Шегенделген шекара

0
6786

Жас мемлекеттің эволюциялық дамуында аумақтық тұтастығын сақтай отырып, сыртқы саясатын ретке келтіру маңызды рөл атқарады. Шекараның шегенделуі – елдің егемендігін нақтылайтын негізгі фактор. Бұл – ұлттық қауіпсіздік қорғаны. Азаттық алған тоқсаныншы жылдары Қазақстан Республикасының алдында көршілес елдермен мемлекеттік шекараны айқындау міндеті тұрды. Құрлықтағы 14 мыңға жуық шақырымға созылған шекарасы бар еліміздің алдында көршілеріміз Ресей, Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан және Түркіменстанмен шекара мәселесін халықаралық құқықтық негізде заңдастырудың оңай болмағаны айтпаса да түсінікті. Дегенмен, Тұңғыш Президент бастамашылық еткен мемлекеттік шекараны делимитациялау процесінің нәтижесінде еліміз өзінің көлемі бойынша әлемде тоғызыншы орынды алатын аумақты ресми түрде рәсімдеді. Салыстырмалы түрде айтсақ, бізбен бір жылы азаттығын алған Өзбекстан, Тәжікстан мен Қырғызстан отыз жылдан бері шекара мәселесін оңтайлы шеше алмай келеді. Көктемдегі қырғыздар мен тәжіктер арасындағы атыс осы жер үшін болды.

ҚАУІПСІЗДІК ҚОРҒАНЫ

Еліміз тәуелсіздік жылдары егемендік идеясын жүзеге асырудан бөлек, көптеген әлеуметтік-экономикалық қиындықтармен бетпе-бет келді. Тәй-тәйлап бой түзеуге ұмтылған жас мемлекеттің әрбір қадамы шын мәнінде тарихи сипатқа ие еді. Осындай тарихи шешімдердің бірі – мемлекеттік шекараны заңды түрде шегендеу болды. Аумақтық тұтастық – ел егемендігін сақтаудың басты кепілі екендігін ескерген Елбасы мәселені шешуде білім-білігін, қажыр-қайратын, дипломатиялық шеберлігін аямай жұмсады. Әйтпесе, жоғарыда айтқанымыздай, посткеңестік кеңістікте осы отыз жылда жер үшін қаншама соғыс оты тұтанды. Таулы Қарабақ, Приднестровье аймағы, Абхазия… Өкінішке қарай, бұл тізім ұзара береді.

Қазақстанға тоқырау жылдарында бес көршісімен шекараны шегендеу оңайға түспегенін жоғарыда тілге тиек еттік. Бес мемлекет – бес мәселе. Себебі, Кремль кеңестік республикалардың шекарасын бекіткенде этникалық тұтастықты ескермей, экономикалық тиімділікке басымдық берген болатын. Сөйтіп, Кеңес Одағы жас мемлекеттерге жер дауын мұраға қалдырды. Ал, бәрі жер дауына келгенде «өліспей беріспейтін». Қазақстан да бұл мәселелерді айналып өте алмады. Дегенмен, түйіннің шешімін тапқысы келді. Сол үшін барын салды.

Тіпті, бір кездері қарулы қақтығысқа дейін алып келген кеңес-қытай жер дауының қазақстандық бөлігіндегі түйіткілдерінің шешімін таппауы да мемлекеттік шекараны айқындауды тездетті.  Шекараны делимитациялау бойынша келіссөздер ең алдымен Қытаймен жасалып, тиісті келісімге қол қойылды.

Қазақстан мемлекеттік шекарасын делимитациялау кезінде Ресей Федерациясымен шекараны айқындау мәселесі бойынша жасалған келісім ерекше әсер етті. Мәскеумен делимитация туралы шартқа қол қойылған сәтте еліміз өзге де көршілерімен осы мәселелерін шешіп үлгерді. Сондықтан Қазақстанның көршілес елдермен мемлекеттік шекараны заңдастыру жұмыстары 2005 жылғы 18 қаңтардағы Қазақстан-Ресей арасындағы делимитация шартына қол қойылғаннан кейін аяқталды деп саналады. Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз Жолдауларының бірінде шекараны шегендеу ұлттық қауіпсіздіктің кепілі болып табылатынын атап өткен еді. Нәтижесінде сол кездегі 14 облыстың 12-сі шекаралық аймаққа айналды.

