Балмұздақ бизнесі: Пандемия балмұздақ өндірісіне қалай әсер етті?

0
3301

Өткен жылмен салыстырғанда биылғы жылдың алғашқы төрт айында Қазақстандағы балмұздақ өндірісі шамамен 10%-ға қысқарды. Пандемияға қарамастан 2020 жыл балмұздақ өндірушілер үшін соңғы төрт жылдағы ең табысты жыл болған еді. Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті балмұздақ нарығының қазіргі жағдайына тоқталады.

ПАНДЕМИЯ ЖАҒДАЙЫНДАҒЫ БАЛМҰЗДАҚ ӨНДІРІСІ

Қазақстандықтар 2019 жылмен салыстырғанда 2020 жылы шамамен 12%-ға көп балмұздақ жеген. Жергілікті өндірушілер өндіріс көлемін 13%-ға арттырып, өткен жылы елімізде 34,6 мың тонна балмұздақ пен мұздатылған тағам өнімдері дайындалып, нарыққа шықты. Сонымен қатар, отандық өндірушілер былтыр Ресейге экспортталатын өнімдерінің көлемін екі есеге ұлғайтты. Нақтырақ айтсақ, көрші елге 1 775 тонна балмұздақ жөнелтілді.

Ресей – қазақстандық балмұздақтардың басты импорттаушысы ғана емес, сонымен қатар, өз балмұздақтарын елімізге белсенді экспорттаушы ел. Дегенмен, сальдо (шетелге кеткен ақша мен шетелден түскен табыс арасыңдағы айырма) біздің пайдамызда болмады. Өткен жылы еліміз Ресейден 8 081 тонна (бұл импорт нарығының 91%-ын құрайды) балмұздақ импорттады. Алайда, 2020 жылы еліміздегі балмұздақ импортының көлемі 9%-ға қысқарды. Белгілі болғандай, тұтынушылар жеген балмұздақтардың 80%-ы өз елімізде өндірілген.

Карантин кезінде үйде балмұздақ жеу үрдісі артқан. Соның ішінде балмұздақтардың «отбасылық» пакеттері (800 теңге мен 1 000 теңгенің арасында) көптеп сатып алынған. Әлемдік нарықтың ау-жайын қадағалайтын Euromonitor International-дың мәліметінше, балмұздақ нарығының 35%-ын алатын «Шин-Лайн» компаниясында үлкен көлемде сату деңгейі орташа есеппен 70%-ға өскен.

«Бұл парадоксалды көрінуі мүмкін. Бірақ, 2020 жылы көктемгі карантин кезінде Қазақстанда балмұздақ тұтыну деңгейі 2019 жылмен салыстырғанда 20-30%-ға артқаны рас. 2021 жылдың қаңтар-сәуір айларының аралығында компания өнімдерінің сатылым деңгейі өскені байқалды. Мәселен, Ақтауда – 32%-ға,  Қарағандыда – 17%-ға, Өскеменде – 15%-ға, Қостанай мен Атырауда – 12%-ға сұраныс артты. Адамдар әрдайым көңіл-күйді жақсартатын кішкентай нәзік өнімнен ләззат алғысы келеді», – дейді «Шин-Лайн» компаниясындағы балмұздақ категориясының жетекшісі Дмитрий Докин.

Көкшетаулық «Гормолзаводтың» мамандары пандемияның қазақстандықтардың сұранысы әсер етпегенін айтады. Барлығы әдеттегідей. Пломбир, кілегей және стақандардағы шоколад балмұздақтар сұранысқа ие болып отыр.

КОДТАЛҒАН ЭКСПОРТ НАРЫҚҚА КЕРІ ӘСЕР ЕТЕДІ

«Шин-Лайн» және көкшетаулық «Гормолзавод» қазақстандық балмұздақ экспорттаушы кәсіпорындардың қатарына кіреді. Отандық 18 кәсіпорынның бесеуі ғана өз өнімдерін экспортқа шығарады. Биылдан бастап экспорттаушылар басты тұтынушысы Ресейге өнімдерін жаңа талаптың негізінде жөнелтуге мәжбүр.

Ресей Федерациясында 1 маусымнан бастап сүт өнімдері мен балмұздақтарды міндетті таңбалау ережесі пайда болды. Ресейлік өндірушілер сүтті «адал белгі» (екі өлшемді матрицалық штрих код) жүйесінде тіркеуге және бірегей кодты алуға міндетті. Тауарларды таңбалау  өнімнің өндірушіден саудагерге, саудагерден тұтынушыға жетуін қадағалауға, өнім сапасын бақылауды жақсартуға және көлеңкелі бизнеске тұсау салуға мүмкіндік береді.

Жаңа бастама ресейлік өндірушілерге ғана емес, қазақстандық компанияларға да қатысты. Енді отандық кәсіпорындар өнімдеріне тиісті таңбалау жасамаса, Ресейге экспорттай алмайды. Экспорт желісін үзбеу үшін отандық кәсіпкерлер кодтарды алудың әртүрлі нұсқаларын пысықтауда.

