Кәдеге жарату алымы елімізде және әлемде қалай жүзеге асады?

0
3672

Елімізде кәдеге жарату алымы (утиль алымы) 2016 жылдан бастап қолданысқа енді. Бұл алымды осы күнге дейін «Оператор РОП» деп аталатын жекенің иелігіндегі компания жинап келді. Осы бес жылда «Оператор РОП» ЖШС-нің «қалтасына» кәдеге жарату алымынан 579 млрд теңге түссе, аталған компания елімізде осы алым қабылданған жылдан бері 215 мыңға жуық ескі көлікті ғана қабылдаған екен. Ал, ескі көліктерді сатып алу бағдарламасы аясында төленетін өтемақы көлемі де көңіл көншітпейді. Ол АЕК мөлшері мен көлік санатына байланысты төленеді. Мысалы, былтыр М1 санатындағы жеңіл көліктерге 210 мың теңге берілсе, ең көп өтемақы – 630 мың теңгені N3 санатындағы жүк көліктерінің иелері алды. Яғни, отандық көлік жүргізушілердің кәдеге жарату алымынан түскен қыруар қаржыны «қалтасына» басып келген «Оператор РОП» ЖШС-нің жұмысына қырын қарауы тегін емес. Содан даулы мәселе Ақордаға дейін жетті. Халық үніне құлақ асқан Президент Үкіметке мәселені оңтайлы шешудің жолын қарастыруды тапсырды. Бір ғасырдан астам тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін елімізде және әлемнің кейбір елдерінде кәдеге жарату алымының қалай жүзеге асып жатқандығына тоқталады.

«Оператор РОП» ЖШС бес жылда кәдеге жарату алымынан 579 млрд теңге жинап алып, жоспарды артығымен орындағанымен, 215 мыңға жуық ескі көлікті ғана утилизацияға қабылдап, өзінің «ескі көлікке жаңа өмір сыйлау» сияқты ең негізгі мақсатына жете де алған жоқ…

ЖЕКЕ КОМПАНИЯ «ЖІБЕКТІ ТҮТЕ АЛМАҒАН ЖҮН ЕТЕТІНІН» ДӘЛЕЛДЕДІ МЕ?

Қазақстанның көшелерінде түтіні будақтаған ескі көліктер көп жүреді. Тіпті, сексенінші жылдардың соңындағы көліктер де қолданыстан әлі шыға қойған жоқ. Сөзіміз жалаң болмауы үшін Kolesa.kz сайтына назар аударайық.

Kolesa.kz сайтында сатылымға қойылған 160 мыңға жуық көліктің 11 мыңнан астамын 1991 жылға дейін шыққан көліктер құрайды. Яғни, көлік иелері ескі көліктерді сатып алу бағдарламасына қатысуға аса құлықты емес. Өйткені, аталған бағдарламаға қатысып, тиын-тебен боларлық өтемақы алғанша, ескі көлігін тәуір ақшаға сату немесе істен шыққанша міну олар үшін әлдеқайда тиімді.

Мысалы, 2021 жылы «Оператор РОП» ЖШС М1 санатындағы жеңіл көліктер үшін 210 мың теңге көлемінде өтемақы төледі. Ал, Kolesa.kz сайтында 1989 жылғы Volkswagen Passat және Audi 100 көліктері 900 мың теңгеден сатылып жатыр. Содан ескі көліктерге төленетін өтемақы көлемінің аз болуына байланысты «Оператор РОП» ЖШС өткен жылы 37,5 мың ғана жеңіл көлікті утилизацияға қабылдаған. Демек, ескі көліктерді сатып алу бағдарламасы өзінің көздеген мақсатына жете алмай келеді.