АТАҒЫНАН АТ ҮРКЕТІН КСРО ШЕШЕ АЛМАҒАН ШЕКАРА МӘСЕЛЕСІН ҚАЗАҚСТАННЫҢ ӨЗІ ШЕШТІ

Қытаймен жасалған келіссөздерді Елбасы мен дипломаттарымыздың табысты дебюттарының бірі ретінде бағалауға әбден болады. Шығыстағы алып көршімен аумақтық мәселені шешу атағынан ат үркетін КСРО-ның да қолынан келмегенін тарих растайды. Оның басты себебі, ХІХ ғасырда Патша үкіметінің Цин империясымен делимитациялау келіссөздерін жүргізуге дайын еместігі еді. Сол себептен Кеңес Одағы шекара мәселесінің бар екендігін мойындаудан бас тартты. Даулы аймақтардың бір жақты етілмеуі кикілжің тудырды. Мәселен, 1969 жылы Қиыр Шығыстағы Даман аралы мен сол кездегі Семей облысындағы Жалаңашкөл көлінің маңында кеңес-қытай шекарашылары арасында қарулы қақтығыс орын алды. Қақтығыста екі жақтан да адам шығыны болды.

Бүгінде Қазақстанның қауіпсіздік мәселелерін шешудегі саяси басымдығының арқасында Қытаймен жер дауының жоқтығына және болмайтындығына сене аламыз. Себебі, 1992 жылдың өзінде «Қазақстан-Қытай шекарасында қарулы күштерді өзара азайту және әскери саладағы сенімді нығайту бойынша ҚХР-мен келіссөздер  туралы» ҚР Үкіметінің Қаулысы шықты. Аталған құжат бойынша қазақстандық тарап ҚХР-мен келіссөздер жасауға құлшына кірісті. Шиеленіске толы келіссөздер нәтижесінде қос тараптың да ұстанымдары ескеріле отырып, келісім қабылданды. 1994 жылы 26 сәуірде ратификациялық құжаттар алмасқан соң, 1995 жылы 11 қыркүйекте күшіне енген «Қазақстан-Қытай мемлекеттік шекарасы туралы» Заңға қол қойылды.

Келісім аясында Чоган-обо асуының 70%-ы Қазақстанға, 30%-ы Қытайға, Сарышілді өзенінің 30%-ы Қазақстанға, 70%-ы Қытайға тиесілі болды. Келісілмеген екі аймақтың (шамамен 994 шаршы метр) 537 шаршы метрі (57%) Қазақстанның, 407 шаршы метрі (43%)  Қытайдың еншісіне тиді. Делимитациялау аяқталған соң, қос тарап Қазақстан-Қытай бірлескен комиссиясы айқындаған шекараны демаркациялауға кірісті. Демаркацияланған шекараның жалпы ұзындығы 1 783 шақырымды құрады.

Сол кездері ҚР Сыртқы істер министрлігінің басшылығында болған қазіргі Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сұхбаттарының бірінде: «Аумақтармен алмасу Қазақстанның жер көлемінің азаюына әкелген жоқ. Біз қытайларға барлық аймақтарды беру үшін келіссөз жүргізілмейтінін, 1864 жылғы Чугучак хаттамасымен өзге де құжаттарға әрі қалыптасқан шындыққа сүйене отырып, ымыраға келу керек екенін мәлімдедік», – деп айтқан болатын.

ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ЕЛДЕРІМЕН ШЕКАРА МӘСЕЛЕСІ ТАРТЫССЫЗ ШЕШІЛДІ

1999 жылы 1 қыркүйекте Қазақстанның Қырғызстан, Түркіменстан, Өзбекстан дәне Ресеймен мемлекеттік шекараны делимитациялау жөніндегі Үкіметтік комиссиясы құрылды. Шекараларды айқындауда Қазақстан мен өзге де елдер  1991 жылғы ТМД-ның Алматы декларациясының ережелеріне сүйенді. Декларация бойынша ТМД елдері бір-бірінің мемлекеттік шекараларына қол сұғып, көз алартпауға және құрметпен қарауға міндеттелді. Бірақ, аталған келісімдер мемлекеттік шекара туралы екі жақты шарттар жасалмағандықтан жеткіліксіз болды. Нұрсұлтан Назарбаев 2000 жылы ҚР СІМ-нің кеңейтілген алқасында сөйлеген сөзінде «тарихи оқиғалардың салдарынан пайда болған көптеген күрделі трансшекаралық шаруашылық түйіткілдерін достық сенімнің аясында шешу» үшін  келіссөздер жүргізуде дәлелді құқықтық база құрудың маңыздылығын атап өтті.

