Ауғанстан қыз-келіншектері тәліптерсіз қалай өмір сүрді?

0
2281

«Талибан» террористік қозғалысының (Қазақстанда тыйым салынған) Ауғанстан билігін басып алуы қарсыластарының ғана емес, ел азаматтарының, әсіресе әйелдер қауымының зәресін алды. Тоқсаныншы жылдардың аяғында тәліптер билігінің қарауында өмір сүрген олар мұның қандай боларын жақсы біледі. Бұрын қыз-келіншектер көпшілік алдына пәренже кимей шықса, оларға тас лақтыратын. Үйден жалғыз шығуға болмайтын. Тек күйеуімен немесе туысқан ер адамымен бірге ғана шыға алатын. Нәзік жандыларға білім алуға, мансап құруға рұқсат берілмейтін. Дегенмен, билік басындағы қазіргі тәліптер өздерін бұрынғы тәліптермен шатастырмауын, ол кезде өздерінде тәжірибе болмағанын алға тартады. «Талибанның» кейбір өкілдері әйелдерге білім алуға, жұмыс істеуге, тіпті үкіметке кіруге де мүмкіндік беретіндерін айтып, әлемдік қауымдастықты сендіргісі келеді. Әрине, тәліптердің бұл сөздеріне илануға әлі ерте.

ТӘЛІПТЕР АУҒАНСТАН ҚЫЗ-КЕЛІНШЕКТЕРІН
БЕС ЖЫЛДА КҮҢГЕ АЙНАЛДЫРДЫ

«Талибанның» бес жылдық билігі 1996 жылдан 2001 жылға дейін жалғасты. Олар әйелдерге қарсы солақай саясат жүргізді. Ерлермен бірге жұмыс істеуге, білім алуға, үйден жалғыз шығуға тыйым салды. Пәренже киюге міндеттелді. Тәртіп бұзғандарды таспен атуға немесе көпшілік алдында ұрып-соғуға рұқсат еді. Мысалы, тек 1996 жылдың желтоқсан айының өзінде 225 әйел осындай жазаға ұшыраған.

Пәренже кимеген әйел жалаңаштанған саналды. Тәліптер ауған әйелдерінің бет-жүзін тек отбасы мүшелері ғана көруге тиіс деп таныды.  Адамдар өз үйлерінің терезесін де қымтап тастауға мәжбүр болды. Себебі, көшеде жолай өтіп бара жатқан адам да терезеден көріп қалуы мүмкін. Ал, ол кезде үйдегі әйел пәренжесін шешіп отыруы ықтимал.  Мұны «Талибан» өкілдерінің бірі: «Әйелдің бет-жүзі – ерлер үшін азғындықтың қайнар көзі», – деп түсіндірді.

Ерлер мен әйелдердің арақатынасына қойылған қатаң талаптар күнделікті өмірде ғана емес, төтенше жағдайда да қолданылды. Бірде-бір ер дәрігер сырқаттанған ауған әйеліне қолының ұшын да тигізе алмады. Егер дәрігер бұл ережені бұзса, оны қамауға алып, ұрып-соғатын. Науқастарды емдеуге арнайы ауруханаларда жұмыс істеуге мәжбүр болған әйелдер ғана құқылы еді. Әдетте, мұндай емханаларда таза су, хирургиялық жабдықтар мен электр жарығы болмайтын.  Сондай-ақ, ауруханада жоғары білікті кәсіби мамандар атымен болған жоқ.

Тәліптердің бес жыл тайраңдауы ауған қыздарын білімнен жұрдай етті. Мектепке тек балиғат жасына жетпеген бастауыш сыныптың қыздары ғана бара алды. Кейбір провинцияларда қыздардың жасы көздің шамалауымен бағаланды. Осылайша, жыныстық тұрғыда «жетілді» деп саналған кейбір қыздар сегіз жасында тұрмысқа шықты. Осындай шектеулердің салдарынан ауғандық ата-аналар қыздарын оқу бағдарламасын мейлінше тезірек игеруге мәжбүрледі. Бастауыш білімді алып шығуларына барын салдырды. Соған қарамастан 2001 жылға қарай ауған мектептерінде бірде-бір оқушы қыз қалмады.

