Қытай коммунистік партиясы кедейлікті жеңді ме, жоқ па?

0
3139

Жарты ғасырға жетер-жетпес уақыттың ішінде Қытай кедей аграрлық елден әлемдегі екінші ірі экономикалық державаға айналды. Қазір тұрғындар супермаркетте экранға қарап-ақ төлем жасайды. Ал, Қытай коммунистік партиясы (ҚКП) қазіргі экономикалық даму деңгейін өздерінің басты жетістігі санайды. Билікті «ашса алақанында, жұмса жұдырығында» ұстап отырған сол партия биыл өзінің 100 жылдық мерейтойын атап өтті. ҚКП мерейтойында Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин елдегі кедейлікті түп тамырымен жойғандарын жер-жаһанға жариялады. Алайда, шетелдік сарапшылар Қытайдың «кедейлік қақпанынан» шыққанына күмәнмен қарайды.

Атулер – жартастың басында, теңіз деңгейінен 1,4 мың метр биіктікте орналасқан ауыл. Ауылға тек 800 метрлік баспалдақпен көтеріліп қана жетуге болады. Бас айналдырар биіктікте орналасқан ауылдың жолы тік болғандығы соншалық, қарттар Атулерден жылдар бойы ұзап кете алмаған. Ал, оқушылар осындай баспалдақтармен мектепке барып-келуге мәжбүр болған…

СӨЗ БЕН ІСТІҢ АРАСЫ

Бір ғасыр бұрын Ресейдегі 1917 жылғы Қазан төңкерісінен шабыт алған қытай коммунистері өздерінің маркстік-лениндік, ұлттық-революциялық күштерін құрды. Қытай коммунистік партиясының алғашқы съезі 1921 жылы шілде айының соңында Коминтерннің идеологиялық және қаржылық қолдауының арқасында өтті. Алғашында ҚКП социалистік мемлекет құруды көксейтін пікірлестер тобына көбірек ұқсады. Жүз жылдан кейін ҚКП елдегі басқарушы партия ғана емес, әлемдегі ең ірі партияға айналып шыға келді. Бүгінде Қытай коммунистік партиясына 92 млн адам мүше.

Жоғарыда жазғанымыздай, ҚКП өзінің басты жетістігіне «мың жылға созылған кедейлікті жеңгендерін» жатқызады. Егер Қытай билігінің сөзіне илансақ, олар бұл мақсаттарына пандемияға қарамастан өткен жылдың соңында жеткен. Ресми мәліметтерге сүйенсек, ауылдағы 100 млн адам кедейлік құрсауынан шыққан. Сондай-ақ, 128 мың ауыл мен 832 аудан кедей мәртебесінен айырылған.

Сәуір айында Қытайда асқынған кедейлікті жою туралы «Ақ кітап» бағдарламалық құжат жарияланды. Онда 1986 жылы Қытайда жылына 206 юаньнан аз табыс табатындар кедей деп танылғаны айтылған. Ал, 2011 жылы бұл шек жылына 2,3 мың юаньға дейін көтерілген. 2020 жылы инфляция деңгейін ескере отырып, бұл көрсеткіш жылына 4 мың юаньға дейін артқан. Жылдық табыстан бөлек, Қытайдағы кедейлік басқа да критерийлер бойынша анықталады. Ол бойынша мемлекет халықты азық-түлікпен, киім-кешекпен, негізгі медициналық қызметпен, қауіпсіз тұрғын үймен қамтамасыз етуге және міндетті тегін білім беруге міндеттеме алды. Сөйтіп, ХХІ ғасырдың екінші он жылдығының басында халықтың басым бөлігі орта білім алды, 99,9 пайызына тегін медициналық қызмет көрсетілді. Ал, 2013 жылға қарай кедейлер тұратын 7,9 млн ескі үйдің орнына жаңа үй салынды. Сонымен қатар, жеті жыл ішінде ауылдардағы жан басына шаққандағы жылдық орташа табыс екі есеге, яғни 12,5 мың юаньға (қазіргі курспен 826 мың теңге) өсті.