Қазақстандық дипломаттар мен сарапшылардың сөзінше, сол тұста туындаған проблемалар мұқият зерделеуді, нақтылауды қажет етіп қана қоймай, ымыраласу үшін өзара тиімді шешімдерді табуды талап етті. Мұны ескерген, ҚР СІМ делимитациялау жұмыстарын 2007-2008 жылдары мерзімінен бұрын аяқтауды жөн көрді.

2001 жылы наурызда Нұрсұлтан Назарбаев пен Өзбекстан Президенті Ислам Кәрімов телефон арқылы сөйлесті. Әңгіме барысында қазақ-өзбек шекарасын делимитациялау жұмыстарын жеделдету туралы сөз болып, келісім жасалды. Дәл сол күні Елбасы Түркіменстан Президентімен де телефон арқылы тілдесіп, делимитациялауды жеделдетуді ұсынды. Келіссөз нәтижесін берді. Түркіменбашы 2001 жылдың жазында Астанаға (Нұр-Сұлтан) ресми сапармен келіп, келісімге қол қоюға уәде берді.

Өнімді жұмыстың арқасында күрделі келіссөзге баланған  Қазақстан мен Өзбекстан шекарасын шегендеу 2000-2002 жылдар арасында қысқа мерзімде жүзеге асты.

Өзбекстанмен бірқатар қиындықтар туындағаны рас. Мәселе мынада: Өзбекстанмен арадағы шекараның 200 шақырымы халық көп шоғырланған Түркістан облысындағы Мақтарал, Сарыағаш аудандары мен көршіміздің Ташкент, Жизақ облыстары арқылы өтеді. Осыған орай 2001 жылы 16 қарашада екі ел басшылары 96% нақтыланған шекара сызығының келісіміне Елордада қол қойды. 2002 жылы қыркүйекте Президенттер қазақ-өзбек шекарасының жекеленген аумақтары туралы тағы бір келісімге қол қойып, делимитациялауды толығымен аяқтады. Екі құжат та 2003 жылдың 5 қыркүйегінде күшіне енді.

Түркіменстанмен шекараны шегендеуде қиындықтар тумады. Процесс жеңіл өтті деуге болады. Шекараның Үстірт өңірінің оңтүстік шеті мен шөл даладан өтуі мәселені жеңілдетті. Делимитациялауда 1932 жылғы 27 желтоқсандағы КСРО Орталық Атқару Комитеті Төралқасының Жарлығы мен 1972 жылы қос тараптың келісімімен жасалған топографиялық карта негізге алынды. Екі ел арасындағы шекараны шегендеу туралы келісімге 2001 жылы 5 шілдеде қол қойылды. Ратификациялаудан соң, яғни 2006 жылы құжат күшіне енді.

Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы мемлекеттік шекараны делимитациялау жөніндегі келіссөздер 1999 жылы қарашада басталып, 2001 жылы келісімге қол қоюмен аяқталды. Құжат 2008 жылдың 5 тамызында заңды күшіне енді.

ЖЕТІ МЫҢ ШАҚЫРЫМНЫҢ ЖЫРЫ

Мемлекеттік шекараны шегендеу барысында Ресей Федерациясымен келіссөз жүргізу ерекше маңызға ие болды. Бұл туралы алғашқы Қазақстан-Ресей бірлескен мәлімдемесі 1998 жылы 6 шілдеде өтті. Сол жылдың 12 желтоқсанында ҚР Президенті Н.Назарбаев пен РФ Президенті Б.Ельцин мемлекеттік шекараны делимитациялау үшін алғашқы хаттамаға қол қойды. Қазақстан мен Ресейдің бірінші келіссөзі 1999 жылы тамыз-қыркүйек айларында Мәскеуде өтті.

