1991 жылдың қазан айында 12 кеңестік республика (ішінде Қазақстан да бар) Кеңес Одағының сыртқы қарызын бөліп алу жөнінде меморандумға қол қойды. Ал, Латвия, Литва және Эстония әдеттегідей бірден ат-тонын ала қашты. Сөйтіп, Патшалық Ресейден Кеңес Одағына, Кеңес Одағынан жаңадан азаттық алған елдерге мұраға қалған қарыз Балтық елдерін қоспағанда сол 12 кеңестік республиканың экономикалық жағдайына байланысты бөлінетін болып келісілді. Мәселен, Кеңес Одағының мұрагері ретінде Ресей Федерациясы барлық сыртқы қарыздың 61%-ын, яғни 57 млрд долларын төлейтін болса, 1%-ға да жетпейтін сомасы әлеуметтік-экономикалық жағдайы төмен саналған Қырғызстан (0,95%) мен Тәжікстанның (0,82%) мойнына артылды. Есесіне алып империяның іштегі және сырттағы активтері де солай бөлінетін болды. Дегенмен, 1,5 жылдан кейін бұл меморандум бұрынғы кеңестік республикалардың келісімімен өз күшін жойды.
КЕҢЕС ОДАҒЫ КІМНЕН ҚАРЫЗ АЛЫП, КІМГЕ ҚАРЫЗ БЕРГЕН?
1993 жылы 2 сәуірде Ресей Федерациясының Үкіметі Кеңес Одағының құрамында болған тәуелсіз елдермен бір келісімге келгенін мәлімдеді. Келісім бойынша Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Әзербайжан, Армения, Грузия, Беларусь, Украина және Молдова Кеңес Одағының барлық активтерінен Ресей Федерациясының пайдасына бас тартса, ал Мәскеу мұраға қалған 96,6 млрд доллар қарызды бір өзі қайтаратынына міндеттеме алды. Содан тоқсаныншы жылдардың басында Ресей Федерациясы Париж клубына мүше елдерге (Аустралия, Австрия, Бельгия, Ұлыбритания, Германия, АҚШ, Дания, Израиль, Ирландия, Испания, Италия, Канада, Нидерланды, Норвегия, Оңтүстік Корея, Финляндия, Франция, Швейцария, Швеция, Жапония), бұрынғы социалистік кейбір елдерге (Польша, Чехия, Словакия, Венгрия, Румыния, Болгария), 1918-2003 жылдары өмір сүрген Югославияға (Словения, Хорватия, Босния және Герцеговина, Македония, Сербия, Черногория) және Кувейт, БАӘ, Түркия сынды бірқатар елдерге қарыз болып шықты.
Бір айта кетерлігі, Кеңес Одағының жарты әлемге қарызынан Ресей Федерациясы абыроймен құтылды. Айталық, Париж клубына мүше 20 елдің алдындағы барлық берешегін 2006 жылы уақытынан бұрын өтеді. БАӘ (580 млн доллар), Чехия (352,5 млн доллар), Словения (129,2 млн доллар), Болгария (38,5 млн доллар) және Уругвай (1,2 млн доллар) алдындағы қарыз ақшалай да, заттай да қайтарылды. 2015 жылы Қытай Халық Респуб-ликасы 400 млн швейцарлық франк қарызын қайтарып алды. 2016 жылы Кувейтпен есеп айырысты. Қарызының 1,1 млрд долларын ақшамен, ал 620 млн долларын тауармен қайтарды. Македонияның 60,6 млн долларын да сол жылы берді. Кеңес Одағынан қалған соңғы қарыздан Ресей Федерациясы 2017 жылы толықтай құтылды. Босния және Герцеговина елінің қолына 125,2 млн доллар ұстатты.
Бір қызығы, Мәскеу ширек ғасыр бойы Кеңес Одағының қарызын төлеп келсе, ал соңғы 20 жылда Кеңес Одағына қарыз саналған кейбір елдердің 140 млрд доллар қарызын кешірді. Өйткені, ұзақ жылдар бойы қаншама елді ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап келген алып империя өткен ғасырда Африка мен Латын Американың кедей елдерін және өзінің одақтас саналған социалистік елдерін жарылқапты. Яғни, Танзания, Бенин, Мали, Мадагаскар, Чад, Йемен, Мозамбик, Солтүстік Корея сияқты өз күнін өзі әрең көріп жүрген кедей елдерден Мәскеу қарыздың ешқашан қайтпайтынын жақсы түсініп, Кеңес Одағынан бері өтелмей келе жатқан қарыздардың көбін кешірді. Сөйтіп, қыруар қаржы құмға сіңген судай жоқ болды. (Кестені қараңыз).
ФРАНЦУЗДАР РЕСЕЙДІ НЕГЕ ҚАРЫЗ САНАЙДЫ?
Мәскеу 2017 жылы Патшалық Ресей мен Кеңес Одағының барлық берешегінен құтылғанын ресми түрде мәлімдеді. Дегенмен, Кремльдің бұл ұстанымымен мыңдаған француздар келіспейді.
