Our World in Data порталының 21 шілдедегі соңғы мәліметіне сенсек, Моңғолияда халықтың 57,1 пайызы вакцинаның толық дозасын қабылдады. Бұл көрсеткіш бойынша жері көп, халқы аз ел әлемде алғашқы бестікке еніп, дамыған елдер Израиль, АҚШ және Ұлыбританиямен иық тірестіріп тұр. Салыстырмалы түрде айтсақ, әлем халқының 13,1 пайызы вакцина паспортын алса, бұл көрсеткіш Моңғолияның көршілері Ресейде 14,4%-ды, Қытайда 15,9%-ды құрайды. Дегенмен, оңтүстік пен солтүстіктегі көршілерінің өздері шығарып отырған бірнеше вакциналары барын ескерсек, Моңғолия билігінің халықты жаппай вакциналау науқанын сәтті жүргізіп отырғанын атап өтпеске тағы болмайды. Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін Ұлан-Батырдың коронавируспен күрестегі жетістігіне тоқталады.
МОҢҒОЛДАР ЕКПЕГЕ НЕГЕ ҚАРСЫ БОЛМАДЫ?
Жалпы, Моңғолия халқы о баста екпеге оң қабақ танытып, көзге көрінбейтін жауды жеңудің жалғыз жолы – екпе қабылдау екенін бірден түсінді. Мұны «Gallup» америкалық қоғамдық пікір институтының сауалнамасы растайды. 60 жылдан астам тарихы бар қоғамдық пікір институтының 2020 жылдың соңында жүргізген сауалнамасында оған қатысқан моңғолдардың 61%-ы екпе салдыруға дайын екенін, 7%-ы қажет болған жағдайда одан бас тартпайтынын айтқан. Сондықтан Моңғолия халқының екпені ерікті түрде салдырып жатқандарына күмән келтіруге болмайды. Оның үстіне жергілікті биліктің екпе салдырғандарды ақшалай ынталандырып жатқаны да халықты жаппай вакциналау науқанына оң әсер етіп отыр.
Рас, Моңғолия билігі жаппай вакциналау науқанына ерте қамданып, оны былтыр бастап та кетті. Биліктің бұл әрекетіне жергілікті халық та қарсылық танытқан жоқ. Өйткені, ондай батыл әрекетке бармаса, онсыз да халқы аз мемлекет қынадай қырылғысы келмеді. Мысалы, 21 шілдедегі мәлімет бойынша, індет алғаш тіркелген күннен бастап осы күнге дейін Моңғолияда 148 мың адам коронавирус жұқтырған. Бұл 3,3 млн ғана халқы бар мемлекет үшін өте көп көрсеткіш. Содан билік пен халық арқаны кеңге салуға болмайтынын бірден түсінді. Моңғол билігінің оңтайлы шешімі және тұрғындардың түсіністік танытуының арқасында бұл елде адам шығыны өзге елдерге қарағанда аз болды. Осы күнге дейін 740 адам коронавирустан көз жұмды. Салыстырмалы түрде айтсақ, халқы Моңғолиямен шамалас Босния және Герцеговинада 9,7 мың, Молдовада 6,2 мың, Уругвайда 5,8 мың адам коронавирустың құрбаны болды. Демек, моңғол билігінің коронавируспен күрестегі саясаты өз жемісін беріп, жаппай адам шығынының алдын алды.
МОҢҒОЛДАР ӘЛЕМДЕ МОЙЫНДАЛҒАН ТӨРТ ЕКПЕНІ ДЕ ҚАБЫЛДАП ЖАТЫР
Былтыр қыста басталған екпе науқаны бүгінде өз жемісін бере бастады. Сөйтіп, билік аз халқын екпемен қамтамасыз ете алды. Қазір 1,8 млн адам екпенің толық дозасын қабылдады. Жоғарыда айтқанымыздай, бұл – Моңғолия халқының 57,1%-ы. Бұл орталық және оңтүстік-шығыс Азиядағы ең жоғары көрсеткіш. Мұндай көрсеткішпен Сингапур (49,1%), Жапония (22,5%), Оңтүстік Корея (12,8%), Малайзия (14,6%) сияқты Азияның дамыған елдері де мақтана алмайды.
Былтыр көктемде Еуропа, Латын Америка мен Солтүстік Америка елдерінде коронавирус жаппай таралып жатқанда, Моңғолия ол жақтағыдай әбігерге түскен жоқ. Дегенмен, сақтық шараларын қолға алды. Сондықтан пандемия жарияланған он айдан кейін ғана жаппай коронавирус жұқтыру деректері тіркеле бастады. Локдаун жарияланған екі айдан кейін Үкіметтің коронавируспен күрестегі жұмысын тиімсіз деп санаған Ұлы Хурал (Парламент) Премьер-министр Ухнаагийн Хурэлсухты отставкаға жіберді. Жаңадан тағайындалған Оюун-Эрдэнэ Лувсаннамсрай локдаун мен шекараның жабылуынан қатты зардап шеккен ел экономикасын қалпына келтіруге уәде берді. 32-ші Үкімет басшысы халық алдындағы уәдесін орындау үшін алдымен коронавируспен күресу керектігін жақсы түсінді. Ал, қалыпты өмірге оралудың жалғыз жолы – халықты жаппай вакциналау науқанын сәтті іске асыру еді.