«Талибан» өзінің тыйымдарының барлығын шариғат заңдарымен түсіндірді. Бірақ, іс жүзінде мұндай тыйымдардың шариғат заңдарына еш қатысы жоқ екені бесенеден белгілі. Тәліптердің қатігез жарлықтарының тамыры пуштундардың (парсы тектес халық, негізінен Пәкістан мен Ауғанстанда тұрады) әдет-ғұрпынан бастау алады. Олар шариғат туралы түсініктерін өздерінің болмысымен, дәстүрімен еріксіз араластырады. 1996-2001 жылдары біз байқаған нәрселер шариғаттан алшақ болғаны анық.

Ауғанстан әйелдерінің жағдайы 2001 жылы «Талибан» үкіметі құлағаннан кейін жақсара бастады.

АМЕРИКАЛЫҚТАРДЫҢ КЕЛУІМЕН АУҒАН
ҚЫЗ-КЕЛІНШЕКТЕРІ ЕРКІНДІК АЛДЫ

2007 жылға қарай Ауғанстан мектептеріндегі оқушы қыздардың саны шамамен 40 есеге өсіп, 41,7 пайызды құрады. Ал, 2011 жылға қарай олардың саны одан да көп болды. Оқушылардың жалпы санының 65,6 пайызын құрады. ЖОО-да да қыздардың саны айтарлықтай өсті. 2016 жылғы деректерге сүйенсек, Ауғанстандағы студент қыздардың үлесі 28 пайызды құраған. Әйел мұғалімдердің үлесі 14 пайызға жеткен.

Көптеген әйелдер үшін «Талибан» тұсында бұрын-соңды болмаған мүмкіндіктер пайда болды. Әйелдер тәліптер билікке келмей тұрып, 1996 жылға дейін әскери салада қызмет еткен болатын. Енді бұған қайта рұқсат берілді. 2014 жылдан бастап АҚШ пен оның одақтасы НАТО Ауғанстан Қарулы Күштеріне әйелдерді жалдауға жәрдем берді.

Содан кейін Ауғанстан әйелдері полиция офицері, сот, тіпті министр болуға мүмкіндік алды. 2020 жылғы мәліметтерге сүйенсек, Ауғанстан парламентіндегі әйелдердің үлесі АҚШ конгрессіндегі әйелдердің санынан да көп болып шықты. Америка конгрессіндегі әйелдердің үлесі 23 пайыз болса, ауған парламентіндегі әйелдердің үлесі 27 пайызды құраған.

Алайда, мұндай еркіндіктерге негізінен ірі қалалардағы қыз-келіншектердің ғана қолы жетті. Онда оларға ешкім қысым көрсетіп, еріктерін шектей алмады. Ауылдық жерлердегі көптеген әйелдер сол күйінше ерлерге тәуелді болып қала берді. Шалғайдағы ауғандық қыз-келіншектер білім ала алмады, жұмысқа да тұра алмады және медициналық көмек те ала алмады. Провинциялардағы көптеген ерлер қатып қалған қағиданы ұстана береді. Тек олардың кейбіреулері ғана қыздарының білім алуына мүмкіндік берді.

Соған қарамастан саясаткерлер ауған әйелдерінің қоғамдағы мәртебесін көтеруге тырысты. Мәселен, экс-президент Ашраф Ғани әйелдерді басшылық қызметтерге тағайындауға шақырды. Ал, оның жұбайы, елдегі бірінші ханым болған Рула Ғани ресми іс-шараларға белсенді қатысып, әлеуметтік жобаларды басқарды.

Заңнамалық деңгейде әрбір ауған әйелі өз құқығын қорғауға, білім алуға және медициналық ем қабылауға құқылы болды. 2004 жылы қабылданған конститутцияда ер мен әйел тең құқылы екені көрсетілді.

Ауғанстан үкіметі 2009 жылы мемлекет әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғауға міндетті деген заң қабылдады. Human Rights Watch халықаралық үкіметтік емес ұйымының пікіріне сүйенсек, бұл заңның арқасында құқық қорғау органдары Ауғанстандағы қыз-келіншектерге жасалған зорлық-зомбылықтарға көп көңіл бөле бастады. Ауғанстандағы ауыл өмірі мен қала өмірінің арасы жер мен көктей болса да, негізінен ауған әйелдерінде өз еріктерінше өмір сүруге титтей де болса мүмкіндік болды. Бірақ, қазір тәліптердің билікке келуі оларды бұл мүмкіндіктен түбегейлі айырды.