«Ақ кітапта» кедейлікпен күрестің стратегиясы көрсетілді. Бағдарлама аясында билік барлық кедейлерге жәрдем беру үшін барлығын есепке алу керек еді. Ауылдық партия комитетінің қызметкерлері кедей аудандарға барып, үй-үйді аралап, кедейлер туралы мәліметтерді ұлттық базаға енгізді. Осылайша, кедейлікпен күреске арнайы топтар тартылып, жұмылдырылды. Олардың өз кестелері және соған сай белгіленген мақсаттары болды. Ауылдық жерлерге күн электр станциясын салу, елдің шалғай түкпірінде интернет-сауданы дамыту арқылы кедейлікті жойды. 50 мың юаньға (3,3 млн теңге) дейін жеңілдетілген несие берді. Бүтіндей ауылдарды дамушы аудандарға көшірді.

 Жарияға жар салынып жатқан осы жетістіктердің барлығын да Қытай коммунистік партиясы бір Си Цзиньпиннің «халық үшін атқарып жатқан зор еңбегіне» апарып телиді. Сөйтіп, Си Цзиньпин көзі тірісінде ел тарихындағы ұлы көшбасшылардың қатарына қосылды. Алайда, мұндай даңғазалыққа бәрі сене де бермейді. Скептиктер кедейлік шегін төмендету арқылы ғана билік «мүмкін емес мақсатқа» қол жеткізе алғанына сенімді. Өйткені, Қытайдағы кедейлер халықаралық стандарттармен салыстырғанда, анағұрлым кедей болып шықты.

Рас, кедейлікпен күресте айтарлықтай табысты жұмыстарына қарамастан, Қытай басшылығының барлық манифестеріне илануға тағы болмайды. Көп жағдайда коммунистердің сөзі мен ісі қабыспайды.

ДАҢҒАЗАЛЫҚ ПЕН КӨЗБОЯУШЫЛЫҚ

Қытай коммунистік партиясы Сычуань провинциясының биік тауларындағы өркениеттен жырақтап қалған Атулер ауылын кедейшілікпен күрестің мысалына әдейі айналдырды. Осылай алты құрлыққа атын жақсы жағынан шығарғысы келді. Әйтпесе,  бұл ауыл әлемге «Бұлтты ауыл» атымен әйгілі болмағанда, биліктің оған назар аударуы екіталай еді.

Атулер – жартастың басында, теңіз деңгейінен 1,4 мың метр биіктікте орналасқан ауыл. Ауылға тек 800 метрлік баспалдақпен көтеріліп қана жетуге болады. Бас айналдырар биіктікте орналасқан ауылдың жолы тік болғандығы соншалық, қарттар Атулерден жылдар бойы ұзап кете алмаған.

Аты әлемге әйгілі болғанға дейін ауылда шағын ұлт өкілдері өмір сүрді. Көптеген отбасылардың ұрпақтары таудан түскен жоқ. Олар ішінде от жағатын дәстүрлі үйлеріне үйреніп қалған-ды. Қытай диалектісінде сөйлей де, оқи да алмаған. Өркениет игіліктерін сирек қолданған.

Әлем бұл ауыл туралы 2016 жылы ғана білді. Журналистер ескі арқанмен мектепке барып және сол баспалдақпен үйге қайтуға мәжбүр болған оқушылар туралы сюжет шығарғаннан кейін Атулердің аты алыстағы Аргентинаға дейін жетті.

Атулердегі өзгерістер дәл осы баспалдақтан басталды. Бастапқыда билік оны темірден жасап берді. Бірақ, содан кейін бір жыл өтсе де, билік тау басындағы ауылды есінен шығармады. Си Цзиньпиннің жеке өзі Сычуань билігіне «халықты ғасырлар бойғы кедейліктен құтқаруға» пәрмен берді. Жергілікті билік төрағаның бұйрығын орындауға кірісті. Енді 84 үй шаруашылығы ауылдан 70 шақырым қашықтықта орналасқан жаңа тұрғын үй кешеніне көшеді. Қалған 30 үйдің тұрғындары туристерге қызмет көрсету үшін қалады.

Атулерлік аға буын саздан жасалған үйлермен бірге басқа да дәстүрлер ұмытылып кететініне алаңдайды. Алайда, таудағы қиын өмірден кейін қолайлы қала өміріне үйреніскендерін жергілікті тұрғындардың өздері де мойындайды. Кедейліктен құтылған жандар кімге алғыс айту керектігін ұмытпау үшін коммунистер оларға пәтер кілттерімен бірге Си Цзиньпиннің портреттерін қоса табыстапты.

