Желтоқсан-35: Алаштың қайсар азаматы

0
3650

Жыл сайын 16 желтоқсанда Тәуелсіздік күні тойланады. Бұл – желтоқсаншы жастардың мұзға азаттық алауын жаққан күн. Тарихқа айналған осы қанды көтеріліс қалай болғаны туралы көп жазылады. Дегенмен, желтоқсанның 19-23 аралығында халықтың наразылық шерулері мен митингілері Алматы қаласынан бөлек, Целиноградта, Өскеменде және Қазақстанның басқа да қалаларында жалғасқанын жұртшылық біле бермейді. Алматыдағы Л.И.Брежнев алаңына 17 желтоқсанда 20 мың адам шеруге шықса, 19 желтоқсанда Целиноград қаласында ресми дерек бойынша 170 адам бейбіт митингке шыққан екен. «Қара құйынның» құрбанына айналған қаһарман жастардың есімдері мәңгілік ел есінде сақталады. Сол репрессия салдарынан 99 адам сотталып, 264 студент оқудан шығарылғаны мәлім. Жазықсыз жапа шеккендердің ішінде біздің жерлесіміз Амангелді Нүкенов те бар. Ол – ел орталығында болған Желтоқсан оқиғасына үн қосып, 19 желтоқсанда Целиноград қаласында шеру ұйымдастырған намысты азамат. Тың игерушілер қаласының кейін Тәуелсіз еліміздің Елордасына айналғанын ескерсек, оңтүстік астана мен солтүстік астанамыздың арасындағы байланыс желтоқсандағы азаттық көтерілісі кезінде бастау алғанын аңғарамыз…

Мен Амангелді Теміршотұлымен ипподромда жолығысып қалдым. Бәйге мен саятшылық десе делебесі қозатын, жүйрік баптап, тазы жүгіртетін, серілік пен ат сейістікті жаны сүйетін қазақ азаматтары атшабардан басқа қай жерде жолығуы мүмкін. Амангелді Нүкенов батыр тұлғалы, өткір көзді, қасқыр мінезді кісі екен. Айналысып жатқан шаруасынан бірден қол үзе салған жоқ. Осыдан-ақ істің адамы екені байқалды. Жуықта ғана өңірімізге жеткізілген жүйрік бәйге аттарының бабын байқап, терін алып, тұяғын тексеріп, жарысқа түсірмек жайы бар. Асыл тұқымды тазыларын жүгіртіп, құйғытқан құтпанның қызығына батуды да қуаныш көреді екен.

«Бұл тазы деген жеті қазынаның бірі саналған ғой, – деп бастады сөзін. – Қазақ «жаман жолдастан, жақсы ит артық» дейді. Сондықтан текті тазы тұқымын асырауды ермек етемін. Зерттеушілер қазақтың тазысы немістің овчаркасынан да ақылды болады десіп жүр. Сол рас сөз. Тазыны тар үйге, тар вольерге қамап қойсаң, құсадан тарығып өледі. Осылай ашық алаңға жиі шығарып, сайын далаға жүгіртіп аламын. Бұлар да адамдар секілді еркіндікті, кеңдікті аңсайды. Ал, қазақ деген жылқы мінезді, қасқыр намысты халық. Осы қасиеттерден айырылмауымыз керек».

Іздеген адамым табылғанына қуандым. Желтоқсан жаққан жігер оты ағаның жанарында әлі ұшқындап тұр екен.   

Ит екеш иттің өзі еркіндік пен кеңдікті аңсаса, адам баласының азаттықты аңсамауы мүмкін емес. Ал, асау жылқының да құрықтан қашып, аңсары құла дүзге аумай ма?! Амангелді секілді ағаларымыздың ақ қарлы желтоқсанның аязында азат ойлы жастарды қасына жиып, «қазақтың таңдау еркі өзінде болуы керек» деп азаттықты аңсап, алаңға шыққаны кеңірек насихатталуы тиіс.

Біздің әңгімеміз әуелі арғымақ аттардан, абадан иттерден басталып, ағаның сүйікті ермегі аңшылық, балықшылыққа қарай ойысты, содан соң ғана Целиноградтағы «Желтоқсан көтерілісіне» келіп жеттік. Көтеріліс неден басталып еді?!

Амангелді Нүкенов Ауыл шаруашылығы институтында оқып жүріп, 1986 жылы Алматыда Желтоқсан көтерілісіне шыққан қазақ жастарына қолдау білдірген санаулы кісінің бірі. Ол белсенді жастарды жанына жинап, 19 желтоқсан күні Целиноград қаласында студенттердің бейбіт шеруін ұйымдастырған белді азамат. 

Амангелді Теміршотұлы 1964 жылы 21 наурызда Павлодар облысының Железинка ауданындағы Захаровка ауылында көп балалы мұғалімдер отбасында өмірге келген. Қазақы қайсар рухта тәрбиеленген бозбаланың  азамат ретінде өсіп жетілуінде әкесі үйреткен тәлім үлкен рөл атқарады. Ол қазағы аз, келімсектердің қысастығы көп елдімекенде ер жетті.

Әкесі Теміршот 1930 жылы туған, саналы ғұмырын білім беру саласына арнаған ардагер ұстаз. Мектеп директоры болған. Көп жылғы еңбегі үшін «Еңбек сіңірген мұғалім» төсбелгісімен марапатталған. Теміршот Нүкенов Семей педагогикалық институтын бітірген соң, әуелі Железинка ауданындағы этникалық немістер мекендейтін Тельман селосына жолдама алып, еңбек жолын сол жақта бастайды. Содан соң Захаровка сегіз жылдық мектебінде нақты ғылымдар: математика, физика, геометрия, көркемсурет, сызу пәндерінің мұғалімі болып жұмыс істейді. Оның ерік-жігері мен тікелей араласуы арқасында 1965 жылы Железинка ауданы, Захаровка ауылында Ленинградтық үлгідегі жаңа орта білім беру мектебі салынып, кең спортзалымен бірге пайдалануға берілген. Сол мектепке директор болып тағайындалған Теміршот мұғалім еліне адал қызмет етті. Соңғы жұмыс орны аудандық ауыл шаруашылығы басқармасында еді.