Тарихшылардың айтуынша, келіссөздер барысында  қиындықтар туындаған. Қазақ КСР мен РСФР арасындағы шекара өзге көршілес елдермен салыстырғанда әлдеқайда төмен деңгейде рәсімделген. Мысалы, Қазақ КСР-ның Өзбекстан КСР-мен шекарасы Жоғарғы Кеңес Жарлығының сипаттамасымен рәсімделсе, Қазақ КСР-ның Қырғыз КСР және Түркімен КСР-мен шекарасы Бүкілодақтық Орталық Атқару комитетінің 1930-1932 жылдардағы Жарлығымен сипатталған. Ал, Қазақ КСР-ның РСФР-мен шекарасының сипаттамасы аталған Жарлықтарда мүлдем болмаған. Мұндай қиын жағдайда Елбасының халықаралық беделі мен Ресей басшыларымен жеке қарым-қатынасының жақындығы үлкен септігін тигізді.

2000 жылы шілдеде Мәскеуде өткен келіссөзде Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин қос мемлекеттің шекаралық дауы жоқ екендігін мәлімдеді. Сонымен қатар, делимитациялау жұмыстарының қарқынын одан әрі арттыруды қалайтындықтарын білдірді. Келіссөзден кейін Қазақстан-Ресей шекарасын делимитациялау процесі жоғары қарқынмен дами бастады. Мысалы, 2000 жылдың қыркүйегінде шекараның шамамен 1,2 мың шақырымы сипатталып картаға түсірілсе, 2001 жылдың қазан айында 3 875 мың шақырым да картаға түсірілді. Ал, 2004 жылдың қыркүйегінде шекараның 99,9%-ы нақтыланды.

2005 жылы 18 қаңтарда Мәскеуде Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин тарихи маңызы зор «Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасы туралы» шартқа қол қойды. Сөйтіп, әлемдегі ең ұзын құрлықтағы шекара саналатын Қазақстан мен Ресей арасындағы мемлекеттік шекараны халықаралық құқықтық рәсімдеу жұмыстарының нүктесі қойылды. Елбасы айтқандай, Қазақстан-Ресей шекарасы бүгінде көршілердің ғасырларға созылған достығы мен татулығының символына айналды.

Шекараның шегенделуі қажырлы еңбекпен келгенін ұмытпағанымыз абзал. Келіссөздер барысында ымыраға келу үшін өзара жеңілдіктер жасаудың қажет болғанына баса мән беру керек. Президент Қасым Жомарт Тоқаевтың: «Менің ойымша, Қазақстан мен Ресей арасындағы шекараны делимитациялау процессі әлемдік халықаралық-құқықтық тәжірибеде бірегей саналады. Себебі, қысқа мерзімде  процестің барлық кезеңдерінде ымыраға келе алды», – деуі көп нәрсені аңғартса керек. Президент шекараны делимитациялау батыстағы Еділ өзенінің төменгі ағысынан басталып, шығыстағы Алтай тауының оңтүстік жотасында аяқталғанын, онда Қазақстан, Ресей, Қытай шекараларының түйіскен нүктесі болғанын атап өтті.

Осылайша, тәуелсіздігін әлем мойындаған Қазақстан өзінің аумақтық тұтастығын халықаралық-құқықтық норма негіздерінде заңдастыруға қол жеткізді. «Қараңыз, бір шақырым жер сипатталмаса да жанжал шығады. Мұны көріп жүрміз. Болашақ ұрпақ мұндай мәселені шешумен бас ауыртпайтын болады. Бұл мәселенің жауапкершілігін өз мойыныма алдым және шеше алдым», – деп ағынан жарылады Елбасы.

Естеріңізге сала кетсек, тәуелсіздік жылдары да Елбасы «еліміздің аумақтық тұтастығы мен тәуелсіздігін сақтаудан асқан міндеттің жоқтығын» баса айтқан еді. Бүгінде мемлекеттік шекараны шегендей отырып, ұлттық қауіпсіздіктің негізін қаладық.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Рас, мемлекеттің шығуын меншікке телиміз. Сол меншікке жеріңіз болса ғана ие екенсіз. «Онсыз жетім, жетекшіл халықсың», – дейді ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан. Ал, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының: «Жер мәселесі – қазақтың тірі я өлі болуының мәселесі», – деп бекер айтпағаны белгілі. Алаш арыстары айтқандай, еліміздің тұтастығы мен егемендігі – біздің басты құндылығымыз. Шапқан тұлпардың тұяғы, ұшқан құстың қанаты талатын байтақ даламыздың қадірін білу, сыртқы жаудан қорғау – асыл міндетіміз.

Фараби СӘЙКЕНОВ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here