуан тақырыпқа жазылған әңгімелерім осы газеттің бетінде басылған. Бұл да мен үшін үлкен мақтаныш және зор мәртебе. Кей кездерде өз замандастарыма аталмыш газетке менен көп әңгімелері шыққан жазушы жоқ деп мақтанып та қоятыным  бар…

Алғашқы кітабым «Адал ас» деп аталады. Осыдан кейін балалар тақырыбына арнап тағы да біршама құнды дүниелерді өмірге келтірдім. «Нан мен тұз», «Ұшатын сандықша», «Дәнеш ағайдың ертегілері», «Робот және алты асық» секілді ертегі кітаптар, «Қыран жанарындағы ғұмыр», «Өшпейтін оттың жарығы», «Шапағат шұғыласы», «Өмір өрнектері» деп аталатын кітаптар жарыққа шықты.  «Бүлдірген қалың шыққан жыл» деп аталатын кітап 2017 жылы Мәдениет және спорт министрлігінің «Халыққа пайдалы шынайы көркем әдебиет» номинациясы бойынша конкурсына қатысып, ол әділқазылар алқасының шешімімен өтіп кетті. Аталған кітапты әлгі бәйге жариялаған мекеме сатып алды. Шама- шарқынша теңге төледі. Жарықтық Абай атамыз айтқан «Дүние де өзі, мал да өзі» дегені осы екен ғой дедік. Аталған кітаптың ішіне кірген дүниелер әбден екшеліп, сұрыптаудан өткен еді.  Балалар мен жасөспірімдерге арналған халықаралық «Дарабоз» жабық конкурсының жүлдесіне ие болған «Ақбауыр» деп аталатын хикая да осы кітаптың ішінде бар. Кітапты «Дәуір» баспасы 2020 жылы 3000 данамен жарыққа шығарды. Қазірдің өзінде біршама кітап түрлі баспаларда өз кезегін күтіп жатса, қалғандары үйде, үстел үстінде тізіліп тұр… Әйтеуір, не жазсақ та әңгіме арқауынан тәрбие желісін үзіп алмасақ болғаны…

«КҮЛДІБАДАМ КІТАПТАРДЫҢ ЖОЛЫН КЕСУ КЕРЕК»

– Қаламгер мен баспасөз хақында не айтар едіңіз?

– Меніңше, қай қаламгер болмасын, баспасөзбен тығыз шығармашылықта болуы керек деп ойлаймын. Баспасөз қаламгер мен оқырманды, былайғы қалың бұқараны жалғастыратын жібек жолы, алтын көпір іспетті. Қай газет-журнал болмасын белгілі дәрежеде, өз шартына сай әдеби дүниелерді жарыққа шығарады. Сөйтіп, жаңа жазылып жатқан шығарманы өз оқырмандарына ұсынып, оның ең алғашқы демеушісі болады.

Бүгінгі кездегі, тіпті кешегі өмірден өткен ақын-жазушыны алып қарасақ та, көбі баспасөзбен байланыста болған. Әр жазған жаңа дүниесін газет немесе журнал бетіне ұсынып, оқырмандарынан болсын, сыншы, әдеби қауымнан болсын өз бағасын алып отырған. Бұл дегеніңіз бұрыннан қалыптасқан жақсы дәстүр, игілікті іс. Біріншіден, сізді сол дүниеңіз арқылы былайғы жұрт таныса, екіншіден, жазып жатқан шығармаңыздың ертеңіне жол сілтейді. Баспа бетімен тығыз байланыста болған, өзінің әлі сиясы кеппеген жаңа дүниесін ып-ыстық күйінде өз оқырмандарына ұсынып отырған қаламгерлер көптеп саналады. Олардың атын тізбектеу артық шаруа деп ойлаймын. Ал, ендігі бір қаламгерлер өз жазғандарын баспа бетіне мүлдем ұсынбайды. Сөйтеді де өз бетінше харакет етіп, өзінше жаза береді. Керек десе, жазу үстелінен ұзамаған шығарманы бірінен кейін шұбыртып, екіншісін жаза беретінін қайтесің. Кездесе қалғанда жәй сұрасамыз.

– Жазып жатырсыз ба?