«Әкеміздің азаматтық істері, еңбектері туралы оның директор достары Баркен Нұрахметов, Қабидолла Уразгулов үнемі ризашылықпен еске алып отыратын», – дейді ұрпақтары.

Әкесі – Теміршот Нүкенов

Амангелді Нүкенов Желтоқсан көтерілісін ұйымдастырушы ретінде қамауға алынып, үстінен қылмыстық іс қозғалғанда, бұл оқиға оның отбасы мүшелерін де жалындай шарпып өтеді. Осындай «зиянды элемент» әрі «халық жауы» деп танылған баланы тәрбиелегені үшін Теміршот Нүкеновті аудандық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының кадрлық саясат жөніндегі орынбасары қызметінен босатып, ауданның бірінші хатшысының бұйрығымен партия қатарынан да шығарылады. Осы оқиғаның мән-жайын аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының сол кездегі басшысы Акив Гасанов былай деп баяндайды: «Желтоқсан айында таңертең маған КГБ қызметкерлері келді де, Нүкенов Теміршотты ертіп алып, аудандық партия комитетіне баруымды бұйырды. Бұған дейін бізді ешқашан КГБ қызметкерлері алып жүрмейтін. Сондықтан көңіліміз алаң болғаны анық. Аудандық партия комитетінде бірінші хатшы Сокуренко Нүкеновке ұлы Амангелдінің тұтқындалғанын, «халық жауы» болып шыққанын мәлімдеді. «Сол себепті партбилетіңді тапсыр» деді. «Мынаны ауыл шаруашылығы басқармасындағы қызметінен дереу босат» деп маған нұсқау берді».

Жұмыстан шыққан соң Теміршот ақсақал ауылда құран негізінде арабша оқып-жазуды үйрету үйірмесін ашып, оны жүйелі түрде жүргізеді. Өйткені, өзі бала кезінде арабша хат танып, құран аударып өскен болатын. Зейнеткерлік жасына жеткеннен кейін де дәстүрлі дініміздің діңгегін нығайтып, дәнегін жас жүректерге егуге ат салысты. Соның нәтижесінде елдегі ескі ғимараттардың бірі құлшылық орнына айналдырылып, көп ұзамай оның орнында Железин аудандық орталық мешіті бой көтерді. Бұған дейін ауданда мұсылмандардың ғибадат үйі болмаған еді. Кеңес үкіметінің темір құрсауы құлағаннан кейін, ауданнан алғашқылардың бірі болып Теміршот ақсақал мұсылмандардың қасиетті мекені Мекке мен Мәдина қаласына сапар шегіп, Қағбаны тауап етіп, қажылық парызын өтеп қайтты. Қажылықтан оралған соң аудан халқына үлкен ас беріп, қазақ мәдениетінің барлық салт-дәстүрін сақтай отырып, ақшаңқан киіз үйлер тігіп, аламан бәйге ұйымдастырып, ат шаптырып, балуан күрестіріп, айтыс өткізіп, өңірдің рухани өміріне бір серпіліс сыйлайды. Сол ауқымды іс-шараға қатысқандар тұңғыш рет зәм-зәм суының дәмін татып, киелі орыннан әкелінген тәспі тастарын тәбәрік ретінде үлестіріп алып еді. Теміршот ақсақал 76 жасында фәни дүниеден бақиға аттанды. Қазіргі таңда жыл сайын оның атында дзюдо күресінен Республикалық турнир өткізіліп тұрады. Жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеу мен салауатты өмір салтына баулу мақсатында ұйымдастырылатын сайысқа ақсақалдың ұрпақтары тұрақты демеушілік көрсетіп келеді.  

Анасы Жақсылық Оспанқызы 1931 жылы 3 мамырда дүниеге келген. Жаны жайсаң Жақсылық ана 70 жасында дүние салды. Өмірлік жары екеуі 10 бала тәрбиелеп өсірген үлгілі ата-ана еді. Жақсылық Оспанқызы «Батыр ана» атағын иеленген қасиетті кісі. Ұзақ жылдар бойы мектепте мұғалім болып, бала тәрбиесімен айналысты. Сол замандағы орыс тілді ортаның ықпалымен мектеп оқушылары оны Евгения Оспановна деп атайтын. Ал, Теміршот ағаны Александр Нукенович дейтін. Дәл сол үрдіспен Амангелдіні айналасы Воваға айналдырған. Осы шағын мысалдың өзі қазақ ұлтының өз тарихи отанында тұрып, азан шақырылып қойылған есімін атай алмай, келімсектер тарапынан кемсітушіліктерге ұшырағанын көрсетеді. Мұндай қысастық кез келген кісіні ұлттық идентификациямды қайтсе де сақтауым керек деген қорытындыға келтіреді. Сондықтан, Нүкеновтер намысын қолынан бермейтін нағыз көкжалдық қағидаға сүйеніп өседі. Захаровкадағы жағаны ғана емес, намысты жыртқан төбелестер соның куәсі. Ауданда оқып жүрген ағасы Серік және оның достары, Уразгуловтар, Башмачный ауылынан келген Оспанов Бари аға талай басбұзарды сабасына түсіргені бала Амангелдінің есінде. Ұлт мүддесі үшін ойланбай отқа түсу қасиеті оның бойында сол шақтарда қалыптасқан болуы керек.

Амангелдіге ата-анасы ат қоярда мына ырымға жүгініпті. Ол дүниеге келген 1964 жылы Теміршот ақсақалдың інісі Жеңіс (марқұм) әскер қатарында болса керек, ал өзінің үлкен ағасы Темірбай (марқұм) белі зақымданып, Евпаторияда емделіп жатады. Сол екі ағасының атажұртына аман-есен оралуын тілеген үй иелері баланың есімін Амангелді деп қойған екен. Бұл кезде ешкім Амангелдінің алда әлі талай қиыншылықтардан аман-есен құтылатынын, отбасына есен-сау оралатынын болжап білмеген де еді. Ырымдап қойылған аттың ырысы мол болды. Абақтыдан да, советтік идеологиялық машинаның аранынан да Амангелді аман шығып, бүгінде алпыстың асқарына қол созып отыр.

