Ақтау VS Анталья: Баға мен сапа қандай?

0
8440

Өкінішке қарай, туризмге қатысты мәліметтерді қазір пандемияға дейінгі және одан кейінгі деп бөліп қарастырамыз. Өйткені, коронавирус пандемиясына дейін туризм қарқынды дамыды. Соңғы жылдары бұл сала адам сенгісіз көрсеткіштерге қол жеткізді. Оның өсу қарқыны экономиканың басқа салаларымен салыстырғанда екі есе алда болды. Ал, инвестициялық салымдардың тиімділігі жағынан туризм мұнай өндіру өнеркәсібімен иық тірестірді. Әлемдік жалпы ішкі өнімнің 10%-ы, көрсетілетін қызметтер экспортының 30%-ы, инвестициялардың 7%-ы, жұмыс орындарының 10%-ы және барлық салық түсімдерінің 5%-ы осы саласының еншісіне тиді. Бүгінде бұл мәліметтердің бәрін өткен шақта ғана айтуға тура келеді. Себебі, көзге көрінбейтін жау 2020 жылға дейін табысты болған саланы әбден тығырыққа тіреді.

Rixos Borovoe. Бурабай. Ақмола облысы.

ПАНДЕМИЯ САЛДАРЫНАН ТУРИСТЕР САНЫ БЫЛТЫР 84 ПАЙЫЗҒА ҚЫСҚАРДЫ

Дүниежүзілік туризм ұйымының ресми мәліметінше, пандемия жарияланар жылдың алдында, 2019 жылы әлемдегі туристердің саны 1,5 млрд адамға жетті. Бұл 2018 жылмен салыстырғанда 4%-ға артық көрсеткіш. Сөйтіп, туризм саласы екі жыл бұрын 8,9 трлн доллар пайдаға кенелді. Әлемдегі 330 млн адам бұл саладан нәпақасын тапты. Әрине, 2020 жылы да бұл көрсеткіштің артатыны болжанды. Дегенмен, пандемия сарапшылар болжамына түзету енгізді. Бір жылда туристер саны 84%-ға қысқарды. Шамамен 4,5 трлн доллар табыстан қағылды. Туристерге қызмет көрсететін 100-120 млн адам жұмыссыз қалды. Экономикасы туризмге тәуелді елдердің материалдық жағдайы қиындады.

Сарапшылардың пікірінше, туризм саласының пандемияға дейінгі көрсеткішке қашан жақындайтынын кесіп айту мүмкін емес. Тіпті, алдағы екі-үш жылда да жағдай түзеле қоймайды. Өйткені, коронавирустың беті әлі бері қараған жоқ. Жаңа штамдар да оптимистік болжам жасауға мүмкіндік бермейді. Әзірге туризмнің алдағы екі-үш жылдағы болашағы бұлыңғыр.

Әрине, бұл уақытша құбылыс. Алдағы үш-төрт жылда туризм саласы еңсесін қайта тіктейді. Дүниежүзілік туризм ұйымының бағалауынша, 2030 жылға қарай танымал қалалардағы әйгілі курорттарға және тарих пен мәдениет ескерткіштеріне 1,8 млрд адам барады және туризм саласында 550 млн жұмыс орны ашылады. Демек, бұл саланың болашағына нүкте қоюға әлі ерте. Сондықтан әлем халықтары өз мәдениетін, тарихын, табиғатын туризм арқылы насихаттап, экономикасын көтеріп жатқанда, таңғажайып табиғаты, тамыры тереңге тартылған тарихы, қайталанбас бай мәдениеті бар Қазақстанның көштен қалғаны ұят тірлік.

Caspian Riviera Grand Palace. Ақтау.

