Биыл Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының мерзімі аяқталады. Бағдарламаның діттеген мақсатына жете алмағанын қазірдің өзінде байқауға болады. Мемлекет басшысы тапсырған екі міндет те толық орындалмады. Өйткені, бағдарлама саладағы еңбек өнімділігін кем дегенде 2,5 есеге арттырып, қайта өңделген өнімнің экспорт көлемін де ұлғайтуды көздеді. Бірақ, бұл жоспар күйінде қалды. Мұны Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті де растады.
ЖАҢА НАРЫҚ НЕГЕ ЖАБЫҚ?
Биылғы көктемде бұл мемлекеттік бағдарламаның қаншалықты орындалғанына талдау жасаған Есеп комитетінің мамандары жоспардың орындалмағанына көз жеткізді. Атап айтқанда, еңбек өнімділігі 2015 жылғы 1,2 млн теңгеден 2020 жылы 3,7 млн теңгеге дейін өсуі керек еді. Яғни, көрсеткішті 228%-ға көтеру көзделді. Алайда, еңбек өнімділігі іс жүзінде 145%-ға ғана артты. Бұл көрсеткіштің негізгі үлесінің өзі теңгенің құнсыздануынан пайда болып отыр.
Қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты 2015 жылғы 945,1 млн доллардан 2020 жылы 2,4 млрд долларға дейін өседі деп күтілген еді. Алайда, іс жүзінде 2020 жылы қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты тек 1,34 млрд долларды ғана құрады. Тағы бір айта кетерлігі, экспорттан түскен пайданың басым бөлігі ұн саудасына тиесілі. Ал, қазір билікке тәліптер келгелі, Ауғанстанға ұн жеткізу қиындық тудырып отырғаны баршамызға мәлім. Бір сөзбен айтқанда, еліміздегі ұн экспортына қауіп төніп тұр. Бұл тақырыпты жақында ElDala.kz порталының тілшісі Сергей Буянов та көтерді.
Қазақстанның басты аграрлық сайтының мәліметінше, еңбек өнімділігінің артпауына ауыл шаруашылығы техникаларының 80%-ның тозығы жеткені себеп болып отыр. Ал, шетелден өнімділігі жоғары ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алуда кедергілер баршылық. Кедендік алым, утилизациялық алым сынды дүниелер шаруаның қалтасына салмақ салады. Шаруалардың техникасын жаңартуға асықпайтындарының сыры осында. Мұндай жағдайда еңбек өнімділігін арттыру туралы сөз қозғаудың өзі артық шығар.
Мемлекет басшысы қойған екінші міндет – қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортына тоқталайық. Бір жағынан алып қарағанда, еліміздегі ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге де, экспорт көлемін ұлғайтуға да барлық жағдай бар. Біріншіден, шикізат қоры жеткілікті. Екіншіден, кәсіпорындар әлеуетін толық пайдаланып отырған жоқ. Мәселен, мемлекеттік бағдарламаға қосымша дайындалған Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту картасына сәйкес, 2017 жылы ет комбинаттарының жүктемесі тек 38%-ды, сүт зауыттарының жүктемесі – 60%-ды ғана құраған. Бірақ, екінші жағынан алып қарағанда, біздегі қалыптасқан жүйе фермерлерге шетелге тек шикізат қана жіберуді мәжбүр етеді. Естеріңізге сала кетсек, былтыр елімізде тірі мал (шикізат) экспортына мораторий жарияланған болатын. Бұл қадам ет экспортының өсуіне әсер етеді деп күтілген еді. Әйтсе де, мораторийдің салдарынан қандай да бір экономикалық секірістің болғаны шамалы.
Сонда неліктен нәтиже болмады? Енді осы сұраққа жауап беріп көрелік.
Біріншіден, отандық өңдеушілерде шикізат сатып алу үшін айналым қаражаты жоқ. Бұл мәселе Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту картасында көтерілген еді. Мәселені отандық өңдеушілерге несие беру арқылы шешу міндеттелді. Алайда, түйін тарқатылмады.
