Берекеміз – бірлікте

0
1678

«Бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығару керектігін соңғы күндері басымыздан өткерген қиын күндер мойындатты. Қазақ халқы үшін бұл кезекті ауыр сынақ болды. Бүл туралы ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Парламентте өткен жиында терең толғаныспен айтты.

Жиында еліміздің жаңа экономикалық тұғырын, нарықтық экономиканы дамыту, қоғам алдындағы жауапкершілік мәселесі де сырт қалмады. Ұрпақ болашағы үшін жауапкершілікті кәсіпкерлерді дайындау, бизнестегі бюрократизмді жою, мемлекеттік тұрғыда оларды қолдау, бәрін заң жүзінде іске асыру қарастырылды.  Кейбір банктердің әрекетін қайта қарастыру, шағын және орта бизнестегі әділ бәсекелестікті қалыптастыру көзделді. Бәсекелестікті қорғау агенттіктерінің қызметіне кешенді ұсыныстар жасауды, кейбір қорлардың қызметін қайта пайымдау, күмәнді болған әрекеттерін қайта қарастыруды тапсырды. Үкіметке сол секторларды реформалауды тапсырды. Алдағы уақытта «Қазақстан халқына» атты халықтық қор құрылып, ол тек халықтың мүддесіне жұмыс жасайтынын атап өтті. Жекешелендіруге қатысты әрекеттердің ашық болуын тапсырды. Ел экономикасындағы өңдеу саласының әлі әлсіз екенін, бұл салаларға терең талдау жүргізу, бәсекеге қабілетті  секторларды анықтауды өкіметке тапсырды.

Оңтүстік пен батыс өңірлердегі ұлттық приоритетке, мәдениет пен  тәрбиеге мән беру керектігіне тоқталды.  «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында жастардың тәрбиесі мен мәдениеті өңірді қолдау, халықпен санасу, халықтың мұңына мән беру ел экономикасының тетігі екенін айтты. Мемлекеттік басқарудағы кемшіліктерді, мамандарды даярлаудағы ашықтықтың маңызды екенін, қызметтік өсуде асырасілтеушілік болмауын негіздеді.

Президент білім саласындағы  түйткілді мәселелерге айрықша тоқталды. Болашақ жастардың, ел азаматтарының осы тұрғыда сұңғыла болып қалыптасуына көмектесетінін түсінгендіктен айтып отыр. ЖОО бәсекеге қабілетті болуға, әсіресе әлемдік бәсекеде орын алатындай даму болу керектігін баса айтты. Білімге деген көзқарасты өзгерту керектігін, гуманитарлық білім бағытын техникалық бағытқа қарай бұруды ұсынды. Еліміз білімді де тәжірибелі технар мамандарға зәру екенін, ғылым мен техниканың заманында сұраныстың маңызды екеніне мән берді. Мамандарды даярлауда заман талабына сай икемделген жаңа мамандықтардың пайда болуын көздейді. Әлемдік тәжірибелерден керегімізді алып, бәсекеге қабілетті болу – жаңа уақыт талабы. Сондықтан елімізде шетелдік ЖОО филиалдарын ашу, тәжірибе алмасуды дұрыс түсінуміз керек. Президенттің жақын арада бес әлемдік ең үздік ЖОО филиалын ашуды тапсыруы осыны көздейді.

Демек, қазақ халқының қабырғасы қайысқан күндерде халқымыздың өткен күндеріне сараптама беріп, ауызбіршілікте, еліміздің өркендеуінде үлес қосатын тиімді тұстарды іске қосуы керек. Бұл ұлтымыз бен мемлекетіміздің тұтастығын нығайтуға септігін тигізетіні анық.

Сәуле БАЙМЫРЗАҚЫЗЫ,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың профессоры, ф.ғ.д.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here