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ALL INCLUSIVE ҚЫЗМЕТІ БАР ЖАЛҒЫЗ ҚОНАҚ ҮЙ

Қазіргінің сөзімен айтқанда, осы күні трендтегі бағыттар – жағажайдағы туризм. Туристердің 70 пайызы теңіз жағасын таңдайтыны жасырын емес. Бұл бағыттағы туризмді ауызға алғанда алдымен Мальдив, Түркия, Мысыр, Үндістан, Тайланд және Грекияға көп таңдау жасалады. Түркия бұрыннан туристердің жүрегін жаулап алған болса, кейінгі жылдары Мысыр да танымал бола бастады.

Жағажай туризмі туралы сөз болғанда, өзіміздің Каспий теңізіміз, Балқаш, Алакөл, Шортанды көлдеріміз ойға оралады. Міне, елімізде теңіз де, көлдер де бар. Бірақ, оларға сырттан да, іштен де туристер ағылмайды. Өйткені, бізде тамаша табиғат болғанымен, заманауи инфрақұрылым мен сапалы қызмет жоқтың қасы. Былтыр шекара жабылғанда, ішкі турзимнің жақсы көрсеткіштерге қол жеткізгені рас. Бірақ, бұл уақытша құбылыс болуы мүмкін.

Статистика комитетінің мәліметіне сенсек, Қазақстанда бес жұлдызды 25 қонақ үй бар. Дегенмен, бұл қонақ үйлердің бөлмелері ешқашан толған емес. Бөлмелерінің жартысы бос тұрады, маусым кездерінде ғана 80%-ға дейін толады. Қонақ үйлерде түнейтіндердің 49%-ын ғана шетелдіктер құрайды. Соның өзі Нұр-Сұлтан мен Алматыға іс сапармен келгендер.

Бес жұлдызы бар қонақ үйлердің жартысы осы Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында орналасқан. Ал, курорттық аймақта орналасқан сондай төрт-ақ қонақ үй бар. Соның біреуі «Rixos Water World Aktau» былтыр ашылды.

Туристер курорттық аймақта орналасқан қонақ үйлерді таңдағанда all inclusive қызметінің (бұл қонақ үй бағасына бәрі кіретін қызмет) бар-жоғына қарайды. Әлемдегі туристердің 75%-ы осы қызметті таңдайды. Түркия, Мысыр, Тайланд, Грекия сияқты туристерді құшақ жая қарсы алатын елдердегі қонақ үйлердің басым бөлігі осы жүйемен жұмыс істейді. Яғни, қонақ үй аумағындағы жүріп-тұру, ішіп-жеу бастапқы бағаға кіреді. Тур сатып алсаңыз болды, артық ақша жұмсамайсыз.

Өкінішке қарай, Қазақстандағы курорттық аймақта орналасқан әрі маңдайында бес жұлдызы жарқыраған үш қонақ үйдің біреуінде де all inclusive қызметі жоқ, бағаға жататын бөлме мен таңғы ас қана кіреді. «Rixos Water World Aktau» қонақ үйі осы олқылықтың орнын толтырмақ. Бірақ, оның бағасы да қолжетімді емес екенін айтады барғандар. Мысалы, үш күн түнеген екі адам 495 мың теңге төлейді. Бұл ондағы ең арзан бөлменің құны. Қанша all inclusive қызметі болса да, бұл қазақстандық өлшем үшін тым қымбат саналады.

Koktem Grand Resort. Алакөл. Алматы облысы.

ЕЛІМІЗДЕ АЛҒАШ РЕТ БЕС ЖҰЛДЫЗДЫ ҚОНАҚ ҮЙ ШОРТАНДЫНЫҢ ЖАҒАСЫНДА АШЫЛДЫ

Қазақстандағы курорттық бес жұлдызды қонақ үйлердің дәуірі 2012 жылы Шортанды-Бурабай курорттық аймағынан басталды. Сол жылы Шортанды көлінің жағасындағы 200 орындық бес жұлдызды «Rixos Borovoe» қонақ үйінің лентасын Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі қиды.

Бастапқыда Қазақстанның тұңғыш курорттық бес жұлдызды қонақ үйін түркиялық «Rixos Hotels» компаниясы басқарды. 2017 жылы «Rixos Borovoe» отандық «Верный Капиталдың» меншігіне өтті.