Екіншіден, қазақстандық дайын өнімдер үшін сыртқы нарықтар жабық. Бұрын бар болған бірең-сараң нарықтардың өзі қазір жабылып жатыр. Қайта өңделген өнімдер экспортында дамудан гөрі құлдырау процесі жүріп жатыр. Мысалы, бұған дейін Қытай қазақстандық өсімдік майын көп мөлшерде сатып алса, қазір тек шикізатты ғана алып, майды өздері өндіріп жатыр. Еуропа да өзінің май өндірушілерінің мүддесін ескеріп, дайын өнімді сатып алуға рұқсат бермейді. Ұн экспортының да жағдайы осыған ұқсас. Сөйтіп, сыртқы нарыққа дайын өнім ретінде емес, шикізат түрінде ғана шығару белең алуда.
БАҒЫТЫНАН ЖАҢЫЛҒАН ЖОСПАР
Ет экспорты да өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Бәлкім бұл ірі қара мал етінің экспортын ұлғайту үшін жасалған қолданыстағы мемлекеттік бағдарламаларға өз көлеңкесін түсірер. Себебі, бағдарламадағы міндеттер орындалмады. Бағдарламаның мақсатына мән берген жөн. Өйткені, онда тірі мал экспортын емес, ірі қара мал етінің экспортын ұлғайту көзделген. Яғни, Үкімет мақұлдаған бастапқы әзірленген жобада Мемлекет басшысы бірнеше рет атап өткендей, қайта өңделген өнімдердің (ет) экспортын ұлғайту міндеті қойылған. Көп ұзамай мәселені шешуге бюджеттен жүздеген миллиард теңге бөлініп, асыл тұқымды мал әкелінді. Бордақылау алаңдары салынды. Алғашында барлығы жоспарлы түрде іске асып жатқандай көрінді. Бірақ, соңында не болды? Бағдарламаны жүзеге асырушылар бағытынан жаңылды. 2019 жылы мал шаруашылығы саласына экспортқа шығуға рұқсат берді. Алайда, экспортқа өңделген өнім емес, тірі мал (шикізат) шықты. Бұл шешім экономикалық жағынан тиімді болмады. Себебі, экспортталған шикізаттан қазақстандық фермерлерден гөрі, малды тірідей сатып алып, сойып сатқандар пайдаға кенеліп отырды.
Осыған қарап-ақ, ет жобасын іске асырудың бастапқы стратегиясының дұрыс таңдалмағанын айқын аңғаруға болады. Ауыл шаруашылығы министрлігі бес жыл уақытты бес жылдық өндіріс көлемін ұлғайту туралы жалаң ұранмен өткізді. Ал, заманауи нарықтың талаптары мүлде өзгеше. Экспорт көлемін ұлғайту үшін алдымен тұтынушы санын арттыруды талап етеді. Яғни, мемлекет алдымен сыртқы нарықтарды ашып, сауда желісі пайда болғаннан соң барып қана кәсіпорындар мен кәсіпкерлерді жұмылдыру керек еді. «Сұраныс ұсынысты тудырады» деген формула бүгінде еңкейген қарттан, еңбектеген балаға дейін белгілі. Алайда, Ауыл шаруашылығы министрлігі шешім қабылдарда осыны ескермейтіні өкінішті.
ҚАТЕЛІКТЕН САБАҚ АЛМАЙТЫНЫМЫЗ ҚАЛАЙ?
Ет өнеркәсібін дамыту үшін атқарылған шаралардың барлығы нәтижесіз болып шықты. Бюджет қаржысы өндірісті қолдауға, асыл тұқымды мал әкелуге және бордақылау алаңдарының құрылысына жұмсалды. Ауыл шаруашылығы министрлігінің шенеуніктері елде «қосымша ет қоры» пайда болғанда еш қиындықсыз сата алатындарына сенімді болды. Бірақ, іс жүзінде бәрі басқаша болып шықты.
