Заң күшінен айырылған жерде жауыздық басталады

0
3127

Қоғам қалыпты өмірге қайта орала бергенде, Еуропарламент елімізде орын алған Қаңтар оқиғасын әлемдік саясат тақтасына шығарып, өре түрегелді. Бұған қалай төзуге болады? Бұл жерде бір ақиқат бар. «…Отанды алдамау үшін, өзім алданбау үшін мен онымен, Отанмен қандай да болсын қатты сөзге баруға дайынмын» принципімен кетсек, өзімізді-өзіміз алдаған да болар едік. Демек, бізге бұл кір атақтан қорғану керек болып тұр. Пушкин императордың таяғының астында қалғанда да өкпені Отанына итеріп тастамаған. Сондықтан ол: «Мен өз Отанымды жеме-жемге келгенде жерден алып, жерге салуым мүмкін, бірақ оны өзге біреулердің басуына жол бере алмаймын», – деген. Демек, күрес – біреуді жеңу мақсатында жүрмеуі тиіс. Ешкім жеңілмесе, ең үлкен жеңіс сол. Осы орайдағы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Мен үшін мемлекет мүддесі біреумен жақсы қарым-қатынастан жоғары», – деуі үндес келеді. Оны түсінуіміз керек.

ҚАҢТАР ОҚИҒАСЫ ҚОҒАМДА ТҰНШЫҒЫП ЖАТҚАН БІРАЗ МӘСЕЛЕНІҢ БЕТІН АШТЫ

Еуропарламент дауысы символдарға негізделген. Демек, ол табиғатынан жасанды қоғамның айқайы. Онда кез келген шындық көзбояушылыққа тән. Яғни, қоғамдық мақұлдауды алмаған заңдар, заң болып табылмайды. Жалпы, Еуропалық қоғамнан гөрі, заңдылықты американдықтар қатты ұстанады. АҚШ Конгресіне кіре беріс қақпада «Заңға деген адалдық, Отанға және өз халқыңа деген адалдықтан жоғарырақ» деп жазылып қойылған көрінеді. «Егер заңға тіл бітсе, ол ең алдымен заң шығарушыларды айыптар еді-ау», – депті Дж. Галифакс. Демек, бұл жерде заң халыққа қызмет етуі тиістігі айтылса керек.

Батыстың парызы – ақыл айтып, нұсқау беру емес, Қазақстанға қолдау көрсетіп, адам құқығы мәселесін оңтайлы шешуге практикалық көмек көрсету болуы тиіс.

Соңғы оқиғадан кейін ел ішінде дүмпу көбейді. Аттандаған ұраннан құлақ тұнады. Өкпе көбейіп, тіл табысу мүмкіндігі шекарасынан асып, ол әрең басылды. Оған сырттан дем берушілер бар дестік. Осы тұста бір айта кететін мәселе – Батыс бізге тек қана мәдениеттің ғана емес, сонымен бірге саясаттың суррогаттарын да таңғысы келетінін естен шығармағанымыз абзал. Солардың бірі – жоғарыдағы демократия. Сайып келгенде, Ұлыбритания болсын, АҚШ болсын, Гонконг, Сингапур болсын, олар әу бастан меритократия жүйесіне ауысып кеткен. Меритократияның негізгі мәні интеллектуалдардың билігі дегенді білдіреді. Біздің елімізде де осындай жүйе қалыптасқан, біздің ұлттық мүдделеріміз үшін осы жүйені ары қарай дамыта беру қажет. Ал, бұл миссияның бастамашысы ретінде күні кеше аты ауысқан «Amanat» партиясы шығуы керек еді. Бірақ, партия оның авангарды бола алмады.

Ақиқат айтыстан туады. Мысыр елінің белгілі ғалымы Әбу Хусейн: «Шеру – ешқандай шешімге әсер етпейтін шара», – депті. Бүгінде көпшіліктің «туннельдік ойлау» жүйесі басымдық сипат алып отыр. Жоқты іздеуге, шағып сөйлеуге әуестігіміз басым. Бірақ, эмоция – ешуақытта тиімді шешім қабылдау мен кадр ауыстырудың одақтасы бола алмаған. Әйтсе де, демократия және азаматтық қоғам қалыптастыру мәселелеріне байланысты белгілі бір ұстаным керек. Оның негізгі міндеті – саяси диалог пен медиация алаңы болуы тиіс. Саяси философияда диалогтың төрт түрлі анықтамасы бар. Алғашқы диалог – ақиқатқа жетудің жолы. Екіншісі, өз әріптестерін мүмкіндігінше өзінің ығына көндіруге тырысатын диалог. Үшіншісі, тек жеңіске жетуді көздейтін диалог. Төртінші диалог – елімізде демократия бар, пікірталастар жүріп жатыр деумен шектелетін диалог. Осы алаң бар ма, жоқ па? Бармыз десе, ол елімізде пікір алаңы ашық деумен ғана шектеліп отыр. Осы көзқарас шылауында диалог – диалог үшін жүргізулермен тынған. Егер ол бар болса, Үкімет жанындағы қатардағы бір комиссия болып шықпауы тиіс. Қазір бізге саяси демократиядан гөрі әлеуметтік демократияны көбірек қолдауға назар аудару керек болып тұр. Президент осыны көздейді. Жұрттың бәріне бірдей жағатын заң жоқ, бірақ оған бағыну керек. Азаматтардың шынайы теңдігі заңдарға олардың бәрінің бірдей бағынуында жатыр.