Мемлекеттік деңгейде бұл мәселе шешілген болса да, қарызды қайтару парыз екенін алға тартқан 400 мыңнан астам рантьенің ұрпақтары (рантье – құнды қағаздар, банктік салым арқылы пайда табатын топ) Мәскеуден Патшалық Ресей кезеңіндегі қарыздарын қайтарып алуды көздейді. Бүгінде бұл іске шындап кірісті.
1918 жылдың қаңтар айында Бүкілресейлік орталық атқару комитетінің (БОАК) төрағасы Яков Свердлов Патшалық Ресей мен Уақытша үкімет қарыздарының жойылғаны жайында декретке қол қойды. Осы құжаттың негізінде 60 миллиард рубль көлеміндегі мемлекеттің ішкі және сыртқы қарызы жойылды. Зардап шеккендердің ішінде Қазан төңкерісіне дейін Ресейді несиемен қаржыландырған шетелдіктермен қатар жекелеген инвесторлар да болды. Осылайша, бұл декрет ХІХ ғасырдың екінші жартысында патшалық облигацияларға 15 миллиард алтын франк салым жасаған француздарды тақырға отырғызды. Өйткені, Азамат соғысынан кейін құрылған Кеңестік Ресей Патшалық Ресейдің қарызын мойнына алған жоқ.
Бүгінгі күні Францияда рантьенің жүз мыңдаған ұрпақтары өмір сүреді. Олардың қолдарында өтелмеген патшалық құнды қағаздар бар. Қағаздардың құндылығы 10-30 миллиард еуроға бағаланған. Мұрагерлердің талаптарымен Халықаралық федеративтік ассоциация (AFIPER) айналысады.
Негізінен халықаралық деңгейде бұл мәселе шешілген болып есептеледі. Айталық, 1997 жылы ресми Мәскеу мен Париж Патшалық Ресейдің 400 миллион доллар көлеміндегі қарызын қайтару бойынша келісімге қол қойды. Келісімнің аясында 50 миллион доллар көлеміндегі соңғы транш 2000 жылдың 1 тамызында Францияға аударылды. Өтемақы ретінде бұл қаржының үштен екі бөлігі ескі құнды қағаздардың иелеріне, үштен бірі төңкеріске дейінгі Ресейде жылжымайтын мүлікке иелік еткен рантье ұрпақтарына берілді. Алайда, рантье ұрпақтары Ресей Федерациясы тарапынан бөлінген бұл өтемақының сомасымен келіспейді.
Әрине, Франциядағы рантье ұрпақтарының уәждерімен келіспеске болмайды. Өйткені, Ресей Федерациясы өтеген сол 400 миллион долларды қолында облигациясы бар 400 мың французға бөлсек, өтемақы мардымсыз болып шығады. Шамамен рантьенің әр ұрпағына 1 000 доллардан келеді.
Рас, рантье ұрпақтарының бұдан да көп өтемақы алулары заңды. Бірақ, олар өтемақыны Мәскеуден емес, Парижден талап еткендері орынды болады. Неге десеңіз, Ресей мен Франция арасындағы 1945 жылғы 9 мамырға дейінгі мүлік жөніндегі талаптар мен екіжақты қарызды реттеу бойынша үкіметаралық келісімде тек қана қаржылай қайтарым қарастырылмаған. Аталған құжатқа сәйкес, Ресей Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін француздардың қолында қалған 47,5 тонна алтынды қудаламайтын болды.
Тарихқа сәл шегініс жасасақ, Брест-Литовск бейбіт келісіміне сәйкес 1918 жылдың күзінде Кеңестік Ресейден Берлинге 93,5 тонна алтын жөнелтіледі. Оның үлкен көлемі соғыста жеңілген Германияның контрибуциясы (жеңген елдің жеңілген елден бітім шарты бойынша алатын салығы, – ред.) есебінде Францияда қалады. Осылайша, бір ғасыр бұрын Париж бұрынғы одақтас ел алтынының жартысын иемденеді. Егерде, Франция үкіметі өтемақы мәселесін ағылшындардай ұлттық қорда сақталған алтынды ақшаға айналдыру тұрғысынан шешкенде, Патшалық Ресейде қарызы қалған рантье ұрпақтары Ресей Федерациясынан алған 1 000 доллардан әлдеқайда көбірек өтемақы алар еді.
ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН
«Қасыңнан қарыз алма – өтей алмасаң үйің кетеді» дегенді жақсы түсінген Мәскеу ел бюджетіне ауыр салмақ түсіріп тұрғанына қарамастан сонау Патшалық Ресей мен Кеңес Одағынан мұраға қалған 96,6 млрд доллар қарызды ширек ғасырда берешек болған елдерге қайтарып берді. Алдымен байырғы бақталастары – Париж клубына мүше елдерден құтылды. Қалған елдерді де ренжіткен жоқ. Осылайша, «берген қарыз – бедел өсіретінін, қайтқан қарыз – мерей өсіретінін» дәлелдеді.
Жасұлан МӘУЛЕНҰЛЫ, «Qazaq» газеті