Рухани өмірі жұтаң елдің өркениеттің көшіне ілесе алары күмән туғызады

0
2174

Адамның жаратылысына ізгілік пен зұлымдық бірге егілген. Ал, соның қайсысы алдымен көрінеді, ол – адамды қоршаған ортаға, адамның тағдырына, санасына байланысты. Біреудің тағдырын шешу қолына тиген адам санасыз, жігерсіз болса, адамгершілік заңдары аяққа тапталады. Мұндайда Құдай берген сол жанды Құдай емес, басқа біреу алған болып шығады.

Жалпы, жазалау, мағынасыз айыптау – мәселені шешудің сындарлы жолы емес. Ол одан сайын халықтың ашу-ызасын тудырады. Халықты биліктен ажыратады. Президентіміз осы ретте құқық қорғау органдары қызметкерлерін әділ, шынайы болуға шақырып отыр. Оны өзінің қатаң бақылауына алуы көңілге сенім ұялатады.

Бүгінде адамгершілік қағидалары елде қандай билік тұрғанына байланысты емес. Олар заңдылықтың бұзылуы мен талаптың өсуі және оның шеңберінен шекті мөлшерде шығып кетуіне байланысты. Халық норма мен нақты жағдайдың ара-жігінің алшақтап кетуіне наразы. Оны Президент өз сөзінде жан-жақты айтып та берді. Қаңтар оқиғасы жаңа шындықтың бетін ашты. 30 жыл іштей шіріппіз. Ол ісініп, қанды іріңі сыртқа шықты. Жолындағысын сүріп тастауға талпынып, алас ұрды. Осының бәрі әділетсіздіктен орын алды. Ол біреулерге тиімді болды.

Мемлекет басшысы осыдан кейін ел Үкіметіне қатты сын айтып, орнынан түсіруге мәжбүр болды. Жаңа Үкіметтің алдына таяу арада жүзеге асыруды міндеттеген міндеттер қойды. Президент дәл осындай қадамдарға бармағанда өзге пиғылдағы күштер халық арасында дүрдараздықты өршітіп, саяси ұпайын түгендер еді. Бұл саясатта бұрыннан бар тәжірибе. Шахмат жүрісімен айтқанда, цейтнот жағдайында тұрып Президент дер кезінде оған қарсы жүріс жасай білді. Оның ұтымдылығы сол Мемлекет басшысы билік тұтқасын қолында сенімді ұстап тұрғанын анық байқатты. Әрине, бұл айтуға оңай. Мұндай сәтте бас-басына билікке ұмтылып, сын сағатта берекені қашыра түсуге тырысатын топтар саяси үйлесімділіктің бұзылуына себепкер болар еді. Ел басына қатер төнген сын сағатта Президент Қасым-Жомарт Тоқаев батылдық танытып, жинақы серпінділікпен әрекет етті. Президенттің жасаған әрбір қадамын шахматтағы жүріспен салыстырсақ, аз ғана хабары адам сезіп қоятындай қарапайым жайттар да кездесті.

Дүние өлшеміндегі ең бір тағылымды құндылық – сөз бен істің бірлігі. Біз бүгін осы бірлікке зәруміз. «Керек» пен «қажет» деген құрғақ сөздеріміз – кірпіш болса, біз одан талай тау тұрғызған болар едік. Сондықтан сөздің ақиқатқа айналғаны абзал болар еді.

Ұлы Абай бабамыз «Отыз тоғызыншы» қара сөзінде «арлылық, намыстылық, табандылық» туралы айта келіп: «Бұлардан айырылдық. Ендігілердің достығы – пейіл емес, алдау, дұшпандығы – кейіс емес, не күндестік, не тыныш отыра алмағандық», – дейді.

Адамның қоғам мен қоғамдық ортадағы орны, атқарар қызметі оның әлеуметтік болмысын танытуға, танымын таразылауға, қоғамның бағытын анықтап, жан-жаратылысын саралауға орасан мүмкіндік береді.

