«Тақ мұрагері»: Түркіменстанда «билік транзиті» әкеден балаға өтті

0
2475

11 ақпан күні өткен ел Парламентінің жоғарғы палатасы Халық мәслихаты отырысында Түркіменстанды 15 жыл басқарған Ғұрбаноғлы Бердімұхамедов билікті жастарға тапсыруға дайын екенін мәлімдеді. Жазда 65 жасқа толатын авторитар басшының мұндай шешімді неге қабылдағаны белгісіз болғанымен, бұған дейін үш рет сайланып үлгерген президенттің билікті 40 жастағы ұлы Сердарға беруге дайындалып жатқаны туралы қауесет өткен жылы тарады. Өйткені, осы қауесет шыққалы Сердар Бердімұхамедов та халық алдына жиі шығатын болған. Әкесінің арқасында саяси мансабы да жылдам өсті. «Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайтыны» рас екен. Былтырғы қауесет биыл шындыққа айналып отыр.

Түркіменстан президенті Ғұрбаноғлы Бердімұхамедовтің 2017 жылғы сайлауда отбасымен сайлау учаскесіне дауыс беруге келген кезі. Оң жақта тұрған оның ұлы Сердар Бердімұхамедов

ТҮРКІМЕНСТАНДАҒЫ «БИЛІК ТРАНЗИТІНІҢ» ӘЗЕРБАЙЖАНДЫҚ НҰСҚАСЫ

Рас, көптеген сарапшылар Түркіменстанда болашақ президент Ғұрбаноғлы Бердімұхамедовтің жалғыз ұлы Сердар болуы мүмкін екенін айтты. Себебі, оған байланысты алғышарттар да жасалды. Мәселен, Түркіменбасының 40 жастағы ұлы көптеген лауазымды қызметтерге араласып, аз уақытта партияны да басқарды, депутат та, елші де, министр де болды. Соңғы қызметі – Түркіменстанның вице-премьер-министрі.

Сонымен, 12 наурыз күні Түркіменстанда кезектен тыс президент сайлауы өтті. Оған сайлаушылардың 97 пайызы қатысты. Дауыс беру нәтижесі жеті күннің ішінде жарияланады. Дегенмен, 9 кандидаттың арасынан қазіргі президенттің ұлы Сердар Бердімұхамедовтің оза шапқанын айту үшін көріпкел болудың қажеті жоқ.

Осылайша, Түркіменстан посткеңестік кеңістіктегі президент «тағына» әкесінен кейін баласы отырған екінші мемлекет атанды. Биліктегі мұндай ауыс-түйіс алдымен Әзербайжанда болған еді. Айталық, 2003 жылы 21 сәуірде бір салтанатты мәжілісте Әзербайжан президенті Гейдар Әлиевтің денсаулығы сыр береді. Он минуттан кейін президент мінбеге қайта шығып, өз сөзін жалғастырады. Дегенмен, сөзін аяқтай алмай жерге талып құлайды. Ұзақ уақыт Түркияда ем қабылдайды. Сол тұста елде президенттік сайлау науқаны басталады. Үміткерлердің арасында президенттің жалғыз ұлы Ильхам Әлиев те бар-тын. Сол жылы 2 қазанда АҚШ-тың ауруханасында қатты ауырып жатқан Гейдар Әлиев телеарна арқылы халқына үндеу жолдайды. Үндеуінде жалғыз ұлын өзінің заңды мұрагері санап, халықтан оның кандидатурасын қолдап дауыс берулерін өтінеді. Президенттің айтқаны айдай келді. Кіші Әлиев 2003 жылы 9 қазанда өткен президенттік сайлауда сайлаушылардың 84,6 пайыз дауысын иеленіп, әкесінің орнына отырды. Ұлының президенттік «таққа» отырғанын өз көзімен көріп үлгерген Гейдар Әлиев сол жылы 12 желтоқсанда көз жұмды. Сөйтіп, үлкен Әлиевтің ізін ала Әзербайжанда кіші Әлиевтің шексіз билік құру дәуірі жалғасты. Енді бұл жолмен Түркіменстан да жүріп өтпек.

