Жайқалтып егін өсірген Қостанай өңірінде Қадамбаевтар әулетін білмейтіндер кемде-кем. Олардың арасында елімізге белгілі қоғам қайраткері, танымал кәсіпкерлер, әділдіктің ақ туын жоғары ұстаған заңгерлер және басқа да тәуелсіздігіміздің тұғыры биік болу жолында талпыныс жасап жатқандар баршылық. Біз бүгін қарапайым ғана мамандықты игеріп, соның шыңына көтерілген ардақты ақсақал Сәлімжан Қадамбайұлы жөнінде әңгімелемекпіз. Ал, осы мақаланы қолға алмас бұрын көп толғанып, сыйлы азамат жөніндегі деректер мен дәйектерге сүйендім. Алайда, Сәкең хақында асыл жары Сәуле апамыздан артық кім біледі деген тоқтамға келдім. Сөйтіп, халық құрметтеген ағамыздың облыс орталығындағы киелі қара шаңырағында болдым. Мені марқұмның алпыс жылға жуық отасқан аяулы жан серігі, отағасының шырағын сөндірмей отырған Сәуле Ділдәбекқызы жылы жүзбен қарсы алды.
Қиындықты табандылықпен жеңді
Еңбектің қара нары атанған Сәлімжан Қадамбаев облыс орталығымен іргелес жатқан қазақтың бұрынғы қаймағы бұзылмаған Ақсу ауылында дүниеге келді. Бұл ата-бабаларының ежелден келе жатқан қонысы еді. Ол тұрмысқа қолайлы, жан-жағы тұнып тұрған көк орай шалғынды жер. Тобыл өзеніне жақын орналасқан. Қазіргі таңда құрылысы қарқынды жүріп жатқан Қонай елді мекенінен алыс емес.
Бір отбасының тірегі Қадамбай атамыз бен оның зайыбы Зейнеп әжеміз өз ортасында ел ілтипатына бөленген салиқалы кісілер еді. Отағасы өзге замандастары секілді ауылдағы түрлі шаруамен айналысты. Үйдің берекесін келтірген отанасы өздерінен тараған жеті баланың тәрбиесімен шұғылданды. Олардың бәрі де өз қатарынан қалмады. Бойларындағы қарым-қабілеттері мен таудай талаптарына қарай кәсіптерді меңгерді. Халық пен ел мүддесіне қызмет етті.
Тұңғыштары Ақтас өңірге белгілі механизатор болды. Оның жасампаздық жетістіктері мен тың ізденістері жайлы кезінде жергілікті журналистер талай танымдық мақалалар жазды. Оны зиялы қауым біледі.
Батагөй ақсақал Қадамбай атамыздың болашағынан үлкен үміт күткен ұлдарының бірі – Сәлімжан кішкентайынан нағашы әжесі Айғанымның бауырында өсті. Олар сол кездері тұрмыстық жағдайына байланысты Таран ауданында кәдімгі сабаннан салынған үйде тұрды.
Кешегі Ұлы Отан соғысы басталардан алты жыл бұрын, яғни 1935 жылы қыркүйекте туылған бұлардың замандастарында бүгінгінің жастарындай алаңсыз бақытты балалық шақ атымен болған жоқ. Кеңес әскерлері жеңіске жеткен соң да майданнан кейінгі уақыттар елдегілерге жеңіл соқпады. Бұл шақта әлі бұғанасы қата қоймаған Сәлімжан да күнкөріс қамымен белін бекем буып, қарбалас тіршіліктің бел ортасында жүрді. Оның тұрғыластары оқудан гөрі, бейнетке қалай араласып кеткендерін білмей де қалды. Ертеңді-кеш қара жұмысқа жегілді. Шабындықта шөп шапты. Оны мая басына үйді. Уақытпен санасу дегенді мүлдем білген жоқ.
Кейін бейнетқор бозбала ойлана келе отбасының болашағы жарқын, өзінің кім екенін дәлелдеу үшін тұрақты табыс, тиянақты кәсіп керек екендігін ұғынды. Туыстарымен ақылдасып, Тобыл стансасына көшіп келді.
Сөйтіп, техникаға деген қызығушылығы басым болғандықтан осында қысқа мерзімді жүргізушілер дайындайтын курсқа қабылданды. Зерек жігіт тепсе темір үзетін 19 жасында аталған мамандықты жетік меңгеріп шықты. Содан жергілікті жердегі автобазада жүргізушілік қызметке кірісті. Ауылдардың ұзақтығына қарамастан Торғай өңіріндегі ағайындарға көмір де тасыды.
Шаңырақтың жарасымы
Ол өткен жылдарда түрлі көліктерді игеріп қана қойған жоқ, мотордың соғысынан оның жайын бес саусақтай білетін. Кабинасы фанермен қапталған машинадан бастап, самосвалға дейін тізгіндеп, шеберліктің шыңына жетті. Өзгелер білмегендерін бұдан сұрап жататын. Тәжірибелі ағамыздың бір ерекшелігі – ешқашан да өзгелерге көмек беруден бас тартпайтын. Жолда белгісіз бір себептермен тоқтап қалған әріптестеріне қол ұшын беруді адамгершілік парызы санайтын.