«Верный Капитал» компаниясының құрылтайшысы Ерлан Оспановтың айтуынша, қонақ үйдің құрылысы мен инфрақұрылымын дамытуға шамамен 100 млн доллар жұмсалды. Ал, бұл жобаға кеткен шығынның жемісін инвестор 8-15 жылдан кейін ғана жейді. Яғни, жұмсалған қыруар қаржының қайтарымы бірден болмайды. Ұзақ күтуге тура келеді. Оның бірнеше себебі бар. Біріншіден, бес жұлдызды қонақ үйге сұраныс аз. Өйткені, қонақ үй орналасқан Шортанды-Бурабай курорттық аймағы шетелдік туристерді айтпағанда қазақстандықтар арасында да аса тартымды емес. Ақмола облысының жауһарына көбіне өзінің іргесіндегі Нұр-Сұлтан, Көкшетау, Қарағанды қалалары мен солтүстік көршіміздің шекаралас жатқан облыстарының тұрғындары келеді. Екіншіден, өңірдің табиғаты да туристердің көптеп келуіне кедергі келтіреді. Өңірдің қысы қатал әрі ұзақ, ал жаз желді әрі қысқа. Демек, жағажай маусымы ерте көктемде басталып, күздің ортасында аяқталатын Антальядағы (Түркия) қонақ үйлердей қысқа уақытта қыруар қаржыға кенелу мүмкін емес.

Бурабайдан хан сарайындай бес жұлдызды қонақ үй саларда инвесторлар бұдан хабардар болған. Жұмсалған қаражаттың құмға сіңген судай болмайтынын түсінген. Түбі құйылған инвестицияның қайтарымы болып, пайдаға кенелетіндеріне сенген.

Әрине, «Rixos Borovoe» басшылары «қыс ұзақ, жаз қысқа» деп қарап жатқан жоқ. Жыл бойы қонақтарды күтуге жағдай жасап жатыр. Мысалы, жабық алаңда курорттық қызметтерді ұсынады. Мейрамхана мен барлар, SPA-орталықтар, жылытылатын бассейн, түрік пен фин моншалары, шағын жағажай бар. Қыста шаңғы тебуге болады. Велосипед, қайық, атпен серуендейтін қызметтер де қарастырылған. Қонақ үй жылда «Burabike Fest» атты қайырымдылық веложарысын өткізеді. Ұлыстың ұлы күнін де ескерусіз қалдырмайды. Осы уақытта «Rixos Borovoe» қонақ үйінен бос бөлме табу қиын көрінеді.

Аталған қонақ үйге 100 млн доллар инвестиция құйылғанын жоғарыда айттық. Соның жартысы банктен несиеге алынған қаржы екен.

«Жылжымайтын мүлікте 50%-дан артық қаржы қарызға алынған болса, бұл қаржы тұрғысынан өте қауіпті. Өйткені, қазіргідей экономикалық қиын кезеңде қарызға белшесінен батып кетеді. Ал, біздегі несие көлемі тұрақты режимде алаңсыз жұмыс жасауға мүмкіндік береді», – деп түсіндіреді Ерлан Оспанов.

Осындай факторларды есепке алғанда құйылған инвестицияның «Rixos Borovoe» қонақ үйі ашылған сегіз жылда толық қайтарымы болмағанын ішіміз сезеді. Ал, 15 жылда 100 млн доллар инвестицияның қайтарымы бола ма? Бұл сұраққа да инвесторлар нық сеніммен жауап қайтара алмайды. Коронавирус пандемиясы да инвесторлар жоспарына кері әсер етті. Дегенмен, былтыр шекараның жабық болғаны ішкі нарықта Шортанды-Бурабай курорттық аймағына сұранысты арттырды. Жылда Анталья (Түркия), Шарм-эль-Шейх (Мысыр), Пхукет (Тайланд) сияқты қалаларға саяхаттайтын қазақстандықтардың былтыр ішкі туризмді таңдаудан басқа амалдары да жоқ болды. Содан «Rixos Borovoe» қонақ үйінің де қалтасы қалыңдай түскен. Мұны Ерлан Оспанов та мойындайды.

