Құрметті Серік Әбішұлы! Сізді алдымыздағы жол көрсетер зиялы қауым өкілі, журналист әрі жазушы, жастардың тәлімгері ретінде өнеге тұтамыз. Өзіңіздің осы жылдың 20 сәуіріндегі «Qazaq» газетіндегі «Ахметов мырза, Сіз неге үндемейсіз?!» деген тақырыппен Қостанай қаласының әкімі Қайрат Ахметовке арналған ашық хатыңызды оқыдық.
Бұл мақалада сіздің көтерген тақырыбыңыз өте өзекті әрі жүрегі елім, халқым деп соғатын әрбір азаматты толғандыратыны сөзсіз. Өйткені, осы күнгі тәуелсіз мемлекетіміз үшін бүкіл өмірін сарп еткен Шақшақ Жәнібек секілді ұлы ата-бабаларымызды ұлықтап, оларға құрмет көрсету, есімін мәңгі қалдыру мақсатында қандай тағылымды жұмыстар атқарсақ та ешқашан артық болмайды.
1693-1752 жылдары ғұмыр кешкен, кезінде жоңғарларға қарсы күресте атағы шыққан қазақ батыры Жәнібек Қошқарұлын кім білмейді? Ол 1752 жылы Қостанай облысы Жанкелдин ауданындағы Тосын құмында дүниеден өтті. Оның мәйіті бұл күндері түркі әлемінің рухани астанасы атанған Түркістанға жеткізіліп, Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне жерленгені белгілі. Онда жолы түскен әрбір қандасымыз батырдың есімін ардақ тұтады.
Өзім бұл мақаланы облыс орталығының өміріне қатысты халық мүддесін жоғары қоятын қалалық қоғамдық кеңестің төрағасы есебінде жазып отырмын. Әрине, оны басылымға дайындау барысында шаһар басшысы Қайрат Жұмашұлының қабылдауында болып, ашық хаттың мазмұнымен жан-жақты таныстым.
Қала әкімінің бұл мәселе жөнінде өзінің ұстанымы бар. Ол облыс орталығынан Шақшақ Жәнібек атамызға көше беруді қолдамаса, еш қарсы емес. Алайда шаһар басшысының пікіріне сүйенсек, неге ашық хатқа жауап бермей, үндемей отыр дегенге айтар өзінің бірқатар уәжі баршылық.
Осы арада соларға қысқаша тоқталып өтелік:
- Жоғарыда тілге тиек етілген Жәнібек батырға келетін болсақ, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігіұсынған «Тарихи тұлғалар» тізіміне №74 нөмірмен 2020 жылы енгізілді. Одан бұрын азаматтар ұсыныс-өтініштерін түсірген кезде оның аты-жөні әлгіндей құжатта жоқ болатын. Тек 2019 жылы 11 қазанда облыстық тілдерді дамыту басқармасының «Қостанай облысынан шыққан тарихи тұлғалар» деген тізімде, яғни № 13 нөмірмен ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне Шақшақ Жәнібекті енгізу жөнінде ұсыныс жасалды.
- Қала басшысының атына жұртшылықтан Карбышев көшесін Шақшақ Жәнібектің есіміне өзгерту туралы бірде-бір ұсыныс келіп түспепті.
- Әлемді жайлаған пандемия біздің елімізді де айналып өткен жоқ. Былтырғы наурыздан бері бұл жұқпалы дерт барша жерлестерімізді терең ойға қалдырды. Көпшіліктің басын қосу мен жиынды ұйымдастыруды айтпағанда, мекемелер онлайн режимге көшіп, карантин орын алды емес пе? Сайып келгенде, осының бәрі де ойға алған мақсатты жүзеге асыруға кедергі келтірді.
2017 жылы 14 қыркүйекте Карбышев, Уральская және Мәуленов көшелерінің қиылысында көрген кісінің назарын алыстан еріксіз аудартатын Шақшақ Жәнібек батырға арналған алып ескерткіш орнатылғанын жерлестеріміз ұмыта қойған жоқ.
Міне, осыдан екі жыл бұрын қыркүйек айында ескерткіш жанындағы Уральская көшесін даңқты батырға беру жөнінде үш ардақты ағаларымыз, яғни генерал-полковник А.Қасымов, генерал-майорлар Б.Берекетов пен Ж.Хамзаннан ұсыныс түсіпті. Одан бұрын да бірқатар есімдері көпке танымал азаматтар әлгі көшені айтулы тұлғаның есімімен атау жөнінде пікірлерін білдіргенін білдік.
Бұл көше 1956 жылдың 14 наурызынан бері осылай аталады. Ол Әуежаймен қаланы байланыстыратын қақпа іспетті. Оның ұзындығы – 4 000, ені 14-18 метр. Көше бойында көп қабатты тұрғын үйлер, өмірлік маңызы бар өзге де нысандар жоқтың қасы, негізінен өндірістік аймақты қамтып өтеді.