Заң өз күшінен айырылған жерде жауыздық басталады. Сонда заң бұзылып, озбырлау мен қирату жүріп жатқанда да қарап отыруы керек пе?! Платон: «Мен заңында қауқар күші жоқ және ол біреудің билігінде болатын мемлекетті таяуда күйрейді деп ойлаймын. Мен заң билеушілерге үстемдік еткен жерде, олар (билеушілер) оның құлы болған кезде, мемлекет және оған Құдай сыйлаған қаншама игіліктер аман қалады деп есептеймін», – депті. Бұдан артық не айтуға болады? Қазақстан Президенті осы бос кеңістіктің орнын толтыруға Үкіметке нақты тапсырмалар берді. Өте құптарлық іс.

Идеологиялық иммунитетіміз неге төмен? Қаңтар оқиғасы қазақ қоғамында тұншығып жатқан біраз мәселенің бетін ашты. Жемқорлық, жұмыссыздық, сапасыз білім, діни адасу, сөз бостандығы, әскердің қауқарсыздығы, әлеуметтік теңсіздік секілді өзге де мәселелер бір сәтте су бетіне қалқып шығып, көңілімізді басып тастағаны рас.

Еліміз адамзаттың өркениеттік дамуының бірден-бір сара жолы – демократиялық саяси жүйеге бағыт ұстанды. Мұның өзі осыған дейін әлеуметке қызмет атқарып келген. Саяси, экономикалық, рухани салалардағы түбегейлі өзгерістерді қажет етіп отыр. Оны халық қазірдің өзінде сезініп жатыр.

Адамдардың азаматтық қоғамды қалыптастырудағы негізгі мақсаты – өз меншіктерін бейбіт әрі қауіпсіз пайдалануға ұмтылуынан тұрады. Оның негізгі құралы сол қоғамда орнатылған заңның пәрменділігі. Заңға – заң шығарушы билік пен құқық қорғау органдарының өздерінің бағынуы қоғамның әрбір мүшесін сақтау мен оларды игілік істерге бастайтыны анық. Халықтың өмірі мен қазынасына қатынаста деспоттық билік емес, достық рәуіштегі қатынас керектігін бүгінгі өміріміз көрсетіп отыр. Бүгінгі күні ешкім өзге адамға өзінің меншігінен айыруға артық билікті бере алмайды және ешкім өзінің немесе өзге біреудің үстінен абсолютті билік жүргізуге жол бермейді. Сондай-ақ, өз өмірін немесе басқа адамның өмірі мен мүлкін айыру құқығына ие бола алмайды. Осындай болғанда ғана қоғам сақталады және ілгері дамиды. Мұндай жағдайда қоғамның сенімі бойынша атқарушы билікке қоғамның кез келген мүшесі бағынатын болады.

Тәуелсіз Қазақстан үшін өркениетті елдер қатарына өту жолында экономикалық реформалармен қатар, көптеген саяси әлеуметтік және рухани мәселелерді шешу қажеттігі туындап отыр. Дәйекті демократия мен ашық қоғам қалыптаспаған жағдайда өркениетті нарыққа өту де мүмкін емес.

Адам құқықтары – ең жоғары мәдени құндылықтардың бірі. Себебі, ол барлық қоғамдық даму үрдістерінің ортасына тұлғаны қояды.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің ұлықтау рәсімінде ерекше тоқталған мәселелерінің бірі – әділеттілік тақырыбы болған еді. Қоғамымызда орын алып отырған келеңсіздік – сыбайлас жемқорлық, байлар мен кедейлердің табыстарының алшақтығы, ұлттық байлықтың теңдей және әділ бөлінбеуі, азаматтардың құқықтарының толық қорғалмауы, заңдардың өз шеңберінде орындалмауы дамуымызды кейінге ысырып келді. Президент: «Оны жоғалтып алу адамзат үшін де, ұлт үшін де өзін өзі жоғалтып алумен бірдей. Әділеттілік салтанат құрмаған қоғамда тек қайшылық, қиыншылық, құлдырау үстемдік ететіні белгілі. Осы себепті әділетсіздікке қарсы мемлекет, қоғам, әр адам күн сайын бірігіп күресуіміз керек. Менің мақсатым – қоғамның бірлігін қамтамасыз етіп, азаматтардың саяси көзқарастары мен ұстанымдарына қарамай әр азаматтың мүддесін, қолданыстағы заңдардың толыққанды орындалмауы биліктің жүргізген саясатының әділеттілігіне байланысты», – деді. Қоғамға сенім мен келісім керек деген де, біз осыны айтсақ керек.