Амангелді Теміршотұлы сегіз жылдық орыс мектебін аяқтаған соң, Павлодар есеп және экономика техникумына оқуға түседі. Техникумды сәтті бітірген соң, 1982 жылы Совет армиясы сапына шақырылады. Отан алдындағы азаматтық борышын Қызыл тулы Орта Азиялық әскери округі, Алматы облысы, Отар станциясы, Гвардейское кентінде орналасқан мотоатқыштар полкінде өтейді.

Техникумда оқып жүрген кезінде де, совет армиясының сапында да сан рет қазақ ұлтына қарсы жасалған әділетсіздіктерді көріп: «Өз елімізде өгей балаға айналғанымыз қалай?» деген сұрақты өз-өзіне жиі қоя бастайды. Полкте офицерлердің түгелге жуығы орыстар еді. Асханада доңыздың еті қосылған тамақты ішпей, намыс буып, талай мәрте аш жүрген кездері болды. Сонда да солдат Амангелдінің емендей рухы иілген жоқ. 1984 жылы старшина әскери шені беріліп, мерзімдік әскери қызметін аяқтап, туған жеріне оралады. Жастайынан білім алуға құмар жалынды жігіт 1985 жылы Целиноград ауыл шаруашылығы институтына (ЦСХИ) құжат тапсырып, емтихандардан сүрінбей өтеді. Сөйтіп экономика факультетінің студенті атанады. Ол кезде институт ректоры Кенжеғали Сағадиев, ал экономика факультетінің деканы Қуаныш Қабиденұлы Әбуев еді. Оқуға қабылдау емтихандарынан кейін факультет деканы қарулы күштер қатарынан шынығып, ширап келген қағілез жігіттің бойындағы ұйымдастырушылық қабілетті бірден байқап, кабинетіне шақырады. Осында қалып, қабылданатын студенттерге жатақхананы даярлау, ішін ақтау, тазалау сияқты жұмыстарды жүргізуді ұсынады. Амангелді бастаған бір топ қыз-жігіт қабылдау құжаттарын ресімдеп, жатақхананы оқу семестріне жан-жақты әзірлейді. Ойдағыдай атқарылған жұмыс ұнағандықтан, Қуаныш Қабиденұлы жиырма бір жасар жігітті Студенттер Кеңесінің төрағасы етіп сайлайды. Жас жігітке жатақхана комендантының міндетіне қоса атқарушы қызметі де жүктеледі. Ауыл шаруашылығы институтының студенттер үйі сол уақытта Мира 5а мекенжайында орналасқан еді. 1985 жылы қыста Целиноград қаласындағы студенттер үйлерінің арасында үздік жатақхана байқауы ұйымдастырылғанда Амангелдінің жатақханасы сол сайыста жоғары нәтиже көрсетеді. Байқау нәтижесінде 1-орынды жеңіп алып, көшпелі вымпелды ұтып, «Үлгілі тәртіптегі жатақхана» құрметті атағын иеленеді.

«Әлем» студенттік құрылыс жасағы

Амангелді Нүкеновтің көшбасшылық қабілеті 1-курсты аяқтаған кезде тағы да көзге түседі. Экономикалық факультеттен екі студенттік құрылыс отряды жасақталып, деканаттың тағайындауымен сол жасақтардың біріне Амангелді жетекшілік жасап, отрядты «Әлем» студенттік құрылыс жасағы деп атайды. Құрылыс жасағы Целиноград облысындағы Степногорск ауданының Бөгенбай ауылы аумағында орналасады.

Жастық шағын ой елегінен өткізген Амангелді аға: «Отрядтың құрамына 35 адам енді. Олардың 5-еуі тәрбиесі қиын жасөспірімдер еді, тағы басқа мекемелерден де жастар қатарға қосылды. Целиноград медициналық институтының студенті Света есімді қыз фельдшер қызметін атқарды. Сонымен қатар, отряд комиссары болып Ботагөз, ал шебер болып Жәнібек есімді студенттер сайланды», – деді.

Күзге дейін жүргізілген қызу құрылыс, еселі еңбек өз жемісін берді. Амангелді жетекшілік еткен «Әлем» студент жастардың құрылыс жасағы 1986 жылдың күзінде жарияланған қорытындыда жұмыс көлемі жөнінен Целиноград облыстық штабы бойынша бірінші орынға шығып, ең жоғары жалақы алған жұмысшы студенттер атанды. Қатысушылардың әрқайсысы 2 айдың ішінде 500-ден 1 200 рубльге дейін еңбекақы алғаны әлі есте.

