Академиктің 95 жылдығына орай халықаралық дөңгелек үстел өтті

0
1726

Саналы ғұмырын қазақ халқының мүддесіне, ұрпақ тәрбиесіне, қазақ әдебиеттану ғылымын дамытуға арнаған филология ғылымының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, сыншы, ғалым Серік Қирабаев былтыр күзде 95 жасқа қараған шағында өмірден өткен болатын. Өзіне дейінгі Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбайұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабаев сияқты алып тұлғалардың ғылыми-зерттеу шығармашылық жолын жалғастырған әдебиеттанушы ғалымның екінші рухани ғұмыры басталды. Айталық, ғылымда ізі, артында өшпес мұрасы қалған Серік Смайылұлын өзі ұзақ жылдар бойы қызмет еткен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті ұлықтап келеді.

24 наурызда Филология және көптілді білім беру институтында академик Серік Қирабаевтың туғанына 95 жыл толуына арналған «Ұрпақтар ұстазы» халықаралық дөңгелек үстелі өтті. Дөңгелек үстелге академиктің ғылымға баулыған шәкірттері, шетелдік ғалымдар, С.Қирабаев атындағы Қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының профессор-оқтытушылар құрамы және білім алушы студенттер мен магистрант-докторанттар қатысты. Аталған іс-шараға Серік Смайылұлының шәкірті филология ғылымдарының докторы, профессор Балтабай Әбдіғазиұлы модераторлық жасады.

Алғашқы кіріспе сөз «Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті» КеАҚ Басқарма төрағасы-ректор Дархан Біләловқа берілді.

«Іргетасын Алаш қайраткерлері қалаған, ғасырға жуық уақыт бойы руханиятымыздың ұстаханасы болып келе жатқан Абай университетінің қабырғасында ұлтымыздың талай аса көрнекті тұлғалары, білікті ғалымдар мен ұлағатты ұстаздар еңбек етті. Университетіміздің қалыптасып, өркендеуіне орасан зор үлестерін қосқан осынау аға-апаларымыздың қастерлі есімдері алдында біз қашанда басымызды иіп, тағзым етуге тиіспіз. Сондай аса көрнекті тұлғалардың қатарында ардақты ұстазымыз Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Смайылұлы Қирабаевтың есімі ерекше аталады», – деген ректор ғалымның Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде қызмет атқарған еңбек жолына тоқталып, халықаралық дөңгелек үстел жұмысына сәттілік тіледі.

Одан кейін сөз кезегі баяндамашыларға берілді. Атап айтқанда, Институт директоры Алуа Таңжарықова, Шыңғыс Айтматов атындағы Тіл және әдебиет институтының директоры Абдылдажан Ахматалиев (Қырғыз Республикасы), әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры Күләш Ахметова, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры Дихан Қамзабекұлы, Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма мүшесі, Қазақстан Республикасы Педагогика ғылымдары академиясының академигі, профессор Жақып Бауыржан, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері, профессор Орда Гүлжаһан, Афион Ходжатепе университетінің профессоры, доктор PhD Хусейн Кахраман Мутлу (Түркия), Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Сүтжанов Сейфитден, Муғла Сыткы Кочман университетінің доценті, доктор PhD Экрем Аян (Түркия), академик С. Қирабаев атындағы қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының меңгерушісі Нағима Ильясова, профессор Серік Асылбекұлы, филология ғылымдарының кандидаты, аға оқытушы Ибраева Айзат және Серік Смайылұлының баласы Нұр Серікұлы дөңгелек үстелде баяндама жасап, ғалымның бойындағы адами қасиеттер мен ғылым жолындағы еңбектері мен шәкірт тәрбиелеудегі табандылығы жайлы сөз қозғады.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here