Көкшетаулық «Гормолзавод» өнімдерін таңбалау үшін арнайы жабдықтарды әлі сатып алмағандарын айтады. Себебі, бұл көп қаржыны қажет ететін көрінеді. Бұл туралы зауыттың коммерциялық директоры Ерсайын Жақсылық: «Ұлттық валюта бағамының әлсіреуі, сондай-ақ пандемияның салдары кәсіпорынның жұмысына кері әсерін тигізді. Қазіргі жағдайда таңбалауды жүзеге асыру үшін арнайы жабдықтар сатып алуға компаниямыз дайын емес», – деп түсіндіреді.

Дегенмен, Ерсайын Жақсылықтың сөзінше, компания қол қусырып қарап отырмаған көрінеді. Ресейлік әріптестерінен штрих кодтары бар дайын қаптамаларды алу үшін әрекет етіп жатыр. Бірақ, бұл қадам да компания үшін арзанға түспейді. Сайып келгенде, өнімнің өзіндік құнының артуына алып келеді. «Бұл мәселе бір жақты болмайынша, өнімдерді экспорттаудан уақытша бас тартуға дейін баруымыз мүмкін», – дейді компания өкілі. Ал, өткен жылы «Гормолзавод» сыртқы нарыққа 8 тонна балмұздақ жөнелтті.

Өнімдерінің 10%-ын Ресейге тасымалдайтын «Шин-Лайн» компаниясы да өнімдерін таңбалаудан бас тарта алмайды. Сол үшін болар компания мәселені шешудің екі нұсқасын да таңдады. Өнімдерінің жартысын өздері таңбалап, қалғанына штрих кодтары бар дайын қаптамаларды сатып алмақ ниетте.

«Шин-Лайн» компаниясы мамандарының айтуынша, таңбалаудың бірінші кезеңі қиын емес әрі қымбатқа түсе қоймайды. Өйткені, ол үшін тауардың әр бірлігіне бірегей код қосу жеткілікті. Бірақ, екінші кезеңде таңбалауға қоймалар, дистрибьютерлер, саудагерлер қосылған кезде қораптағы тауарларды біріктіруді автоматтандыру қажет болады. Бұл кезеңде таңбалаудың құны ондаған есеге артады. Себебі, тауардың әр бірлігі үшін өндіріс желісіндегі бірегей кодты сканерлеп, екінші топтық пакеттегі балмұздақтың әр бөлігі туралы ақпаратты жинақтап, қораптарға автоматты түрде салуға тура келеді.

«Таңбалаудың жаңа ережелері қазақстандық орта және шағын балмұздақ өндірушілердің өнімдерін Ресейге сата алмауына алып келеді», – дейді Дмитрий Доукин.

«Атамекен» ҰКП-ның мәліметінше, еліміздегі балмұздақ өндіруші 18 кәсіпорынның екеуі ірі, жетеуі орта қалған он бірі шағын кәсіпорындар.

Дмитрий Докин орта және шағын өндірушілердің тауарларын экспорттауды доғаратыны туралы болжамды құптай отырып, ресейлік кәсіпкерлердің арнайы жабдықтарды алуға кеткен шығындары туралы мәліметтер келтірді. Оның сөзінше, алғашқы бестіктің көшбасшылары таңбалаудың бірінші әрі арзанға түсетін кезеңінің өзінде 300 мың доллар мен 500 мың доллар арасында қаржы жұмсаған. Екінші ондықтың өндірушілері маусымдық жұмыс жасауды шешіп, шамамен 100 мың доллар жұмсады. Таңбалаудың үш кезеңінен де өткісі келетін компаниялар да табылды. Олардың бюджеті бір өнімділігі жоғары желі үшін 800 мың долларды құрайды. Яғни, өзге өндірушілерден он есе көп шығынданды.

«Әрине, таңбалауды дайын қаптамаларды жеткізушілермен алмастыруға болады. Бірақ, олай істегенде тауардың құны 50-100%-ға өседі және бұл таңбалаудың бірінші кезеңіне ғана қатысты. Әрі қарай сізге өз-өзіңізді қаржыландыру керек болады», – дейді Дмитрий Докин.

«Шин-Лайн» компаниясы өкілінің айтуынша, егер таңбалаудың бірінші кезеңінде дайын қаптамаларды сатып алса, балмұздақ құны шамамен 50 теңгеге артады. Егер өндіруші өзі басып шығарса, балмұздақтың бағасы сәл төмен болады. Бірақ, арнайы жабдықтарды сатып алу үшін компанияға инвестиция құю қажет.

Экономикалық зерттеулер институты Қазақстандағы сүт өнімдеріне таңбалау енгізілсе қалай боларын саралап көрді. Олардың есебінше, бұл шара сүт өнімдерінің бағасының 10-15%-ға өсуіне алып келеді. Зерттеуге сүйенетін болсақ, осыдан кейін орташа құны 140 теңге болатын стақандағы кілегейлі балмұздақтың бағасы таңбалау енгізілгеннен кейін 160 теңге болады.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Ресей Федерациясындағы жаңа талап отандық өндірушілердің қалтасына салмақ салары анық. Отандық экспортшыларды бұл қиындықтан бір құтқарса инвесторлар құтқарады. Балмұздақ өндіруші кәсіпорындар қолдау тапса, алдағы уақытта табысқа жетулеріне даңғыл жол ашылады.

Фараби СӘЙКЕНОВ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here