«Әлем» студенттік құрылыс жасағы марапатталған сәт

Осындай көрсеткіштерге көңілі толған факультет деканы Қ.Қ.Әбуев Амангелдімен өзара әңгіме барысында оны ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің грамотасына ұсынатынын қуана хабарлайды. Бұл игі ниет жүзеге аспай қалады. Дәл сол жылы 17 желтоқсан күні Амангелді Нүкенов республика орталығында болып жатқан көтеріліс туралы өз кабинетіндегі радиодан ақпарат естиді. Ел астанасында жастардың КСРО коммунистік партиясы орталық комитетінің Дінмұхамед Қонаевты ел тізгінінен аластатып, Қазақстан компартиясының бірінші хатшылығына Геннадий Колбинді тағайындау туралы шешіміне наразылық білдіріп, Л.И.Брежнев алаңына шыққаны, өрімдей жастардың КСРО қарулы күштерінің көмегімен қудаланып, соққыға жығылғаны, белсенділердің түрмеге салынғаны жөнінде хабардар болады. Бұл әділетсіздікті білген сәтте-ақ Амангелді Студенттер Кеңесінің активін жинап, орын алған жағдайды талқылап, ой бөліседі. Институт жастары КОКП ОК шешімін сынап, сонымен қатар Алматыдағы көтерілісті қолдап, бірауыздан мынадай шешім қабылдайды – Целиноград қаласының барлық студенттерін бейбіт шеруге шығаруды ұйымдастыру. Аталмыш жиналыста әрбір белсендінің рөлі бөлініп беріледі. Осылайша, студенттік қабырға газетінің редакторы Дүйсекеевке үш түрлі ұрансөз жазу тапсырылады. Олар: «Дать нации самоопределение», «Почему не Назарбаев или Ауельбеков?», «Долой Колбина!». Қалған Студенткеңес мүшелері Амангелді Нүкеновпен бірге ЖОО мен институттардың бүкіл жатақханасын қамтып, студенттерге хабар таратып, оларды уағдаласқан күні мен уәделі сағатта Целиноград қаласының орталық алаңына шеру тартып келуге үгіттеуі тиіс болатын. Амангелді бастаған топ Целиноград педагогикалық институтында, медициналық институт пен автотранспорт техникумында насихат жүргізіп, Орталық комитеттің шешіміне қарсы пікір білдіруге шақырады. Сонымен қатар, басқа да жоғарғы оқу орындары студенттері арасынан белсенділерді белгілеп, бірлесе қимылдау ойластырылды. Целиноград Орталық комитеті алдында облыстың бірінші хатшысы Браунға қарата сөз сөйлейтін Бектұров секілді белсенді жастар сайланып қойылды. Әрбір ЖОО студенттері өз ғимараттарынан түрлі ұран сөздерді көтеріп шығып, қала көшелерін аралап келіп, 19 желтоқсан күні, түстен кейін орталық алаңға жиналуы тиіс еді.

Амангелді Нүкенов сол бір шақты есіне былай алады: «Студенткеңес жиынында Алматыда шеруге шыққан жастарды қалай басып-жаныштағаны туралы ақпарат алдық. Сондықтан біз ұран сөздерді көтеріп, бейбіт митинг өткізуді ойладық. Ешкімге өзімен бірге құжаттарын және тағы да басқа заттарды, таяқ, теміркелтек, сойыл алып жүрмеуін, құқыққорғау органдарын арандатпауын қатаң ескерттік. Ұйымдастырушылар мен сөз сөйлеушілер жөнінде де қатаң конспирация сақталды. Белсенділерді үгіттеу кезінде актив мүшелері олармен тек көзбе көз тілдесуі шарт еді. Сол себепті бізді КГБ қызметкерлері біршама уақыт тұтқындай алмады. Мені 19 желтоқсанда ұйымдастырылған митингтен кейін, 26 желтоқсанда бір-ақ тұтқындады. Целиноград облысы бойынша қарсы барлау бастығы Полещуктің алдына алып келгенде ол айғай салып: «Біз тәжірибелі барлаушылардың өзін үш күннің ішінде анықтайтын едік. Сені бір апта болды тұтқындай алмай, көп уақыт, қажыр мен қаражат жұмсадық!» – деді. Тергеу кезінде КГБ полковнигі жасырын ұйымдастыру әрекетімізді бірден анықтай алмағанын солай мойындап еді. Қызыл жағалылар митингті біз, яғни студенттер өз бетімен ұйымдастырды дегенге алғашында күмәнмен қарап, тіпті сенген жоқ. Жоғарғы оқу орнының басшылығы мен оқытушылар құрамынан жастарды бағыттаушылар болды деген нұсқаны да қарастырды. Маған институт ректоры К.Сағадиев пен декан Қ.Әбуевті әшкерелейтін түсінік жазып беруге қысым көрсетті. Ондайға барған жоқпын».

Сондықтан қарсы барлау бастығы қол астындағыларға желтоқсаншы жігітті қатаң түрде тергеп, айғақтар тауып, ісін жаңа жылға дейін аяқтап, жедел түрмеге жөнелтуді бұйырады. Айта кету керек, сол шеруге қатысқан жастардың ішінде жалғыз адам сотталды. Ол – Амангелді Нүкенов болды.

Ол кезде қазақтарды негізгі билік органдары басшылығына, басқару эшелонына жібермеу кез келген салада орын алған үйреншікті көрініс. Амангелді Нүкенов өзі куә болған бір оқиғаны былай суреттейді: «КГБ ғимаратында мені мына жайт қайран қалдырды: мұндағы жоғары лауазымды тұлғалардың барлығы орыстар еді, арасында жап-жас подполковниктер де болды. Байқағаным бір майор шенінде жалғыз қазақ бар екен. Жасы жасамыс тартса да, ол әлгі жас офицерлердің бұйрығын орындап жүретін. Бірақ, тергеу барысында барынша қатал, сөзін зілді өткізуге тырысатын. Десе де, сол азаматтың жанары жылы екенін, іштей маған деген қолдауы мен жанашырлығы бары сезілетін. «Түсі игіден түңілме» дейді ғой. Оның қатал болмауға амалы жоқ, жан-жақтан камералар мен тыңдауыш құрылғылар бақылап тұратын».

Осылайша, қайсар азаматты КГБ жертөлесіндегі камерада жаңа жылға дейін 7 күн ұстайды. Бір қызығы, КГБ жертөлесінің еденіне қызыл кілем төселген екен. Кремльдің күңгірт корридорынан бір аусайшы, Мәскеудегі  советтік жүйенің салқын лебі осы жерге жетіп, жалғасып жататыны анық байқалатын. Жаңа жыл мерекесінде Амангелдіні Бас прокуратураға тапсырып, одан әрі Целиноград абақтысына апарып жауып тастайды.

Әрине, Амангелді Нүкеновтің отбасы мүшелері де бұл жазықсыз жала мен қатал қысымнан сырт қалмайды. Камерада қамалып жатқан боздақтың Железинка ауданындағы ата-анасының үйіне КГБ офицерлерінің жеке құрамынан жасақталған топ барып, бақылау жүргізеді. Амангелдінің ағаларының айтуынша, торуыл тобы отбасылық үйдің қоршауына еніп, түн жамылып, тыңшылық жасап, шаңырақты сырттай бақылаған. Ақырында Теміршот Нүкеновті қызметінен босатып, тіпті партбилетін де тартып алған.