Әлбетте жазып жатырмын.

– Сіз «жазып жатырмын» дейсіз, сол жазғандарыңызды баспа бетінен көрмедік қой…

Сонша тер төгіп, қара жолды шаңдатып, дүниені дабыра қып жүріп, шығарған кітаптарыңның таралымы қазір екі мыңнан аспайды. Беріп жатқан қаламақысы да мардымсыз. Кейбір баспаларда қаламақы да жоқ. Сол да тірлік пе?! Құдайға шүкір, әр жазған кітабымды екі емес, тіпті төрт мыңнан шығаруға шамам жетеді. Қалай бола ма?!

– «Болады» деп үнсіз бас изейсің.

– Осы дұрыс па?! Әлбетте, жөн емес. Жазған кітабын белгілі бір зат есебінде шығаруға болмайды. Ал, ол өзге емес көркем әдебиет дүниесі ғой. Неге сол кітапсымақтың әдеби жағын ескермейді. Өз бетінше добалдап жазған пәлен жазушының «кітабы» кімге керек?! Онымен жазғыш мырза не береке табады, оқырман қандай рухани нәр алады?! Бәрі де бос сөз, құр әурешілік! Үй маңынан шықпаған коммерциялық кітап кімге керек?! Сондықтан ақшамен шығатын күлдібадам кітаптардың жолын кесу керек. Кейінгі кезде жоғарғы орын ақшалай кітап шығарушы ең әуелі кемінде одаққа мүше екі ақын не болмаса жазушыдан пікір алуы керек дегенді шығарды. Әлгі ақшалы көкеңе екі қаламгердің тілін табу деген түкке тұрмайды… Сонымен жинақ баспадан шығып, ел аралап кете барады. Бұл да амалсыздықтың, шарасыздықтың тірлігі. Жаңа нұсқалар қажет. Кітап шығаруға рұқсат беретін әлеуеті жоғары арнайы мемлекеттік мекеме керек. Сол мекеменің кітапты баспадан шығаруға болады деген мөрі басылған, арнайы рәсімделген қағазы болуы тиіс.  Сонда ғана қаптап шығып жатқан коммерциялық кітаптардың жолы кесіледі. Әдебиетте көркемдік пен кемелдіктің есігі ашылғандай болар еді.

«КЕМЕЛ ЖАЗУШЫЛЫҚ КӨРКЕМ СЫННАН БАСТАЛАДЫ»

– Өз заманында Абай да тұрлаусыз әдеби дүниелерді сын тезіне алған ғой.

– Иә, ол рас, ұлы ақын өз жазғанын ғана емес, өзгенің жазғанына да зейін қойған. Керекті жерінде қатал сын да айтқан. Шортанбай, Дулат пенен  Бұхар жырау өлеңдерінің бірі жамау, бірі құрау екенін ескерткен. Әттең, сөз таныр кісі болса, қатесі әр жерде көрініп тұр-ау деп реніш білдірген. Абай дегеніңіз білген адамға таусылмас алтын қазына ғой. Қайталап оқыған сайын жаңа ой табасың, тосын олжаға кенелесің. Абайда айтылмай қалған сөз жоқ. Хакім Абай бәрін айтқан…

– Бүгінде сол заманында Абай сынға алған қаламгер секілділер қоғамымызда бар ғой.

– Бар болғанда қандай, өріп жүр. Сөз таныр сыншылар да жетерлік, алайда бәрі үнсіз, дүние бәз-баяғыша тып-тыныш. Себебі, кешегідей дәстүрлі сын жоқ. Әдеби сынның үні мүлдем естілмейді. Абай тілімен айтқанда, «баяғы жартас бір жартас, қаңқ етер үні байқалмас». Бұл, әрине, дұрыс емес. Сын қаламгерді өшірмейді, қайта өсіреді. Жазылған дүниенің ағы мен қарасын анықтап, бары мен жоғын түгендеу неткен жақсы. Біле білсеңіз, кемел жазушылық жол осы көркем сыннан басталады. Сын айтылған шығарма жақсы шығарма, өйткені ол әңгіменің ауылына жеткен. Тек кейбір тұстарда ғана жаңсақ кетіп, жеңіл қателіктер орын алған. Ал, сын айтуға жарамайтын шығармалар болады. Ондай дүниелер көркем әңгіме санатына жатпайды. Себебі, ол шынайы әдеби шығарма емес, орта жолда қалған, шикі дүние. Ондай шығарманы әңгіме деп бағалап, әдеби тұрғыда пікір айтуға болмайды. Олай болатыны ол әңгіме емес. Мұны неге айтып отыр дейсіз ғой. Сөздің шыны сол осындай дүниелер коммерциялық әдебиет болып баспадан шығып жатыр. 