Жоғарыда жазғанымыздай, «Оператор РОП» ЖШС бес жылда кәдеге жарату алымынан 579 млрд теңге жинап алып, жоспарды артығымен орындағанымен, 215 мыңға жуық ескі көлікті ғана утилизацияға қабылдап, өзінің «ескі көлікке жаңа өмір сыйлау» сияқты ең негізгі мақсатына жақындай да алған жоқ. Айталық, Ұлттық статистика бюросының деректеріне сенсек, 2016 жылдағы жағдай бойынша, яғни кәдеге жарату алымы қолданыла бастаған уақытта елімізде шамамен 3,86 млн жеңіл көлік тіркелген, оның 57,8%-ын немесе 2,23 млн данасын шыққанына 10 жылдан асқан көліктер құраған. Ескі көліктерді сатып алу бағдарламасын орындауға міндеттеме алған «Оператор РОП» ЖШС осы жағдайды жақсартуға міндетті еді. Алайда, елімізде ескі көліктердің қатары көбеймесе, еш азайған жоқ. Тағы да ресми статистиканы алға тартайық. Кәдеге жарату алымы енгізілген бес жылдан кейін елімізде тіркелген жеңіл көліктердің 63,4%-ын шыққанына 10 жылдан асқан көліктер құрады. Яғни, ескі көліктерді сатып алу бағдарламасы кезінде мұндай жеңіл көліктердің саны керісінше 188 мыңға көбейді. Бір сөзбен айтқанда, «Оператор РОП» ЖШС «әп-әдемі ән еді, пұшық шіркін қор еттінің» кебін киді. Осылайша, жекенің иелігіндегі компания «жібекті түте алмаған жүн ететінін» тағы бір дәлелдей түсті.

Әрине, биылғы жылдың ақпанына дейін көліктің қозғалтқыш көлемі мен жылына байланысты 400 мыңнан 6 млн теңгеге дейін кәдеге жарату алымын төлеп келген жүргізушілер бес жылда 579 млрд теңге жинап алған «Оператор РОП» ЖШС-нің жұмысына сын айтып, мін тағады. Дегенмен, «кәдеге жарату алымын мүлдем алып тастау керек» деп кесіп айтуға тағы болмайды. Неге десеңіз, ескі көліктерді сатып алу бағдарламасының «ары тартса арба да сынбайтындай, бері тартса өгіз де өлмейтіндей» тиімді бір тетігін таппай, экологияға кері әсерін тигізіп жүрген түтіні будақтаған ескі көліктердің мәселесін шеше алмаймыз.

Қазақстанда барлығы 3,81 миллион жеңіл көлік тіркелсе, соның 63,4% пайызын немесе 2,42 миллионын шығарылғанына 10 жылдан асқан көліктер құрайды

ЕНДІ КӨЛІК БАҒАСЫ АРЗАНДАЙ МА?

Кәдеге жарату алымы халықтың қалтасын қағып жатқанын алға тартқан белсенділер мен жүргізушілер «Оператор РОП» ЖШС-нің жұмысына наразы болды. «Утиль алымына жол жоқ!» қоғамдық қозғалысының өкілдері кәдеге жарату алымын алып тастауды талап етіп, петиция да ұйымдастырды. Оған мыңдаған адам қол қойды. Тіпті, шеруге шыққандар да бар.

«Қазақстанда 2016 жылдан бастап көлікке кәдеге жарату алымы енгізілді. Қазіргі уақытта оның мөлшерлемесі 400 мыңнан бастап 5,5 млн теңгеге дейін өзгеріп отырады. Ескі көлікті кәдеге жаратуға емес, басқа мақсаттарға жұмсалады. Әлемдік тәжірибеде кәдеге жарату алымының мөлшерлемесі он есе аз. Мысалы, Германияда ол 100 еуроға, Нидерландта 30 еуроға тең, ал Жапонияда кәдеге жарату алымының мөлшерлемесі Қазақстанға қарағанда 80 есе аз. Кәдеге жарату алымын енгізгеннен кейін ҚР-да автомобильдердің бағасы орта есеппен 2 есе өсті. Қазақстанда барлық посткеңестік елдер арасында автомобильдер бағасы ең қымбат» делінген «Утиль алымына жол жоқ!» қоғамдық қозғалысының өкілдері ұйымдастырған петицияда.

Қаңтардағы дүрбелең басылғаннан кейін ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Мәжілісінің пленарлық отырысында Үкіметке бірқатар тапсырмалар берген еді. Сол тапсырмалардың арасында кәдеге жарату алымын қалыпқа келтіру де болды.

«Кәсіпкерлер мен жалпы қоғам тарапынан «Оператор РОП» деп аталатын компанияның қызметіне қатысты көптеген сұрақ туындап отыр. Тіпті, осы жеке компанияға қарсы қоғамдық қозғалыс ұйымдастыруға дейін жетті. Үкіметке «Оператор РОП» ЖШС-нің утильдік алым жинау мен пайдалануын тоқтату бойынша шара қабылдауды тапсырамын. Мұнымен шет елдердегідей мемлекеттік ұйым айналысуы керек. Алымдардың өзіне келсек, олардың мөлшерлемесі қайта қаралғаны жөн», – деп тапсырма берді Үкіметке Қасым-Жомарт Тоқаев.

