Ресми статистикаға сенсек, елімізде жеңіл өнеркәсіп саласында 1 044 кәсіпорын (кәсіпорыннан бұрын оның басым бөлігі кішігірім тігін цехтары, – ред.) бар. Бұл сала 12 мың адамды жұмыспен қамтып отыр. 2019 жылмен салыстырғанда отандық жеңіл өнеркәсіптен түсетін пайда 2020 жылы 14,5%-ға артып, 1,3 млрд теңге табыс әкелді. Бірақ, бұл сандар жеңіл өнеркәсібі жолға қойылған көршілес елдермен салыстырғанда өте аз. Экспортталған тауар көлемі жағынан да, табыс жағынан да өзгелермен иық тіресер деңгейде емеспіз. Отандық жеңіл өнеркәсіптің дамуына импорттың тежеу болып отырғанын бесіктегі балаға дейін біледі. Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін киім нарығындағы импорттаушы елдерге пандемияның қалай әсер еткеніне, құбылмалы нарықтағы қазақстандықтардың сұранысына тоқталады.
КИІМ-КЕШЕК ИМПОРТЫНЫҢ 95 ПАЙЫЗЫ ТӨРТ ЕЛГЕ ТИЕСІЛІ
Өткен жылы киім мен тоқыма өнімдерінің отандық нарығы қайта құрылды. Қытай өзінің нарықтағы үстемдігін қайтарып алды. Аспан асты елінен 2020 жылы тоқыма мен трикотаждан тігілген 44,6 мың тонна киім-кешек әкелінді. Бұл 2019 жылы елге әкелінген тауарлардан үш есе көп болғанымен, табыс мөлшері біршама бәсеңдеді. Импорт 66,2 млн долларға, нақты айтқанда, 2019 жылғы 692 млн доллардан 2020 жылы 626 млн долларға дейін азайып, шамамен 10%-ға арзандады. Қазақстанға негізгі импорттаушы елдер: Қытай, Өзбекстан, Ресей, Түркия. Олар 73,2 мың тоқыма өнімдерін әкеліп, импорттың 95%-ын жаулап алды. Аталған елдер өткен жылы импорт көлемін едәуір ұлғайтты. Қытай 2019 жылмен салыстырғанда 44,6%, Өзбекстан – 30%, Ресей – 9% мөлшерде тауар көлемін көбейтті. Импорт көлемінің 15%-ын жоғалтқан Түркия ғана болды.
Жалпы алғанда, 2020 жыл қытайлық киім-кешек импорттаушылар үшін табысты жыл болды. Қытай Қазақстан нарығынан 194,6 млн доллар қаражат тапты. Табысын 2019 жылмен салыстырғанда 7%-ға өсірген аспан асты елінің асығы алшысынан түсті. Өсім ҚХР-ге нарықтағы абсолютті көшбасшылығын қалпына келтіруге жағдай туғызды. Қытай – тауарларды жеткізу көлемі бойынша да, табыс мөлшері бойынша да нарықтағы ең ірі импортер. Бұдан бес жыл бұрын табысты импорттаушы елдердің көшін Ресей бастаған еді. Бірақ, бұл жылдары Ресей тауарларын Қытаймен салыстырғанда үш-төрт есе аз кіргізген еді.
2015-2020 жылдары Қытай елімізге киім-кешек пен тоқыма өнімдерін көп мөлшерде тонналап кіргізді. 2018 жылы Өзбекстан да ірі көлемде тауар импорттады. 2020 жылы Түркия еліміздің киім-кешек импорты нарығында үшінші орынды иеленді. 114,3 млн доллар түрік импорттаушыларының қалтасына кетті. Дегенмен, түріктердің бұған қуана қоюы екі талай. Себебі, бұл 2019 жылы тапқан табыстарынан 17%-ға аз.
Ондыққа кіретін импорттаушы елдерге келетін болсақ, биылғы жыл оларға аса табыс әкелмеді. Қазақстан нарығынан түсетін пайданың 7-30%-нан айырылып қалды. Дания, Сингапур, Австрия, Ирландия сынды елдер импорттаушылар сапынан шықты.
