Жетекші аграрлық университет базасында бірегей «Ақылды жылыжай» ашылды

0
1764

Бейсенбі, 28 қазанда Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің «Агроуниверситет» оқу-тәжірибелік шаруашылығы базасында еліміздегі инновациялық «Ақылды жылыжайдың» салтанатты ашылу рәсімі өтті.

«Ақылды жылыжайдың» ашылу салтанатына ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев, Корея Республикасының Азық-түлік, ауыл шаруашылығы, орман және балық шаруашылығы министрлігінің Ауыл шаруашылығы саясаты департаментінің директоры Ким Джон Ку, Корея Республикасының Бас консулы Ким Хын Су, «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» КеАҚ Басқарма төрағасы Гүлмира Исаева, Корея Республикасы Агротехнологияларды коммерцияландыру және енгізу қорының вице-президенті Ким Бен Ун, «КОТРА» компаниясының директоры Ли Джунг Хун, «Жеміс-көкөніс шаруашылығы ҚазҒЗИ» ЖШС Басқарма төрағасы, ҚР ҰҒА академигі Теміржан Айтбаев, Алматы облысы Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының м.а. Коюмчан Омаров, Талғар ауданы әкімінің орынбасары Ермек Толқынов, ҚазҰАЗУ аграршы ғалымдары және БАҚ өкілдері қатысты.

Жиынның модераторы – ҚазҰАЗУ Басқарма төрағасы-ректоры, академик Тілектес Есполов еліміздегі аграрлық саладағы жетекші университеттің соңғы жылдардағы трансформациялану бағытындағы жеткен жетістіктеріне тоқталып, білім-ғылым-өндіріс жүйесін интеграциялауда кездескен мәселелерді ортаға салды.

«Біз Оңтүстік Кореяның Азық-түлік, ауыл шаруашылығы, орман және балық шаруашылығы министрлігіндегі серіктестерімізге, Ауыл шаруашылығы технологияларын коммерцияландыру және енгізу Қорының басшыларына Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенін дамытуға қосқан үлесі мен қолдауы үшін алғысымызды білдіреміз», – деді Тілектес Исабайұлы.

Салтанатты рәсімде сөз сөйлеген ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев жобаның барлық қатысушыларына Қазақстанның аграрлық ғылымының дамуына қосқан үлесі үшін алғысын білдіріп, елдегі аграрлық сектор экономиканың басым салаларының қатарына кіретінін атап өтті.

«Ауыл шаруашылығындағы ғылыми білім мен әзірлемелер ауылдағы әл- ауқаттың, өмір сапасының өсуіне, жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал етуі керек. Біз бұл бағытта озық технологияларды тартуға тиіспіз. Олар бізге еңбек өнімділігін және өңделген өнім экспортын арттыруға көмектеседі деп сенемін. Агроөнеркәсіптік кешенді дамытуда серпіліс жасауға мүмкіндік беріп, жалпы АӨК саласын одан әрі дамыту «ақылды технологиялардың» еншісінде», – деді өз сөзінде Ербол Шырақпайұлы.

Ведомство басшысының айтуынша, кореялық озық технологияға негізделген инновациялық жылыжай құрылысының тарихы 2019 жылдың сәуір айында Елордамызда өткен Қазақстан-Оңтүстік Корея бизнес форумынан басталды. Сол кезде екі елдің Мемлекет басшылары деңгейінде Қазақстанның ауыл шаруашылығына жаңа технологияларды енгізу саласындағы ынтымақтастықты дамыту туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

«Ақылды жылыжайдың» маңыздылығы мен артықшылығына Тілектес Есполов та тоқталды.

«Жаңа буынды инновациялық жылыжайды іске қосу қолайлы инвестициялық ахуалды арттыруға мүмкіндік беретініне және елдің ауыл өнеркәсібін дамытуда жаңа инновациялық шешімдерді қолдану объектісіне айналатынына сенімдімін. Импортты алмастыру және халықты жаңа піскен көкөністермен, жидектермен жыл бойы қамтамасыз ету үшін инновациялық технологиялар мен жаңа буын мамандары әр уақытта қажет. Жұмыс ары қарай жалғаса бермек. Біз корей инвесторларын тағы да игілікті істерге тарта отырып, жеміс-көкөніс кластерін құруды жоспарлап отырмыз, онда барлық қажетті инфрақұрылым: көкөніс қоймасы, өнімді қайта өңдеу цехы, басқа да қажетті логистикалық объектілер құрылатын болады», – деді Тілектес Исабайұлы.