Моңғол билігі алдымен вакцина шығаратын қос көршісіне өтінішпен шықты. Батыс елдерінен де көмек сұрады. Дамушы және артта қалған елдердегі вакцинация мәселесін шешу үшін қолға алынған Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының «COVAX» бағдарламасы аясында тегін екпе алуды да арсынбады. Қажет екпелерді сатып алуға да қаржыны аямады. Содан қазір әлемдік қауымдастық екпе тапшылығын бастан өткеріп жатқанда, моңғол билігі вакцина мәселесін толық шешіп алды. Бұл елде қазір екпенің қажетті дозасы бар. Олар әлемде мойындалған «AstraZeneca», «Pfizer», «Sinopharm», «Sputnik V» екпелерін қабылдап жатыр. Яғни, моңғолдарда таңдау көп.
Әрине, премьердің «Коронавируссыз жаз» уәдесі әлі орындала қойған жоқ. Дегенмен, Ұлан-Батыр бұл мақсатына жетуге аз қалды. Мысалы, 15 мамырда 16-17 жастағы жеткіншектер де екпе қабылдай бастады. Олар америкалық «Pfizer», қытайлық «Fosun Pharma» және немістің «BioNTech» компаниялары бірлесіп жасаған халық арасында «Pfizer» аталып кеткен «BNT162b2» вакцинасын қабылдап жатыр. Жеткіншектер екпе қабылдауға ата-анасынан немесе қамқоршысынан рұқсат алса болды. Қазір Моңғолия Денсаулық сақтау министрлігі коронавирустың жаңа штамдары балаларға да жұғып жатқандықтан, 12-15 жастағы жеткіншектерге де екпе салу мәселесін қарастыру үстінде. Мәселе оңтайлы шешілетін болса, моңғол жеткіншектері сол «Pfizer» екпесін қабылдайды.
Халықты толықтай екпемен қамтамасыз ету экономикасы әлсіз әрі өзі екпе өндірмейтін Моңғолия үшін сөзсіз үлкен жеңіс. Оны Брюссельдегі Ресейдің Еуропа мен Азиядағы зерттеу орталығының директоры Тереза Фаллон да атап өтті. «Бұл Моңғолияның екі ұлы державаның тілін тапқанын, олармен әріптестігін өз пайдасына шешкенін көрсетеді», – деді сарапшы.
Тереза Фаллон айтқандай, Моңғолия Батыс елдерінің екпелерімен қатар ресейлік «Sputnik V» мен қытайлық «Sinopharm» екпелерін сатып та, гуманитарлық бағытпен тегін де алды. Мысалы, Моңғолияға бір млн ресейлік, төрт млн қытайлық екпенің дозасы жеткізілді. Оның сыртында Моңғолия «COVAX» бағдарламасы аясында екпеге мұқтаж елдердің бірі ретінде жоғарыда аталған «Pfizer» және «AstraZeneca» ағылшын-швед фармкомпаниясы мен University of Oxford бірлесе жасаған «AstraZeneca» екпелерінің 2,6 млн дозасын алып үлгерді. Үндістан үкіметі де гуманитарлық көмек ретінде Моңғолияға «AstraZeneca» екпесінің 15 мың дозасын ақпан айында берді. Ал, көктемде Үндістанда коронавирустан халық қынадай қырылып жатқанда, Моңғолия оларға бір млн доллар қаржы бөлді.
ЕКПЕ САЛДЫРҒАНДАР ҮКІМЕТТЕН 50 МЫҢ ТУГРИК АЛАДЫ
Моңғолияда халықты жаппай вакциналау науқаны ресми түрде 2021 жылдың 23 ақпанында басталды. Алғашқыда екпені коронавируспен күресте алдыңғы шепте жүрген дәрігерлер мен қызметкерлер алды. Бұл қатарға наурызда 55 жастан асқандар, сәуірде 18 жастан асқан барлық тұрғындар қосылды. Мамырда 16-17 жастағы жеткіншектердің екпе ала бастағанын жоғарыда жаздық. Ендігі кезек балаларға да келді.
Моңғолияда біздің елдегідей халық екпені мемлекет есебінен тегін қабылдайды. Қытайлық екпеге қарағанда моңғолдардың таңдауы негізінен ресейлік екпеге түседі екен. Ал, Қытайдан «Sinopharm» екпесінің 4 млн дозасы келгенін ескерсек, олар жарамсыз болып қалмас үшін билік қулыққа басты. Яғни, қытай екпесінің толық дозасын алған моңғолдарға 50 мың тугрик (7,5 мың теңге) беріледі. «Бұл халықты ақшамен мәжбүрлеу емес, бұл – халықты ынталандыру. Өйткені, қоғам екпе алмағандар үшін басын қауіп-қатерге тікпеуі керек», – деп санайды Моңғолияның қаржы министрі Болдын Жавхлан.
Қаржы министрінің айтуынша, қазір вакцинаның бірінші дозасын алғандарға да материалдық қолдау көрсету мәселесі қарастырылып жатыр. Үкіметтен бұл мақсатқа 100 млрд тугрик (15 млрд теңге) бөлінеді. Себебі, карантиндік шектеулерден ел бюджеті күніне осынша қаржыдан қағылады.
Міне, өзге елдердің өнегесі осындай!
Жасұлан МӘУЛЕНҰЛЫ