«Мен Целиноград түрмесінде сотқа дейін ісім тергеліп, екі көзім төрт болып жаттым. Абақтыда адамды өз ойы ішінен жейді екен. Өз ойыңнан жеңілмеу керек. Мен өз ісімнің ақ екеніне кәміл сендім. Мені сүйетін, жақсы көретін адамдар да маған сенім артты», – дейді Амангелді аға ағынан жарылып.

Сенім артқан адамдары: әкесі, ағасы Қанат, жолдасы Самби (Назым Субебаев) артынан іздеп, Целиноградқа келеді. Ауыл шаруашылығы институтының архитектура факультетінде оқитын бауыры Қайырдан Аман қандай жағдайға ұшырағанын сұрап біледі. Ертеңінде ұлының жинақ есепшотына ақша аудармақ болғанда, КГБ офицерлері үшеуін тоқтатып, қолдарын қайырып, мұнда не істеп жүрсіңдер деп тергеуге алады. Сонда Теміршот ақсақал Қанат пен Самбиге «Бұлар бізге мынадай зорлық істесе, балама тіпті қиын қорлық көрсететін шығар. Ату жазасына жазбаса жарар еді» деп көңілі босапты. Ақылдаса келе, «тез арада мықты қорғаушы жалдауымыз керек» деп шешеді.

Целиноградқа іздеп барған досы Субебаев Назым (сол жақта)

Амангелдінің ата-анасының жанкештілігінің арқасында республикадағы үздік адвокаттың бірі Смолин Михаил Михайлович целиноградтық  желтоқсаншының ісін өз қарауына алады. Әлбетте, жоғары гонорар төлеуді талап ететін қорғаушыны жалдау оңайға түспесе де, туыс-туғандары «не бел, не белбеу кететін» күреске барын салады.

«Сансыз тергеулер мен беттестіру сәттерінде маған Құрылыс институтының Студенттер Кеңесінің төрағасы Бектұровтың өзін өзі ұстауы, ер азаматтық ұстанымы ұнады. Өзі бір батыр жігіт екен, көздері от шашып тұрды. Ол мені біле тұра, қызыл жағалылардың тепкісіне шыдап, тергеу барысында «бұл жігітті танымаймын» деп жауап берумен болды. Жоғарыда айтып өткенімдей, Дүйсекеев ұран сөздер жазуға жәрдемдесті. Ал, біз Целиноград автотранспорт институтында мына студенттерге: Шарипов, Рахимов, Берлибаевқа үгіт жұмыстарын жүргіздік. Сонымен қатар, Целиноград медициналық институты мен техникумдардағы мүдделестерді ортақ мақсатқа жұмылдырдық. Картаев, Оспанов, Ищанов, Қасимов қасымызда болды. Мені сонда Құрылыс институтының Студкеңес төрағасы Бектұров пен Айтқазинов және Бейбутов деген студенттер жолықтырған болатын», – дейді Амангелді Нүкенов.

Иә, 19 желтоқсандағы шеруге қатысқан студенттердің көбі оқудан қуылғанымен, бірақ сотталған жоқ.

Кеңес үкіметінің алып тоталитарлық жүйесін жел шайқаған теректей теңселткен 1986 жылғы желтоқсаншыларды қатаң әрі жедел жазалау құзырлы орган басшыларына жақсылап тапсырылғаны анық. Себебі, Амангелді Нүкеновтің ісі бірден облыстық сотта қаралды. Бұл ұлтшыл жастардың жоғары инстанцияға шағымдануына жол қалдырмаудың амалы еді.

Амангелді ағаға көрген қиыншылықтарын әңгімелеу қиынға түсіп, тілі күрмеле берген бір тұста: «Сізді сонда Совет өкіметіне қарсы шығуға не итермеледі?» деп сұрадым. Жанары жарқ ете қалған жігіт ағасы бетіме тура қарады да: «Кеңес билігінің ғұмыры енді бір 5-10 жыл ұзарған болса, біз мәдениетімізден, тілімізден, дінімізден айырылып, мәңгүрт болып шығатын едік. Якуттердің күйін кешіп қалмасымызға кім кепіл. Жылдар бойы алты алаштың сабыр кесесіне сырт-сырт тамған төзім тамшысы, ашу жасы Желтоқсан көтерілісі болып тасып төгілді де, Кеңестер Одағын ыдыратуға бастау берді», – деп жауап берді.

Ағаның бұл пікірі айнымай орындалған шындық. Желтоқсанда алаңға шыққан қазақ жастары КСРО-ның бөлінуіне себепкер болғаны рас. Өйткені, азаттық аңсаған Грузия, Әзербайжан, Балтық елдері де көтеріліске шығып, Тбилисиде, Бакуде, Вильнюсте толқулар жалғасты. Арада 4 жыл өткенде КСРО күйреді.

Амангелді Теміршотұлының бірінші сот отырысы ашық түрде, институттың үлкен аудиториясында өткізіліпті. Оған Целиноград қаласының бүкіл оқу орындарынан студенттер шақырылып, көпшілікке көз түрткі етіп көрсетіледі. Бұл сот процесі көп жастың көкейінде үрей туғызу үшін жасалғаны анық. Сот облыстық сот төрағасының басшылығымен өтеді. Осы процесс біткен соң, жиналған студенттердің алдында Амангелді Нүкеновке Целиноград облыстық сотының 1987 жылғы 17 ақпандағы үкімімен («КазССР Жоғарғы сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 1987 жылғы 24 наурыздағы анықтауы») 3 жыл бас бостандығынан айыру жазасы кесіліп, жалпы режимдегі колонияда жазасын өтеу үкімі шығарылады. Өйткені, бұл бап бойынша оған антисоветтік насихат жүргізуден бөлек, «құқыққорғау органдарына бағынбады, базбұзарлық жасады» деген айып тағылған болатын.