Айта кетейік, бес жұлдызды қонақ үйдің 45 шаршы метрді құрайтын екі адамдық бөлмесінің бір күндік бағасы 94 мың теңгеден басталады. Бұған түскі ас қана кіреді. Яғни, «Rixos Borovoe» туристер жақсы көретін all inclusive қызметіне әлі көшкен жоқ.

Rixos Water World Aktau. Ақтау.

«RIXOS»-ТЫҢ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ «БАЛАЛАРЫ» ЖАҒАЖАЙ ТУРИЗМІНЕ ҮЛЕС ҚОСЫП ЖАТЫР

Маңғыстау курорттық аймағында 2013 жылы «Caspian Riviera Grand Palace» есігін айқара ашты. Батыстағы бұл бес жұлдызды қонақ үй «Rixos Borovoe» сияқты франшиза емес, отандық бренд десе де болады. Қожайыны – қазақстандық «Forbes» тізімінен көрініп жүрген кәсіпкер Рашит Сәрсенов. Қонақ үй 34 мың шаршы метр аумақта салынған. Яғни, жоғарыда сөз болған «Rixos Borovoe» қонақ үйінен екі есе кішкентай. Дегенмен, ақтаулық қонақ үйдің бурабайлық әріптесінен өз артықшылығы бар. Аты айтып тұрғандай қонақ үй Каспий теңізінің жағасында орналасқан. Бұл – бірінші артықшылық. Екіншіден, түрлі балықтар мекендейтін өзінің аквариумы бар. Үшіншіден, бес жұлдызды қонақ үйлермен салыстырғанда оның бағасы арзандау. Бөлмелерінің бір күндік бағасы 39,4 мың теңгеден басталады.

Бес жұлдызы жарқыраған жағажайдағы үшінші қонақ үй 2018 жылы Алакөл курорттық аймағында ашылды. «Koktem Grand Resort» деп аталатын 100 бөлмелік қонақ үй Алакөл жағасында орналасқан. Дегенмен, қонақ үй орналасқан аумақ бурабайлық қонақ үйден екі есе көп. 160 мың шаршы метрді алып жатыр. Соның 100 мың шаршы метрі жасыл желекке оранған саябақ. Қонақ үйде жылытылатын бір бассейн, Алакөл суынан құралған екі ашық бассейн, футбол, баскетбол, волейбол, теннис алаңдары, барлық жасқа арналған арнайы су атракциондары бар. Үшаралға қол созым жерде орналасқан қонақ үйдегі 17 шаршы метрлік бөлменің таңғы асымен бір күндік бағасы 31,5 мың теңгеден басталады.

Курорттық аймақта орналасқан Қазақстандағы бес жұлдызды төртінші қонақ үй былтыр Ақтауда ашылды. Бұл – all inclusive қызметін ұсынатын Қазақстан мен Орталық Азиядағы тұңғыш бес жұлдызды қонақ үй.

«Rixos Water World Aktau» атауын алған қонақ үй Каспий теңізінің жағасында орналасқан. Аты айтып тұрғандай қонақ үй түркиялық «Rixos Hotels» компаниясының брендімен салынған. Түркиялық компания 66,8 млрд теңгеге шығындалған. Құрылысқа кеткен бұл қаржының жартысы «Қазақстанның даму банкінен» несие ретінде алынған.

Ақтау қаласынан 20 км арыда орналасқан қонақ үйде 500 бөлме, террасамен он бес вилла, үш мейрамхана, жеті бар, үш бассейн, аквапарк, баспасөз орталығы, теннис алаңы және сауна, монша, массаж сияқты қызметтер көрсететін SPA-орталық бар. Бұған 420 метрге созылып жатқан жағажайды қосыңыз.