Ел басқару – маңызды іс. Ол – ақылдың, ой мен қуат күшінің, ыстық жүректің ісі. Ел басқару үшін өзіңнің жеке басыңды ғана сүю жеткіліксіз, мұнымен қоса өзге халықты да сүйе білу керек. Халқын, елін сүю – өз Отанын сүю деген сөз. Ал, елді, Отанды халық құрайды. Отанына, еліне қызмет ету үшін ана тілін білу жеткіліксіз. Алдымен елін шексіз сүйе білу керек.

Сөз – күшті тегеурінді, ұлы құрал. Оны тауып айтсаң – жолыңды ашады, таппай айтсаң – құтыңды қашырады. Мемлекет басшыларының, мемлекеттіліктің қалыптасуына үлес қосқан тұлғалардың адамзат қоғамына қарата айтқан сөздерінде сол уақыттың тыныс-тіршілігі мен тарихы тайға таңба басқандай айқындалып тұрады. Адамның тарихтан қолдау іздейтіні әлемдік тәжірибе. Бірақ, алмағайып заманда, тіпті идеологияның өзі интеграцияланып бара жатқан заманда тарихтың бір бұрышында қалып қойған сәттердің жаңғыртылып тұрғаны абзал. Дамыған елдердің тарихына көз жүгіртсек, дамудың, тіпті өркениеттің кілті мемлекет басқарып жүрген тұлғалар мен халық арасындағы сенімнен, халқының қолдауынан күш алады. Билік басында жүрген тұлғалар халқының қолдауына ие болса, сол мемлекеттің тағдыр-талайы жоғары болады. Ондай тұлғалар бар ма, бар болса, олардың біліктілігі қаншалықты дәрежеде?!

Кез келген мемлекеттік қызметкердің бойындағы адами қасиеттерін биіктетіп, санасын дамытатын, ақыл-ойын үздіксіз кемелдендіріп, намысын үнемі жанып отыратын оның патриоттық сезімі. Ол болмаған жерде мемлекеттік қызметкердің бойында талғам да, ойын ашық білдіру де болмайды.

Даосизмнің негізін қалаған данышпан Лао-цзы өз заманындағы ел тұтқасын ұстаған көшбасшыларды екі топқа бөлген. Алғашқысы, көздеген мақсатқа тек білектің күшімен ғана жететін қара күштің иесі – янь, яғни батыр тұлғалы азамат, ал екіншісі – инь, бұқараны бірінші орынға қоятын ана тұлғалы емші-қолбасшы. Сонда данышпан Лао-цзы: «Кемеңгер абыздар көптің ішінен ерекшеленіп тұрады. Себебі, олар өздерін бүтіннің бөлшегі деп ойлайды. Олар көптің көзіне түсуге тырыспайды, сондықтан да олардың өңінен нұр төгіліп тұрады. Олар ұлы нысаналарға қол жеткізеді. Себебі, олар атақ-даңқ іздемейді. Олардың абыздығы айтқан пікірлерінен ғана білінбейді. Бұл қасиет олардың тұла бойында тұнып тұрады. Олар бәсекеге түспейді, себебі, олармен ешкім пікір таластырмайды», – деген екен.

Әлеуметтік демократияның көтерер жүгі ауыр. Адамдарды жақсы сөзбен, мақтау-марапаттаумен бір сәт көңілін көтеруге болады. Алайда, басында баспанасы, тұрақты жұмысы болмаса, ол түбі бір мазасыз күйге түсетіні анық. Әлеуметтік демократияның басты принципі – адамның өзі қалаған ортасында еңбек етуі. Өзінің алған кәсіби біліміне, өзінің интеллигенттік деңгейіне сай жұмыс істеу, еңбек ету, соған лайықты табыс табу – бұл демократияның басты принципі. Демек, әлеуметтік демократия саяси демократиядан биік тұруы қажет. Ол үшін ұзақ уақыт саяси катаклизмдерді бастан өткерудің қажеті де жоқ. Ой, ұсыныс дұрыс болса, оған үркіп қараудың да еш қажеті жоқ. Елімізде саяси плюрализм бар. Тек мәселе ашық, қоғамға пайдасы тиетіндей болуы керек. Мәселе үндемегеннен өліп жатыр. Бізде қалай?! Президенттің алдында жақсы жақтарын айтып, есебін сәтті беруге бойымыз үйреніп алған.