Президент бұл бағытта елдің қазынасына бөгденің қол сұқпауын қатаң талап етіп отыр. Бұл – «Мемлекеттің қазынасы халықтың табан ақысы, маңдай тері. Әмірші қазына кілтін ұстаған адамға аса сақтықпен қарағаны абзал. Алтын мен күміс бар жерде ұрлық жүрмей қоймайды. Ұрыны ұстасаң, дереу әшкере ет. Бүгіп қалсаң, өзің де ұрысың» деген Махмұт Қашқаридың сөзімен сабақтас келеді.

БЕЙБІТ ШЕРУ НЕГЕ БАСБҰЗАРЛЫҚҚА ҰЛАСТЫ?

Елімізде Қоғамдық сенім ұлттық кеңесі жұмыс істейді. Жалпы, қоғамдық сенім ұлттық кеңесінің мақсат-мұраты не?

Қоғамды жегі құрттай жайлап алған басты жеккөрінішті құбылыс жемқорлық екені белгілі. Президент жемқорлықтың жүйеге айналғандығын «Қаңтар трагедиясының» басты бір себебі ретінде атады. Сондықтан жекелеген іс-шаралар жемқорлықты түбірімен жоя алмайды. Оны жою үшін кешенді саяси және экономикалық жүйелі реформалар жүргізілуі тиіс.

Десек те, ел болып есімізді жиып, тарихымыздағы қасіретті кезеңнен сабақ алып, Жаңа Қазақстанды құруға бел буып отырмыз. Ендігі міндет – оқиғаның салдарымен қатар себебімен де күресу. Ел басына түскен бұл сынақты толығымен еңсеру үшін не істемек керек? Жемқорлық, әлеуметтік теңсіздікті жою, өмір сүру сапасын арттыру секілді жекелеген шаралар ауадай қажет екені айтпаса да түсінікті. Алайда, қаңтардың қаралы күндері қоғамға тереңірек үңілу керектігін аңғартты. Бетінде қалқып, барлығымыз көріп тұрған мәселелердің тамыры әлдеқайда тереңде. Қоғам тұтастығы жайлы көп айтамыз. Сол Қазақстан қоғамы шынымен тұтас па? Әрине, пікір алуандығы – кез келген қоғамға тән құбылыс. Бірақ, қала мен ауыл тұрғыны, кәрі мен жас, қазақ және орыс тілді азаматтар, орталық пен қала шетінде тұратын отбасылар арасындағы алшақтық осы жолы анық көрінгендей. Алауыздық тудырады деген желеумен бұл мәселелерді жабулы қазан күйінде қалдыруға тағы болмайды.

Өз ұстанымын білдіруге шыққан бейбіт азаматтар неге арандап қалды? Бейбіт шеру неге басбұзарлыққа ұласты? Іріткі салғысы келгендерге неге қарсы тұра алмадық? Сол қасіретті күндерден кейін арада екі ай өтсе де, көкейіміздегі сұрақтар әлі толастар емес. Алаңға шыққандар арасында өрімдей жастар толып жүрді. Түрлі видеолардан көргеніміздей, көшеге шыққандардың арасында біреудің мүлкін қиратып, ұрып-соғып, көлігін өртеп жүргендердің де болғанын көрдік. Ең сорақысы, осы дөрекілікті жақтап, басбұзарларды ақтап алғысы келетіндер көп. Бір қоғамда өмір сүретін адамдардың заңға бағыну, мораль туралы түсініктері қалайша қарама-қайшы болуы мүмкін?

Қазақ жастарының арандатушыларға, радикалды идея мен бүлдіргі күштерге қарсы ұлттық иммунитеті неге төмен деген сұрақтың пайда болғаны бүгін емес. Алайда, бұл бағытта нақты шаралар мен түбегейлі өзгерістер болмай келді. Нәтижесінде, «екі қолға – бір күрек» таппаған жастар жат ағымдардың, өзге күштердің жетегінде кете барды. Бірақ, оны бақылап, зерделеп отырған орган жоқ. Жастармен жұмыс істеу үлкен проблемаға айналған. Бұрын ірі мекемелер мен кәсіпорындардың өзінде жастар ісімен айналысатын мекеме басшысының орынбасары, партия ұйымының хатшылары болатын. Біздегі билік партиясы онымен айналысқан емес.