Әлемдік ет нарығы айтарлықтай теңгерімді болғандықтан, жаңа ірі ет экспорттаушыны ешкім құшақ жайып қарсы алмайды. «Қосымша ет қоры» идеясы да жоспарлы экономиканың тәсілі болып табылады. Ол бойынша нарықта өнім тапшылығы пайда болған жағдайда, артық өнім нарықтағы бос орынды толтыруға мүмкіндік береді. Бірақ, қазіргі нарықта мұндай бос орын жоқтың қасы. Егер нарыққа аяқ астынан жаңа тауарлардың үлкен партиясы ене қалса, бұл бағаның құлдырауына және тепе-теңдіктің бұзылуына алып келеді. Әрине, қазірдің өзінде әлемдегі өндірушілер бағаның құлдырауын қаламайды. Оған жол бермейді де. Өйткені, өнім бағасының құлдырауы өндірушілердің аяғын аспаннан келтіретіні айтпаса да түсінікті.
Бұған мысал келтіру үшін алысқа барудың қажеті жоқ. Ол үшін бір жылдары еліміздегі жасымық өндірісінің күрт өскенін еске түсіру жеткілікті. Біз сыртқы нарыққа жасымықты үлкен көлемде экспорттап, өнімнің бағасын екі есеге төмендетіп жібердік. Бірақ, бірінші кезекте отандық фермерлердің өздері зардап шекті. «Пайдаға шаш етектен кенелеміз» деп үміттенгендер ақыр соңында жасымықты арзан бағаға сатуға мәжбүр болды. Оларға маусым басталмай тұрып, қомақты қаражат табатындарына сендіріп, уәде еткен еді. Нәтижесінде, күткен қаржы қолдарына тимеді. Еңбектері еш кетіп, өнімдері сұраусыз қалды.
ӨЗАРА ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҚ ПАЙДАСЫН ТИГІЗЕДІ
Қазақстандық өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерін түрлі елдерге экспорттауда туындайтын қиындықтар мен кедергілердің түп-төркінін жете түсінген маңызды. Ол үшін аталған елдерді жазғырып, қаралаудың қажеті шамалы. Мәселеге нарықтық экономика тұрғысынан қараған дұрыс. Себебі, бұл елдер өз еліндегі өндірушілердің мүддесін қорғап, оларды бағаның құлдырауынан сақтау үшін өңделген өнімдерден гөрі шикізат өнімдерін сатып алғанды жөн көреді. Мұны мемлекеттердің прагматикалық қадамы ретінде қабылдау керек.
Сонда қайтпек керек? Бұл тығырыққа тірелгенді білдіре ме?
Әрине, жоқ! Тығырықтан шығар жол қашан да табылады. Себебі, әлемде азық-түлік өнімдеріне, соның ішінде ет өнімдеріне деген сұраныс артып келеді. Алайда, отандық компаниялардан гөрі әлемдік нарықта қанатын кеңге жайып үлгерген трансұлттық компаниялар бәсекеге қабілетті әрі бірнеше артықшылықтарға ие. Сондай-ақ, қажеттіліктердің барлық көлемін өздеріне алады. Бұл да нарықтың заңы. Мұны түсіну және қабылдау керек. Соған сәйкес әрекет ету қажет. Тек сонда ғана отандық ет өндірушілер әлемдік нарықта суда жүзген балықтай еркін қимылдай алады.
Өз кезегінде трансұлттық компаниялар да әлем елдерімен жұмыс істеуге дайын. Оның ішінде Қазақстан да бар. Кез келген өндіруші үшін тауардың өзіндік құны маңызды. Ал, ет өнеркәсібіне келгенде Қазақстан өзге елдермен салыстырғанда үлкен артықшылыққа ие. Елімізде жайылымдық жерлер жеткілікті. Бұл малды жыл бойы еркін жайылымдарда шығынсыз жаюға мүмкіндік береді. Осыған бола ет саласына маманданған трансұлттық компаниялар елімізге қызығушылық танытады. Өйткені, ағымдағы баға деңгейі сақталған жағдайда, тауардың өзіндік құны неғұрлым төмен болса, пайда маржасы да соғұрлым жоғары болмақ.