Сот процесінде болған ерекше жағдайды есіне түсірген Амангелді Теміршотұлы былай дейді: «Сол кезде облыстық сот төрағасының қысымынан қорықпай, шындықты айтқан В.П.Люзе деген офицер болды. Ол 19 желтоқсан күні Целиноград облысы бойынша ІІБ-да кезекші қызметін атқарған екен. Оған сот сұрақ қойды: «1986 жылғы 19 желтоқсанда ұлтаралық қақтығыс негізінде қандай да болмасын қылмыстық оқиға тіркелді ме?». «Жоқ, – деді Люзе. – Ондай жағдай болған жоқ. Тек қана студенттер ұран сөздер жазылған плакаттарды көтеріп, көшеге шықты». Прокурор: «Менің қолымда ІІБ-дан берілген анықтама қағаз бар. Онда орыс пен қазақ бір-бірімен қақтығысып, орысқа пышақ салып өлтірілген делінген», – деді. Сонда Люзе саспастан былай деп жауап қатты: «Сіз айтқан оқиға қала сыртында болған. Бұрын сотталған қылмыстық элементтер өзара жанжалдасқан, бірақ олардың мына іске ешбір қатысы жоқ. Сізге бұндай анықтаманы кім беріп жүргенін білмеймін. Мен кезекшілік кезінде көзбен көріп, бақылағанымды айттым». Сот дәл осындай жауапты күтпесе керек, Валерий Петровичті залдан шығарып жіберді».

Бұл үкімге наразы болған Жақсылық ана мен Темірбай аға Алматыға Г.В.Колбинмен кездесуге аттанады. Бірақ, республика басшысының қабылдауына кіру оңай емес екен. Бес күн бойы ОК-нің есігін күзетіп, қызыл жағалылар қуса да кетпейді. Күн сайын құр сабылса да, ешкім жазған арызын көзге ілмейді. Алған бетінен қайтпай, орталық коммунистік партия комитетінің кіреберісінде, тас баспалдақта отырған шешейді Колбиннің көмекшісі Тоқуев қабылдап, талап арызын оқып, жылы сөйлеп, қағаздарын түзетіп береді. Оның үстіне Жоғарғы соттың, Бас прокурордың көмекшісі Г.А.Абишеваның телефон нөмірін беріп, соған бағыттайды. Арызды тек сол қыздың қолына табыстау керек деп кеңес береді. Обалы не керек, көмекші қыз бір қолғабыс еткен секілді.

Осындайда менің ойыма Күләш Ахметованың белгілі өлеңі түседі. Ақын сөзінің рас екеніне жоғарыдағы мысал дәлел болатындай.

«Қазақты жамандама, қазақ бала,
Халық қой, қазақ деген аз-ақ қана.
Мәңгілік ай астында, жер үстінде,
Қазақтың жанашыры – қазақ қана».

Бір аптадан соң Целиноград түрмесінде жатқан Амангелдіні Красноярск жаққа этаппен айдайды деген ақпарат тарайды. Темірбай аға шұғыл қимылдап, Еңбек мекемелері жөніндегі Бас басқарма басшысы Марат Қайырбаевтың қолдауымен, жазасын өтеу үшін Кереку түрмесінде қалдыру туралы өкімін алып алады.

Ауданға қайтып келген соң Жақсылық ана сырқаттанып қалады да, Алматыға Темірбай мен Марияш апай қайта аттанады. Олар қона жататын үйдің реті келмегендіктен, вокзалда түней жүріп, Жоғары сотқа барып, алдын ала берілген арыз бойынша шағымданып, Целиноград облыстық сотының 3 жыл колония режимін шартты жазаға, яғни үкімді орындаушы органдар белгілеген орындарда еңбекке тарту шешімін шығартады.

Марияш апай мен Жақсылық ана

Міне, осы оқиғадан соң Амангелді Нүкеновке қатысты қатаң үкім жұмсартылып, басқа бап бойынша («КазКСР Жоғарғы сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 1987 жылғы 3 сәуірдегі №2 к – 178 анықтауы») облыстық сот шешімі өзгертіледі.  

Бұл қым-қуыт оқиғалардың негізгілерін айтқан Амангелді Теміршотұлы: «Адвокатым М.Смолиннің күш салуының арқасында статьямды қайта қарастырып, аса ауыр баптан (КазКСР ҚК 170-3 бабы «Тәртіпті өрескел бұзу және билік өкілдеріне бағынбау әрекеттерін ұйымдастыру») жеңілдірек бапқа алмастыруға мүмкіндік алдым», – дейді.

Осылайша, атпал азамат тағдырдың жазуымен туған жері Керекуде тұтқынға айналып жатқанда ағаларынан хат келеді. Олар шартты жаза тағайындау туралы үкім күшіне енгенін жеткізеді. Сол күні түстен кейін оны түрме бастығына шақырып, абақтыдан арнайы комендатураға жөнелту жөнінде бұйрық шығарып, қолына анықтама қағазын ұстатады. Арнайы комендатура Павлодар қаласының «25 лет Октября» көшесінде орналасқан екен. Еңбек мекемелері жөніндегі Бас басқармаға қарайтын арнайы комендатурада жатып, солардың рұқсатымен жұмысқа барып-келіп, жазасын өтеп жүреді.

Арнайы комендатура абақтысында

Келесі күні комендатураға іздеп келген ағасы Қанатқа жан сырын жасырмай ақтарады. Амангелдінің уағдаласқан сүйіктісі бар болатын. Жалалы желтоқсан күндерінде Амангелдінің көңілін алаң қылған тағы бір маңызды жағдай осы еді. Оның басына іс түскенін сүйікті қызы Жұмагүл біліп, қатты жабығады. Жұмагүл де ЦСХИ-да оқитын. Бойжеткеннің жабығатын себебі де жоқ емес. Біріншіден, сүйікті азаматы абақтыда отырса, екіншіден, сол айдың 29-шы жұлдызында қос ғашық Павлодарға ұшып келіп, Железинка ауданында тұратын Аманның ата-анасының алдынан өтіп, үйленбек ниетте еді. Көңіл жарастырып жүрген екі жастың ортасында дәнекер де пайда болып үлгерген, Жұмагүлдің аяғы ауыр еді. Бірақ, тағдыр теперіші алда күтіп тұрды. 25 желтоқсан күні қамсыз отырған жігітті КГБ қызметкерлері ұстап әкетті. Билеттер қалтасында кетті. Сөйтіп, жас арудың бұл арманы орындалмай қалады. Амангелдінің одан кейінгі жағдайының мән-жайын жоғарыда жаздық.