Бізге алдымен жергілікті жерлердің өзін-өзі басқару жүйесін қалыптастыру керек. Ол әзірге қоғамдағы өте әлжуаз буын болып тұр. Қоғамдағы әлеуметтік, гуманитарлық ахуал да осы ортада нақты орнықпаған. Ұзақ уақыт бойы тапжылмай тұралап қалған осы салаға Президент енді басымдық беріп отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев: «Біздің қағидамыз баршаға мәлім: «Қуатты аймақтар – қуатты Қазақстан». Азаматтарымызды толғандырған нақты мәселелер жергілікті деңгейде шешілуі тиіс. Жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін нығайтамыз. Аймақтағы қордаланған мәселелерді шешуге халық белсене араласатын болады», – деп бұған дейін де нақтылап айтқан болатын.

Қоғамдық мақұлдауды назарға алмаған заңдар заң болып табылмайды. Қазақстан Президенті қоғамдағы түрлі әлеуметтік топтармен байланыс орнататын Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құруда осыны меңзеген болатын. Бұл бастама азаматтық қоғам мен билік арасындағы диалогты күшейтетін нақты қадам. Сондықтан оған халық арасындағы қабілетті, саналы, парасатты азаматтарды мемлекет мүддесіне тарту керек. Ондай қабілетті азаматтар қоғамда бар.

Қоғамдық ой-пікірі бар адамдарды таңдап, іріктей білу де аса маңызды шешім. Оған халықтың мұң-мұқтажын жақсы білетін әділ, беделді, көпшілікті тыңдай да, тыңдата да алатын елдің сыйлы азаматтары мен жастардың өкілдері енгені абзал. Сонда ғана халықтың билікке деген сенімі артып, елдегі тұрақтылық пен бірлік нығая түседі. Президент өз сөзінде Кеңеске саяси партиялардың жетекшілері мен азаматтық сектор өкілдерінің қамтылу қажеттігін айтуы көңілге сенім ұялатты. Ең әуелі қоғамға сенім мен келісім сыйластығы керек. Сыйластық жағдайында билік пен қоғам арасындағы диалог берік орнайтын болады.

Еліміз тәуелсіздік алып, әлемдік деңгейде таныла бастады. Іргелі елдердің қатарына қосылу – тек экономиканы түзеудің жемісі болмасы анық. Рухани өмірі жұтаң ел өркениеттің көшіне ілесе алары күмәнді. Адамзат басынан кешіріп отырған жаһандану процесіне түрлі көзқарас бар. Оны бірі қолдаса, енді бірі оған қарсы. Алайда, мойындауға тиісті ақиқат – кез келген мәдениеттің томаға-тұйық шеңбер аясында шарықтап дамуы неғайбыл. Демек, өркениет табысына ортақтасусыз алға жылжу мүмкін емес. Бұл – әлемдік тәжірибе. Әлем үлгі алатын Жапония да осы жолдан өткен. Бірақ, жапон халқы осы жолда бір құндылықты естен шығармады. Басқару трактатын бір формула – жауапкершілік жүйесімен жүргізді. Қоғамға қызмет ету азаматтардың басты ісі болудан қалған кезде және олар оған жеке өзі емес, әмияндары арқылы қызмет етуді қаласа – мемлекеттің құлайтынын естен шығармады. Отанға деген сүйіспеншіліктің суынуы жеке мүдделердің үздіксіз әрекетінен болатынын білді. Ал, оған жол беруге болмайтын еді.