Турфирмалардың мәліметінше, 35 шаршы метрді құрайтын екі орындық бөлменің бір күндік құны 100 мың теңгеден басталады. Террасасы бар вилла үшін бір күнге 330 мың теңге сұрайды. Президенттік бөлмеде бір түнеуге шамамен 800 мың теңге кетеді.

Әрине, бұл бағаны қарапайым халықтың қалтасы көтермейді. Бірақ, «Rixos» брендімен жұмыс жасайтын әлемдегі басқа қонақ үйлермен салыстырғанда бағалар аса қымбат болмай шығады.

Бір қуаныштысы, бағасы қазақстандық өлшеммен арзан болмаса да, алдағы екі аптаның ішінде аталған қонақ үйде бос орын болмай шықты. Демек, бес жұлдызды қонақ үйге сұраныс көп деген сөз.

Айта кетейік, негізі 2000 жылы қаланған түркиялық «Rixos Hotels» компаниясының брендімен әлемнің 11 елінде 34 қонақ үй бар. Соның бесеуі Қазақстанда, атап айтқанда, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Ақтау қалалары мен Бурабайда жұмыс жасайды. Бағалары қазақстандықтардың көбіне қолжетімді емес.

Инвесторлар Бурабайдағы қонақ үйге қарағанда Ақтаудағы қонақ үйдің қайтарымы жылдам болатынына сенімді. Өйткені, Каспий теңізінің жағажайы, қолайлы табиғаты, әлемдік деңгейдегі сервис, all inclusive қызметі ішкі де, сыртқы да туристерді көптеп тартуға мүмкіндік береді.

Жалпы, нашар инфрақұрылым мен сервис қызметі Қазақстандағы туризмнің дамуына кедергі болып тұрғаны жасырын емес. Осы тұрғыдан алып қарағанда ақтаулық бес жұлдызды қонақ үйде соңғы үлгідегі инфрақұрылым да, сапалы сервистік қызмет те бар. Мысалы, қызметкерлерді дайындауға қонақ үй жанынан арнайы «Rixos Aktau Training Academy» ашылған. Қызметкерлер жарты жыл бойы қонақ үй индустриясының қыр-сырын тегін үйренген.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Қазақстандағы жағажай туризмінің дамуына кері әсер ететін бір басты фактор бар. Бізде таңдау аз, яғни бәсекелестік жоқ. Содан баға да қазақстандықтардың басым бөлігіне қолжетімсіз. Біздегі бағаны туризмі дамыған Түркиямен салыстырып көрейік. Алдымен Түркияда таңдау көп. Бес жұлдызды қонақ үйдің сан түрі бар. Бестен аз жұлдызы бар қонақ үйлер де толып тұр. Сан болған жерде сапа да, бәсекелестік те болады. Бәсекелестік жоғары болса, баға да түседі. Баға қолжетімді болған сайын ақшасы көбі де, азы да саяхатқа шығады. Бұл нарықтың жазылмаған заңы.

Енді мысалға booking.com сайтындағы бағаларды алайық. Түркияның курорттық аймағындағы all inclusive қызметін көрсететін бес жұлдызды қонақ үйлердің бір күндік бағасы 30 мың теңгеден басталады. Олар коронавирус пандемиясына байланысты бағаларын төмендеткен. Жеңілдіктері тағы бар. Айталық, Жерорта теңізінің жағасында орналасқан «Crowne Plaza Antalya» қонақ үйінің бір күндік бағасы 50 мың теңгеден жоғары. Үш мезгіл тамақ, салықтар… бәрі соның ішіне кіреді. Яғни, бес жұлдызы бар, бірақ бағасына түнейтін бөлме мен таңғы астан басқа ештеңе кірмейтін жоғарыда аталған Бурабайдағы, Алакөлдегі, Ақтаудағы қонақ үйлерден бағасы әлдеқайда төмен. Ал, Ақтаудағы бағаға алыстағы Антальяда демалуға болатын болса, көбінің Түркияны таңдайтыны сөзсіз.

Жасұлан МӘУЛЕНҰЛЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here