Амангелді ағасы Қанатқа «Қалайда сол қызды Целиноградтан тауып, мына хатты табыста» деп тапсырады. Сосын оған некелесуге ұсыныс жасап, сақина салуын өтінеді. Ішінен сөз байласқан қыз институтта ма, әлде ел көзінен таса жерге кетіп қалды ма екен деген ойға да беріледі. Бірақ, Қанат Жұмагүлді оңай тауып, құсни хатты қолына ұстатады. Жағдайды баяндап Амангелдіден сүйінші сұрап, арнайы комендатураға хат жолдайды. Інісінің өтініші бойынша Жұмагүл мен әпкесін мейрамханаға шақырып, Аманның атынан тұрмысқа шығуын өтініп, Жұмагүлге алтын сақина салып, әпкесіне алтын алқа тағады. Көп ұзатпай құдалық мәселесін сөйлесетін болып келіседі.

Бұл кезде Амангелді арнайы комендатурадан «Средазспецмонтажстрой» АҚ-да тас қалаушы-бетоншы болып жұмыс істеп жүр еді. Мекеме Орта Азиядағы ең биік мұнара – Павлодардың 1-ші ЖЭО-ның үлкен мұржасын тұрғызып жатқан болатын. Сол нысанның іргетасын қалаудан бастап құрылыстың аяғына дейін қызмет етеді. Әсіресе, бригадир Герасим Павловичті жылы жымиыспен есіне алады. Ол кеудесіне Ленин орденін таққан жұмыскер, талапшыл кісі-тұғын. Амангелді онымен тіл табыса білді. Жұмысқа таңертең ерте апарып, арнайы комендатураға кешке алып кететін. Артық жүріс, еркін жүріп-тұруға рұқсат берілмейтін. Тек демалыс күні жұмыстан бос болатын. Алайда, мұнда түскен Амангелдіні аптасына бір рет КГБ қызметкерлері тексеріп кететін. Арнайы комендатура бастығынан, жазасын өтеушілерден жауап алатын.

«Сол офицерлердің ішінде бір ақ шашты, адамгершілігі мол, егде полковник болады, – дейді Амангелді аға, – Сол кісі менің көп нәрсеге көзімді ашты. Елімізде жүргізіліп жатқан саяси өзгерістерді түсіндіріп, үлкен жаңашылдық келе жатқанын жеткізді. Түбінде үкімет сендерді далаға тастамайды, мемлекет басына үлкен азаматтар келіп, сендерді ақтап алады дейтін».

Иә, ол күнге жету үшін де әлі бірнеше жыл күту керек еді…

Жұмагүл жеңгейді сөзге тартып, сол кезеңді әңгімелеп беруін өтінгенімде тартынған жоқ: «Аман абақтыдан босай ма, босамай ма, алдағы тағдырымыз не болады деп қатты алаңдағаным рас. Менің жүктілік жағдайымды институт оқытушысы, неміс тілінің маманы Нина Артамоновна түсінуге тырысты. Амангелді туралы алып-қашпа сөздерге сенбеуімді айтып, «Ол жақсы жігіт, сен оны күт» деп ақыл кеңесін берді. Алғашында әке-шешеме сотталған жігіттен сәби көтергенімді қалай айтамын деп қамығатынмын. Бірақ әкем, көпті көрген, білімді, тарихшы мұғалім Көшерхан Иметұлы мән-жайды ұққан соң, былай деді: «Айналайын қарағым, Амангелді де Алаштың бір қайсар азаматы екен. Қанша күту керек болса, сонша күтесің. Мен батамды бердім!». Осылайша, институттан сұранып, Көкшетау облысының Қызыл ту ауданындағы Қызыл ту совхозында тұратын ата-анама аттандым. Жексенбі күні Павлодар жақтан екі көлікпен құдалар келді. Олармен бірге Амангелдінің келгенін көргендегі қуанышымды сөзбен айтып жеткізе алмаймын».

Сүйген жарына қосылу үшін Амангелді жексенбілік демалыс күнін пайдаланып, арнайы комендатура басшылығынан сұранбай, қашып шыққан екен. Сол беті уақыт оздырмай бірден жолға шығып, шекаралық аймақтағы Қызыл туға барып, құдаласып, бір парызын атқарып, Жұмагүлді алып қайтады. Железин ауданына келсе, жездесі екі офицер іздеп келіп кеткенін айтады. Оларды жақсылап күтіп, көңілін тауып кері қайтарыпты. Екі күннің ішінде комендатураға Амангелді Нүкеновті әкеліп тастаймыз деп уәде беріпті. Аз болса да уақыт бөлдіріп алған жас жұбайлар ресми түрде некелесу рәсімін өткізуге бел буады. Бірақ, Аманның паспорты қолында жоқ, комендатураның сейфінде жатыр, оның үстіне дүйсенбі күні ЗАГС жұмыс істемейді. Қайтпек керек деп қиналып тұрғанда, Серік пен Қанат ЗАГС меңгерушісі Жамал Төлеутайқызының үйіне тура барып, өтініш айтады. Жамал жеңгейдің жолдасы Манап Кубенов Теміршот Нүкеновпен істес болған сыралғы адамдар. «Бұл балалардың әкесін де, өздерін де жақсы танимын, жастардың куәлігін жасап бер» дейді әйеліне. Сөйтіп, ауылсовет үйін ашып, неке қию куәлігін толтырып береді.