Содан Президент тапсырмасымен жекенің иелігіндегі «Оператор РОП» ЖШС-нің барлық активтері мемлекетке қайтарылды. Енді бұл жұмыспен «Жасыл даму» мемлекеттік компаниясы айналысады. Бұл – бірінші оң өзгеріс. Екінші оң өзгеріс – кәдеге жарату алымының мөлшерлемесі екі есе азайды.

Осы арада «Утиль алымы азайды, енді көліктердің бағасы төмендей ме?» деген заңды сұрақ туындайды. Көптің көкейінде жүрген бұл сұраққа Orbis Auto компаниясының бас директоры Динара Ысқақова жауап береді.

Қазақстанда 10 көлік брендін сататын компания басшысының сөзінше, баға шетелден ресми дилерлер әкелетін көліктерге ғана түседі. Олардың арасында тек люкс брендтер ғана емес, сонымен қатар, Toyota, Volkswagen, Nissan, Mitsubishi сияқты қазақстандықтар арасында жоғары сұранысқа ие маркалар да бар.

«Мысалы, Toyota Camry 700 мың теңгеге, Volkswagen Polo 500 мың теңгеге дейін арзандады. Қозғалтқыш көлемі 3 мың см3 асатын Infiniti QX80, Cadillac Escalade сынды көліктердің кәдеге жарату алымы 3 522 450 теңгеден 1 761 225 теңгеге дейін төмендетіледі, яғни дилерлік орталықтарда бұл баға шамамен 2 млн теңгеге дейін арзандамақ», – деп түсіндірді Динара Ысқақова.

ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Қайырбек Өскенбаев елімізде құрастырылған көліктердің бағасы сол қалпында қалатынын мәлімдеген болатын. Демек, кәдеге жарату алымы мөлшерлемесінің төмендетілуі отандық көліктердің бағасына еш әсер етпейді.

КӘДЕГЕ ЖАРАТУ АЛЫМЫН НЕГЕ МҮЛДЕМ АЛЫП ТАСТАУҒА БОЛМАЙДЫ?

Өткен айдың соңында Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр «Хабар24» телеарнасына берген сұхбатында көліктерді кәдеге жарату алымына қатысты айтылып жүрген сындар мен жиі қойылатын сұрақтарға жауап берген болатын.

Сұхбат барысында Роман Скляр кәдеге жарату алымы, оның не үшін енгізілгенін, қандай өнім түрлеріне қолданылатынын және жинақталған қаражат елдің қандай қажеттіліктеріне жұмсалатынын түсіндірді. Еліміздің индустриялық саясатының басымдықтары, автомобильдер мен ауыл шаруашылығы техникаларын шығаратын отандық кәсіпорындарға көрсетілетін мемлекеттік қолдаудың себептері туралы да жасырмай айтты.

«Мемлекет басшысы отандық өндірісті қолдау қажет екенін нақты айтты. Халқымыздың әл-ауқатының артуы ұлттық экономиканың дамуына байланысты. Қоғамдық пікір қалыптастырып, кәдеге жарату алымын толығымен жоюды талап ететіндер шетелдерден техника импорттаушылардың мүддесі үшін жұмыс істейді. Бұл, шын мәнінде, олардың ел экономикасына қарсы екенін білдіреді», – деп түсіндірді Роман Скляр.

Премьер-Министрдің бірінші орынбасары автокөлік техникасына қатысты утилизациялық алым 2016 жылы енгізілгенін, ал әлеуметтік желілерде оған қарсы насихаттау науқаны 5 жылдан кейін ғана басталғанын алға тартты.

Роман Склярдің сөзінше, импорттаушыларды жақтаушылар автомобиль өндірісін ұйымдастыру жолдарын түсінбей, көпшілікті әдейі адастырады. Кәдеге жарату алымы автоөнеркәсіпті тікелей қолдау үшін енгізілмеген. Отандық өндірушілерге осы алым үшін алдында өздері төленген қаражаты ғана қайтарылады. Бұл ДСҰ талаптарына сәйкес келеді. Ол бойынша өндірушілер импорттаушылар сияқты утилизациялық алым төлеуге міндетті. Бірақ, елімізде өндірушілерге төленген қаражат қайта беріледі.

«Бұл елімізде өндірілген автокөлік бағасы өспеуі үшін жасалды. Осылайша, утилизациялық алым – ішкі нарықты қорғау шарасы, белгілі бір дәрежеде тарифтік тосқауыл амалы. Әлемде өз нарығын қорғаудың түрлі әдістері, импортқа толық тыйым салудан бастап шектеу шаралары, соның ішінде экологиялық шаралар қолданылады. ЕАЭО-да кәдеге жарату алымы таңдалды», – деп атап өтті Бірінші вице-премьер.

Роман Скляр автоөнеркәсіп саласында кәсіпорындардың жабылуына, нарықтан, игерілген технологиялардан, жұмыс орындары мен халықаралық стандарттар бойынша оқытылған білікті мамандардан айырылуға әкеп соғатын қате шешімдердің салдары ауыр болатынын нақты түсіну керектігін алға тартты.

Сұхбат соңында Роман Скляр «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы алаңында сараптамалық талқылау қорытындысында қабылданған кәдеге жарату алымы мөлшерлемелерін қайта қарау жөніндегі ұсынымдар туралы айтты.

«Биылғы қаңтар айынан бастап ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің төрағалығымен тауарлардың түрлі санаттары бойынша кәдеге жарату төлемі мөлшерлемелерін қайта қарау бойынша жұмыс топтарының отырыстары өткізілді. Жұмысқа барлық мүдделі тараптар, соның ішінде фермерлердің кейбір өкілдері қатысты. Барлығына өз ойларын айтуға мүмкіндік берілді», – деп нақтылады Роман Скляр.  

Нәтижесінде, кабельдік-өткізгіш өнімдерге, рекреациялық техникаға және елдің көлік-логистикалық әлеуетін арттыру мақсатында халықаралық тасымалдарда пайдаланылатын ершікті тартқыштарға қатысты мөлшерлемелерді нөл ету туралы шешімдер қабылданды. Оған қоса автокөлікке және ауыл шаруашылығы техникасына қатысты қазіргі мөлшерлемелер 50%-ға дейін төмендетілді.

Сонымен, өткен айда кәдеге жарату алымының мөлшерлемесі қозғалтқыштың көлеміне байланысты өзгерді. Атап айтқанда, алымның мөлшерлемесі 229 725 теңге мен 1 761 225 теңге аралығында белгіленді.

Қозғалтқыш көлемі Бұрын Бүгін
1 000 см3 дейін 459 450 теңге 229 725 теңге
1 001 см3 бастап 2 000 см3дейін 1 072 050 теңге 536 025 теңге
2 001 см3 бастап 3 000 см3 дейін 1 531 500 теңге 765 750 теңге
3 001 см3 жоғары 3 522 450 теңге 1 761 225 теңге
Дереккөз РrimeМinister.kz

 

РЕСЕЙ, БЕЛАРУСЬ ПЕН ӨЗБЕКСТАНДА УТИЛЬ АЛЫМЫНЫҢ МӨЛШЕРЛЕМЕСІ ҚАНДАЙ?

Кәдеге жарату алымы Ресей мен Беларусь елдерінде Қазақстандағы секілді қайта өңдеудің ақысы ретінде ғана емес, жергілікті өндірісті қолдау үшін де қолданылады.

Ресейде кәдеге жарату алымының бастапқы мөлшері 20 мың рубльден басталады. Оны бағалау көліктің шыққан жылы мен қозғалтқыш көлеміне байланысты. Мысалға 2021 жылы құрастырылған Toyota Camry көлігін алайық. Оның моторы 2,5 болса, кәдеге жарату алымы 281 600 рубльге тең немесе теңгеге шаққанда шамамен 1,6 млн-нан* асады. Егер де дәл сондай қозғалтқыш көлемі мен 3 жылдан кейін шыққан көлікті есептесек, кәдеге жарату алымы 480 200 рубль немесе шамамен 2,6 млн теңге* болады.

Айта кетейік, Ресейде кәдеге жарату алымы жеке және заңды тұлғалар болып бөлінгенімен, олар үшін кәдеге жарату алымының бастапқы бағамы сол 20 мың рубль күйінде сақталады, көліктердің 3 жылға дейінгі коэффициенті – 0,17 және 3 жылдан кейін коэффициенті – 0,26. Бірақ, көлік қозғалтқышының көлемі маңызды емес. Ескеретін жайт, заңды тұлғаларға қарағанда жеке тұлғаларға шет елден көлік әкелу қиынға түседі.

Қозғалтқыш көлемі 3 жылға дейін 3 жылдан кейін
1 000 см3 дейін 264 539 теңге* 675 068 теңге*
1 001 см3 бастап 2 000 см3 дейін 313 800 теңге* 979 124  теңге*
2 001 см3 бастап 3 000 см3 дейін 1 546 752 теңге* 2 637 609 теңге*
3 001 см3 бастап 3 500 см3 дейін 1 424 778 теңге* 3 128 366 теңге*
3 500 смжоғары 2 442 320 теңге* 3 842 950 теңге*
Дереккөз Kolesa.kz

Ескерту* Ресей мен Украина арасындағы қақтығысқа дейінгі курспен есептелді

 

Беларусь елінде кәдеге жарату алымы тек қозғалтқыш көлеміне ғана емес, оның шыққан жылына да байланысты. Көліктің қолданысқа енген жылы үш санатқа, атап айтқанда, 3 жылға дейін, 3 жылдан 7 жылға дейін және 7 жылдан кейін болып бөлінеді.

Жоғарыда мысал еткен қозғалтқыш көлемі 2,5 болған Toyota Camry көлігінің кәдеге жарату алымы 9 652,7 беларусьтік рубль немесе шамамен 1,6 млн теңге* болады. Сол секілді қозғалтқыш көлемі дәл сондай, тек шыққан жылы сәл ерте саналатын Toyota XV50 маркалы көлігінің кәдеге жарату алымына 17 554,7 рубльге немесе шамамен 3 млн теңгеге* шығындаласыз. Бірақ, Беларусь көршісі Ресей сияқты жеке тұлғаларға Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдерінен де, өзге елдерден де әкелген көліктерді пайдаланғаны үшін басқа тарифтерді қолданады. Тарифтер тек көліктің шыққан жылына байланысты 544-1 225 беларусьтік рубль (94-208 мың теңге*) аралығында болады. Қойылатын басты талап – жеке тұлға шетелден тек бір ғана көлікті әкелуге құқылы.

Қозғалтқыш көлемі 3 жылға дейін 3 жылдан

7 жылға дейін

7 жылдан кейін
1 000 см3 дейін 274 965 теңге* 960 550 теңге* 1 440 833 теңге*
1 001 см3 бастап

2 000 см3 дейін

1 017 717 теңге* 1 497 001 теңге* 2 245 511 теңге*
2 001 см3 бастап

3 000 см3 дейін

1 480 941 теңге* 2 921 525 теңге* 4 382 297 теңге*
3 001 см3 бастап

3 500 см3 дейін

1 606 442 теңге* 5 165 222 теңге* 7 747 843 теңге*
3 500 смжоғары 2 538 584 теңге* 6 345 070 теңге* 9 517 613 теңге*

Дереккөз Kolesa.kz

Ескерту* Ресей мен Украина арасындағы қақтығысқа дейінгі курспен есептелді

 

Өзбекстанда кәдеге жарату алымы 2020 жылдың 1 тамызында қолданысқа енді. Алымды қозғалтқыш көлемі мен көліктің шыққан жылына байланысты есептейді. Жеңіл көліктердің алымына арнайы базалық есептеуіш мәні (БЕМ) енгізіледі. БЕМ алым пайда болған сәтте 270 мың сумды немесе сол кездегі курспен 10,9 мың теңгені құрады. Соны арнайы бөлінген коэффициенттерге (30-480 арасы) көбейту керек.

Жоғарыда мысалға келтірген тағы да сол Toyota Camry көлігін алып көрейік. Оның қозғалтқыш көлемі 2,5, онда кәдеге жарату алымы 48,6 млн сумға немесе 2 млн теңгеге шақ келеді. Ал, шыққанына алты жыл болған Toyota XV50 көлігінің кәдеге жарату алымы 89,1 млн сум (3,6 млн теңге) болады.

Өзбекстан көліктерді шет елден алып келген жеке тұлғалардан да, өндіріспен айналысатын заңды тұлғалардан да кәдеге жарату алымын алады.

