Журналистиканың қоғамдағы рөлі айшықталды

0
1764

ӘлФараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Тәуелсіздік жылдарындағы ақпараттық кеңістік» атты халықаралық ғылыми онлайнфорум өтті. «Айқап» журналының – 110, «Ақиқат» журналының – 100, «Жас Алаш» газеті мен «Қазақ радиосының» 100 жылдығына орайластырылған ауқымды шараға мемлекет және қоғам қайраткерлері, танымал БАҚ өкілдері қатысты.

Алқалы жиынды ашқан Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев қазақ журналистикасының бай тарихына тоқталды. ХІХ ғасырдың соңында пайда болған ол дәуірмен бірге өсіп жетілді. Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов, Ғани Мұратбаев, Ілияс Жансүгіров, Ахмет Байтұрсынов сынды қазақ журналистикасының майталмандары мен мақтаныштарын, көрнекті редакторлар мен журналистерді еске алды.

Форум аясында ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп пен ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Сауытбек Әбдірахманов баяндама жасап, журналистиканың қоғам өміріндегі маңызды рөлін ашып көрсетті. Қазақстан Республикасының Ұлыбританиядағы Елшілігінің баспасөз атташесі Әйгерім Сейсембаева заманауи публицистиканың өзекті мәселелерін саралады.

Сөз сөйлеушілер тәуелсіз елмен бірге журналистика да өсті, ал БАҚ өкілдері өздері оқыған және жоғары білікті маман ретінде қалыптасқан дәстүрлерге ыждаһаттылықпен қарап, сақтай алды деген пікірді алға тартты.

Шарада қазіргі журналистиканың қоғамдағы орны кеңінен талқыланды. Пандемияға қарамастан, тікелей эфирде жұмыс істеп, оқырмандар мен көрермендерге шынайы ақпарат беріп жатқан журналистер қауымының жанкешті еңбегі де ерекше аталып өтті.

Сондай-ақ қатысушылар ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің кәсіби маман даярлаудағы үлесін атап өтіп, сол журналистердің отандық БАҚ-та және ел атынан шетелдерде абыроймен қызмет етіп жүргенін тілге тиек етті.

Еліміздің алғашқы журфагының 87 жылдық мол тәжірибесі – алдыңғы толқын өкілдерін есте сақтайтын әрі құрметтейтін және уақыттың кез келген сын-қатерлеріне төтеп беретін нағыз мамандардың дәл осында, қара шаңырақта даярланатынын көрсетіп берді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here