Жамал жеңгейге деген ризашылық сезімін әлі күнге дейін жүрегінде сақтап келе жатқан Амангелді аға: «Куәлікті менің паспортым болмаса да, толтырып берген жеңгейге мың алғыс. Заңға қайшы болса да, сауапты іс жасады. Куәгерлер ретінде мен жақтан Серік ағам, Жұмагүл жақтан Қанат ағам қол қойды. Олар осы сәтті есте қалдыру үшін, фотографты демалып жатқан жерінен алып келіп, фотосуретке түсірді. Сонда оның айтқан сөзі бар: «Қанша жыл тойларда фотограф болып жүрмін, дүйсенбіде үйленген жұбайларды алғаш рет көріп тұрмын» деп», – деп өткен күннен естелік айтты.

Железин аудандық ЗАГС-інде некелесу сәті. Суретте Жамал Төлеутайқызы, Қанат, Серік, Жұмагүл, Амангелді

Осындай әрі қиын, әрі қызық күндерді басынан өткеріп, Амангелді мен Жұмагүл жанұя құрып, жеке отауларын тігеді. Алайда, бірге болу үшін әлі күту қажет. Неке куәлігін жұбайының қолына ұстатып, Амангелді арнайы комендатураға аттанады. Ол жерде қамауға алынады. Кезекші офицер «Қашып кеткенің үшін колонияға жөнелтеміз, жауапқа тартамыз» деп қорқытады. Қайда болғанын қанша сұраса да, бұл шындығын айтпайды. Өйткені, Жамал жеңгейді заң алдында айыпкер еткісі келмейді. Таңертең комендатура бастығы келіп кезекшіден «Неге А.Нүкенов темірторда отыр? Бұл жігіт өзі келді ме, әлде ұстап әкелдіңдер ме?» деп сұрайды. «Өзі келді» дейді әлгілер. «Ендеше босатып, жұмысқа жіберіңдер» дейді бастық. Жұмыс орнында бригадир Герасим Павлович көп сөзі жоқ адам-тын. Жігіттің ауылға ата-анамды сағынып барып келдім деген жауабына қанағаттанып, арғы жағын қазбаламайды. Осылай 1989 жылдың 19 қазанына дейін Жоғары сот Президиумының №4-69-89 қаулысы шыққанша, 3 жыл сол жерде тұрып, «Средазмонтажстрой» АҚ-да 1990 жылға дейін тас қалаушы-бетоншы болып жұмыс істеді.

Амангелді Нүкенов 1986 жылы Целиноград облыстық соты арқылы ҚазКСР ҚК 170-3 бабы бойынша 3 жылға бас бостандығынан айырылып, жалпы режимдегі еңбекпен түзеу колониясына жіберілген. Институттан шығарылған.  

ҚР Заңының 1993 жылы 14 сәуірдегі «Жаппай қуғын-сүргін құрбандарының құқығын қалпына келтіру туралы»  №2 бабының негізінде Амангелді Теміршотұлы жаппай қуғын-сүргін құрбаны ретінде танылып, құқығы қалпына келтірілген.

Кейінгі уақытта «Павлодар-Темир» ЖШС-да қызмет етті, «Марат и К» ЖШС бас директоры, «Алтын-ПВ» ШҚ басшысы болды. 2013 жылы Нұр-Сұлтан қаласына қоныс аударып, қазіргі таңда «АСКАДИ» ЖШС-да өндіріс телімінің шебері ретінде жұмыс істеп келеді. Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Халықаралық қайырымдылық қорының Павлодар облысындағы басшысы.

Амангелді Нүкенов Ел Президентінің Алғыс хатымен, Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің Алғыс хатымен марапатталған. «Желтоқсанның 30 жылдығы» мерейтойлық медалінің иегері.

34 жыл бірге

Батыл да батыр Амангелді ағамыз болған жағдайға еш өкінбейді. Тіпті, қолында өзін соттаған сот процесінің хаттамалары, өзін тергеген адамдардың жауап-пікірлері, куәлардың айғақ көрсетулері, судья, тергеушілердің аты-жөні бола тұра, оны жалпақ жаһанға жар салып, жариялауға асықпайды. Уақыт бәріне төреші екенін айтады ол. Арада 35 жыл өтсе де, бір кезде бір адамның тағдырын шешкен құжат, бүгінде әбден сарғайып кеткен сол парақтарды Жұмагүл жеңгей көзінің қарашығындай сақтап келеді. Бұған дейін қанша рет көшіп, қоныс ауыстырса да, құжаттарды сенімді жерге тығып қоюды ұмытқан емес. Ақ қағазда қандай ауыр сөз, ащы ақиқат жазылса да, соның салмағын көтере алатын жалғыз құрал шығар. Құжаттар сөйлейтін кез келеді әлі. 

Кеңес үкіметі кезіндегі тоталитарлық жүйе тоңмойын тиран еді. Сол замандағы саяси жүйе кәдімгі жабайы қабан шошқа секілді тоң мойыны ешқайда бұрылмай, өзіне қарсы шыққан өзгеше ойлайтындар мен азат рухтыларды аямай жаншып, айыр азуымен жарып, жаралап, таптап өте шығатын. Алаштың қайсар азаматы Амангелді Нүкенов кеңестік сот жүйесімен қабанмен айқасқандай айқасып, ақыры жеңіп шыққан жеңімпаз желтоқсаншы.

Амангелдіні әңгімеміздің басында кәнігі аңшы деп едік қой. Аңшылар үшін қабан атып алу таптырмас олжа. Алайда, сол аңшылардың аузынан талай рет жараланған қабаннан қалай әрең қашып құтылғаны жөнінде де айтылып жатады. Қабан алу – жігіттіктің белгісі. Ертеде кей тайпалар жас жігіттерді қабан аулатып сынаған. Егер ол жалғыз өзі аңға шығып, қабан ұстай алса, нағыз еркек болды деп есептелетін. Осы күнге дейін азамат ретінде де, аңшы ретінде де Амангелді Нүкеновтің сан сынақта мерейі үстем болып келеді. Ол – нағыз ер азамат.

Амангелді аға желтоқсан ызғарында істеген әрекетін аз да болса еліміздің азаттық алуына қосқан үлесім деп біледі. Тарих осындай қарапайым тұлғалардың қолымен жасалатынын әрдайым есте ұстайық.

Айбек ОРАЛХАН, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here