Алматы аймақтық Ректорлар кеңесінің мүшелері Жолдауды талқылады

0
981

Өткен аптада Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің базасында онлайн-режимде Алматы аймақтық Ректорлары кеңесі болып өтті. Онда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздің одан әрі даму бағытын айқындайтын «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауы талқыланды. Отырысқа Алматы аймағынан 50-ден астам ЖОО ректорлары мен өкілдері қатысты. Бұл туралы Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің ресми сайтында жарияланды.

Жиынға қатысушылар Мемлекет басшысының Жолдауда көрсеткен жоғары оқу орындарында кадрлар даярлау сапасын жақсарту, студенттерді әлеуметтік қамтамасыз ету, ғылыми-зерттеу институттарын қолдау бойынша қойылған міндеттерді егжей-тегжейлі талқылады.

Отырысты ашқан Алматы аймақтық Ректорлар кеңесінің төрағасы, ҚазҰАЗУ Басқарма төрағасы – ректоры Тілектес Есполов биылғы Жолдауда Президенттің еліміздің білім беру мен ғылымды және АӨК жаңғырту мәселелеріне назар аударылғанын атап өтті.

«Қазақстан халқына Жолдауында Президент Тәуелсіздіктің 30 жылдығын мемлекетіміздің ең жоғары құндылығы деп лайықты баға берілді. Жолдаудың өте маңыздылығы мен нақты құрылымы бізді тәнті етеді, тапсырмалар жүйелі әрі айқын көрсетілген, бұл елдің одан әрі үдемелі дамуының стратегиялық бағыттарын қаматамасыз ететіні сөзсіз», – деді Тілектес Есполов.

Тілектес Исабайұлының айтуынша, Жолдау қазақстандық қоғамның ең күрделі және өткір мәселелерін шешуге бағытталған. «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» деген атаудың өзі құжаттың әлеуметтік бағдарын, билік пен қоғамның ашық пікірталастарға дайын екендігін білдіреді. Бұл маңызды құжат қоғамды толғандыратын көптеген сұрақтарға жауап болды, онда мемлекеттік тіл, мемлекеттік қызмет, азаматтық қоғам және этносаралық келісім мәселелері терең қозғалды.

«Ел Президенті болашақта мамандықты саналы түрде таңдау мақсатында мектептерде кәсіптік бағдар беру жұмыстарын жүргізу қажеттігіне тоқталды. Жоғары оқу орындарының профессорлық-оқытушылық құрамы осы мәселе бойынша колледждер мен мектептерге көмектесуге міндетті. Мысалы, біздің университетте аграрлық білім берудің үздіксіз жүйесін жүзеге асыратын «Агробілім» халықаралық қауымдастығы мен шағын академия құрылған: мектеп (лицей) – колледж – университет. Қазақстанның 9 облысы мен 99 ауданында университет қамқорлығына алынған мектептер бар», – деп жалғастырды сөзін Тілектес Есполов.

Жолдаудың негізгі бағыттары бойынша ректорлар кеңесінің мүшелері – С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің Басқарма төрағасы-ректоры Талғат Нұрғожин, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің Басқарма төрағасы-ректоры Мейрам Бегентаев, ҚазҰПУ Басқарма төрағасы-ректоры Дархан Біләлов, Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінің ректоры Сәуле Сағынтаева, ХАТУ ректоры Асқар Хикметов, Каспий қоғамдық университетінің ректоры Жолдасбек Нүсенов және т.б. сөйлеушілер бұл Жолдау ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айқындаған саясаттың жалғасы екенін атап өтті.

Алматы аймақтық Ректорлар кеңесінің мүшелері Мемлекет басшысының «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – елдің өркендеуінің берік негізі» Жолдауында айтылған бастамалар мен нақты қадамдарды толық қолдайды және қойылған тапсырмаларды жүзеге асыруға барлық күш-жігерлерін салады. Сондай-ақ, отырыста Ректорлар кеңесінің мүшелері пандемия кезеңінде офлайн форматта жаңа оқу жылының қалай басталғаны туралы тәжірибелерімен бөлісті. ЖОО-ларда оқу процестері бағыттары бойынша жұмыстарды жандандыру туралы ұсыныстар айтылды.

Жиын қорытындысында Алматы аймақтық Ректорлар кеңесі отырысының тиісті шешімдері қабылданды.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here