Ал, трансұлттық компаниялар Қазақстанды несімен қызықтыруы мүмкін? Бізді олар тауар сатуға арналған бір ізге түскен әрі қалыптасқан инфрақұрылымымен қызықтырады. Осы арқылы еліміздің ет өндірісіне сыртқы нарық ашылып, ет экспортының көлемін кедергісіз арттыра аламыз.
СЫРТТАН СЕРІКТЕС ТАБУДЫҢ МАҢЫЗЫ ЗОР
Өзара қызығушылықтың болуы бірлесіп жұмыс істеуге жол ашады. Қазақстанға әлемдік нарықта жұмыс істейтін компания келеді. Мұның біздің елімізге пайда әкелетіні сөзсіз. Екі жақ та табысқа кенеледі. Қазақстан етті жоғары экспорттық бағамен сата бастайды. Трансұлттық компания болса, өзіндік құны төмен бағадағы өнімді өз сауда желілері арқылы сатып, көбірек табыс табады. Сонымен қатар, Қазақстанмен серіктесіп жұмыс істеу олар үшін өте тиімді. Себебі, тауардың өзіндік құнының төмендігін айтпағанда, табиғи жайылымдарының жеткілікті болуы да үлкен рөл атқарады. Мәселен, ет нарығының негізгі ойыншыларының бірі Бразилияда джунглиді жайылымдық жерге айналдыру үшін ағаштарды кесуге тура келеді. Бұл экологиялық зардаптарды есепке алмағанда, қаржылық жағынан да, уақыт жағынан да үлкен шығын әкеледі. Ал, Қазақстанда мұндай проблема жоқ. Сондықтан да, мал өсіру бізде өзге елдермен салыстырғанда әлдеқайда арзанға түседі. Тек осылайша селбесіп жұмыс істеу ғана елімізге өңделген ауыл шаруашылық өнімдерін экспортқа шығаруға мүмкіндік береді.
Бұған көз жеткізу үшін Қазақстанның бүгінде экспорттық позициясы орныққан экономикалық салаларын мысалға келтіруге болады. Мысалға металлургия өндірісін алайық. Теміртаудың болаты осы саладағы әлемдік көшбасшы Mittal Stil компаниясымен серіктескеннен кейін ғана әлемдік нарықта өз орнын тапты. Сондай-ақ, әлемнің ірі мұнай компаниялары да Қазақстанда жұмыс істейді. Тізе берсек, мұндай мысалдар жетерлік.
ДАМУДЫҢ ДАҢҒЫЛ ЖОЛЫНА ҚАЛАЙ ТҮСЕМІЗ?
Еліміздегі мал шаруашылығын дамытып, мал өсірудің барлық әлеуетін көтеру үшін ең алдымен ет нарығындағы ірі халықаралық компаниямен келісімшарт жасалуы тиіс болатын. Сол кезде аталмыш сала аяғы аспаннан келгеннің орнына аяғына нық тұрар еді. Осы орайда мемлекет халықаралық дәрежедегі серіктес табуға, жобаны бірлесіп әзірлеуге және оны іске асыруға жәрдем беруге міндетті. Жобада ет өңдеу зауыттарының құрылысы және оған өңірлердегі малды жеткізу үшін инфрақұрылым дайындау мәселелері қамтылуы қажет.
Қазақстанмен ынтымақтасуға қызығушылық танытатын әлеуетті серіктестер бар. Қомақты қаржы құюға дайын осындай әлеуетті серіктестер бүгінде ет өңдеу мен сатуда әлемдік көшбасшылардың қатарында. Алайда, олар бізге келгенімен, ауыз толтырып айтарлықтай нәтиже болмаған соң, елден кетіп қалады.