Мемлекет көбіне билік басындағы азаматтарына қарап, бой түзейді. Мәселен, жапондар өзінің дәстүрлі мәдениетінен сабақты жіп үзбей-ақ үлкен Жапонияны құрды. Бұл – Жапониядағы саяси элитаның мықтылығын көрсетті. Басқару функциясында әрбір жапон азаматы өзінің ұлттық дәстүрі мен салтына құрметпен қарап, ұлттық мәдениетін сақтай білді. Жапондар «Еуропа білімі, жапон рухы» деген бір ғана формула шеңберінде дамыды. Осылайша, күншығыс елі техникалық дамуға ден қойса да, ділін, тілін, рухын сақтап қалды.

Біз осының бәріне шамадан тыс еркіндік бердік, одан ауа жайылушылық басталды. Жаһандану, нарықтық экономика кейде шектен тыс либерализмге бағытталған үгіт-насихат технологиялары екенін ескермедік. Екінші жағынан ұлттық сана-сезім мен жалпы дәстүрлі діни дүниетаным құндылықтарын парша-паршасын шығаруға алып баратынын ұмыт қалдырдық.

Мемлекеттік қызметші атану – адамның кәсіби білімді, жауапкершілігі мол әрі білікті маман болуын талап етеді. Президент Жастар жылы аясында мемлекеттік қызметтің барлық деңгейіне жас басқарушыларды ілгерілету үшін «Президенттің кадрлық резервін» қалыптастыруды қолға алып, солардың арасынан біршама жастар қазірдің өзінде жауапты қызметке тартылып отыр. Бұл өте құптарлық саясат.

Идеологиямыздың негізгі мақсат-мұраты – қоғамды ыдыратпай біріктіруге, әлеуметтік жікшілдікке, ұлттың, мемлекеттің бірлігіне сына қағушыларға қарсы күрестен тұрады. Алайда, бұл істе идеологияға иек артпау – қоғамның әлсіздігін ғана көрсетеді. Демек, бұл мақсат аясында бізге мықты ұлттық идеология керек. Ол ұлттық идеология болу үшін – ана тіліміз төңірегінде қалыптастыруымыз керек. Өйткені, тіл – қатынас құралы ғана емес, ол – басқару өнері. Президент өз сұхбатында бұл жөнінде нақты атап өтті.

Бүгінгі таңда Қазақстанның гуманитарлық картасы өзгеріп кеткен. Қазақ халқы негізгі динамикалық күшке айналып отыр. Өзге ұлттар мен ұлыстар өздерінің дамуына мүдделі болса, бұл ретте, біріншіден, қазақ ұлтының маңына топтасуы қажет деген ұғымды қалыптастыра беруіміз керек. Осы үрдісте мемлекетті қалыптастырып отырған ұлт негізгі локомотив ретінде тұлғалық қасиеті биік тұрғанда ғана қазақ ұлтын сыйлайды. Әзірге оны өзгелер сыйлауға пейіл емес. Өзгелер сыйлау үшін оның төрт құбыласы сай болуы тиіс.

Реформалар жасау қашан да қиын болған. Бүгінгі таңда мемлекеттік басқару корпусына реформаторлардың тың жаңа буыны келіп отыр. Сондықтан даму бағытының матрицасын осы жаққа бұруымыз таптырмас құралға айналмақ.

Мемлекет құрылысында идеологиялық саланың, әсіресе, қоғамдық институттардың ақсап тұрғаны белгілі. Еліміздің экономикалық-әлеуметтік, қаржылық-индустриалдық, қоғамдық-мәдени бағыттағы түбегейлі өзгерістері жаңаша стратегиялық тұрғыда бағалауды және соған сәйкесінше жұмыстар атқаруды талап етіп отыр. Бізде билік пен халықтың қарым-қатынасы әлі де болса сапалы өзгерістерді қажет етеді. Билік болса өз жұмысын бюджеттің орындалуы және бөлінген қаражаттың игерілуімен бағалайды. Сөз бен істе алшақтық бар. Атқарушы биліктің халықпен қарым-қатынастағы механизмдері әлі дұрыс қалыптаспаған. Әрине, оған қоғам өмірінде болып жатқан түрлі өзгерістер де кінәлі. Оның үстіне шікірейген кей шенеуніктің ісі мемлекеттік қызметкерлер туралы қоғам пікірін басқа арнаға бұрып әкетіп тұр. Осы орайда Мұхтар Әуезовтың: «Жаңа заманның зоры болар десем, соры болар сырларың бар ма еді, қазақтың қалтаңдаған чиновниктері, қаратаяқтары! Байқадым да, түңіліп отырмын мен сендерден! Мынау түрлеріңе қарағанда алдарсың, талай алдарсың әлі! Кімдерді алдап, кімдерді сатпас екенсіңдер!?» – деген нала мен күңіреніске толы сөздері ойға оралады. Кейбір шолақ ойлы шенеуніктердің бойына біткен айықпас кеселді, атағы мен абыройына масаттанған талай шекпендінің шектен шыққан дөрекілігі мен содырлығын көргенде заңғар суреткердің бұл сөзін еске алуға мәжбүр болдық. Бұл туралы да әкім кездесулерінде алдымыздан оралып отыратын болады. Жалпы, ізгілік – бүкіл мүлтіксіз кемелдіктің өзегі, бар қуаныштың түйіні. Ол адамды парасатты, ілтипатты, кемеңгер, батыр, абайлағыш, әділ, бақытты, мақтауға лайықты, шынайы және әмбебап етеді. Мемлекет басшысының айналасында дәл осындай азаматтарды көрсек дейтініміз де сол.

Қазақ тумысынан таза халық. Оның бүкіл өмірі сыйластық институтынан алған сабақтармен өрілген. Қазақ халқының қонақжайлылығы мен тойшылдығы кейде шектен шығып кеткенімен, бабаларымыздың жемқорлыққа салынбағандығы да анық. Сондықтан болса керек, қазақтардың арасында билік жүргізудің тұңғыш далалық конституциясы – Жеті жарғыда қылмыстың алуан түрі туралы жаза шаралары қарастырылғанымен, сыбайластық туралы сөз ешбір бапта көрініс таппаған. Демек, ол біздің өмір салтымызға өзгелерден жұққан жаман әдет.

Осыдан ширек ғасыр бұрын сыбайлас жемқорлықты тудыратын төрт фактор қолданысқа енгізілді. Оның біріншісі – парақорлық, екіншісі – ұрлық, яғни қазына ақшасын дұрыс бөлмеу, үшіншісі – мемлекеттік лауазымды қызметті сату, төртіншісі – сайлауға ықпал ету үшін партияларды қаржыландырудан тұрған.

Жемқорлық – әлеуметтік теңсіздікті шайқалтатын бірден-бір жаман ғадет. Қазір ол синдикатқа айналып кетті. Жалпы, пара араласқан жерде бизнестің өркендемейтінін, инвестиция тартудың жолы кесілетінін білген абзал. Көптеген елдер оған қарсы еркін және белсенді баспасөзді қолдана отырып, күрескені туралы тәжірибе бар. Баспасөз – сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің сенімді құралы бола білген. Малайзия, Сингапур жемқорлықты баспасөз және қатаң жаза қолдану арқылы бір орнына қойған.

Жемқорлық, ұрлық-қарлық қай қоғамды да тұралатып жіберетіні анық. Ол қоғамның бақылауында болуы тиіс. Қазіргі қоғамда ұлттық байлықтың әділдікпен бөлінбеу мәселесі алғашқы лекке шығып тұр. Бұл жағдай еліміздің әлеуметтік-экономикалық күш-қуатының ең маңызды көрсеткіші болып табылатын ұлттық байлықтың әділдікпен бөлінбеуі, яғни әділетсіз қоғамда өмір сүріп отырғанымызды көрсетеді. Президентіміз осының бәрінің жолын жабуға пәрмен беруі халықты қуантып отыр.