Осы арада «Әкім бол, халқыңа жақын бол» демекші, Қайрат Жұмашұлының өткен жылдарда қай ауданда басшы болмасын жарқын ізін қалдырғандығын сөздің орайы келгенде айтпасақ, әділдік болмас еді. Ол Меңдіқара ауданында қазақ мектебіне ғимарат алып беруге, бұрын-соңды қазақ мектебі болмаған Қарасу ауданында үй-үйді аралап, мемлекеттік тілдегі білім ордасын ашуға, Федоров ауданында қазақ мектебін салып, балалардың ана тілінде оқуына тікелей мұрындық болды. Сондай-ақ, Қостанай ауданының әкімі болған кезінде Затобол поселкесі – Тобыл қаласы, сондағы Калинин көшесі – Тәуелсіздік болып аталды.
Аталмыш ауданға қарасты Глазунов округі мен ауылы – Айсара, Давыденовка ауылы – Еңбек, Борис-Романовка ауылы – екі рет Кеңес Одағының Батыры атанған Иван Павлов, Семеновка ауылы – Қостомар деп аталды.
Әкімнің айтуына қарағанда, талас-тартыссыз бітпейтін осындай игі істердің бас-қасында Рахым Жұмағұлов секілді қайраткер ағаларымыздың болып, жанашырлық танытса әбден жарасатын еді.
Сол уақытта бір ғана Глазунов ауылының өзінде төрт Комсомольская, Озерная, Спортивная, Орденоносная көшелері – Тәуелсіздік, Астана, Достық, Бірлік секілді қазақша атауларға ие болды. Міне, мұндай өзгерістер қаншама күш-жігерді, елжандылық пен іскерлікті қажет етеді емес пе?
Ыбырай Алтынсарин – ұлы ағартушы әрі ұлтымыздың мақтанышы. Облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтың бастамасымен бабамыздың кесенесін бүгінгі уақыт талабына сай қайта қалпына келтіруге атсалысқан жанашыр азаматтардың бірі екендігін де айта кеткеніміз жөн.
Оның Қостанай шаһарының тізгінін қолға алғанына да екі жылдан асты. Өзінің іскерлік, қайраткерлік қырларын жарқырата көрсете білді. Мәселен, қаланың қақ ортасындағы Пушкин және Алтынсарин көшесінің қиылысында қазақтың тұңғыш мүсіншісі, халық суретшісі Хәкімжан Наурызбаевтың, орталық саябақтың алдында ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдығы қарсаңында ескерткіштерін орнатуға ықпал етті. Басқа да оның бастамасымен жүзеге асырылып жатқан игі істер қай салада да жеткілікті. Осы мысалдардан әкімнің қаншалықты руханиятқа жаны жақын екендігін пайымдау кімге болсын қиынға соға қоймас.
Жалпы, қазіргі таңда көшеге ұлы тұлғалардың есімдерін беру мен атау халықтың қолдауымен ғана жүзеге асады. Кейбіреулер ойлайтындай, ол бір ғана әкімнің шешімімен жүзеге асырыла салатын оңай шаруа емес. Оған да уақыт керек. Бәрі де заң жүзінде орындалуы тиіс. Белгілі талабы мен тәртібі бар. Алдымен, қала басшысының атына заңды не жеке тұлғадан өтініш түседі. Содан соң ол өтініш пен ұсыныс қалалық мәслихатқа көпшілік тыңдауын өткізуге жіберіледі.
Мәслихатта жұршылықтың қатысуымен қос тілде хаттама әзірленеді. Мұнда депутаттар да дауыс бере алады. Осыдан кейін ғана қала әкімдігі мен қалалық мәслихаттың бірлескен қаулысы шығарылып, Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы ономастикалық комиссияға жолданады. Сөйтіп, олар тиісті қорытынды шығарады.
Жасыратын ештеңесі жоқ, басқа қазақы өңірлерге қарағанда солтүстікте өзге ұлттардың саны басым екендігін ескермеске болмайды. Көпшілік тыңдауда дауыс берген кезде ол айқын сезіледі. Сондықтан, мұндай тарихи тұлғалар жайлы сөз болғанда ғалымдар мен қаламгерлер қауымы да олар жайлы танымдық мақалаларды орыс тілінде де көбірек насихаттап, көпшілік назарына ұсынса артық болмас еді.
Баршаға мәлім, биыл республикамызда ұлттық халық санағы өтеді. Сол себептен де мамыр айынан қарашаға дейін көшелердің атауын өзгерту мен қайта атау елімізде уақытша тоқтатылды.
Міне, осы мемлекетіміз үшін аса маңызды жайларды ескермесе болмайды. Ата-бабамыздан келе жатқан «Келісіп пішкен тон келте болмас» деген қағиданы басшылыққа алып, қай мәселені қолға алмас бұрын әбден ойланып-толғанып, түйінді бір шешімге келген дұрыс болар.
Оразалы Жақсанов, Қостанай қалалық қоғамдық кеңесінің төрағасы