Ресей Федерациясы университеттерінің бір топ өкілі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне ресми іс-сапармен келді. Кездесуде ынтымақтастық, екіжақты қарым-қатынастарды дамыту және бірлескен жобаларды ұйымдастыру мәселелері талқыланды. Сапар барысында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Басқарма төрағасы – Ректор Жансейіт Қансейітұлы Түймебаев пен Калашников атындағы Ижевск мемлекеттік техникалық университеті ректорының міндетін атқарушы Александр Викторович Губерт кездесті.
Сонымен бірге шараға Ижевск мемлекеттік техникалық университеті Халықаралық білім беру бағдарламалары институтының директоры А.В.Рябчиков пен Новосибирск мемлекеттік университеті білім экспорты бөлімінің басшысы Е.И.Сагайдак қатысты.
– Бүгінде ҚазҰУ әр түрлі салалар бойынша Ресейдің жоғары оқу орындарымен ғылыми және білім беруде өзара байланыс орнатқан. Қазіргі таңда 140 ресейлік жоғары оқу орындарымен 195 ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды, – деп атап өтті Ректор.
Екіжақты бас қосуда қазақстандық және ресейлік тараптар білім экспортына мүдделі екендігін ескере отырып, Ресей Федерациясының басқа да жетекші жоғары оқу орындарымен стратегиялық серіктестік туралы келісімге қол қою ұсынылды. Сонымен бірге инновациялық бағытта бірлескен ғылыми зертханалар мен онлайн және офлайн конференциялар ұйымдастыру жайы сөз болды.
Өз кезегінде ресейлік жоғары оқу орындарының өкілдері ҚазҰУ басшылығының жылы лебізіне алғыс білдіріп, алдағы уақытта қос тараптың да ынтымақтастықта жұмыс істейтіндігіне сенім білдірді.
Академиялық ұтқырлық аясында Ресей Федерациясының жоғары оқу орындарында болып, түрлі конференцияларға, біліктілікті арттыру курстарына қатысып, біргелікте көптеген жобаларды атқарып келеді. Сонымен бірге ҚазҰУ мен Ресей университеттері TEMPUS / Erasmus + жобаларына белсенді түрде атсалысып, қос дипломды магистрлік бағдарламаларын жүзеге асыруда.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі