Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің халықаралық ынтымақтастығы арта түскенін, осында дәріс беруші профессор-ғалымдардың дәрежесінен байқаймыз. Осындай халықаралық деңгейде мойындалған ғалымдардың бірі – доктор Моханрадж Муругесан. Ол жоғары импакт-факторлары бар атақты халықаралық журналдарда 90-нан астам мақала жариялаған. Стэнфорд университетінің зерттеуіне сәйкес, ол бүкіләлемдік ғалымдардың үздік 2 пайызына кіреді. Оның жиырма жылдан астам педагогикалық және ғылыми жұмыс тәжірибесі бар.
Профессор Моханрадж Муругесан Мадрас университетінің инженерлік механика саласындағы бакалавр дәрежесін, Бхаратиара университетінде тоңазытқыш және ауаны кондиционерлеуге бағытталған инженерлік механика саласындағы магистр дәрежесін алған. Ғалым Үндістан инженерлік және технологиялық колледжі, инженерлік механика департаментінің профессоры. Моханрадж Муругесан Үндістанның Кожикоде қаласындағы Ұлттық технология институтының (NIT Calicut) инженерлік механика департаментінің профессоры Симон Джаярадждың шәкірті. Сол институтта профессор Джаярадждың жетекшілігімен күн энергиясын қолданатын бу компрессорлы жылу сорғысын зерттеп, 2009 жылы PhD диссертациясын қорғаған.
Соңғы жылдары профессор Моханрадж Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-мен тығыз жұмыс істеуде. Сонымен қатар Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ (Satbayev University) және Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университеті (Yessenov University) де профессор Моханрадждың дәріc оқуына мүдделілік танытып отыр.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Математика және механика ғылыми-зерттеу институтының жетекші ғылыми қызметкері, PhD, Механика кафедрасының доценті Ержан Беляевтың айтуынша, ҚазҰУ мен Үндістанның аталмыш ғылыми мекемелері арасында 2010 жылдан бері байланыс орнаған.
Қазіргі таңда профессор Моханрадж ҚазҰУ механика-математика факультеті Механика кафедрасының профессоры болып жұмыс істейді. Ағылшын топтағы бакалавриат студенттеріне «Жаңғыртылатын энергия – кіріспе» сабағынан дәріс оқиды. Бұл студенттерге жаңғыртылатын энергия технологияларын танып, оларға инженерлік механиканың термодинамика, жылу және масса тасымалы, математикалық модельдеу бойынша жоба әзірлеу, проектілеу, модельдеу, оған техника-экономикалық тұрғыдан баға беру жағынан толық зерттеуге мүмкіндік береді.
Сәтті сабақтастық
2010 жылы Механика кафедрасындағы профессор А.Қалтаев, Ұлттық ғылым академиясының профессоры А.Найманова және қауымдастырылған профессор Ержан Беляев профессор Джаяраджбен бірігіп, Аэроғарыштық инжиниринг саласында ұшатын қондырғылардың жану камерасындағы күрделі физика-химиялық процестерді модельдеумен бастаған. Екі-үш жылда алынған іргелі ғылыми-зерттеу жұмысы нәтижелерінің арқасында Механика кафедрасындағы сұйықтар мен газдар бағытында жылу және масса тасымалы, термодинамика, жану процестері фундаменталды салалары ары қарай терең дамыды.
2015 жылы профессор Джаярадж бен профессор Моханраджбен бірігіп, профессор А.Қалтаев және қауымдастырылған профессор Ержан Беляев зерттеу жұмыстарын қолданбалы термодинамика, жылу және масса тасымалы бағытына бұрып, күн жылу энергиясы және жылу сорғыларын жылу энергетикасы секторында коммерциализациялау мақсатында зерттеулерді бастады.
Бұл туралы Ержан Келесұлы мынадай пікір білдірді:
– Үндістандық профессорлармен әріптестіктің нәтижесінде ҚазҰУ мен ҚазҰТЗУ бірлікте инженерлік бағыттарға көп көңіл бөлді. Профессор Моханрадж бастаған үндістандық әріптестермен көптеген прототиптер жасадық. Сондай-ақ ҚР өнертабысқа патенттер алынып, бес аса жоғары квартильді Q1-Q2 ғылыми мақалалар жарық көрді. Профессор Моханрадж 2016 жылдан бастап жыл сайын ҚазҰУ студенттері, магистранттары мен докторанттарына дәріс оқиды. Дәрістер қазіргі заман талабына сай, жаңғыртылатын энергетика бағытында жүргізілді. Оның ішінде инженерлік басты сабақтар қолданбалы термодинамика, гидравлика, баламалы энергетика технологиялары сияқты салалар қамтылды. Профессор Моханраджбен бірлесе отырып, ҚазҰУ мен ҚазҰТЗУ базаларында күн жылу коллекторларымен біріккен жылу сорғыларын тұрғын үйлерді жылыту мен ыстық сумен қамтамасыз етуді дамыту жұмыстары жүзеге асырылып келеді. Сондай-ақ ҚазҰУ және Есенов университеті үндістандық ғалыммен бірге суды тұщыландыру қондырғысын жасап шықты. Профессор Моханрадж және профессор Джаярадждың қатысуымен Үндістанда 2015 жылдан бері магистранттарға арналған бірнеше курстар өткізілді. Сонымен бірге бірнеше ғылыми-зерттеу нәтижелерін талқылау мақсатында халықаралық конференциялар ұйымдастырылған. Соның бірі – 2021 жылдың 22-24 желтоқсаны аралығында өткен Thermal Analysis and Energy Systems атты онлайн конференциясы, – дейді ҚазҰУ ғалымы.
Жас ғалым Ержан Келесұлы үндістандық ғалыммен үндестікте жұмыс істей отырып, бұл шараны сәтті өткізгенін жеткізді.
Жас ғалымдарға – жаңа бағыт
Жасыл технологияға бет бұра бастағанымыз ғалымдардың орасан жетістіктерінің нәтижесі. Алдағы уақытта ауызсу мәселесі де осындай ғылыми ізденістердің арқасында өз шешімін табады деген сенімдеміз. Қазіргі уақытта Қазақ ұлттық университеті шетелдік профессорлармен тығыз байланыс орнату арқылы осы мақсаттың үдесінен шығып отыр. Мәселен, кейіпкеріміз Моханрадж Муругесан қазақ шәкірттерін жасыл технологияның көмегімен жылу сорғыларын тиімді ету жолдарын зерттеуге баулып келеді. Оның ішінде Ержан Беляев шетелдік ғалымдармен иық тірестіре еңбек етіп, күн энергиясын тиімді пайдалану тұрғысында талдаулар жүргізуде. Ал ҚазҰУ докторанты Дінмұхамбет Байымбетовтің суды тұщыландыру жобасына профессор Моханрадждың өзі жетекшілік етіп, жас ғалымға жөн сілтеп отырады. Бұл жобаның басты мақсаты – Маңғыстау облысында Каспий суын тұщыландырып, жергілікті шалғай елді мекендердегі тұрғындарға қолдану мақсатында мобильді қондырғыны жасау.
Профессор Моханраджбен бірігіп, Механика кафедрасының қызметкерлері мен докторанттары Е.Беляев, Д.Байымбетов, А.Әлиұлы, Е.Ердеш, Е.Шәкір күн жылу коллекторларымен біріккен каскадты жылу сорғысының прототипін жасап шығарған. Сонымен қатар қазіргі таңда Е.Беляев, А.Төлеуханов, Т.Аманжолов, А.Сейітов, А.Әлиұлы, Е.Ердеш күн коллекторымен жерасты жылу сорғысының прототипін жасады. TRNSYS 18.0, EES (Engineering Equation Solver), ANSYS CFD, COMSOL Multiphysics CFD бағдарламалары арқылы математикалық модельдеу мен проектілеу жұмыстары атқарылады. Соның арқасында прототиптің бөлшектері таңдалып, құрастырылады. Прототип ары қарай энергия тиімділігі жағынан зерттелуде. Механика кафедрасының ұжымы, студенттері, магистранттары мен докторанттары профессор Моханраджға атқарылған жұмыстар үшін алғысын жеткізді.
Профессор Моханрадж Муругесан:
– Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің мамандарымен ғылыми зерттеулерді жүзеге асыру барысында ынтымақтастықта жұмыс істедік. Сондай-ақ бірлескен ғылыми жарияланымдар жариялау бойынша да атқарылған істер аз емес. Бұл оқу орнында дәріс беруге қызығушылығымды оятқан да осы мәселелер, оның ішінде бірлескен ғылыми-зерттеу жұмыстары. Атап айтар болсам, 2015 жылы жылу сорғы жүйелері бойынша курстар жүргізіп, магистратура студенттері мен университет оқытушыларына сабақ бердім. Осы дәрістердің нәтижесіне сүйене отырып, оқытушылар жылу сорғы жүйелерін зерттеу жобаларына көбірек қаржы тарта алады.
– Құрметті профессор Моханрадж, ҚазҰУ-дағы қазіргі қызметіңіз қандай?
– Соңғы екі жылда «Бакалавриат студенттері үшін жаңғыртылатын энергияға кіріспе» жұмысын жүргізіп жатырмын.
– Посткеңестік және батыс елдеріндегі ғылымның дамуын қысқаша қалай сипаттар едіңіз?
– Қазіргі уақытта Қазақстанда ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар дамып келеді. Зерттеу нәтижелері елде энергия тиімділігі мен қоршаған ортаны қорғау бойынша жақсы инфрақұрылымды қамтамасыз етеді деп сенеміз.
– Жастарымыздың ғылымға деген қызығушылығын қалай бағалайсыз?
– Барлық жас студенттер экологиялық тазалық пен энергия тиімділігін төмендету арқылы озық технологияларда ойлауға ынталы.
– ҚазҰУ-дағы студенттеріңізден қандай нәтиже күтесіз?
– Энергияны үнемдейтін және экологиялық таза жабдықтың дизайны туралы білімдерін жетілдіру.
Кәмила ЕРКІНҚЫЗЫ
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі