Алаш ұлт-азаттық қозғалысының белді мүшесі, қайраткер, агроном, публицист Ғазымбек Бірімжан 1896-1938 жылдары өмір сүрген. Күннен күнге беймәлім болып келген Алаш қайраткерлері танылып, дүйім жұртқа белгісіз болған мұралары табылып, насихатталып келеді. Сол сияқты Ғазымбек Бірімжанның тұлғалық келбеті мен қоғамдық-саяси қызметіне, шығармашылық мұрасына қатысты жаңа деректер табылып, зерттеу ауқымы ұлғайып келеді.
Ғазымбек Бірімжан 1923-1927 жыл аралығында Берлин ауыл шаруашылығы университетінде білім алып, «агроном» мамандығын иеленген. Берлиндегі университет архивінен Ғазымбектей қайраткердің дипломы мен өз қолымен жазған өмірбаяны табылған. Алаш қайраткері Берлинде жүріп Мұстафа Шоқай, Ахмет Зәки Уәлиди, т.б. тұлғалармен етене жақын араласқан. Мұстафа Шоқай редакторлық еткен «Жас Түркістан» журналының 1929 жылғы 7-8 санына «Ғазымбек сүргінде, Ғабдулуахаб Марат қамауда» атты мақала жарияланған. Мақалада: «Берлин жоғары ауыл шаруашылық мектебін бітіріп, қызмет етпек үшін Түркістанға қайтып кеткен Ғабдулуахаб Марат қамауға алынған және Ғазымбек Бірімжан сүргінге айдалған. Еуропада жоғары мектепті бітіріп, жұртымызға қайтқан жалғыз сол екі ғана жігіт еді [ Алаш көсемсөзі. 10 томдық. 3-кітап: Жас Түркістан. – Алматы, «Өнер», 2010. – 344 бет; 194], – делінген. Ғазымбекке басқа да қатарластары сықылды Берлин қаласында тұрақтап қалуына болар еді. Елге барғаннан кейін не боларын білсе де, туған жеріне аттанды. «Түркістан сахарасының қымбат маманы» елге келгеннен кейін қуғын-сүргінге ұшырады. Әуелі ату жазасына кесіліп, кейіннен ол үкімнің күші жойылып, Міржақып Дулатұлы, Мырзағазы Есболұлы сынды қайраткерлермен бірге Карелияға жер аударылады.
Карелия «халық жауы» атанған саяси тұтқындардың қол күшімен салынған «Ақтеңіз-Балтық каналымен» танымал. Соловецкі лагерінде Советтік тоталитарлық жүйенің қысымына ұшыраған, бас бостандығынан айырылған тұтқындар Ақтеңіз-Балтық каналын салуға қатысқан. И. Сталин каналды ертерек салуға тапсырма беріп, ұзындығы 227 шақырымды құрайтын канал 1931-1933 жыл аралығында аз уақытта салынған.
Ақтеңіз-Балтық каналы салынып біткеннен кейін, 1933 жылдың 17 тамызында КСРО Халық Комиссарлар Кеңесінің №1774-384 «Ақтеңіз-Балтық комбинаты» туралы қаулысы шыққан. Қаулыда: «комбинаттың басты мақсаты – Жолдас Сталин атындағы Ақтеңіз-Балтық каналының дамуы және маңайындағы аудандарды меңгеру» [Гнетнев К.В. «Беломорканал: времена и судьбы», Петрозаводск: Острова, 2008;299], – делінген. Комбинат Медгорск, Повенецк, Водораздель, Выгозерск, Тунгудск, Сорокск, Туломск, Соловецк, Кемск, Мурманск, Верхне-Выгск, Урос-озерск, Монче-Тундрск сынды бөлімшелерден тұрған.
Ақтеңіз-Балтық комбинатының құрамындағы бөлімшелер, тірек пункттер мен станциялар жұмыстары мен нәтижелерін арнайы есеп түрінде жазып, есепті Ақтеңіз-Балтық комбинаты жарыққа шығарып отырған. Осындай есеп түрінде Ғазымбек Бірімжан мен И.В.Попов бірлесе жазған «Труды сельско-хозяйственной опытной станции» атты еңбегі табылды. Кемскі тірек пунктінің 1930-33 жыл аралығындағы есебін көрсеткен бірінші шығарылым Ақтеңіз-Балтық комбинаты ІІХК (НКВД) есебінен шығарылған. Мың данамен таралған зерттеу еңбек 55 беттен тұрады. 1935 жылдың 12 наурызынан теріліп, 5 мамырында баспаға жөнелтілген осы еңбекке қарай отырып Ғазымбек Кемскі пунктінде қызмет етті деп топшылаймыз. Өйткені, сол жердің топырағы мен өсімдігін, көкөнісін зерттеп жазу үшін әуелі бақылау керек. Бұл еңбекте тірек пункттің алғашқы 3 жылдағы нәтижесі мен өзгерісі баяндалған. Кемскі тірек пункті 1929-30 жылдары құрылған.
