2,9 трлн теңге қарызы бар ҚТЖ басшылары өздеріне 790 млн теңге сыйақы жазып алды

0
2762
КОЛЛАЖ: АЙНҰР ҚАЙРАТБЕКҚЫЗЫ

Алдағы 15 қарашада туғанына 130 жыл толатын қазақ әдебиетінің қалыптасуына зор үлесін қосқан Бейімбет Майлин елімізде алғашқы ұжымдық шаруашылықтар құрыла бастаған кезде «Бәрін айт та, бірін айт, коллективтің жырын айт» деп жазған болатын. Сол кісі жазғандай, елімізде жаза беретін мәселе қазір де көп. Айталық, 2,9 триллион теңге қарызы бар «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басшылары 2023 жылдың қорытындысы бойынша өздеріне 790 миллион теңге сыйақы жазып алған. Бұл үлкен мәселе төңірегінде «Caravan.kz» медиапорталының тілшісі Сергей Туник журналистік зерттеу жүргізіпті. Соған біз де тоқталайық.

Астанадағы «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының бас кеңсесі

ҰРЛЫҚ ҮЛКЕН-КІШІГЕ БӨЛІНБЕЙДІ

«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының жүк тасымалы бойынша еншілес ұйымын ішкі тексеру 56 миллион теңгенің ұрланғанын анықтады. Қайтадан ба? Тек күле көрмеңіздер! Дәл бір жыл бұрын, 2023 жылдың қазан айында «ҚТЖ – Жүк тасымалы» акционерлік қоғамында заңсыз сыйақы есептеу және «өлі жандарға» төлем жасау фактілері анықталған еді. Ол кезде «бар болғаны 10 миллион теңге» деген шығар, алайда ұрлық үлкен-кішіге бөлінбейді.

Компанияның мәліметінше, залалды өтеу және кінәлілерді анықтау мақсатында құқық қорғау органдарына тиісті арыз жіберілген. Бірақ, кінәлілерді анықтауда қиындық бар ма? Өткен жылы да құжаттарда адамдардың қолы болған, биыл да солай. Бұл жерде көптеген сұрақтар туындайды. Ең айқын сұрақтар: Сол кезде барлық кінәлілер анықталды ма? Олар залалды толық көлемде өтеді ме? Ал келесі сұрақ: Кейбір «жүк тасушылар» тек ескертумен құтылып, өз орындарында қалды ма? Сергей Туник қойған бұл сұрақтарға нақты жауап болмай тұрғанын жазады.

Маусым айында Жоғарғы аудиторлық палатаның басшысы Әлихан Смайылов Мәжілістің пленарлық отырысында «Бүгінде «Қазақстан темір жолы» зорға күн көріп отыр» деп мәлімдеді. Экс-премьердің айтуынша, соңғы төрт жылда темір жол саласын дамытуға бюджеттен екі триллион теңге бөлінді. Алайда, бұл үздіксіз және сапалы жұмыс үшін жеткіліксіз болды. 2024 жылдың басында компанияның қарызы 2,9 триллион теңгені құрады және ол әлі де өсуде… Көлік министрлігі қабылдаған фрагменттік шешімдер түбегейлі өзгеріс күтетін нәтижені бермейді.

51 жастағы Әлихан Асханұлының тағы бірнеше дәйексөзі бар: «29 миллиард теңгеге қаржы бойынша заң бұзушылықтар, 168 миллиард теңгеге тиімсіз жоспарлау және бюджет қаражатын пайдалану деректері анықталды. Залал мен жіберілген пайда 307 миллиардты құрады. Статистикалық деректер нақты көрсеткіштерге сәйкес келмейді. Аудит қорытындысы бойынша 5 материал құқық қорғау органдарына, 117 материал әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін жіберілді. Мұның бәрі тиімсіз және консервативті басқару салдарынан болған».

«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының жауабы көп күттірмеді. Компания қарызы бар екенін мойындады, бірақ соңғы үш жыл ішінде ҚТЖ тұрақты динамика көрсетуде. 2023 жылдың қорытындысы бойынша табыс 134 млрд теңгені құрады, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 4 есе көп. Бұл соңғы 10 жылдағы ең жақсы көрсеткіш. Сонымен қатар, ол несие міндеттемелерін уақытында өтеп жатыр.

Қарапайым логикаға жүгінейік. Шілде айында Көлік министрі Марат Қарабаев «Қазақстан темір жолын» қорғап шықты. 37 жастағы министрдің сөзінше, ұлттық компанияда проблемалар бар болса да, бәрі соншалықты жаман емес екен.

«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының Басқарма төрағасы Нұрлан Сауранбаев та өз ұстанымын білдірді.

«Ұлттық компанияның тұрақты жағдайы халықаралық агенттіктердің несиелік рейтингтерінің деңгейімен және несиеге кепілдіктер беретін халықаралық қаржы институттарының сенімімен расталады. ҚТЖ бірде-бір несие қарызын мерзімінен кешіктірген жоқ», – деп қысқа қайырды 57 жастағы Нұрлан Ермекұлы.

Соған қарамастан, триллиондық қарыз әлі де өтелмеген. Әрине, өткен жылы басшылар алған 790 миллион теңге сыйақы 134 миллиард теңге табыстың қасында байқалмай қалуы мүмкін. Бірақ, алдымен қарызды өтеп, содан кейін ғана өздеріне сыйақы тағайындау керек шығар.

«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясында бірнеше жергілікті жоба іске асқан, жоспарда тағы ондағаны бар. Шын мәнінде, бұл несиелер есебінен жасалады. Егер сіз біреуден қарыз алсаңыз, онда бұл ақша сіздікі болып есептеледі. Сіз ол ақшаны қалай қолданасыз, несие берушіні қызықтырмайды. Дегенмен, қайтару міндетті түрде керек болады. Ал қайдан және кімнің есебінен – бұл басқа мәселе.

Директорлар кеңесі «әлеуметтік тұрақтылық рейтингі, ESG бағасы және көміртек ізі» сияқты көрсеткіштерді де өздерінің жетістіктеріне қосып отыр.

ESG деген не? Түсініктемесіне тоқталсақ, бұл «экология, әлеуметтік саясат және корпоративтік басқару» екен. Неге бұл ұғымдарды латын әріптерімен жасырып қалғысы келеді? Қарапайым азаматтардың көз алдында өз бағаларын көтеру үшін бе? Мүмкін өздеріне сыйақы тағайындау үшін жасалатын шығар…

Ресми құжатты оқып көрейік: «Еңбекақы төлеудің ішкі ережелері». Бұл ережелер компания мен оның акционерлері үшін маңызды екі негізгі міндетке негізделген. Біріншіден, сыйақы міндеттердің орындалуына байланысты беріледі. Екіншіден, сыйақы көлемі компанияның қызмет нәтижелері мен қызметкерлердің тиімділігіне байланысты анықталады. Яғни, сыйақылар басшылықтың жұмысының тиімділігіне баға беру негізінде төленеді. Сонда барлық міндеттер орындалды ма? Нақты нәтижелер қайда? Дегенмен, осы айда жолаушыларға арналған билет бағасы қымбаттады.

ҚАЗАҚСТАН ТЕМІР ЖОЛЫН ШЫН МӘНІНДЕ КІМ БАСҚАРАДЫ?

Мәжілісмен Ерлан Сайыров жалпы «Самұрық-Қазынаға» кіретін компанияларды толық аудиттен өткізу керек екенін мәлімдеді.

«Олар ешкімге бағынбайды – не Премьер-министрге, не салалық министрге. Олар Директорлар кеңесінің төрағасын да тыңдамайды. Бұл халықтық компаниялар, менеджменті үлкен сыйақылар алады. 2,9 триллион қарыз бар, ал менеджерлерге 790 миллион теңге. Бұл тым көп емес пе? Менеджменттің қандай жетістіктері бар? Бұл шешімдер ҚТЖ-ның банкротқа жақын жағдайына қалай әсер етті?», – деп сауал тастады халық қалаулысы.

Әлихан Асханұлының айтуынша, барлық жоғары табысты қызметтер жеке компаниялардың қолына берілді. ҚТЖ айналасында артық делдалдар үшін жасалған жағдайлар тауарлар мен қызметтердің бағасының 80 миллиард теңгеден астам көтерілуіне алып келді. 2018 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан жеке тасымалдаушылардың магистральды темір жол желісіне қолжетімділігі бойынша пилоттық жоба күткен нәтижені берген жоқ және ҚТЖ табысының азаюына әкелді. Жоғарғы аудиторлық палата жеке тасымалдаушылардың тарифтері кей жағдайларда 32%-ға көтерілгенін анықтады. 2020 жылдан 2023 жылға дейін ҚТЖ жүк айналымының 73%-ы өзіндік құнынан төмен тарифтер бойынша тасымалданған. Тарифтерден болған шығындар 907 миллиард теңгені құрады. Компанияның барлық шығындары транзиттік табыстар есебінен өтеледі. Мұнда ақылға қонымды экономикалық негіз жоқ.

«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Директорлар кеңесінде ақылға қонымды шешімдерге кім жауапты? Caravan.kz тілшісінің жазуынша, компанияның сайтында толық тізім бар. «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы, яғни командир – Айдар Рысқұлов. Кейін – Нұрлан Сауранбаев (ол «ҚТЖ» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы), Ғибрат Ауғанов (жалғыз акционердің өкілі, яғни мемлекеттің өкілі), Ернат Бердіқұлов (елдің өкілі), Қуат Ирубаев (сол рөлде). Демек, халықтың өкілдері ме, әлде үнемі емес пе?! Міне, дәл қазір ойласатын сұрақ осы.

«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Директорлар кеңесінде үш шетелдік бар. Біріншісі – Ульф Вокурка, ол 2021 жылдан бері ҚТЖ-ның тәуелсіз директоры болып келеді. Оның Қазақстандағы өмірбаяны бай. Тоқсаныншы жылдардың ортасынан бері ол республикадағы ірі ұлттық және коммерциялық компаниялардың Директорлар кеңесінің мүшесі болған. Тізімін тізіп шығуға болады: «Қазпошта» АҚ, «Қазақстан даму банкі» АҚ, «Қазына капитал менеджмент» АҚ, «КEGOC», «БТА Банкі», «Қазақстан Халық банкі» АҚ. Сонымен қатар, «Казкоммерцбанк» пен «Цеснабанктің» Басқарма төрағасы да болған.

Келесі – Александер Андреас Ширхубер. 36 жастағы Австрия азаматы өз мансабын «Русские машины» компаниясында қоғаммен байланыс менеджері ретінде бастаған. Пиаршы ма? Баспасөз хатшысы ма? Кейін ол «Группа ГАЗ» компаниясында жобалар менеджері болды, одан соң Батыс Африкада сату менеджері қызметін атқарды. Ал, Қазақстанның темір жолдарын басқаруға қалай шақырылды? Иә, бір кездері оны темір жол компанияларының біріне сарапшы ретінде басшылық қызметке шақырды. Бар болғаны бір жылдан кейін 2023 жылы ол ҚТЖ-ға жұмысқа тұрды.

Тағы бір тәуелсіз директор – Джон (Йан) МакКей. Шотланд. Бұрын немен айналысқан? Ол Эдинбургтегі қоғамдық көліктердің (автобустар мен трамвайлар) сапарын жоспарлаған, қалалық көлік қозғалысы кестелерін қалыптастырған және билет бағалары туралы ақпарат таратқан. Енді ол Қазақстанда ҚТЖ-да жұмыс істеп, билет бағасын көтеріп жатыр ма? Өзі Қазақстанда қоғамдық көлікпен бір рет болсын жүріп көрді ме екен? Шотландия астанасы Эдинбургте 550 мыңнан аз тұрғын бар екенін кім білмейді. Ал, Қазақстанда 20 миллионнан астам адам бар. Біздің ел жер көлемі бойынша Шотландиядан 20 есе үлкен.

Мәжілісмен Ерлан Бияхметұлының айтқаны рас сияқты: «Самұрық-Қазына» атты квазимемлекеттің барлық «қыздарын», «немерелерін», «қолбалаларын» және «некесіз туған балаларын» мұқият және толық аудиттен өткізу уақыты баяғыда келген.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Егер біздің квазисекторлық ұлттық компанияларға күмәнді кәсіби тарихы бар менеджерлерді емес, нағыз шетелдік тергеушілер мен жемқорлықпен күресушілерді шақырса, жағдай мүмкін мұнша нашарламас еді. Осыдан бәленбай ғасыр бұрын (571 жылы) қытай философы Лао-Цзы айтқандай, соғыс барлық тараптарға қымбатқа түседі.

Жансая ШЫҢҒЫСХАН

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here