Қарттар өзгерістерге бейімделіп жатқанда, орта білім алмаған жастар ғаламтор арқылы табыс табуды жаппай меңгеріп жатыр. Мысалы, 24 жасар Цзике өткен жазда Атулерде қалған заттарын таудан түсірумен айналысқан. Douyin қосымшасында (Tik Tok-тың қытайлық нұсқасы) көшу туралы блог жүргізіп және тікелей эфирге шығып айына шамамен 3 000 юань (198 мың теңге) табады. Ал, ауыл тұрғындарының орташа айлығы 700 юаньнан (46,2 мың теңге) аспайтынын ескерсек, бұл қомақты табыс саналады.

Иә, «бит терісінен биялай тоқитын» қытайлар табыс табудың жолын жақсы білетіні баршаға аян. Дегенмен, Цзике сияқты кейіпкерлерді Қытай коммунистік партиясы БАҚ арқылы жаппай насихаттап жатыр. Бірақ, жағдайдың дәл солай еместігін ішіміз сезеді.

Рас, бір қарағанда табысты болып көрінетін кедейлікпен күреске бюрократияның да көлеңкесі түсетін кездер болады. Айталық, көптеген кедейлер мұқтаждар тізіміне енбей қалып, қаладағы пәтерден қағылды. Билік кейбір отбасылардың кірісін дұрыс та есептемейді. Сондай-ақ, санаққа енбегендер де аз емес. Бұл тек Атулер ауылына ғана тән жағдай емес. Жергілікті биліктің ағаттықтарын мойындаудан және деректерді қайта тексеруден бас тартуының салдарынан елдегі кедейшіліктің нақты мөлшерін бағамдау қиын.

Жергілікті партия хатшысы қайта есептеу мерзімі 2020 жылдың маусым айында аяқталғанын және ауылда кедейлердің қалғанына қарамастан, жүйе енді ешкімді тіркемейтінін тілге тиек етті.

Тізімге енбей, ұмыт қалғандардың бірі – 37 жастағы көп балалы ана әрі жесір әйел Цзицзу Уло. Ол төрт баласының екеуін басқа отбасыға беруге мәжбүр болған. Мұны балаларын тамақтандыруға ас таппағанымен түсіндіреді. Бүгінде кіші ұлын оқыту үшін мектеп жанындағы таудың етегіндегі пәтерді жалдап тұруда. Ал, Атулердегі өз үйінің әбден тозығы жеткен. Ол кедей мәртебесін алуға тырысқан сайын, билік оның ісін қарауды кейінге шегеріп келеді. Оның күнкөріс деңгейі әлі күнге дейін жылына 2 940 юань (195 мың теңге) болса да, оған не үшін қаладағы пәтерге өтініш бере алмайтыны түсіндірілмеген.

Тоқ етерін айтқанда, «Қош бол, Атулер! Қош бол, кедейлік!» тақырыбындағы мақалаларда даңғазалық пен асыра сілтеу көп. Шындығында, көптеген атулерліктердің үйлері де, күйлері де жоқ. Өйткені, жартастың басындағы апатты үйден қалаға көшу «өмірің жұмаққа айналады» дегенді білдірмейді. «Бұлтты ауылдың» бұрынғы тұрғындары алдымен жұмыс табуы керек. Шағын қалада жұмыс табу да оңайға соқпасы анық. Жастар ақша табу үшін ірі қалаларға жиі қоныс аударады. Бірақ, Қытайдағы тіркеу жүйесі іс жүзінде бұған жол бермейді. Себебі, олар әлеуметтік қызмет пен медициналық көмекті тек тұрғылықты жерінде ғана ала алады.

Мысал еткен Атулер ауылы – көптің бірі ғана. Қытайдың кедейлікке қарсы күресінде сөз бен істің айырмашылығы ғана мәселе туындатып отырған жоқ. Сонымен қатар, сарапшылардың биліктің Қытайдағы кедейлікті анықтау әдісіне қатысты қоятын көптеген сұрақтары бар.

ТАҚЫР КЕДЕЙЛЕР ӘЛІ ДЕ КӨП

Дүниежүзілік банктің мәліметінше, 1990 жылы Жер тұрғындарының 36,2 пайызы тақыр кедей (қайыршы) санатына жатса, 2018 жылы бұл көрсеткіш 8,7 пайызға дейін төмендеген. Әлем бұл көрсеткіш үшін 1,4 млрд халқы бар Қытайға қарыздар. Себебі, аспан асты елінің үлесіне осы жылдар ішінде кедейліктің қамытынан құтылғандардың 60 пайызы тиесілі. 1981 жылы Қытайдағы халықтың 90 пайызға жуығы кедей саналды. Бүгінде олардың саны бір пайызға да жетпейді. Қытай коммунистік партиясының ресми статистикасы осылай сайрайды.