ПАНДЕМИЯ САЛДАРЫ
Қазақстанда әрбір импорттаушы елмен киім саудасында өзіндік ерекшеліктері бар. Мысалы, Қытайдың 7% өсім көруі 2020 жылдың соңында екі ел арасындағы тауар айналымының 4%-ға ұлғаюымен тікелей байланысты. Аспан асты елінен жейделер, футболкалар, трикотаж өнімдері мен үй киімдерінің түр-түрі әкелінді. Тауарлар айналымында трикотаж шұлықтары үлкен өсім көрсетті. 44 мың тонна қытай тауарларының 18 мың тоннасын (жылына 7 мың тонна қосылды, жалпы өсім 13,6 мың тонна) трикотаж өнімдері иеленді. Осы тауарларымен Қытай Қазақстаннан 30 млн АҚШ долларын өндірген.
Өзбекстаннан келетін тауар көлемінің ұлғаюы (тоннамен 30%) әйелдер мен балалар киімдерінің импортын өсіруіне байланысты. Алайда, Өзбекстанның табар табысы Қытаймен салыстыруға келмейді. Доллармен есептегенде, Өзбекстаннан импортталатын тауарлардың құны төмендеген. Бірақ, валюта бағамының әртүрлігін ескерсек, Өзбекстанның ұтылар тұсы көрінбейді.
«Біріншіден, өзбек өндірушілерінің жекеленген санаттарына пандемия кезінде Қазақстан тарапынан сұраныс азайды. Екіншіден, тауар көлемінің өсуі экспорт пен импорттың әртараптандырылуымен, тұтынушылардың арзан тауарға деген талғамының өзгеруімен байланысты. Тоқыма өнімдерінің белгілі бір бөлігін әлеуметтік жүйенің қажеттіліктері үшін сатып алуға болатындығын ескеру қажет», – деп түсіндірді Өзбекстан экономикалық зерттеулер мен реформалар орталығының жетекшісі Руслан Абатуров.
Сарапшының сөзінше, 2020 жылдың бірінші жартысында пандемия киімге деген сұранысты төмендеткен. Солай десек те, кәсіпкерлер тілімен айтқанда, әр қиындықтың артында бір мүмкіндік тұратыны бар. Ауруханалардың медициналық бетпердеге, төсек жаймаларына, қорғаныс киімдеріне деген сұранысы артты.
Абатуровтың айтуынша, киім-кешек пен тоқыма өнімдерінің, медициналық-әлеуметтік қызметтерге қажетті өнімдердің елімізге импортталуын кедендік статистика бөлімі қамтамасыз етеді. Бұл экспорт пен импорттан түсетін заттай және қаржылай табыс мөлшерінің нәтижесін бұрмалауы мүмкін. Сондай-ақ, тұтынушылардың киімге деген сұранысының қалай өзгергенін анықтауда қиындық тудыруы ықтимал.
Түркиялық өндірушілер импорттың төмендеуін бірнеше себептермен байланыстырады. Бірінші кезекте бағалы брендтерге деген сұраныс төмендеді. Бұл туралы «VayTurkeyOpt» киім компаниясының негізін қалаушы Ислам Исаев өз тұжырымымен бөлісті.
«Пандемия кезінде арзан тауарларға деген сұраныс басым болды. Қазақстандық тұтынушыларымыз қолжетімді бағадағы тауарларымызды ғана сатып ала бастады. Өйткені, халық әр тиынын үнемдеуге көшті. Бірақ, биыл карантин талаптары азая бастағанда тұтынушылардың сұранысы қайтадан артты. Қазақстандық кәсіпкерлер сауда орындарын қайта ашуға кірісті», – деп санайды түркиялық кәсіпкер.
Пандемия салдарынан шекараның жабылуы, сауда орындарының жұмысына енгізілген шектеулер киім нарығының қарқынын едәуір бәсеңдетті. Мәселен, өткен жылы француз-түрік бренді – LC Waikiki компаниясы сатылымының үштен бірі төмендеді. Соған қарамастан атақты компанияның уығы шайқалмаған көрінеді.