Бұл басқа да салаларға қатысты. Мәселен, макарон өндірісі (астық сатудың орнына), зығыр немесе күнбағыс өңдеу, фри картобы өндірісі және т.б. салаларды айтуға болады. Егер экономиканы дамытуда мемлекеттің стратегиясы дұрыс болса, шенеуніктер өз мүдделерін ысырып тастап, нақты нәтижеге жетуді көздесе, кез келген жобаға халықаралық дәрежедегі серіктес табуға болады.
Жобаны іске асыру үшін инвесторларға түсінікті әрі қарапайым мақсатты қадамдар қажет. Мәселен, индустрияны дамытудың ұзақ мерзімді бағдарламасы және мемлекет тарапынан фермерлерге (қадап айтқанда, инвесторларға емес, отандық фермерлерге) жәрдем беру сынды шаралар керек. Бұл жоспар жүзеге асқанша, яғни соңына дейін жасалуы тиіс. Себебі, серіктес келгеннен кейінгі ашылған жаңа сыртқы нарық бұл тек алғашқы қадам – бастамасы ғана.
Осыдан соң барып жағдай бір қалыпқа түседі. Етке деген сұраныстың өсуі сұранысты тудырады. Сол кезде фермерлер де алаңсыз жұмыстарымен айналысады. Олар өз малдарын қолайлы бағада әлемдік нарыққа жібере алады. Себебі, сауда желісі экспортқа жалғанады. Сонымен қатар, фермерлер қолданыстағы мемлекеттік бағдарламада көрсетілген шарттардың өзгермейтініне, кем дегенде бес жыл бойы тұрақты жұмыс істей алатындарына кәміл сенеді. Сөйтіп, бағдарламаның шарттары министр ауысқанда өзгермейтін болады. Өйткені, Мемлекет басшысы қыркүйек айындағы Жолдауында агроөнеркәсіптік кешенді дамыту салаларының тұрақты болуы қажеттігін қадап айтқан болатын.
Нәтижесінде, фермерлерде мал өсіруден басқа мәселе болмайды. Нарыққа шығару, құнын даулау сынды дүниелермен бастарын қатырмайды. Малды бағып өңдеушілерге ғана жібереді. Жүйенің айналымындағы барлық нысандар пайда тауып, дамудың даңғыл жолына түседі. Фермерлердің әлеуеті артып, пайдаға кенеледі. Экспорт көлемі де артып, ел қазынасына салық та түседі. Ал, субсидия алу үшін кәсіпкерлерге бір-бірін аяқтан шалып, таласқа түсудің қажеті жоқ.
Рас, «субсидияларды игеру» арқылы бизнесті бұрмалап, ел бюджетін сауын сиырға айналдыруды тоқтататын кез келді. Өйткені, осындай айла-шарғылар бүгінде саланы тығырыққа тіреді. Бүгінде кәсібін дөңгелету үшін субсидия алуға ұмтылатындар жетерлік. Алайда, отандық кәсіпкерлер ең алдымен сауда желісін құру керектігін ескеру керек. Әрине, кәсіпкерлікті қолдауда субсидияның атқаратын рөлін жоққа шығаруға болмайды. Десе де, отандық кәсіпкерлерге тек субсидияға ғана үміт артпай, бизнесті дамытудың басқа да тетіктерін қарастырған жөн.
Бір сөзбен айтқанда, дамыған мемлекеттердің моделімен жұмыс істейтін кез келді. Заманауи талаптардың үдесінен шыға білу керек. Өзің де, серіктесің де пайда табатындай жұмыс істей білу қажет.
ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН
Мемлекет басшысы қойған екі міндетті жүзеге асыру үшін жоғарыда көрсетілген шараларды атқару тиімді болмақ. Еңбек өнімділігін арттыру мен өңделген өнім экспортын ұлғайту мәселесі бір-бірімен тығыз байланысты. Бірін ақсатып, екіншісін дамытамын деу бос әурешілік. Алдағы уақытта Ауыл шаруашылығы министрлігі заманауи нарықтың талаптарына сай тиімді стратегия таңдаса діттеген мақсатына жететіні сөзсіз.
Фараби СӘЙКЕНОВ