Ең әуелі редакцияның кіріспе сөзі мен тірек пункттің даму тарихы, пункттің жұмыс бағдарламасы, ауданның метеорологиялық жағдайы берілген. «Далалық тәжірибе» (агро техника және тыңайтқыш жөніндегі тәжірибе) атты бірінші бөлімін И.В.Попов, «Тұқымды сынақтан өткізу» атты екінші бөлімін Ғазымбек Бірімжан жазған. Соңында тәжірибелік пункттің фототүсірілімдері бар.
Ғазымбек жазған бөлім 24 тараудан тұрады. Алаш агрономының жазған тараулары: 1. Арпа. 2. Сұлы. 3. Жаздық бидай. 4. Қара бидай. 5. Мыңжылдық шөптер. 6. Біржылдық шөптер. 7. Күнбағыс. 8. Жапырақты қырыққабат. 9. Талшықты зығыр. 10. Қарасора. 11. Ақкөганды түрлі қырыққабат. 12. Түсті қырыққабат. 13. Кольраби (капуста). 14. Жуа. 15. Асбұршақ және бұршақ тұқымдастар. 16. Қызылша. 17. Сәбіз. 18. Репа. 19. Шалғам (редиска). 20. Турнепс. 21. Брюква. 22. Мал азығының қызылшасы. 23. Картофель. 24. Қытай қырыққабаты және жапон шалғамы.
Ғазымбектің ыждағатпен жазған еңбегі еленген. Ресейлік жазушы, журналист, Карелия Республикасының Құрметті журналисі Гнетнев Константин Васильевичтің (1947 жылы өмірге келген) Карелия АКСР-і туралы, Ақтеңіз-Балтық каналы мен комбинаты туралы жазған көрген «Беломорканал: времена и судьбы» кітабынан Ғазымбектің есімін тапқан едік. Кітапта: «10 апреля с.г. исполнилось 10 лет существования Соловецкого опытного пункта – пионера сельскохозяйственного опытного дела на Крайнем Севере, вылившегося в исследовательскую станцию из Общества краеведения б.УСЛОН.
За этот период времени Соловецкий опытный пункт проделал большую и ценную работу по разрешению ряда проблем северного земледелия. Результаты этих работ использованы как БелБалтКомбинатом, так и другими организациями, осваивающими Север.
Приказываю:
2) За инициативную и творческую работу объвить благодарность с занесением в личное дело и выдачей месячного премвознаграждения (з/к) руководителю пункта Кериму Казизаде, б. сотрудникам СОПа Беремжанову Г.К., Попову И.А., Сонину А.Г, начальнику с-х части 8 отделения Петрищеву Н. М., агроному Вихляеву И. П. и заведующей лабораторией Брянцеву.
Зам. нач. БелБалтКомбината НКВД и нач. Упр. Лагеря: Успенский [Гнетнев К.В. «Беломорканал: времена и судьбы», Петрозаводск: Острова, 2008; 305] », – деп Ғазымбекке бір айлық сыйақы мен алғыс жарияланғаны туралы дерек келтірілген.
Білім-ғылымға құштар азаматтың оқу оқып, білім алуы да оңайлықпен келмеген-ді.
Алаш қайраткері 1909-1917 жыл аралығында Орынбор реалды училищесінде білім алған. Торғайдан келген жас өрен алғашқы кезде ақылы түрде оқыған-ды. 1909 жылдың 7-тамызында Бұзылық қаласынан ағасы Ахмет Торғай губернаторына бір жарым беттік өтініш хат жазады. Өтініште 1907-1908 оқу жылында әкесі Қорғанбек Бірімжанұлы Ғазымбекке Орынбор гимназиясынан немесе реалды училищеден стипендия тағайындауын өтінгенін баяндаған. Және осы оқу жылында інісіне Орынбор реальды училищесінде шәкіртақы бөлуін сұрайды. 1909 жылы реалды училищеден Ғабдулкәрім Оразалин оқудан шығуына байланысты, бір орын босаған екен. Өтініш сол себепті жазылған. Ғазымбекпен бірге стипендияға тайталасқа түскен оқушы – Ахмет Бірімжанның аяулы жары Гүлжауһар Сейдалинаның туған інісі Сүйінгерей Сейдалин. Сүйінгерейдің өтініші жазбаша түрде емес, сөзбе-сөз болған. Ахмет Бірімжанның өтінішінің арқасында 1909 жылдың 26-тамызында №796 бұйрық шығып, Ғазымбек стипендиат атанған.
