Скифтердің соңғы патшасы Тарғытайдан қазақтың соңғы ханы Кенесарыға дейінгі дәуірлер аралығындағы қаншама ұлыстардың, сол ұлыстар ұрпақтарының іздері тарих беттерінде таңбаланып қалды. Әрбір ұлыстың, әрбір ұлттың, тіпті тәрбиесі де, ортасы да, ойлау жүйесі де мүлде бір-біріне ұқсамайтын әр ұрпақтың туған топырағының өзі тарихи тамырыңды танудан тұрады. Бәрі де қат-қат дерек пен қилы-қилы аңызға толы.
Міне, қазақ елінде де, қазақ жерінде де дәуірмен өрелес, тарихпен тамырлас болу бақыты бұйырған өңірдің бірі – Шу.
Шу – Жамбыл облысына қарайтын аудан. Тарихи түп деректерге жүгінсек, Қазақ хандығы құрылған аумақ. Яғни, Әбілқайыр ханнан бөлінген Жәнібек пен Керей хандар бас қосқан мекен.
Шу өзенінің арнасы сол кезде Қозыбасы биігіне жақын болыпты. Әйгілі тарихшы, әдебиетші Мұхаммед Хайдар Дулати да «Тарих-и Рашиди» кітабында Қазақ хандығының құрылған жері – Шу бойы мен Қозыбасыда екендігін айтып өткен. Тіпті, Ұлы Жібек жолының бір тармағында жатқан өңір болғандықтан мұнда қалалық мәдениеттің де ерте қалыптасқандығы тарихта айқын көрсетілген. Демек, Шу өңірі өз заманында қайнаған саяси өмірдің ғана емес, мәдениеттің де куәсі болған өлке.
Шу аңғарының Жайсаң жайлауында қазаққа аты мәшһүр дала кемеңгері, дара сөзімен үш жүздің басын қосқан үш бидің бірі Төле Әлібекұлының кіндік қаны тамған. Бүгінде Жайсаңнан шығысқа қарайғы он үш шақырым қашықтықтағы Үңгірлі өзенінің сол жағасында Төле би бабамыздың қызыл мәрмәр тастан қашалып жасалған ескерткіші менмұндалап тұр.
Тарихқа шолу жасауымыздың себебі де жоқ емес. Осының бәрі айналып келгенде елге қызмет ету мен өз дәуірінің биік идеяларына адал болуды нақтылау және қайдан шыққанымызды, алдымызда кімдердің барын ұмытпауымыз үшін келтірілген аз-кем дерек болатын.
Ұлт өткені мен ұлт бүгіні, ұлт ертеңі дейтін киелі ұғымдарға қанат бітіру болатын. Ендеше, бүгінде 100 мыңнан астам халқы бар Шу ауданының хал-ахуалына тоқталып көрелік.
Әркім өзі туып-өскен жері мен төңірегіне байыптырақ көз салса, көп нәрсеге қанығары рас. Тіпті, басқасын былай қойғанда, жаппай қызылшеке боп жағаласып, жармасып жатқан мына ғаламтор билеген уақытта жақсылықтарымен бөлісіп, өңіріңнің мерейін биіктететін дүниелерін айтып, неге көпшілікпен бөліспеске деп те ойлайсың… Мақала осындай ниетпен жазылып еді…
Иә, егемендік алғанымызға биыл тура отыз жыл! Осынау отыз жылдың биігінде Шу ауданы барлық салада толайым табыстарға қол жеткізді.
Жалпы, кез келген аудан экономикасының негізгі қозғаушы саласы – ауыл шаруашылығы. Шу ауданы да бұл сала бойынша нәтижелі бағытты ұстануда. Мәселен, биылғы жылы 126 931 гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдары отырғызылса, 10 084 гектарға сүр айдалған. Бұл – оң көрсеткіш. Жерді пайдалану көрсеткіші жүз пайызға орындалды деген сөз. Бұл ретте су үнемдеу технологияларын тиімді қолданып, егін шаруашылығын дамытуда ауқымды жұмыстар атқарып отырған ауданның «Қызылша» ЖШС-нің еңбегі орасан екендігін көреміз.
Шу алқабы пияз өнімін де молынан береді. Облыс бойынша 22 мың гектар алқапқа пияз егілсе, соның 13,3 мың гектары Шу ауданында өсіріледі. Бұл жиын-терім науқаны басталғанда ауданда қызыл алқап қаптай бастайды дегенді білдіреді.
Шөп өсіру, шөп жинау науқаны да жап-жақсы атқарылуда. Ағымдағы жылы маңғыстаулықтар шөп тапшылығы қиындық тудырып отырғанын айтып, әлеуметтік желі арқылы көпшіліктен көмек сұрағанда, шулықтар алғашқылардың қатарында батыс өңірге бес вагон сығымдалған шөп жөнелтті. Және малдары шөптен тарыққан Қызылорданың Сексеуіл ауылына де екі вагон шөп жіберді. Қайырымдылық істердің қайырымы Алладан қайтарына шулықтар кәміл сенеді. «Адамның күні – адаммен» деген. Жұртыңа тар жерде таяу, тайғақ жерде тіреу бола алғаннан асқан қандай шарапат болушы еді?!