Қозғалтқыш көлемі 3 жылға дейін 3 жылдан кейін
1 000 см3 дейін 325 857 теңге* 977 571 теңге*
1 001 см3 бастап, 2 000 см3 дейін 1 303 429 теңге* 2 281 000  теңге*
2 001 см3 бастап, 3 000 см3 дейін 1 955 144 теңге* 3 584 429 теңге*
3 001 см3 бастап, 3 500 см3 дейін 2 275 331 теңге* 4 236 144 теңге*
3 500 смжоғары 3 258 572 теңге* 5 213 716 теңге*
Дереккөз Kolesa.kz

Ескерту* Ресей мен Украина арасындағы қақтығысқа дейінгі курспен есептелді

 

Байқағандарыңыздай, елімізде кәдеге жарату алымының мөлшерлемесі төмендетілгеннен кейін оның көлемі Ресей, Беларусь, Өзбекстан елдеріне қарағанда төмен болып шықты.

ОЗЫҚ ЕЛДЕР ЕСКІ КӨЛІКТЕРМЕН ҚАЛАЙ КҮРЕСЕДІ?

Еуропалық Одақ ескі көліктермен күресуді сонау 2000 жылы бастады. Олар тұрақты түрде 2000/53/ЕО атты директивті индексті енгізді. Бұл Еуропалық Одақ құрамындағы 27 елді ескі көліктерден құтылуға міндеттейді. Бірнеше жылдан кейін Еуропалық Одақ осы директивті индексті басшылыққа ала отырып, кәдеге жарату алымының өзіндік жүйесін құрды.

Ерекше назар аудартар тұсы – Еуропалық Одақта көлік өндірушілер мен негізгі импорттаушы компаниялар ескі көліктерді қабылдау орталығының жұмысын өз міндетіне алады. Яғни, Еуропалық Одақта біздегідей арнайы мемлекеттік алымдар мен төлемдер атымен жоқ. Бірақ, Еуропалық Одаққа сырттан көлік алып келген жеке тұлғалардың көліктері ескірген жағдайда, көлік өндіруші және импорттаушы компаниялар оған жауапты болмайды. Бұған кезінде сырттан көлік алып келген көлік иесі тікелей жауапты.

Көлік өндірушілер ескі көліктерді қабылдау орталығын өздерінің зауыттарында орналастырады немесе тәуелсіз компаниялармен шарт жасасу арқылы ескі көліктерді қабылдайды. Көлік иелері көлікті кәдеге жаратуға тапсырғанда ешқандай қаражат төлемейді. Тек кей жағдайға байланысты 150 еуро көлемінде пайда табуы мүмкін. Мұндай мүмкіндік Германия, Франция және 2020 жылы Еуропалық Одақтан шығып кеткен Ұлыбритания азаматтарына беріледі.

Ескеретін жайт, Еуропалық Одақта кәдеге жарату алымы бойынша ешқандай төлемдер жоқ. Тек олар ескі көліктерді жою мақсатында қатаңдатылған техникалық тексерістер өткізіп, оның экологияға зиянын бағамдап отырады. Мысалы, Германияда жанармай түрі, қозғалтқыш көлемі, көліктің шыққан жылы мен көмірқышқыл газын бөлу мөлшері бойынша көлік салығы салынады. Ал, Францияда жыл сайынғы көлік салығы жоқ, тек тіркеу алымы ғана бар. Алым көлемі көліктің тіркелген жері, көмірқышқыл газын бөлу мөлшері және қуатына байланысты болады. Ол жаңа көлік болсын, қолданыстағы көлік болсын, барлығына бірдей салынады. Сонымен қатар, Францияда көлікті тіркейтін кезде экология салығын төлеу міндеттеледі.

Рас, Еуропалық Одақтың құрамындағы кей елдерде, мысалы, Нидерландта кәдеге жарату алымы бар. Алайда, жері біздің ең кішкентай облысымыз саналатын Солтүстік Қазақстан облысынан екі есе аз, ал халқы Қазақстанмен шамалас дәулетті елде кәдеге жарату алымының көлемі қазақ үшін де тиын-тебен саналады. Айталық, Нидерландта кез келген жаңа көлікті сатып алғанда бірреттік төлем – 30 еуро немесе қазіргі курспен 16,6 мың теңге алынады.

