Ғалымдарымыз ғаламдық зерттеушілер тобына қосылды  

0
1424

Журналистика факультетінің ғалымдары ғаламдық зерттеулер жүргізу тобына қосылды.

Бүкіләлемдік журналистика зерттеулері – Worlds of Journalism Study Association (WJS) 2010 жылы құрылған. Ол  – әлемдегі журналистиканың ахуалын тұрақты бағалайтын академиялық жоба. Людвиг-Максимилиан Мюнхенс университетінің профессоры Томас Ханичтың үйлестіруімен ғаламдық зерттеу тобы бүгінде 110 елдің журналистикасы академиялық ошақтарының басын біріктірген. Әлемдік QS топ-университеттердің медиа және коммуникация зерттеулері рейтингінің көшбасшы кафедралары жетекшілігі негізінде Африка, Азия, Орталық және Шығыс Еуропа, Латын Америкасы және Кариб аралдары, Таяу Шығыс, сонымен бірге Солтүстік Африка, Батыс Еуропа, Солтүстік Америка, Австралия және Жаңа Зеландия елдерінің ұлттық нарығын зерттеуді бастады. 

Зерттеудің басты мақсаты – журналистер, репертерларға жұмыс бабында қойылатын шарт пен шектеулерге қатысты кәсіби көзқарастары, дүниетанымындағы өзгерістерді жақсы түсінуге ықпал ету әрі әлемдегі пандемия жағдайында журналистиканың әлеуметтік функциясын айқындау.

Ассоциацияның жарғысында көрсетілгендей, басты міндеттің бірі – ғылыми зерттеулерді қолдау және әлемдегі журналистиканың жай-күйін бағалау. WJS серіктестері ретінде ЮНЕСКО, Журналистердің халықаралық федерациясы, Шекарасыз репортерлер, Журналистер даярлаудың еуропалық ассоциациясы сияқты белді ұйымдарды атай аламыз.

Алғашқы пилоттық зерттеулер 2007-11 жылдарды қамтыса, оның келесі толқыны 2012-16 жылдары жүргізілді. Зерттеулерге алғашында әлемнің 67 елінен ғалымдар қатысып, журналистика кейстерін ұлттық деңгейде бағаласа, екінші кезеңінде жалпы методологиялық базалық зерттеулерге 27 500 журналист қатысқан. Worlds of Journalism зерттеулері журналистердің қызметтік міндеттерін орындаудағы жаңашыл тәсілдері, олардың қоғам мен үкімет арасындағы қарым-қатынасы, сондай-ақ жұмысының сипаты мен мәнін бағалауды қамтиды. 

2020-22 жылдары жүзеге асатын WJS үшінші толқын зерттеулеріне 110 елдің ішінен Қазақстан ғалымдары алғаш рет қатысуда. Қазір еліміз бойынша 2500 журналисті қамтитын болжамды респонденттер базасы әзірленіп жатыр.

«Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғалымдары WJS аясында зерттеулер жүргізуге дайын. Бұл  журналистиканың ұлттық ерекшелігін жаһандық деңгейде танытуға жаңа жол ашады», – дейді Баспасөз және электронды БАҚ кафедрасының меңгерушісі Гүлмира Сұлтанбаева.

Гүлзат НҰРМОЛДАҚЫЗЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here