Аудандағы мал шаруашылығы да жаман емес, мал басының саны артып, өңірдегі ірі агроөнеркәсіп кешендері мен шаруа қожалықтары ет және сүт өнімдерін өндіру ісі заманауи құрылғылармен жабдықталып, жергілікті тұрғындарды ғана емес, өзге облыстарды өз өнімдерімен қамтамасыз етіп отыр. Бұл – бірлігі азбаған, берекесі тозбаған жұрттың ынтымағының көрінісі.
Әлеуметтік сала да өз арнасында. Жетістіктерін ауыз толтырып атауға болады. Бүгінгі күні ауданда 93 білім ошағы бар (47 мектеп, 1 кешкі мектеп, 38 балабақша, 7 мектептен тыс мекеме, 1 коррекциялық кабинет). Мектептерде жалпы 2 334 педагог жұмыс істейді.
Жаңа білім ошақтары салынып, тозығы жеткендері күрделі жөндеуден өткізіліп жатыр. Мысалы, биыл Төле би ауылындағы 300 орынды қамтыған әл-Фараби мектебінің құрылысына 830 млн теңге, Шу қаласындағы Ы.Алтынсарин мектебіне 543,9 млн теңгеге қосымша ғимарат салуға қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Сонымен қатар, жыл соңына дейін Шу-Бурылбайтал автожолының бойында орналасқан «Оқушылар сарайы» пайдалануға берілмек.
Ауданда жиырма мәдениет үйі, жиырма бес кітапхана ошағы көпшілікке қызмет етеді. Олардың да материалдық базасы жақсарып келеді. Айталық, Жамбыл облысы әкімінің тапсырмасымен биыл Қонаев ауылындағы 180 орынды клуб құрылысын жүргізуге және Балуан Шолақ ауылдық клубы мен аудандық мәдениет үйін күрделі жөндеуден өткізуге қаржы бөлінді.
Денсаулық сақтау саласында да тиянақтылық көзге ұрып тұр. Аудан бойынша халыққа 32 денсаулық сақтау мекемесі қызмет көрсетсе, оның ішінде екі аурухана, екі емхана, он төрт дәрігерлік амбулатория, туберкулезге қарсы бір бөлімше, алты фельдшер-акушерлік пункті, жеті медициналық пункт жұмыс істейді. Сондай-ақ, өткен жылдан бері коронавирус індетін емдеу және оқшаулау шараларын ұйымдастыру мақсатында 180 төсек қоры жасақталған және COVID-19 инфекциясын жұқтырған науқастарды емдеу мақсатында қосымша жиырма инфекциялық, оның ішінде екі реанимациялық төсек қоры ашылып, науқастарға қызмет көрсетуде. Мұнымен қоса, көзге көрінбейтін жаудың алдын алуға демеушілерді тарту жұмыстары да тұрақты ұйымдастырылған. Бүгінгі күнге демеушілер тарапынан жалпы сомасы 52,5 млн теңгеге медициналық қажеттіліктер алынды. Оның ішінде 49 дана оттегі концентраторы аппараты, 165 дана пульсоксиметр, ал Kaspi Bank демеушілігімен ауданға 4 жедел жәрдем көлігі сатып алынды.
Қазiр коронавируспен күресте екпе алу – көзге көрінбейтін жауды жеңудiң жалғыз жолы. Ал, екпе жақсы нәтиже беру үшiн халықтың басым бөлiгi егiлу керек. Бұл тұрғыда аудандық әкімдік қызметкерлері халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде, аудан бойынша 18 жастан жоғары 49,2 мың адам коронавирус инфекциясына қарсы вакцинациялауға жатса, оның 56,8 пайызы немесе 27,9 мың тұрғын екпемен қамтылған.
Ауданның 12 елді мекеніне (Шу қаласы, Жаңажол, Көкқайнар, Белбасар, Еңбекші, Төле би, Бірлік, Қонаев, Көктөбе, Бірлікүстем, Алға, Сауытбек) газ құбыры жүргізіліп, 18 елді мекеннің 11-іне (Абай, Мойынқұм, Еңбек, Жиенбет, Ақтөбе, Тасөткел, Аспара, Тасөткел су қоймасы, Жайсан, Ақсу, Оразалы батыр) магистралды газ құбыры тартылып, ШРП-лар орнатылады. 2022 жылы қалған 7 елді мекенге (Бәйдібек, Бөлтірік, Ақтасты, Балуан Шолақ, Далақайнар, Шоқпар, Шоқпар бекеті) магистралды газ құбыры тартылатын болады.