Жаны жайсаң Сәлімжан аға өзінің облыстағы Қаратомар бөгенін салысуға атсалысқанын ғұмырындағы ең шуақты да бақытты кезеңіне балайтын. Өйткені, сол бір жастық шаққа тән жалын танытқан жылдар әрдайым жадында сақталып қалды. Әйтсе де, оның өмірінде 1964 жылдың сәуір айының жөні бөлек. Себебі, көрікті де алыстан көз тартатын тұлғалы жігіт ұлтымыздың ажарлы қызы Сәулені жолықтырып, көп ұзамай жеке отау көтерді. Содан бұрынғы сүреңсіз тіршілік нұрланып сала берді.
Ер азаматтың абырой-беделін қашан да әйел заты асқақтататыны бесенеден мәлім. Таңдаған жары жастайынан тағылымды тәрбие алған өңірдің қызы болып шықты. Қадамбаевтар әулетіне құтты келін атанды. Азаматына қолдан келген жағдайдың бәрін де жасады. Отбасы, ошақ қасында отырып қалған жоқ. Қызметін де жалғастырды.
Өзі Қостанай ауыл шаруашылығы колледжінің түлегі. Есепшілік мамандықтың нағыз білгірі. Облыстағы Меңдіқара ауданына қарасты Майалап құтты қонысында туылып, осында бойжетті. Әкесі Ділдәбек ұлағатты ұстаз еді. Кішкентайынан әдептілік пен ұлттық салт-дәстүрімізге баулыған анасы Қымбат та өз заманының парасатты қыздарының бірі еді. Екі перзентінің саналы да парасатты болып қалыптасуына барын салды.
Ерлі-зайыпты Сәлімжан және Сәуле Қадамбаевтар алдымен сол Таран ауданының «Викторов», содан кейін шаңырақ иесі зейнеткерлікке шыққанша көпке жақсы таныс «Вачасов» кеңшарында тұрып, жұрт қатарлы қажырлы еңбек етті.
Сол кездері бұл кеңшарды атағы республикамызға кеңінен жайылған, істің көзін терең білетін аса қадірлі тұлға Сапар Ерғалиев басқарды. Осынау халықтың жайын ойлаған қайраткердің арқасында ұжымның аты дүркіреп, күллі алып Одаққа тарады. Жеті бөлімшеден тұратын шаруашылықта үнемі бітік астық өсіп, мал шаруашылығы өркендеді. Соған сай тұрғындардың да тұрмысы жақсарып, дәулеті артты.
Ауыл мен кеңшардың экономикалық жағынан дамуына өзіміз сөз етіп отырған Сәлімжан аға мен Сәуле апамыз да өздерінің қомақты үлестерін қосып, «Еңбегіне қарай өнбегі» демекші, соған орай лайықты құрмет те көрді.
Темір тұлпардың қыр-сырын жан-жақты игерген Сәкең соңғы елді-мекенде техника қауіпсіздігі жөніндегі инженер, механик, қаншама жыл гараж меңгерушісі секілді жауапкершілігі мол міндетті ойдағыдай атқарды. Әріптестері мен еңбек жолын жаңадан бастаған жастарға таптырмас тәлімгер атанды.
Отбасының шырайын келтірген апамыз кеңшардың орталық кеңсесінде есепшілік жауапты жұмысын білгірлікпен атқарып, ұжымдағы білікті маман ретінде аты-жөні ауызға жиі алынатын.
Олар 1997 жылы Қостанай шаһарына біржола қоныс аударды. Бір жерде отыз жылға жуық мекен еткендер жергілікті азаматтарға, көрші-көлемге, сыйлас жандарға әбден бауыр басып қалады екен. Көшерде «Вачасов» кеңшарының тұрғындарымен қимай-қимай қоштасты.
Қалаға келген соң тұрмысқа жайлы зәулім жеке үй тұрғызды. Сәлімжан аға осындағы ұл-қыздарына ақылшы болып, ұрпағының қызығына кенелді. Сәуле апамыз құрметті демалысқа дейін шаһардың бір шетінде орналасқан қалалық электр жүйесінде әу баста қалаған кәсібі бойынша қызмет атқарды.
Аталмыш әулеттің байлығы да, мақтанышы да – балалары. Ақсақал мен ақ жаулықты анамыз бар өмірін солардың келешегіне арнады.
Біз жоғарыда Сәлімжан ағаның бұғанасы қатпай жатып, жан бағу үшін жұмысқа тым ерте араласқанына тоқталдық. Өзі кезінде толыққанды білім алмағандықтан, ұрпақтарын оқытуға ерекше көңіл бөлді.
Әңгіме арқауына айналған отбасында өскен үш ұл мен қыз ата-анасының сенімін ақтады. Бәрі де әке-шешесінің көрсеткен өнегесінің нәтижесінде өз қатарларының алды болды. Бұл күндері бәрі де үйлі-баранды.