– Дәл осы кезде өзіңіз ұнатқан ақын-жазушылар кімдер және қандай қаламгерлермен байланыстасыз?

– Менің өмірімнің басым бөлігі ауылда, мектеп аясында өтті. Алматыға кешігіп келдім. Соның әсері болар әдеби ортамен еркін араласа алмадым. Бұрынғыдай емес, заман репеті де, тірлік келбеті де өзгеріп кетті. Дүние әп-сәтте өңін өзгертіп сала берген. Қаламгерлердің ішінен маған ең алғаш көмек қолын созған, қол ұшын берген «ҚазАқпарат» кітап бірлестігінің басшысы, белгілі жазушы Қонысбай Ботбай мырза болды. «Нан мен тұз» деген кітапты тегін, «Райымбек батыр» кітабын азғантай ақшаға шығарып берді. «Ашаршылықта жеген құйқаның ауыздан дәмі кетпейді» деген бар емес пе. Сол рас екен. Ашығын айтқанда, Қонысбек Ботбай қабырғалы, сарабдал қаламгер. Қай әңгімесін алып қарасаңыз да, ізденістің, тартымды тірліктің ізі жатады. Оған оның «Соқыр тамшылар» атты кітабы куә бола алады. Тағы бір айта кетерлігі, Қонысбай тумысында ер көңіл, ақ жарма, мәрт жігіт. Кімнің болсын жағдайына қарайды, кімді болсын ренжіткісі келмейді. Оның үстіне қашанда болмасын қайнаған тірлікте күн кешеді. Алдына барған автордың кітабын шығаруға күш салады. Бірінің кітабы межелі мерзімде шығады, екіншісі қаурыт жұмыстың әсерінен кешігіп қалады. Шығады деген сәтінен апталап, айлап жатып қалады. «Жақсылықтың ерте-кеші жоқ» деген.

Менің жазғандарыма көңіл бөліп, көмек көрсеткен қаламгерлердің ішінен танымал ақын Батық Мәжит пен «Гәкку-мұң» атты классикалық романның авторы Жақыпжан Нұрғожаны бөле атағым келеді. Жанарбек Әшімжан, Нұрперзент Домбай секілді талантты тұлғалар да өз септігін тигізді. Айтулы жазушы Жұмабай Шаштайұлы мен адуынды ақын Әнуарбек Әуелбекпен де жиі араласып тұрамын.

Қыз-келіншектер шығармашылығы – ұлттық әдебиетіміздің өзгеше құнарлы аймағы. Жазушы Жанар Әбдешова, Бүбішқан Тікебай, Мағира Қожахметова, Ділдар Мамырбай тәрізді қаламгерлер өздерінің жақсы шығармаларымен өз оқырманын қуантып, жемісті еңбек етіп келеді. Әсіресе, Жанар Әбдешованы бөле атағым келеді. Жазушы нені жазса да, иін қандырып, көркемдік тәсілдің бәрін қолданып, келісті етіп жазады. «Өмір сүргім келеді», «Нанның дәмі», «Жауапты тапсырма» деп аталатын әңгімелері әрі қысқа, әрі соншалықты шымыр, шұрайлы. Айта кетерлігі сол, жазушы кейіпкерлерінің басым көпшілігі – әйелдер. Бүгінгі қазақ әйелдерінің тыныс-тіршілігі, дүниеге деген көзқарасы, күйініші мен сүйініші қаламгер туындыларына жібек желі болып тартылған.

– Дәнеш Ахметұлы, ашық әңгімеңізге рахмет!

 Сұхбаттасқан: Тұрғанбек Сауданбекұлы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here