БЕРДІМҰХАМЕДОВКЕ ДЕЙІНГІ НИЯЗОВ ДӘУІРІ

Түркіменстан 1991 жылы 27 қазанда Кеңес Одағынан бөлініп, өзінің тәуелсіздігін жариялады. 1985-1991 жылдары Түркіменстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы болған Сапармұрат Ниязов (1940-2006) тәуелсіз Түркіменстанның тұңғыш президенті болды. Осылайша, көгілдір отынға бай елде Ниязов дәуірі басталған еді.

Президенттік билік қолға тиісімен Сапармұрат Ниязов ешкімге ұқсамайтын өзіндік саясат жүргізді, бейтарап саясаттың негізін қалады. Мұндай бейтарап саясатқа нақты анықтама берген ешкім жоқ, әлі күнге дейін түсініксіз. Негізгі мәні – Түркіменстан қақтығыстар кезінде еш тарапты қолдамайды, трансұлттық экономикалық одақтардан басқа ешқандай ұйымға кірмейді, бірақ бітімгер рөлін атқарады, ең құрығанда араздасқан басқа мемлекеттердің мәселесін шешу үшін өз аумағын бейтарап орын, келіссөздер алаңы ретінде ұсынады. Теория жүзінде бұл саясат барлық мемлекетпен жақсы қарым-қатынас орнатуға арналған, бейтарап ел болғандықтан ешкім Түркіменстанға наразы болып, өкпелемеуге тиісті. Алайда, аз жылдың ішінде КСРО құрамында болған Түркіменстан «Орталық Азияның Солтүстік Кореясына» айналды.

Рас, әлемдік қауымдастық Сапармұрат Ниязовты диктатор санады. Ал, айналасындағы жағымпаздар мен жандайшаптар оның атақ-даңқын асыруға бар күштерін салды. Түркіменстан Мәжілісінің арнайы қаулысымен Сапармұрат Ниязовқа «Түркіменбасы» деген атақ берілді. Бұрынғы Красноводск қаласы – Түркіменбасыға өзгертіліп, ондаған көшелер мен зауыттар, кеңшарлар мен мектептер тұңғыш президенттің атымен аталды. Жер-жердегі ұйымдар мен мекемелердің алдына, көшедегі көліктердің маңдайшаларына Түркіменбасының портреттері ілінді. Бас-аяғы 14 мыңнан астам алтын жалатылған ескерткіштер мен бюсттер жасалынып, әр аймақта орнатылды. Ес білген баладан – еңкейген кәріге дейін Түркіменбасы жазған түркімен халқының тарихи-рухани өсу жолы жайындағы «Рухнама» кітабын жаттады.

Міне, осылайша Сапармұрат Ниязов солтүстіккореялықтар Құдайындай көретін Солтүстік Кореяның (КХДР) 1972-1994 жылдардағы басшысы Ким Ир Сен (1912-1994) сияқты культ-тұлғаға (жеке басқа табыну) айналды. Бірақ, бұл өмірде ештеңе де мәңгілік емес. «Түркіменстанның мәңгілік президенті» саналған Түркіменбасы 2006 жылы 66 жасында жүрек ауруынан қайтыс болды.

Түркіменстан Республикасының Конституциясы бойынша, Сапармұрат Ниязовтың қазасынан кейін президенттік билік сайлау өткенге дейін Түркіменстан Мәжілісінің төрағасы Овезгелді Атаевқа өтуі тиісті болған. Дегенмен, күтпеген жерден оған қарсы қылмыстық іс қозғалып, Мемлекеттік қауіпсіздік кеңесінің шешімімен Сапармұрат Ниязовты жерлеу комиссиясын басқару және президенттік міндетті уақытша атқару 2001 жылдан Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары Ғұрбаноғлы Бердімұхамедовке жүктелді.

БЕРДІМҰХАМЕДОВ АТАҚДАҢҚЫН МАРҚҰМ НИЯЗОВТАН ДА ҚАЛАЙ АСЫРДЫ?

«Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» дегендей, 2006 жылдың 26 желтоқсанында Халық мәслихатының басқосуына қатысқан 2 507 делегаттың бәрі бірауыздан Ғұрбаноғлы Бердімұхамедовты қолдап, Түркіменстан президенттігіне үміткер ретінде ұсынды. Сөйтіп, 2007 жылдың 11 ақпанында өткен президенттік сайлауда Бердімұхамедов сайлаушылардың 90 пайызға жуық дауысын иеленіп, тәуелсіз Түркіменстанның екінші президенті атанды. Ал, 2012 жылғы сайлауда 97,14 пайыз, 2017 жылғы сайлауда 94,27 пайыз дауыс жинап, үш мәрте президенттік «таққа» отырды.