ТӘЛІПТЕРДІҢ СӨЗІ МЕН ІСІ ҚАБЫСПАЙДЫ

Тәліптер Кабулды басып алғаннан кейін, 2021 жылдың 15 тамызынан бастап көптеген қыздарды университеттерден эвакуациялау басталды. Ал, сұлулық салондарының иелері витринадағы әйелдердің суреттерін бояп, өшіре бастады. Сондай-ақ, елдегі пәренжелердің бағасы он есе қымбаттады. Мәселен, өткен жылы пәренженің бағасы 200 авгани (шамамен 900 теңге) болса, қазір 2-3 мың авганиға дейін (шамамен 9,9-14,8 мың теңге) шарықтап кетті.

Алайда, «Талибан» өкілдері әйелдердің байырғы құқықтары өзгермейтініне сендіруге тырысуда. Содырлар ешкімнің құқығына қол сұқпайтындықтарына және әрбір әйел заты білім алып, жұмыс істей алады деп сендіреді. Сонымен қатар, тәліптер әйелдерге телеарналарда жұмыс істеуге рұқсат береді. Тіпті, олар нәзік жандыларды жаңа Ауған әкімшілігіне жұмысқа шақыруға уәде етеді.

«Талибан» өкілдері «әйелдерге зорлық-зомбылық жасамаймыз» деп уәде берсе де, содырлардың 18 тамызда Фарьяб провинциясындағы төрт баланың анасын өлтіргендері белгілі болды. Оны өздеріне тамақ пісіріп беруден бас тартқаны үшін «жазалап», сабап өлтірген. Марқұмның қызының сөзінше, шешесі өздерінің тақыр кедей екенін, сол себептен тамақ әзірлеуге азық-түлік жоқтығын айтып түсіндірмек болған. Ал, тәліптер онысына мән бермей, қарудың дүмімен аяусыз ұрғылап өлтірген.

Тағы бір жантүршіктірерлік оқиға 22 тамызда Ауғанстанның солтүстік аймағында орын алды. Бұл туралы бұрынғы сот Наджла Аюби ақпарат басылымдарына мәлімдеді. Аюбидің сөзінше, содырлар жас қызға мәжбүрлеп тамақ істеткен. Содырлар ақыр соңында қызды «тамақты дәмсіз жасағаны» үшін тірідей өртеп жіберген.

Иә, байқағанымыздай, тәліптердің сөзі бір басқа, ісі бір басқа болып келеді. Сондай-ақ, бүгінде Ауғанстан әскерінің сапында болған нәзік жандылар да тәліптерден теперіш көруде.

Бейресми мәліметтерге сүйенсек, содырлар үй-үйді аралап, мемлекеттік органдар мен БАҚ-та жұмыс істеген ауған әйелдерін тізімге алып жүр екен. Бұл деректердің оларға не үшін қажет екендігі әзірге белгісіз. Бәлкім, бұл қара тізім болар…

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Тәліптер әйелдерге қатысты қандай саясат ұстанатынын өздері де түсінбейді. Әйелдерге қатысты мәселе соңғы 20 жыл ішінде тек ресми үкімет пен Батыс елдерімен жасаған келіссөздер барысында ғана көтеріліп отырды. Мұның өзі сол кезде өздері туралы жақсы пікір қалыптастыру үшін жасалды. Елдегі жағдай кез келген уақытта түбегейлі нашарлауы мүмкін. Қазіргі тәртіп тәліптердің жағымды мәлімдемелеріне және олардың заңды үкімет мәртебесін алуға деген ұмтылысына ғана негізделген. Бірақ, егер олардың жоспарының ауаны өзгерсе, әй дейтін әженің, қой дейтін қожаның табылмасы анық. Себебі, Ауғанстанда қазіргі уақытта «Талибанға» тең келер күш жоқ. Ал, «Панджшер арыстанының» ұлы Ахмад Масуд әзірге тәліптер санасатындай деңгейде емес.

Фараби СӘЙКЕНОВ, «Qazaq»

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here