Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті танымал түлектерін таныстыруды жалғастырады.
Рафиқа Бекенқызы Нұртазина – отандық педагогиканың негізін салушы, реформатор-ұстаз, Социалистік Еңбек Ері, Республиканың еңбек сіңірген мұғалімі, Алматы қаласының Құрметті азаматы.
Рафиқа Нұртазина 1921 жылғы 8 наурызда Павлодар облысында дүниеге келген. 1949 жылы сол кездегі Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының Филология факультетіне түсіп, оқу орнын 1951 жылы үздік бағамен бітірген.
1951-1971 жылдары аралығында Алматыдағы № 12 қазақ орта мектебінде орыс тілі мен әдебиетінің мұғалімі, оқу ісінің меңгерушісі және директоры болып еңбек етті.
Кейіннен ол №12 көпсалалы гимназиясы болып өзгерді. Бұл білім ұясы – республикадағы алғашқы зиялы қазақ мектебі болып саналады. Осы мектепті 1971-1985 жылдарда Социалистік Еңбек Ері Рафиқа Бекенқызы басқарды.
Білім ұясы 1972 жылдан бастап тұңғыш рет республика мектептерінің ішінде ағылшын тілін тереңдетіп оқыта бастады. 1984 жылы республикадағы ең үздік мектеп ретінде танылып, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталып, 1985 жылы Кеңестер Одағының үздік үш мектебінің қатарына енді.
1994 жылы 70 жылдық мерейтойында мектепке қазақтың тұңғыш ағартушы ғалымы Шоқан Шыңғысұлы Уәлихановтың аты берілді. 1996 жылы мектепке «ағылшын тілін оқытуға мамандандырылған арнайы орта мектеп» куәлігі берілді.
Рафиқа Нұртазина мектептен қол үзбей, өзінің сүйікті мамандығын ғылыммен ұштастыра отырып, еліміздің педагогтар көшін бастады.
Рафиқа Бекенқызы 1973 – 1978 жылдары Қазақстан педагогикалық қауымдастығы Республикалық кеңесі президиумының төрайымы болып сайланып, қазақ мектептеріндегі орыс тілі мен әдебиетін оқыту бағдарламасын әзірлеуге қатысты.
Ол – педагогика ғылымдарының кандидаты. 350-ден аса ғылыми және оқу-әдістемелік еңбектің авторы, оның ішінде 15 кітап пен оқулығы орта мектептерге арналған.
Р. Нұртазина мектепте еңбек еткен жылдары тілдік материалды меңгеруде үлкен көмек болатын жаңа дидактикалық және интеллектуалдық ойындар да ойлап шығарды. Өз бетімен жасалған бақылау мен талдау және жинақталған тәжірибе, бұған дейін шыққан үш кітаптың материалдары, басылымдарда жарияланған мақалалар, баяндамалар жинағы өз алдына «Занимательная грамматика» (Алматы, «Мектеп», 1973) деген атпен жарық көрді.
Ғалым-ұстаз 1989–1991 жылдар аралығында мемлекеттік телерадио комитетінің тапсыруымен «Таня мен Болатқа арналған радиосабақты» жүргізді. Күнделікті таңертең және кешке өтетін радиосабақтар нақты қарым-қатынас орнатумен және алған білімі мен қалыптасқан дағдыларын радио арқылы тексерумен байланысты болғандықтан, үлкен аудитория тапты. Сабақ берудің бұл тәсілі елге танымал болғандықтан Қазақстанда алғаш рет 12 әуен таспасы бар 101 сабақтан тұратын «Қазақша сөйлейік» атты кітабы жарық көрді.
Рафиқа Нұртазина Қазақстанның халық ағарту жүйесінің озаты, көрнекті ғалым, жаңашыл-педагог, қоғам қайраткері.
Ол – жарты ғасырға жуық қарқынды, әрі жемісті еңбек ету барысында оқушылардың бірнеше буынын тәрбиелеп, шәкірттері мен әріптестерінің құрметіне бөленді.
Білікті ұстаз, талантты ғалым «Қазақ КСР-іне еңбек сіңірген мұғалімі», «Социалистік Еңбек Ері», «Алматы қаласының құрметті азаматы» атақтарының иегері. Сонымен қатар «Ленин» орденімен, «Орақ пен балға» Алтын медалімен, екі рет «Құрмет Белгісі» орденімен және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңес Президиумының, оқу-ағарту Министрлігі мен КСРО ПҒА-ның «Құрмет грамоталарымен», Қазақ КСР Білім Министрлігінің «Құрмет грамоталарымен» марапатталған.
Рафиқа Нұртазина шын мәнінде «ұстаздардың ұстазы» болды. Ол ғибратты ғұымырының 60 жылын ұстаздық қызметке арнады.
Ұстаздың шәкірттері бүгінде Қазақстанның түкпір-түкпірінде еңбек етіп жүр.
Маркетинг және коммуникациялар департаменті