Ластаушы көздерді азайту – әр адамның міндеті

0
1282

Қазiргi таңда әлемде қоқыстың қисапсыз жиналуы ең өткiр мәселелердің бірі болып отыр. Адам баласының кез келген шаруашылық әрекеті биосфераны тұрмыстық қалдықтармен ластайды. Тұрмыстық қалдықтардың таралуын шектеу мақсатында елді мекендерден қашықта орналасқан жер учаскесі таңдалады. Содан кейін тұрмыстық қалдықтар қала сыртындағы қоқыс полигонына тасып шығарылады. Қоқыс полигоны қаладан қашықта орналасқанымен, қоқыс мөлшерiнiң ұлғаю шапшандығы сонша, жақын орналасқан елдi мекендерге тез арада-ақ жетедi. Қоқыс үйiндiлерiнен қоршаған ортаның экологиялық жағдайының нашарлауы адамдардың денсаулығына керi әсерiн тигiзіп, қауiптi ауруларға, тiптi өлiм-жiтiмге әкеп соқтырады.

2020 жылдың 10 шілдесінде Үкіметтің кеңейтілген отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамда уақыт өте келе күрделеніп келе жатқан экологиялық мәселелерді шешудің өзектілігін жеткізді.

«Жыл сайын 5 млн тоннадан аса қатты тұрмыстық қалдықтар шығарылады. Оларды өңдеу көлемі еліміз бойынша тек 15% ғана. Бұл жеткіліксіз. Үкіметке жедел түрде заңнамалық база әзірлеп, «Waste to energy» технологиясын енгізу үшін қолайлы инвестициялық жағдай туғызу қажет», – деп мәлімдеген болатын Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі әр өңірдегі стихиялық үйінділер туралы азаматтардан ақпарат жинау үшін жедел желі іске қосты.

Бүгінгі күні жедел желіге Алматы қаласы бойынша 37 шағым (Алатау ауданы – 3, Алмалы ауданы – 6, Әуезов ауданы – 6, Бостандық ауданы – 9, Жетісу ауданы – 3, Медеу ауданы – 3, Наурызбай ауданы – 5, Түрксіб ауданы – 2) келіп түсті. Оның ішінде 33 шағым бойынша Алматы қаласы бойынша Экология департаменті шағымдардағы кемшіліктерді жою мақсатында тиісті әкімдіктермен бірлесе отырып, стихиялық және контейнерлік қоқыстарды жою жұмыстарын жүргізді. Қалған 4 шағым бойынша қазіргі таңда стихиялық қоқыстарды жою мақсатында жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар, қоқыс контейнерлерін жинақтауға 3 жұмыс күні, ал стихиялық қоқыстарды жинақтауға 7 жұмыс күні ішінде тиісті жұмыстар атқарылуы қажет екендігі ескертілуде.    

Рұқсат етiлмеген қоқыс үйiндiлерiнiң пайда болуына кiнәлi тұлғаларға «Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасының Кодексi бойынша әкiмшiлiк жауапкершiлiк көзделген. Халық денсаулығына және табиғатқа зиян келтіретін ластаушы көздерді азайту – әр азаматтың міндеті.

Ерсултан ДЖУМАХАНОВ, Алматы қаласы бойынша
Экология департаментінің бас маманы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here