Іс-шара аясында демонстрациялық жылыжай құрылысының тұсаукесері және жылыжай бойынша демо-тур ұйымдастырылды, сондай-ақ Корея Республикасының АШОБШМ мен Қазақстан Республикасының АШМ арасында «Ақылды жылыжай» нысанының ашылу Хаттамасына қол қойылды.

Бұдан кейін ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев ҚазҰАЗУ ахуалдық орталығында университеттің профессорлық-оқытушылық құрамымен, жас аграршы ғалымдармен кездесіп, Вагенинген институты, Өсімдіктердің микроканалды көбею зертханасы, Агротехникалық және Су хабтарында, Қазақстан-Беларусь агроинженерлік инновациялық және Қазақ-Жапон азық-түлік технологиялары орталықтарында, Сүт және сүт өнімдерінің референттік зертханасында, «ҰАҒББО» ҒЗИ-мен интеграциялау шеңберінде аграрлық ғылым жетістіктерінің тұрақты жұмыс істейтін көрмесінде болып, соңғы жылдардағы ғылыми ізденістердің жетістіктерімен танысты.

Министр өз сөзінде АӨК дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған Ұлттық жобаның мақсаттары мен міндеттері туралы айтып, бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру көлемі жыл сайын ұлғайып келе жатқанын, «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» КеАҚ-ның еншілес ұйымдарын халықаралық стандарттар талаптарына сәйкес келтіру және бизнес қажеттіліктеріне бағдарлау мақсатында трансформациялау бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті.

«АӨК субъектілерінің ғылыми әзірлемелерді енгізуге арналған шығындарын субсидиялауды енгізу жоспарлануда, бұл қазіргі заманғы технологиялар мен инновацияларды енгізу үшін қосымша экономикалық ынталандыруларға жол ашады. Ал, біздің ұрпақ, жас ғалымдар АӨК дамытуда жаңа технологияларды табысты жасап, қолдана беретініне сенімдімін», – деді Ербол Шырақпайұлы.

Сапар соңында ведомство басшысы Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетіндегі атқарылған жаңа ғылыми-өндірістік бағыттағы жұмыстардың нәтижелеріне жоғары баға беріп, заманға сай трансформацияланған оқу орнының одан әрі дамуына қолдау көрсететінін тілге тиек етті.

БІЗДІҢ АНЫҚТАМА

2020 жылдың 24 сәуірінде Корея Республикасының Ауыл шаруашылығы технологияларын коммерцияландыру және енгізу Қоры мен «Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті» КеАҚ арасында ҚазҰАЗУ-дың «Агроуниверситет» оқу-тәжірибелік шаруашылығы базасында кореялық «Ақылды жылыжай» ашу және пайдалану туралы келісім жасалды. Жобаның мақсаты – Корея Республикасының жабық топырақта көкөніс дақылдарын өсіру бойынша сынақтан өткізілген «ақылды» инновациялық технологияларын көрсету және тарату.

Келісімге сәйкес, Оңтүстік Корея тарапы жаңа технологиялық әзірлемелермен жабдықталған «Ақылды жылыжай» құрылысын аяқтады. Ал, «Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті» КеАҚ өз тарапынан шарт бойынша жылыжай салу үшін тиісті алаңды бөлді әрі инфрақұрылым (электр энергиясы, газ, су) жүргізуді, жылыжай аумағын абаттандыруды жүзеге асырды, жылыжай негізін нығайту және ағынды суды бұруды ұйымдастыру бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстарын орындады.

Жылыжайдың жалпы ауданы – 1 га, өндірістік қуаты – жылына 400-450 тонна көкөніс пен жидекке (томат, қияр, бүлдірген, т.б.) есептелген. Оқу-тәжірибелік шаруашылықта инновациялық жылыжайды пайдалану университет студенттері, магистранттары мен докторанттарына көкөніс дақылдарын өсіру технологиясын практикада игеруге және жылыжай шаруашылығының «смарт-технологиялары» бойынша ауыл кәсіпкерлері үшін түрлі семинарлар, тренингтер өткізуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, жылыжайда ғалымдар агротехникалық, ұйымдастыру-шаруашылық және қорғау іс-шаралары бойынша ғылыми зерттеулер жүргізеді, көкөніс дақылдарының әртүрлі сорттарының фенологиялық фазаларына мониторинг жасайды.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here