Сапармұрат Ниязовтың қазасынан кейін Ғұрбаноғлы Бердімұхамедов «өзі жоқтың – көзі жоқ» саясатын ұстанды. Тұңғыш президенттің қолымен жасалған кейбір жаңалықтар өзгеріске ұшырады. Айталық, 2007 жылғы 22 ақпанда жаңа президент Отанға адалдық анты мәтінінен өлең түріндегі «Ұлы Түрікменбасы» қосымшасын алдыртып тастады. Осы сияқты жергілікті газеттердің алғашқы беттерінен Сапармұрат Ниязовтың портреті мен «Рухнамадан» алынған сілтемесі біртіндеп ығыстырылды. Оның орнына Ғұрбаноғлы Бердімұхамедовтің фотосуреті және инаугурацияда сөйлеген сөзі басылды. Барлық мекемелер мен ұйымдардың кітап сөрелерінде тұратын «Рухнама» кітабы жинап алынды. Оны мектептерде оқыту қысқартылды. Ол бойынша міндетті түрде емтихан тапсыру талабы жойылды.

Бұдан бөлек, сол жылдың 15 наурызында президенттік штандарттан тұңғыш президент Сапармұрат Ниязовтың есімі өшіріліп, орнына «Түркіменстан Президенті» деген сөз жазылды. Сонымен қатар, 2009 жылдан басылымдар, көше мен елдімекен атауларынан Ниязов пен оның туыстарының есімдері алынып тасталды. Ашхабадтағы Күнмен бірге айналып тұратын Түркіменбасының алтыннан жасалған алып ескерткіші қиратылды.

Осылайша, Түркіменстанда Ғұрбаноғлы Бердімұхамедов дәуірі басталды. Екінші президент көзі тірісінде-ақ культ-тұлғаға айналған Сапармұрат Ниязов жасаған өзгерістерді жоққа шығаруға тырысты. Бір қызығы, Түркіменстандағы жеке басқа табынушылықты өзі қайта бастады.

Елге сіңірген «еңбегін» «бағалаған» түркімен халқы оны «Аркадаг» (жарылқаушы) деп жариялады. Елдің әр бұрышында екінші президенттің алып ескерткіштері орнатылып, оның есімімен мекеме, көше атаулары атала бастады. Мектептерде Бердімұхамедовтың кітаптары Ниязовтың «Рухнамасын» алмастырды.

Иә, екінші президенттің бұл тірлігі бірінші президенттен асып түспесе, кем түскен жоқ. Дегенмен, Бердімұхамедовтың Ниязовтан ұтылар тұсы бар, өйткені, түрлі мемлекеттік жеңілдіктер көзден бұлбұл ұшты.

Сапармұрат Ниязовтың ұйытқы болуымен 1992 жылы «Түркіменстан тұрғындарының электр қуатын, газ және суды тегін пайдаланатыны туралы» қаулы қабылданды. Кейін бұған 1994 жылы қабылданған ас тұзын да ақысыз пайдаланатындығы жөнінде қаулы қосылды. Және бұл қаулылардың 2020 жылға дейін күшінде болатыны айтылды. Артынан Түркіменбасының ұсынысымен 2030 жылға дейін электр қуаты, газ, су, бензин және ас тұзының тегін болатындығы жайында Парламенттің қаулысы шықты. 2002 жылы президенттің өзінің туған күніне орай 62 жасқа толған әрбір азаматтың қосымша бір күн демалатындығы және оған құрбандыққа шалуға сатып алатын қойдың ақшасы берілетіндігі туралы Жарлық күшіне енді. Осыдан кейін диктатор саналған Сапармұрат Ниязовтың тірлігіне тамсанбай көріңіз!..

Жоғарыда Түркіменстанда Бердімұхамедов дәуірінің дүрілдеп тұрғанын жаздық. Десе де, Ниязов тұсындағы жеңілдіктердің бірқатары жойылды, қалғандары таяу уақытта жойылатын түрі бар. Айталық, Ниязовтың тұсында тегін болған бензин 2008 жылдан бастап мөлшерлеп беріледі. Ай сайын автокөліктердің иелері – 120 литр, жүк көліктері мен автобустардың иелері – 200 литр бензиннің талонын тегін алады. Осы мөлшерден асса, бензин бағасынан 8 есе артық коммерциялық бағамен сатылады.

