Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Басқарма төрағасы – Ректор Гүлмира Қанай Желтоқсан оқиғасына қатысушыларымен кездесіп, құрмет көрсетті.
Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай қолға алынған «30 жыл: Азаттық. Теңдік. Бостандық» жобасы аясында ұйымдастырылған басқосуда оқу орнының басшысы аға буын өкілдеріне ізгі ниетін білдіріп, мерейлі мерекемен құттықтады.
– Аман-саулық – адамның нағыз бақыты болса, тәуелсіздік – халықтың жалғыз бақыты. Бұл – туған еліне егемендік пен еркіндікті қарулы қолмен емес, бейбіт жолмен алып берген әйгілі Махатма Гандиден қалған қанатты сөз. Расында да, тәуелсіздік пен теңдік, азаттық пен елдік қай халық үшін де асыл ұғымдар болып саналады. Қазақ елінің егемендік алуына Сіздердің қосқан үлестеріңіз айтарлықтай зор, – деді Гүлмира Қанай.
Өз кезегінде кездесуге қатысқан «Желтоқсан көтерілісі» Қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мырзағұл Әбдіқұлов, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, жазушы Болат Шарахымбай және «Qazaqstan Dauiri» газеті директорының орынбасары Жанбақыт Борантаев университет басшысына алғыстарын жеткізіп, игілігі мол ісіне табыс тіледі.
Маркетинг және коммуникациялар департаменті