Жыл толды үлкен жүрек тоқтағалы,
Біз оны сан айтамыз жоқтап әлі.
Ә. Тәжібаев
«Ойлап тұрсам дүние шолақ екен, бір-біріне адамдар қонақ екен», – деген халық даналығындай, пейілінің кеңдігі, жан дүниесінің пәктігімен айналасына мейірім шуағын шашып жүрген, жаны жайсаң Рысмағамбет (Рысман) ағамызды қазанның алғашқы мизам шуақ күндерінің бірінде қайтпас сапарға қимас көңілмен шығарып салғанымызға да жыл толыпты-ау…
Хақ тағаланың шеберлігінде мін жоқ қой, марқұм бақилық сапарына кіндік қаны тамып, балалық бал дәурені өткен киелі Тараз топырағынан аттанып, жамбасына бүкіл саналы ғұмырын өткізіп, өсіп-өнген сүйікті Алматысы Кеңсайының биік жотасынан топырақ бұйырыпты, өзі де тіршілігінде арманы асқақ, асқар биікке құштар еді…
Қуанышы мен қайғысы қатар жүретін бұл фәниде өмір мен өлім алмасып, алғашқысы соңғысына орын босатып жатқан қу тірлік қой. Тіршілігінде өнегесін көріп, тәлім алған аяулы ағаның бақилық сапарға озғанына жыл болғанымен, мейірімді дидары мен асыл қасиеттері жадымызда мәңгі сақталатыны сөзсіз.
«Санаулы күн,
Санаулы ай,
Санаулы жыл.
Санай жүріп самайлар ағарды кіл.
Уақытты не пайда санағаннан,
Алатұғын өмірде бағаңды біл», – деп Мұқағали айтқандай, аяулы ағаның бүгінде артында аңызға айналған асыл қасиеттері мен ізгі істері қалды.
Рысекең ағамен кіндік қанымыз тамып, өскен жеріміз бөлек, жас шамамыз алшақ болса да, етене жақын араластық. Қазақ қыздарының киелі шаңырағында басталған таныстығымыз зор сыйластыққа ұласты. Сыйласа, сырласып жүрген кезеңде ағаның адами болмысына, азаматтық әлеміне тәнті болдым. Жанашыр, қамқор, ақылшы туған ағамдай болып кетіп еді!..
Даңғаза мақтанып-масаттанудан жаны ада, қашанда тынымсыз тірлік пен мызғымас бірліктің ортасында жүретін, адал еңбегімен елінің қадірлі де қасиетті азаматы дәрежесіне көтерілген жүрегі мейірімді, ісі қайырымды Рысман ағамызды еске алғанда, көз алдымызға орта бойлы, тығыршық денелі, сымбатты да бидай өңді, иман жүзді, ақжарқын мінезді азаматты елестетеміз! Адами болмысы ерекше еді… Жеке бас ұқыптылығында, тиянақтылығында шек жоқ, күнделікті киім киісі мен жүрісі де жоғары талғамға сай, үлгі-өнеге аларлық бекзат болмыс еді. Текті тұлға дегеніміз осындай-ақ болар деп ойлайсың.
Рысекең Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің өркендеп, дамып, бүгінгі жеткен жетістігіне өз үлесін ерекше қосты, киелі шаңырақтың нағыз жанашыр патриоты болып, оны өзінің кесек істерімен дәлелдей білді.
Рысмағамбет Қоңырұлы ұстаз, бар болмыс-табиғатымен, өз кәсібін шынайы жүрекпен сүйген, оған адал пейілімен берілген «қазақтың қаны бір, жаны бір…» (М.Жұмабаев) қайраткер ұстаз болды. Әр шәкіртінің болашақ өмір жолында кәсіби маман болып қалыптасуына тұғыр, зор жетістікте жетуіне даңғыл жол ашқан ұстаз бола білді. Бұл күндері Рысекеңнен дәріс алған шәкірттері кең-байтақ еліміздің әр түпірінде жас ұрпақ тәрбиесі жолында жемісті еңбек етуде. Ал, бойындағы талантын көрегендікпен байқай біліп, «бетінен қақпай, белін буған» шәкірттерінің біразы бүгінде ұстаз жолын қуып, «альма-матерінде» абыройлы қызмет атқаруда.
Рысмағамбет Қоңырұлының өмір жолында ұстаздық, ғалымдық еңбегіне қарағанда ұйымдастырушылық, басшылық қызметінің шоқтығы мұзарт шыңдай асқақ, дара көрінеді.
Ширек ғасырға жуық Биология кафедрасының меңгерушісі қызметін (біраз уақыт дайындық бөлімінде кафедра басқарған) атқарған кезде кафедра профессор-оқытушылары құрамының ғылыми әлеуеті мен материалдық-техникалық базасының дамуы жолында аянбай, есте қалар қызметтер атқарды. Кафедраға бірнеше ғылым докторлары мен жас ғылым кандидаттары қызметке қабылданып, кафедра кадрларының ғылыми әлеуеті сол кезеңде университет бойынша таңғажайып жоғары көрсеткішке жетіп, үлкен мінбелерде үлгі ретінде насихатталды. Және қандай жастарды алды десеңізші!!! Меритократия қағидатына сай қызметке кілең «сен тұр, мен атайын» дейтін терең білімді, заманауи технологияны меңгерген жігерлі, іскер мамандар келді. Бұл нәтиже кафедраның сол кезде Қазақстандағы жоғары мектепті реформалаудың маңызды шарттарының бірі – Болон процесінің үш деңгейлі: бакалавриат-магистратура-докторантура моделіне енуіне даңғыл жол ашты. Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің тарихында Биология кафедрасы алғаш рет магистратура мен докторантураға (PhD) білім алушыларды қабылдап, кадр дайындауды жүзеге асыра бастады.
Кафедрадағы білім сапасына ерекше көңіл бөлді, болашақ биология мұғалімі үшін теориялық білімге қоса, далалық-оқу практикасының маңызы ерекше екені белгілі. Осы мақсатта Қапшағай су қоймасы жағасындағы демалыс қалашығы мен Қарасай ауданындағы Агробиологиялық станцияны студенттер үшін далалық-оқу практикасын өткізетін практика базасы ретінде заманауи талапқа сай күрделі жөндеуден өткізуге қаржы бөлгізіп, студенттердің алаңсыз әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы үшін толық жабдықтатты.
Бұл күндері Қазақ Ұлттық Қыздар педагогикалық университеті әлемнің классикалық университеттеріндей еліміздің ағарту, ғылым мен мәдениеті көшбасшыларының бірі ретінде қарыштап дамып келе жатқан Қазақстанның заманауи жоғары оқу орындары санатында.
Рысмағамбет Қоңырұлы бойында туа біткен ерекше харизмалық қабілеті – жоғары қызмет-лауазымнан айырылып қалармын деп, жылы орнын сақтау үшін жалтақтамай, өткір ой-пікірін ашық айтып, өз ұстанымын қорғай білетіндігі еді. Әкімшілік алдына мәселе қойғанда жалтақтап, бос сөзбен жалаң сөйлемей, көтеріп отырған сұрақты нақты фактіге негіздей отырып, өз ұсыныс-пікірін дәлелдей білуші еді. Сондай-ақ, Ғылыми Кеңес, Ректорат мәжілістерінде де көкейкесті, тың ұсыныстарымен ерекшеленіп, басшылық Рысмағамбет Қоңырұлының креативті тұрғыдағы пікірімен санасушы еді.
Рысекең адамның сыртынан сын айтып, ғайбаттауды, ешқашан ашу шақырып, кек сақтауды білмеді. Өз қарамағындағы қызметкердің сағын сындырмады, керісінше, оларға ақыл-кеңесін айтып, рухани-моральдық тұрғыда қолдады, әсіресе, өмірлік іс-тәжірибесі аз, қызметке жаңа келген жас мамандарға ерекше жанашырлықпен көмектесіп, үлкенге – құрмет, кішіге – ізет көрсете білді.
Рысекең бойындағы дарыған ерекше бір қасиеті – бүгінде ұмытылып бара жатқан қазақтың ежелгі салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын жақсы білуші еді. Ұжым мүшелерінің күнделікті күйбең тірлікте басына түскен қуанышы мен қайғысына өзі ұйытқы болып, ұжымды ұйымдастырып, бірге бөлісуші еді. Сондай-ақ, бүгінгі жастар жағы Рысекеңнің кезінде өзі білім алған атақты С.М. Киров атындағы КазГУ-дың студенттік футбол командасының белді шабуылшысы, «шашасына шаң жуытпаған» талантты спортшысы болғанын біле бермес! Марқұм спорт десе «бәйгеге шабатын сәйгүліктей екі құлағы елеңдеп» тұрушы еді.
Қытайдың данышпан ойшылы Конфуций: «Байыптылық, жомарттық, кеңпейілділік, адалдық және мейірмандылық – асқан адамгершілікті көрсететін бес қасиет», – деген екен. Рысекең дүниеден озса да, оның бойындағы ерен адамгершілік қасиеттері – мейірімділігі, адалдығы, парасаттылығы, адамға қамқорлығы, жас ұрпақ тәрбиесі жолындағы қажырлы еңбегі, биік болмысы мен кісілік келбеті көзін көріп, өзімен сыйлас, тілектес, әріптес болған және білім-тәрбие алған шәкірттерінің көкейінде әркез жаңғырып тұрары хақ!
Қазақта «Бақ деген – құс, ұшады да кетедi. Тақ деген – түс, кiредi де кетедi. Байлық деген – мұз, еридi де кетедi. Мәңгiлiк қалатын – адал iс” деген ұлағатты сөз бар. Бүкіл саналы ғұмырының ширек ғасырдан аса бөлігін Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті қабырғасында өткізген Рысман ағамыз киелі қара шаңырақтың артына адал iс қалдырған, ірге тастірегі бола білген еңбегі ерек, болмысы бөлек тұлғасы еді… Аяулы есімін қолынан түлеп ұшқан сан мыңдаған шәкірттері жүрегі мен оқу орны шежіресіне қалдырды. Өкініштісі, өмірден көргені көп, көңіліне тоқығаны мол, нағыз мәуелі бәйтеректей кемел толысқан шағында кенеттен дүниеден озды.
«Өткен адам болады көзден таса,
Өлдi, өштi, оны ешкiм ойламаса.
Ол кетсе де белгiсi жоғалмайды,
Керектiсiн ескерiп ұмытпаса», – деп Шәкәрiм айтқандай, Рысман ағамыз өмірден өтсе де ізгі істері ел жадыңда сақталып, ұмытылмайтыны, керуен көші жылжыған сайын, оның азаматтық тұл¬ғасы мұзарт шыңдардай биіктей беретіні сөзсіз. Рысекең мына фәни дүниеде бойындағы әкенің қаны, ананың сүтімен дарыған тектілігін парасаттылығымен, көркем мінезімен, көпшілікпен сыпайы қарым-қатынасымен, тоқ етерін айтқанда биік болмысы, кісілік келбетімен адамгершіліктің ғажайып үл¬гісін көрсете білді. Асыл аға артына қалдырған мол рухани мұралары арқылы саф алтыннан құйылғандай ғұмырлық зәулім мүсінін сомдап кетті.
Халқымыз аруақ еске алған сайын бір аунайды деседі, ағайын-туыс, ұрпақтары мен әріптес-қызметтестері еске алып жатқан жақсы ағамыздың нұрын құдайым о дүниелік мәңгілік рахатта болатын қайғысыз, қамсыз әлем жәннәттың төрінде шалқуды нәсіп етсін!
Солтанбек Қасенов,
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің доценті