Түркіменстандағы бензинге қатысты азайған жеңілдіктің көлемі мұнымен шектелмейді. Ғұрбаноғлы Бердімұхамедов 2014 жылғы 1 шілдеден бастап тұрғындарға ай сайын тегін бензин үлестіруді жою туралы Жарлық шығарды. Онда бұл шешім «ұлттық экономиканың өсіміне қолдау көрсету, мұнай өнімдерін орынды пайдалану және бензинді ішкі нарықта тиімді түрде сату» мақсатында жасалғанымен түсіндірілді.

Айта кетейік, 1993 жылдан бері Түркіменстан – бензин бағасы арзан әлемдегі 10 елдің бірі. Бұл көрсеткіш бойынша Қазақстаннан бір сатыға төмен тұр. Қазір көрші елдегі 1 литр бензиннің бағасы – 0,42 доллар.

Жеңілдіктерді жою бір бензинмен бітпейді. Төрт жыл бұрын Ақсақалдар кеңесінде сөз сөйлеген Ғұрбаноғлы Бердімұхамедов электр қуаты, газ, су және тұзды тұтынуды кезең-кезеңімен ақылы жүйеге көшіру керектігін айтты. Тәуелсіз Түркіменстанның екінші президенті бұл шешімді «халық табысының артуы, жұмыс өнімділігінің жоғарылауы әлеуметтік жеңілдіктерді ақылы етуге мүмкіндік бергенімен» түсіндірді.

Осыған дейін Түркіменстан халқы тұзды, газды, электр қуаты мен суды ешқандай лимитсіз тегін тұтынып келді. Бұл әлеуметтік көмектерді ақылы ету туралы алғаш рет 2015 жылы сөз болды. Кейін 2016 жылы Бердімұхамедов бұл ұсынысқа келісті. Бірақ, кейін президент кенеттен ел бюджеті аталған жеңілдіктерді тегін күйінде сақтауға мүмкіндік беретінін жариялады. Енді бір жыл өте салысымен президент қайтадан жеңілдік жүйесі пайдасыз екенін айтып, оның күшін жоюға бұйрық берді.

Ресми Ашхабадтың мәлімдеуінше, жеңілдіктерді қысқарту жөніндегі ұсынысты Ақсақалдар кеңесі көтеріпті. Олардың айтуынша, қуатты және бақытты кезеңде өмір сүріп жатқан түркімендер газ, су, тұз және электр қуатының төлемақысын еш қиындықсыз төлей алатын жағдайға жетті. Яғни, түркімендердің тұрмысы түзелді.

Бердімұхамедовтың бүгінгі дәуірінде Ниязовтың тұсындағы жеңілдіктер мерзімінен бұрын келмеске кететін түрі бар. Ал, ол жеңілдіктер 1993 жылы тәуелсіз елдің тұңғыш президенті Сапармұрат Ниязовтың қаулысымен пайда болып, 2030 жылға дейін күшін жоймауға тиіс еді.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Түркіменстанды өмірінің соңына дейін басқарған Сапармұрат Ниязов 1993 жылы «Алтын ғасыр» бағдарламасын жүзеге асыруға кірісті. «Жабық елде» қаншалықты «алтын ғасырдың» болғанын түркімендердің өздерінен басқа ешкім білмейді. Бір анығы, тұңғыш президент өз халқын тегін ауыз су, газ, тұз және бензинмен қамтамасыз етті. Ал, 2007 жылы билік басына «Алтын ғасырды» артқа тастаған, «Алып күш және бақыт дәуірі» бағдарламасын бастаған Ғұрбаноғлы Бердімұхамедов келіп, бірінші президент тұсындағы бірқатар жеңілдіктердің көзін жойды. Ресми Ашхабадтың ұстанымы бойынша, түркімендердің қазіргі жағдайы жақсы, олар бұл жеңілдіктерге мұқтаж емес. Әрине, түркімендердің тұрмысы түзелді ме, әлде олар тығырыққа тірелді ме, «жабық елдегі» нақты жағдайды білу мүмкін емес. Ал, Сердар Бердімұхамедовтің әке жолын қалай жалғайтынын алдағы уақыт көрсетеді.

Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here