Алайда, Дүниежүзілік банк әлі күнге дейін кедейліктің төменгі шегін минималды жолақтан бастаудан гөрі, түрлі елдерде түрлі тәсілмен анықтауды ұсынады. Мысалы, халықтың табыс деңгейі кедейшіліктің орташа шегінен төмен мемлекеттерге күндік табыстың 3,2 долларын (1 364 теңге) белгілеген жөн. Халқының табыс деңгейі кедейшіліктің орташа шегінен жоғары елдер үшін күндік табыс – 5,5 доллар (2 345 теңге). Халықаралық өлшем бойынша, Қытай дәл осы санатқа жатады. Бірақ, Қытай билігі әлі күнге дейін кедейлердің үлесін есептеу үшін ең төменгі деңгейден бастайды. Күніне – 1,9 доллар (810 теңге). Қытайдың жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнімі 11 819 долларды құрап, әлемде 56-орында тұр (Қазақстан 9 686 доллар көрсеткішпен 69-орынға жайғасқан).

Демек, Қытайдағы кедейлердің санын Дүниежүзілік банк тәсілімен есептейтін болсақ, онда кедейлер саны ел халқының 17 пайызын құрайды. Түптеп келгенде, Қытай кедейлікпен күресте өзімен шамалас басқа елдерден қалыс қалуда. Мәселен, кедейлердің үлесі Түркияда – 8,5 пайыз, Иранда – 15 пайыз. Сонымен қатар, Қытай билігі ауылдық жерлердегі кедейлерді ғана есепке алады. Дәл солай қаладағы кедейлерге де санақ жүргізу қажет. Егер қалалық кедейлер тізімге енсе, аспан асты елінің арындаған көңіліне селкеу түсері анық.

«2020 жылы коронавирус пандемиясы Қытай билігінің алға қойған мақсаттарына жетуіне біршама кедергі келтірді.  Өткен жылы 5,5 млн адам кедейлік шегінен шығарылды. Әйтсе де, пандемия салдарынан бір жыл ішінде кедейленгендер олардың үлесін қайта толықтырды. Бірақ, бұлар тізімге енбеді», – деп атап өтті экономикалық сарапшы Билл Бикалес өзінің зерттеуінде.

Қытай үкіметі бүгінде кедейшілікті түбегейлі жеңудің ауылы алыс екенін жақсы түсінеді. Мысалы, ҚХР Мемлекеттік кеңесінің премьері Ли Кэцян 600 млн адамның (халықтың бестен екісі) әлі де айына мың юаньнан (155 доллар) аз табатынын мәлімдеді. Оның сөзінше, бұл ақша қарапайым қалада пәтер жалдауға да жетпейді. Премьердің сөзі қоғамда үлкен резонанс тудырды.

Билік мұны кедейлікпен байланыстырмайды. Үкімет жұмысшыларға көшуді жеңілдету үшін және балаларын немесе қарт ата-аналарын өздерімен бірге алып жүруі үшін тіркеу жүйесін реформалауды жариялады. Енді үкімет жалпыға бірдей медициналық сақтандырумен және аз қамтылған азаматтардың білім деңгейімен айналысуға ниетті. Бұл көп уақыт пен күш-жігерді қажет етеді. Бірақ, Қытайдың коммунистік партиясы аралық табыстарына шаттанып, оны дәуірлік жетістік деп жариялаудың сөкеттігі жоқ деп біледі.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Қытай коммунистік партиясы «кедейлікті жойдық» деп қанша ұрандатса да, іс жүзінде кедейлердің әлі де көп екені өздеріне аян. Бәлкім, коммунистер ағылшын ойшылы Томас Мордың еңбегінен қанаттанып, утопиялық-социализмге жеттік дегісі келді ме екен?! Әрине, аспан асты елінің кедейлікпен табанды күресудегі бірқатар жетістіктерін ескерусіз қалдыруға да болмайды. Бірақ, асыра сілтеу КСРО-ның түбіне жеткенін Қытайдың коммунистік режимі ұмытпағаны жөн.

Фараби СӘЙКЕНОВ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here