Жемқорлық қоғам дамуының болашағына балта шауып, оны ем-домсыз әлсіретіп тастады. Ол асқына келіп, қатерлі ісікке айналды. Тек саясатта ғана емес, экономикада да осы терең дағдарысты бағындыру үшін билік ең алдымен жемқорлықтың бар екенін жариялы түрде мойындап, қоғамды «сауықтыру бойынша» арнайы шара қабылдауы тиіс. Бүгін мемлекеттік шенеуніктен бастап, мекеме алдындағы күзетшіге дейін сенен бірдеңе дәметіп тұратыны жасырын емес. Осының бәрі заңның орындалуының бақылаусыз қалғандығының әсері.

«Адамзат баласын заман өсіреді, кімде-кім жаман болса, оның замандастары кінәлі», – деп Абай атамыз айтқандай, сол заман айналып соғып, адал жандарды әлгі басбұзарлармен алыстырып қойғандай. Сол қылмыс азайсын десек, алдымен өз жастарымызды тәрбиелеуден бастайық. Жастар арасында үгіт-тәрбие жұмыстарын жүргізу сол елді мекеннің үлкенді-кішілі ақсақалдарының борышты ісі болуы тиіс. Жергілікті атқарушы билік өкілдерімен кездесулер барысында бұл мәселе – ауыз-су мен ауыл проблемаларының көлеңкесінде ұмыт қалмауы керек. Сондықтан ең алдымен әкімдерден бастап, бүкіл адамдардың идеясын, өмір сүріп отырған қоғамға деген пиғылын өзгертуден бастағанымыз абзал.

Мемлекет басшысының бұл мәселеге арнайы назар аударып, нақты тапсырмалар беруінде үлкен мән жатыр. Одан мемлекеттің алдына қойған мақсаттарын бірлесіп атқаруды көздейтінін байқауға болады. Мұның өзі мемлекеттің либерализациялау мен демократияландыру жолына түскендігін көрсететін өте маңызды қадам болмақ. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы басты басымдылықтардың бірі – азаматтар құқығы мен бостандығын қамтамасыз ету болып табылатынын ерекше атап көрсетті. Осы бағытта мемлекеттік аппараттың, бірінші кезекте құқық қорғау органдарының, полиция мен прокуратура жұмысының маңыздылығын ескерткен болатын. Жер-жерлердегі кездесулерде енді бұл мәселелер бой көтеруі мүмкін. Бұл жерде мәслихат депутаттары белсенділік танытса дейміз. Әзірге депутаттар корпусы әлсіз. Президент ол туралы: «Әзірге біздің депутаттардың азаматтар арасында тиісті беделі жоқ. Бұл қайғылы қаңтар оқиғасы кезінде анық байқалды», – деп мәслихат депутаттарын сынап өтті. Мемлекет басшысының сыны депутаттар корпусына сергек болуға үндейді. Халық Президенттің тапсырмаларының қалай орындалып жатқанын, елді сауықтыру бойынша Үкіметтің қандай іс-жоспарларының бар екенін ашық естігісі келеді.

Қоғамда қордаланып қалған проблемаларды шешу үшін, Мемлекет басшысы айтқандай, Қазақстанға жаңару керек. Халқымыздың тұрмысын жақсарту мен еліміздің мол байлығын көпшіліктің игілігіне жарату, тиімді мемлекет пен әділетті қоғам орнату үшін Қасым-Жомарт Тоқаевтың төңірегіне топтасып, оның бастамаларына қолдау көрсетуіміз керек. Мемлекет басшысы айтқандай, халық Жаңа Қазақстанның қалыптасқанын көргісі келеді.

Ермек ЖҰМАХМЕТҰЛЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here