Ұрпақтары әке сенімін ақтады
Тұңғыштары Рамазан – заңгер. Кезінде прокурорлық лауазымда да болды. Қазір қорғаушы. Зайыбы Бибігүлдің мамандығы – есепші. Ынтымағы жарасқан отбасындағы Марат, Азат, Дәурен есімді ұлдары – әулеттің көз қуаныштары.
Мәулет жастайынан елгезектігімен танылды. Бұл күндері жары Марина екеуі де кәсіпкер. Қыздары Гауһар мен Даяна өте зейінді қыздар болып өсті. Олар егеменді еліміздің тіректері болатындығы даусыз.
Сәкең ұлтымыздың батыр перзенті Бауыржан Момышұлындай қайсар, батыл, өр мінезді болсын деген ырыммен атын қойған ұлдары Бауыржан халық сүйіспеншілігіне бөленген азамат. Облыста өте абыройлы. Келіншегі Жанатпен бірге заман талабына сай кәсіппен айналысады.
Олар қос перзенттері Арман мен Диасты да жастайынан еңбекке баулыды. Тиянақты да терең білім алды. Намысты да жігерлі жігіттер ата-анасының жолын қуды. Келіндері Гүлнәр мен Альмира да жібектей мінезді, үлкеннің жолын кеспейтін инабатты да ибалы қазақ қыздары. Жас та болса, Аружан, Арлан, Алинұр және Әдия сынды алтын асықтай немерелерінің ата-әжесі.
Үлкен үйдің сүт кенжелері Айнұр үш ағасы секілді бауырмал, ата-анасына мейірімді. Ол да білікті заңгер. Күйеуі Руслан полицияда қызмет атқарады. Үлгілі офицер. Жұбайлардың қыздары Дильназ Еуразия университетінің студенті, ұлдары Дастан 9-сынып оқушысы. Ерлі-зайыптылар бауыр еті балаларын кішкентайынан ана тілінде оқытты.
Сәлімжан Қадамбайұлы соңынан ерген інілерін қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай, ағалық қамқорлығын жасады. Шама-шарқы келгенше оқытты. Үйлендіріп, келін түсірді. Олар да мұның мәртебесін асырмаса, ұятқа қалдырған жоқ.
Тек тағдырдың жазуы солай болды ма, бауырлары Баязит пен Қартабай мезгілсіз дүниеден өтті. Солардың өлімі мұның жанына қатты батты. Әулеттегілердің бәрін де терең ойға қалдырды. Бір медет тұтатындары, олардың ұрпақтары ғұмырын жалғастырып жатыр.
Тоқтарбай аға көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, кезінде Қостанай облысының әкімі болды. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты атанды. Жастарға өнеге көрсетер тұлға ретінде елімізге танымал.
Серікбай ұлтжанды азамат. Шаруашылықта жетекші. Облыста беделі жоғары. Ал, Әскербек полиция полковнигі. Өз саласының майталманы. Еңбегімен жерлестерінің ыстық ілтипатына ие болды.
Сәлімжан Қадамбайұлы сымбатына көз тоятын, бәйбішесі мен ұрпағына қамқор, туған-туысқанға жанашыр еді. Олар мереке күндері үлкен шаңырақта бас қосқанда өзін ерекше бақытты сезінетін. Кішкентайларды маңдайларынан мейірлене иіскеп, мауқын басатын.
Ол сонау бір жылы ағасы Ақтас апатқа ұшырап, өмірден өткенде өкініштен өзегі өртеніп, қайғы жұтты. Осы арқа тұтқан бауырының қазасынан жүрегіне үлкен салмақ түсті. Алайда, сырқатынан құлан-таза жазылып кеткен жоқ. Өткен жылы желтоқсан айында сырқаты сыр беріп, мәңгілік көз жұмды.
Бәйбішесі Сәуле апамен 56 жыл тату-тәтті өмір кешті. Артық сөз айтып, жүйкесін жұқартқан немесе көңіліне дақ сақтаған кезі жоқ. Балажандығы өз алдына бөлек әңгіме.
Қадірменді жанның бойындағы асыл қасиеттері бауыр еті баласы Бауыржаны мен алғашқы немересі Арманға жұқты. Бұлар да өз орталарының көркі. Жаны жайсаң, көңілдері көктемдей жайдарлы жігіттер.
Мақаланы жазу барысында оның аяулы қызы Айнұр және тұңғыш немересі Арманмен де жүздестім. Айнұры әкесінің орны ешқашан толмайтынын айтса, Арман ініміз атасының биік адамгершілігін, кішкентайынан көзбен көріп, көңіліне түйген өнегелі қырларын, еркелеткен сәттерін сағынышпен еске алғанда оның жүзінен ардақты жанға деген қимастық сезімі айқын сезіліп тұрды.
Жалпы, есімін замандастары аса бір ілтипатпен баяндайтын қазыналы ақсақал өткен жылы 86 жасқа қараған шағында бақилық болды. Сәуле апамыз екеуі ұл мен қыздарынан тоғыз немере, жеті шөбере сүйді. Мәуелі бәйтерек тамырын тереңге жайды деген осы емес пе?!
Оразалы ЖАҚСАНОВ,
Қазақстанның Құрметті журналисі
ҚОСТАНАЙ ҚАЛАСЫ