LC Waikiki компаниясының логистика директоры Харун Сарапчиоғлының айтуынша, компания өнімдері төмен баға сегментіне жатады. Бұл қиын кезеңде тұтынушылардың LC Waikiki өнімдерін таңдауына жол ашты.
ОНЛАЙН САУДАНЫҢ КӨРІГІ ҚЫЗДЫ
Импорттаушылар қазақстандықтардың ғаламтор арқылы киім сатып алулары жиілегенін айтады. Қазақстандағы шведтік H&M компаниясы брендтерінің сатылымы кронаға шаққанда 21%-ға, теңгеге шаққанда 15%-ға дейін құлдырады. Бірақ, әлем бойынша брендтің онлайн саудасы қызып тұр және H&M компаниясы сатылымдарының үштен бірін құрап отыр.
«Коронавирустың әсерінен fashion сегментіндегі жалпы сұраныстың құлдырауына қарамастан, Қазақстандағы WildВerries интернет-дүкенінің сатылымы 91%-ға өсті. Тауар көлемінің көбеюі 107%-ды құрады», – деп хабар таратты ресейлік компанияның Баспасөз қызметі.
Онлайн-гипермаркетінің мамандары бір жыл ішінде қазақстандық тұтынушылардың қалауы қалай өзгергенін байқады. Атап айтқанда, ел тұрғындары іскери стильдегі костюмдер мен пиджактарға тапсырыс беруді азайтқан. Қашықтықта жұмыс істеуге ыңғайлы болғандықтан, үйге арналған киімдерге сұраныс артқан. Мысалы, Қазақстанда WildВerries-тен күртешелер сатып алу көлемі – 110%-ға, кигурумилерді – 353%-ға, халаттарды – 175%-ға, пижамаларды – 276%-ға, спорттық киімдер сатылымы –947%-ға дейін өскен.
ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН
Ауыр өнеркәсіп пен жеңіл өнеркәсіп мемлекет экономикасының қос қанатындай. Өкінерлігі сол, қанаты сынған құстың кебін кешіп отырмыз. Импортқа тәуелділік неғұрлым артса, теңгенің құлдырауы да соғұрлым тез боларын ұмытпағанымыз абзал. Бұл – бір. Екіншіден, жеңіл өнеркәсіп – тұрғындарды жұмыспен көбірек қамтуға мүмкіндік беретін әлеуметтік маңызы зор саланың бірі. Тек жеңіл өнеркәсіптің өзінен бюджетінің 20 пайызын құрап, экономикасына әжептәуір пайда келтіріп отырған елдер бар. Айталық, Үндістан, Қытай, Түркия елдерінде еңбекке жарамды халықтың 20 пайызы осы кәсіппен шұғылданады. Бұған сол елдерде еркін экономикалық аймақтардың құрылуы, жеңілдетілген салықтар, пайызы төмен несиелер, мемлекеттік инвестициялар оң ықпалын тигізгенін ешкім жоққа шығармайды. Жеңіл өнеркәсіп саласы Португалияда жалпы ішкі өнімінің 22 пайызын құрайды. Ал, бұл көрсеткіш Қытайда – 20 пайызға, Үндістанда – 15 пайызға, Италияда – 12 пайызға, Түркияда – 10 пайызға тең. Әлемдегі матаның 30 пайызын – Қытай, 14 пайызын – Малайзия, 10 пайызын – Үндістан шығарады. Түркиядағы 40 мыңға жуық ірі фабрикада 2 миллионнан астам адам еңбек етеді. Сондықтан бұл салаға жүрдім-бардым қарауға болмайды. Өкінішке қарай, Қазақстанға киім-кешек өндірісінің 90 пайызы импорт арқылы сырттан келеді. Сөз жоқ, мұндай жағдайда жеңіл өнеркәсіптің бағы жана алмайды.
Фараби СӘЙКЕНОВ