Қылмыстық процестің үш буынды моделі

0
2102

Сыбайлас жемқорлықты түп-тамырымен жою, оның ұлғаюына жол бермеу үшін көптеген талаптар қойылып, алдын ала шаралар жасалып жатыр. Жауапты мекемелер басқа елдің сыбайлас жемқорлықпен күрес тәжірибелеріне сүйеніп, түрлі шаралар мен модельдерді үйлестіре отырып, сыбайлас жемқорлықтың себептері мен алғы шарттарын анықтап, оларды жою жұмысын күшейтуде. Жаңа қоғамның сипаты iскерлiк болса, бұл жолда жетiстiктерiмiз де, кемшіліктеріміз де аз емес. Ал, шешiмi күрделi мәселелердің бірі – жемқорлық.

Елiмiзде осы мәселеге арнайы қабылданған заңдар да, оны қадағалайтын мекемелер де, атқарылып жатқан жұмыстар да баршылық. Бiрақ, бұл мәселе әлi толық шешiмiн тапқан жоқ. «Кім кінәлі, басқару органдары ма, әлде жемқорды түрменің түбінде шірітпейтін, денсаулық жағдайын ойлап, жеңіл жаза беретін сот органы ма» деген көкейде сан сұрақ бар.

«Сыбайлас жемқорлық» деген түсінік мағынасына этимологиялық тұрғыдан қарағанда, «corruptio» деген латын сөзінен шығады. Құқықтануда «corrumpire» деген де түсінік бар, бір сөзбен айтқанда, «сындыру, бүлдіру, бұзу, зақымдау, параға сатып алу» деген түсінік берсе, орыс тілінің түсіндірме сөздігінде сыбайлас жемқорлықты «пара беріп сатып алу, лауазымды адамдардың, саяси қайраткерлердің сатқындығы» ретінде сипаттайды.

Ата-бабаларымыз «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген. Олардың әділдік пен турашылдықты ту еткендігін ғасыр қайраткерлері Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би және тағы да басқа біртуар билер мен шешендердің өмірі дәлел болатындығын біз тарихтан жақсы білеміз.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында мемлекет азаматтарымыздың лайықты өмір сүруіне жағдай жасауға, олардың құқықтарын қорғауға, заң үстемдігін қамтамасыз етуге, жемқорлыққа қарсы күресті күшейтуге міндетті екенін атап өткен болатын. Президент тапсырмасымен былтырдан бастап шенеуніктердің санын 25 пайызға қысқартып, үнемделген қаражат есебінен қалған қызметкерлердің айлығы арттырылды. Бұл арқылы мемлекеттік қызмет саласында жемқорлықтың алдын алу көзделді. Бірақ, адамның құлқы түзелмей, өмірдің құлпы түзелмейді ғой. Сол айтқандай, жемқорлық көріністері азаюдың орнына, құлқыны кеңдер бір тоқтар емес. Бұл ұлттық идеологиямыздың нақты еместігінің бірден бір дәлелі. Өйткені, қанағаты қарын тойдырмайтын жемқорлар қанша миллион алса да, ала беруін қоймайды.

Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес, сыбайлас жемқорлық қылмыстарға негізінен лауазымды қылмыстар жатады. Өмір көрсеткендей, қызмет өкілеттігін теріс пайдалану, билікті не қызметтік өкілеттікті асыра пайдалану, пара алу, пара беру, парақорлыққа делдал болу, сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иеленіп алу немесе ысырап ету, жауап беруден жалтару, жалған қорытынды беру, лауазымды адамдардың сот үкімін, сот шешімін немесе өзге де сот актісін орындамау – осындай қылмыстардың барлығы жемқорлық сыбайластық байланыстарды пайдалану арқылы жасалады.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі кеңесте: «Жыл сайын Қазақстанда орташа есеппен 2 мыңнан астам сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстық іс тіркеледі. Мыңнан аса адам жауапқа тартылады. Бұл – батпандап кіріп, мысқалдап шығатын кесел. Осы ауруды қазір шұғыл түрде емдемесек, ертең кеш болуы мүмкін», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлықпен пәрменді күресу үшін халықтың құқықтық сауатсыздығын жоятын, құқықты түсіндіру жұмысының деңгейі мен сапасын арттыру керектігін, осы тұрғыда Мемлекет басшысы қоғам өкілдерінің белсене атсалысуы және алдын алу шаралары сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің басты құралдары екенін атап өтті.

Мемлекет тарапынан Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің де құрылып, қазір жұмыс істеп жатқандығы мәлім. Жоғарыда сөз болған кеңесте Қасым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды барлық деңгейде тиімді жүргізу үшін кешенді жұмыс атқару қажеттігіне баса назар аударып, қабылданған шаралар қылмыстық қудалау әрекетімен ғана шектелмеуі керектігін, «follow the money» қағидатының әлеуетіне тоқталып, қылмыстық жолмен алынған мүлікті іздестіру және тәркілеу ісіне баса мән беруді тапсырды.

Президенттің пайымдауынша, қылмыстық процестің үш буынды моделін енгізу, бұл модель айыптаушылық ұстанымды бәсеңдетіп, қылмыстық процеске заңсыз араласуды болдырмайды делініп, аталған агенттікке өз қызметін қылмыстық процестің үш буынды моделіне бейімдеуді тапсырды. Бұл қоғам, бизнес және инвесторлардың өздерін сыбайлас жемқорлық қысымынан сақтайтын мықты қорған бар екенін сезінуге үлесін қосатындығын атап өтті. Нәтижесінде, аз уақытта Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Марат Ахметжановтың агроөнеркәсіп секторындағы субсидиялауға қатысты кешенді талдаудың алдын ала қорытындылары және нақты қылмыстық істер бойынша сотқа дейінгі тергеу нәтижелері туралы мәліметі халықтың сенімін арттырғаны жасырын емес. Сөйтіп, мемлекет қазынасынан ұрланған миллиардтарды іздеп тапты, енді тек халықтың салығынан берілген субсидия қаржысын қайтару ғана қалды.

Жемқорлықпен көресудің үш буынды моделі ел игілігіне қызмет ететініне сенуге болады. Тәжірибе көрсеткендей, нақты «проблемалық бағыттарға» көңіл бөлу және оларды шешу сыбайлас жемқорлықтың алдын алудың ең тиімді әдістерінің бірі болып табылады.

Кез келген өркениетті қоғам үшін сыбайлас жемқорлықпен күрес – өзекті мәселелердің бірі. Сыбайлас жемқорлық мемлекетті ішінен жоюдың бастамасы және жетістіктерді жоққа шығаратын, ұлттық қауіпсіздікке қауіп-қатер төндіретін күрделі мәселе. Сондықтан да, онымен мемлекеттік деңгейде күресе беру керек.

Алдағы уақытта сыбайлас жемқорлықпен күрес тек атқарушы немесе басқарушы биліктің ғана емес, жалпыұлттық, халықтық мақсатқа айналуы тиіс, тек сонда ғана осы қоғамдық індет тамырына балта шабылады.

Асхат Ерболатұлы Өкшебаев,
«Заман» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here