Кезінде жастар ісімен Сталин де, Мао Цзедун да, одан әрі Гитлер де айналысқан. Бүгінде жастар ісімен кім айналысып жүр? Мемлекет араласпаған сол іспен радикалдар, рецидивистер, сатаналар мен шпаналар айналысуда. Демек, Үкімет бұл кемшіліктің алдын алу керек.

Саяси өмірде «Токвильдің заңы» деген тұжырым бар. Автор француз революциясына талдау жасай келіп, «азаттық пен демократияға үйренбеген ел үшін ойланбай, өте асығыс жасалған реформалар мен шұғыл өзгерістердің қауіпті болатындығын» дәлелдейді. Ойланбастан асығыс жүргізілген реформалар мен жаңарулар, жаңғыру процестері бақылауға көнбей, анархия үстемдікке ие болады. Ескі жүйені бұзуға бағытталған қуатты күштер мұндай жағдайда тежеу бермей, шектен шығып кетеді екен. Токвиль жоғарыдағы еңбегінде анархия үстемдікке жеткен жағдайда қоғам жіктеліп, саяси орталықтан күш кетіп, әртүрлі әлеуметтік топтар билікке таласып, мұның соңы қайғылы оқиғаларға апарып соғатынын айтады. «Бұл процестің соңы охлократияға алып барады», – дейді Токвиль.

Неміс ойшылы Фридрих Ницше: «Егер қара тобырдың қолы билікке жетсе, олар өздерінің аяқ-қолын шынжырлап, адам шошырлық тәртіп орнатар еді», – дейді. Мұндай кезеңде қоғамның рухани мазмұны өзгеріске түсіп, кедейлене түсіп, белгілі әлеуметтік топтың моральдық тұрғыдан азғындауына алып келер еді. Сондықтан егер кімде-кім елге күшпен иелік еткісі келсе, ол ешқашан мақсатына жете алмайтынын білгені дұрыс.

ЖАСТАРДЫҢ БОЙЫНАН ҚАРСЫЛЫҚТЫ КӨҢІЛ-КҮЙ БАЙҚАЛАДЫ

Қоғамдағы барлық келеңсіз жағдайларға бірден-бір себеп – құқықтық нигилизм. Демек, сенімсіздік бар. Жастар саясаты жұмыс істемегендіктен, жастардың басым көпшілігі өмірде іске асыру механизмімен таныс емес, құқығын қалай қорғауды білмейді. Құқықтық мәдениет жоқ жерде, әлеуметтік даму да жоқ. Сондықтан мемлекеттің бақылауымен «Жастар құқығын қорғау орталығын» ашуды жедел қолға алу керек.

Жалпы, әлемде тұрақсыздық пен көтерілістерде жастардың рөліне арналған зерттеулер көп. Ғалымдар кез келген елде жастардың көбеюі артықшылықтарымен қатар, қауіп-қатер де ала келетінін айтады. Осло бейбітшілік мәселелерін зерттеу институтының директоры, норвегиялық саясаттанушы Хенрик Урдал 2006 жылғы зерттеуінде жас азаматтар саны көп елдерде қақтығыстардың болу ықтималдылығы жоғары деп тұжырымдайды. Демографиялық зерттеулер әлем елдеріндегі жастар санының күрт өсуін көрсетеді. Олардың өте өктем, табанды, жауынгер болып келетіндігін айқындап отыр. Дәл осы жастардың көбеюімен көптеген әлеуметтік мәселелер туындайтын болады. Демек, іске қазірден бастап араласу керек.

Рас, қоғамдағы тұрақсыздыққа демография ғана әсер етеді деген түсінік қате болар еді. Басқа да ғалымдар оған қоса сол жастардың білім алуы, олардың жұмысқа орналасуы, саяси оқиғаларға қатысуы шектелсе, жағдай ушыға түсетіні анық. Бұл жалғыз Қазақстанды ойландыруға тиіс мәселе емес. Мұны жастар үлесі жоғары дамушы елдердің барлығына ортақ жағдаят деуге болады.

Соңғы жылдары зерттеулер көрсеткендей, еліміз жастарының бойынан қарсылықты көңіл-күй байқалады. Жастар арасында саяси және құқықтық нигилизм басым, өйткені олар өз пікірінің қоғамдық рөліне және бір нәрсені өзгертетініне сенбейді. Жастардың құқықтық, саяси, экономикалық сауаты төмен. Қоғамдағы өзекті мәселелер мен жаңалықтар оларды аса қызықтырмайды. Сондықтан жастар саясаты туралы заңды қайта қарап, оны бүгінгі жағдайға негіздеп өзгерту керек.

Ермек ЖҰМАХМЕТҰЛЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here