Еуропалық Одаққа әзірге мүше бола қоймаған Норвегияда көлікті сатып алған уақытта болашақта кәдеге жарату алымы үшін 2 400 крон немесе 135 мың теңге төлейді. Норвегияда орташа айлық 46 мың крон немесе 2,6 млн теңге екенін ескерсек, 135 мың теңге олардың қалтасын қақпаса керек.

Енді батыстан шығысқа ойысайық. Жапония кәдеге жарату алымын 2002 жылы заңға енгізгенімен, бұл заң 2005 жылы ғана күшіне енді. Жапондар жаңа көлікті сатып алғанда міндетті түрде кәдеге жарату алымын қоса төлейді. Төлем көлемі 7 мың иенадан басталып, 18 мың иенаға (30,8-79,3  мың теңге аралығында) дейін барады. Көлік өндіруші компаниялар кәдеге жарату алымын көліктердің моделіне байланысты алады. Мысалы, Toyota Avalon маркасының толық комплектациясы үшін 12 мыңнан 12,7 мың иена аралығында төлейді.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Байқап отырғандарыңыздай, Қазақстан мен өзге де елдердің кәдеге жарату алымында айырмашылықтар көп. Елімізде кәдеге жарату алымы алдымен жергілікті өнеркәсіпті қолдау, импортты шектеу және ескі көліктерден құтылу үшін керек. Мұндай мақсатты жоғарыда сөз болған Ресей, Беларусь және Өзбекстан елдері де көздейді. Дегенмен, кәдеге жарату алымы ескі көліктермен күресуде қауқарсыздық танытып келеді. Ал, Еуропалық Одақ елдері, Норвегия мен Жапонияда басымдық экологияға беріледі. Олар ескі көліктерге жаңа өмір беруге тырысады. Сондықтан өркениетті елдерде ескі көліктер мүлдем жоқ. Өйткені, көмірқышқыл газын шығаратын көліктерге қыруар салық салынатындықтан, Еуропалық Одақта ескі көліктерді тізгіндеу барлық жағынан тиімсіз саналады.

Жалпы, кәдеге жарату алымына қатысты әңгімелердің жақында бітетін түрі байқалмайды. Бір қуаныштысы, бұл мәселеде мемлекеттің беті бері қарады. Кәдеге жарату алымының мөлшерлемесін 50%-ға дейін қысқартты. Әйтсе де, мұнымен келіспейтіндер бар. Бірі кәдеге жарату алымының көлемін тағы да азайтуды сұраса, енді бірі бұл алымды мүлдем алып тастауды талап етеді. Бірақ, таяқтың екі ұшы барын әсте ұмытуға болмайды. Мәселен, кәдеге жарату алымын алып тастайтын болсақ, онсыз да «өлместің күнін көріп» отырған саусақпен санарлық отандық көлік зауыттарының «жаназасын шығарамыз». Бұл – бір. Екіншіден, «Біреудің қаңсығы басқаға таңсық» дегендей, АҚШ, Оңтүстік Корея және БАӘ секілді елдерде қолданыстан шыққан екі мыңыншы жылдардағы көліктер елімізде қаптайды. Демек, бұл мәселеге ат үсті қарай салуға болмайды.

Алмабек ИБРАЙЫМОВ

БІЗДІҢ АНЫҚТАМА

2015 жылы сол кездегі ҚР Инвестиция және даму министрі Әсет Исекешев Қазақстанға келетін көліктерге утиль алымын енгізуді ұсынды. Ол кезде Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына (ДСҰ) кірді. Сарапшылар «утиль алымын ДСҰ шарты бойынша кеден салығының төмендеуінен туатын шығынды жабу үшін жасалған амал» ретінде түсіндірді. 2016-2021 жылдары кәдеге жарату алымына қатысты жұмыстар жекенің иелігіндегі «Оператор РОП» компаниясына жүктелді. Ресми дерек бойынша, «Оператор РОП» ЖШС алымнан түскен қыруар қаржыны ескі көлік құралдарын жинауға, өңдеуге және жоюға қажетті инфрақұрылымға салды. Бұған арнайы ұйымдарға субсидия төлеу, қоқысты бөліп жинауға арналған контейнерлер орнату, қоқыс таситын көліктер мен қоқыс сұрыптайтын құрылғылар сатып алу шығыны кірді. Қаралы қаңтардан кейін Үкіметтің қаулысымен Өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелері операторының функциялары мемлекеттің иелігіндегі «Жасыл даму» АҚ-ға берілді.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here