Уақытылы өңделмеген қоқыстардың табиғатқа келтірер залалы

0
1251

Тұрмыстық қатты қалдықтардың құрамына тағам, қағаз, металл сынықтары, резеңке, шыны, ағаш, мата және пластик, синтетикалық қалдықтар кіреді. Қазіргі таңда қатты тұрмыстық қалдықтардың басым бөлігі компоненттерге бөлместен, яғни сұрыпталмастан ашық қоқыстарға, қалалық көму полигондарына шығарылады және қоймаланады. Шындап келгенде, олардың 97%-ы ҚР табиғат қорғау және санитарлық заңнамасының талаптарына сәйкес емес. Көптеген қалада орналастыру мен жайғастыру жобасыз және қоршаған ортаға әсерін бағалаусыз жүзеге асырылады. Қатты тұрмыстық қалдықтардың 5%-ы ғана кәдеге жаратылады.

Полигондардағы тұрмыстық қатты қалдықтар күннің жылынуынан немесе өрттің кесірінен еріп, физика-химиялық және биохимиялық үрдістердің жүруіне ықпал етеді. Бір сөзбен айтқанда, қоқыстарды сақтау барысында сұйық, қатты және газ тәрізді көптеген улы химикаттар пайда болады. Ал, бұның биосфераға және адамзат өміріне үлкен қауіп төндіретіні айтпаса да белгілі. Қоршаған ортаға келетін биогендік әсердің нәтижесінде жәндіктер, құстар, кеміргіштер арқылы бактериялар мен вирустар алыс қашықтықтарға тарайды.

Сонымен қатар, мамандар сұйық өнеркәсіптік және тұрмыстық қалдықтар топырақ және өсімдік қабатын, жер асты суларын улы заттармен жоғары деңгейде концентрациялайды. Сол себепті қоршаған ортадағы қоқыстарды қадағалау, оның заңға сай белгіленген орындарға төгілуі мен тазалануын ұйымдастыру жұмыстары аса маңызды.

Қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу саласын дамыту мақсатында нормативтік құқықтық база жетілдірілді. Атап айтқанда, Экологиялық кодекске түзетулер енгізілді.

2016 жылдан бастап полигондарда құрамында сынап бар шамдар мен аспаптарды; металл сынықтарын; пайдаланылған майлар мен сұйықтықтарды; батареяларды; электрондық қалдықтарды көмуге тыйым салынады. 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап пластмассаны, макулатураны, картон мен қағаз қалдықтарын, шыныны көмуге шектеу қойылды. Осы нормаларды енгізу қалдықтарды өңдеу саласында шағын және орта бизнесті ынталандыруға, дамытуға мүмкіндік береді.

Осы ретте қатты тұрмыстық және сұйық қалдықтарды кәдеге жарату зауыты мұнай шламдарын кешенді өңдеу технологиясымен қамтамасыз етілетінін және оның қоршаған ортаның ластануына жол бермейтіндігін атап кеткен дұрыс. Мұндай зауыттар құрылыс саласының даму ерекшеліктерін есепке ала отырып, ірі тонналы қалдықтардан өнім алу технологиясын пайдалану мүмкіндігін береді.

Сонымен қаттар, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Экологиялық реттеу және бақылау комитеті «Қазақстан Ғарыш Сапары»  ҰК» АҚ-мен бірлесіп Жерді қашықтан бақылау арқылы рұқсатсыз орналасқан қалдықтардың орындарын анықтау бойынша іс-шаралар жүргізуде. Іс-шаралар нәтижелері бойынша Алматы қаласы аумағынан 17 рұқсатсыз орналасқан қалдықтардың орындары анықталып, оны жою, тазарту жұмыстары қолға алынды.

Қорытындылай келе, өзіміз әр өнімді пайдаланған соң, оның қалдығына немқұрайлы қарамау керектігін түсінуіміз керек. Сұрыпталған қоқыстың артында экономикалық өсім жатқанын және оның қоғамға тигізер пайдасының мол екенін әркім білуі тиіс. Ал, шашылған қалдықтың қоршаған ортаға келтірер зияны – дүниежүзілік дертке айналған экологиялық апаттың алғашқы белгілері. Сол себепті сұрыптау мәселесіне келгенде көзқарасымызды сана биігінде тоғыстыра алсақ игі…

А. ӘЛҚОЖА, Алматы қаласы бойынша Экология департаментінің мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімінің бас маманы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here