Қайраткердің Орынбор қаласында оқыған кездегі уақыт аралығына тағы бір мән беріп қарайықшы. 1909 – 1917 жылдар! Бұл Орынбор қаласында Алаштың ардақты тұлғалары жиналған кез емес пе?! «Халықтың көзі, құлағы һәм тілі болған» Қазақ газеті (1913-1918) осы Ғазымбек оқыған Орынбор қаласында жарық көрді емес пе?! Ахмет пен Міржақыптай арқа сүйер ағаларын алғаш осы қалада көріп, кездесуі мүмкін. Қалай айтсақ та, Орынборда білім алуы саяси көзқарасының қалыптасуына оң ықпалын тигізгені анық. Ғазымбек 1917 жылдың 28-маусымында №7590 бұйрықпен 7-сыныпты бітіріп, 21-шілдеде №781 бұйрықпен Орынбор реалды училищесінің түлегі атанған.
Білімге құштар қайраткердің оқу бітірген тұсы алмағайып кезеңге тұспа-тұс келді. Орынбор реалды училищесін бітіргеннен кейін қайраткердің ендігі мақсаты Мәскеу ауыл шаруашылық Петров-Разумовский академиясында оқу еді еді және оқу орнына түскен-ді. Алайда белгісіз себептерге байланысты оқуға мүмкіндігі болмаған. Кейін Орынбор, Торғай, Семей қалаларында әртүрлі қызметтер атқарды. 1920 жылдың күзінде Ташкентке жол тартып, Орта Азия университетіне оқуға түседі. Бұл оқу орнына түскенімен мұны толық бітірмеген. Өйткені, 1922 жылдың соңына таман Ғазымбек мемлекеттік бағдарламамен Берлин қаласына аттанған.
Л. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті аймақтану кафедрасының профессоры, т.ғ.к. Құрманғали Дәркенов ағамыздың Ахмет Байтұрсынұлы туралы мақаласын оқып, бізге беймәлім дерекке ұшырасқан едік. Сол кезде білім саласында қызмет атқарған Ахмет Байтұрсынұлы Алаштың жас өренін Ташкентте білім алуына ықпалына тигізген екен. Сол уақытта талапкерлерден «оқу орнын бітіргеннен кейін елге келіп жұмыс істеймін» деген қолхат алынады екен. Халық Ағарту Комиссариаты қайраткерден қолхат алып, айына 3 мың сом стипендия тағайындап, жол-пұлына 10 мың сом көлемінде ақша беріп Ташкентке аттандырған. Қ. Дәркеновтің мақаласын оқи отырып, Ахмет Байтұрсынұлының Ғазымбекті оқуға қабылданғаны не қабылданбағаны жөнінде мәлімет сұратқаны, комиссариат бухгалтериясынан жолына бөлінген 10 мың сом алған, алмағаны жөнінде қызметтік записка жазып, сұратқаны туралы да білдік.
Тағы бір қуанышты жайт, Ғазымбек Бірімжанның осы күнге дейін елге беймәлім суреті табылды. Сүйінші жаңалықты Ғазымбектің інісі Нұрхан Қорғанбекұлының ұрпағы Лейла Нариманқызы Мәскеу қаласынан жолдады. Ғазымбек Бірімжанның ғазиз бейнесі Мәскеу қаласындағы Орталық архивтегі ауылшаруашылығы университетінің қорынан табылып отыр ( ЦГА, Р-691-5-1). Ғазымбектің жеке түскен суреті 1917 жылы түсірілген.
Бақ қонып, құт дарыған әулеттен шыққан тұлға туралы алдағы уақытта талай деректер мен еңбектер, суреттер мен құжаттар табылып, тұлғаның құпиясы мол тағдыры әлі де ашыла түспек.
Данияр ИХСАН,
жас зерттеуші, «Qyr balasy» ҚҚ ғылыми қызметкері