Ауыз су мәселесі де шешімін тауып келеді. Мысалы, 24 ауылдық елді мекен орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Өткен жылы Қосқұдық мөлтек ауданына және Оразалы батыр ауылына ауыз сумен қамтуға қаржы бөлініп, нәтижесінде Оразалы батыр ауылындағы жұмыстар сәтті аяқталып, Қосқұдық мөлтек ауданындағы жұмыстар жыл соңына дейін бітеді деп күтілуде. Сонымен қатар, Ақтөбе, Төле би ауылына кіреберіс сол жақ беткейі, Шу қаласының Қант зауыты мөлтекауданы, Еңбекші ауылдарын ауыз сумен қамту жұмыстарына дайындық басталып та кетті. Көкқайнар (262,5), Сауытбек (186,3), Көктөбе (760,0 млн теңге) ауылдарына ауыз су құбырын жүргізуге қаржы бөлуге бюджеттік өтінім беріліп қойған.
Өз кезегінде жол жұмыстары да жандануда. «Сапалы жол» жобасы бойынша зерделеу жұмыстары жүргізіліп, көше жолынан кемшіліктер анықталған жағдайда ұсыныстар енгізіліп, жол сапасына көбірек мән берілуде. Соның нәтижесінде 70 пайызға жуық жол асфальтталған.
Жалпы, ауданның еншісіне кіретін автомобиль жолдарының ұзындығы 840 шақырымды құрайды. Оның ішінде негізінен жағдайы нашар республикалық маңызы бар жолдардың ұзындығы 118 шақырым. 2020 жылы басталған Меркі-Шу-Бурылбайтал автожолының құрылыс жұмыстары осы күзде аяқталып, пайдалануға берілмек. Аталған жұмыстар біткен жағдайда, аудан аумағынан өтетін республикалық маңызы бар жолдардың жол мәселесі шешімін табары сөзсіз.
Биылғы жылға автомобиль жолдары саласына 730,2 млн теңге қаржы бөлініп, оның ішінде жергілікті бюджеттен 316,3 млн теңге, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша республикалық бюджет есебінен 413,9 млн теңге қарастырылған. Бұл қаржыға Шу қаласы мен ауылдық елді мекендердің 25 көшесіне орташа және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілмек.
Бүгінде мемлекет тарапынан аудан әкімдіктеріне қойылып отырған негізгі талаптың бірі – кәсіпкерлікті дамыту. Осы сала арқылы көптеген жұмыс орындары ашылса, сол арқылы жергілікті салық базасы ұлғайтылып, қоғамдық-саяси тұрақтылықты сақтауға қол жеткізіледі. Ал, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға мемлекет тарапынан бөлінетін қаражат көлемі де жыл сайын артып келеді. Қаңтар-маусым айларында ауданның кәсіпкерлік саласын дамытуға мемлекет тарапынан 970,6 млн теңге қаржы бөлінген. Оның ішінде «Еңбек» бағдарламасы аясында 65 адамға 246,2 млн теңге шағын несие берілсе, 607 азаматқа 350 млн теңгеге өз кәсібін бастауға қайтарымсыз грант берілді. «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы аясында 39 жеке кәсіпкер 327,9 млн теңге, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасымен 3 кәсіпкер 46,5 млн теңге несие алды. Аудандағы жұмыс істейтін кәсіпкерлер саны 7,1 мыңды құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 4,9 пайызға артты.
Тәуекелден тайғызбас әрі жігер шыңдайтын осындай қолдаулар қаншама кәсіпкерліктен үміткер жандардың ісіне демеу болғаны рас. Демеушілік демекші, ауданда демеушілер есебінен жалпы құны 626,9 млн теңгені құрайтын 21 жоба жүзеге асырылуда. Мәселен, Ақсу ауылының атымтай жомарты, кәсіпкер Болат Тілеужанов өз ауылына құны 47 млн теңгені құрайтын саябақ салып берді. Сондай-ақ, алдағы күндерде кәсіпкерлердің демеушілігімен Балуан Шолақ ауылында құны 80 млн теңгені құрайтын спорт кешені, Бөлтірік ауылында құны 25 млн теңгені құрайтын мәдениет үйі бой көтермек. Сонымен қатар, «Асарлатып үй салу» жобасы аясында да жаңа үйлер бой көтеруде. Жақсының жолын, жастықтың тілеуін кеспейтін атам қазақ салтының асарлатып көмектесу үрдісінің жалғасын табуы көңілге қуаныш ұялатады. Әйтеуір, кең жүріп, кең тұрған қазақтың дархандығы таусылмаса екен деп іштей ойлайсың ғой…
Шу өңірінде осындай іргелі істер атқарылып, шулықтардың жағдайы мен өмір сүруі үшін барлық қам-қарекеттер жасалуда. Бұл да болса Тәуелсіздігіміздің жемісі. Елдік мұрат-мүддені ойлаудың бір көрінісі болса керек.
Рас, алда күтіп тұрған іс те көп, жұмыс та жетерлік. Аудан әкімі Нұржан Сәбитұлы бастаған жергілікті атқамінерлер шуақты Шуымыздың шырайын асыра түсетіндеріне туған жерден жырақта жүрген мына біздер сенім артып, үміттенеміз. Бастысы, сол сенім мен үміт ақталсын…
Жасұлан МӘУЛЕНҰЛЫ